Кітап үзіндісі
24/02/2025, 11:29

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Қажымұқанның қасына топталған палуандар әкесінен именген бала сияқты еді. Етек-жеңдері, оң қолдары шынтаққа дейін түрулі. Олардың сырын қабақтарынан сезген Қажымұқан жайдары сөз бастап, ойын салмақпен түйді:

– Күрес – төбелес емес, халық сүйетін ойын. Қабақтарыңды ашыңдар, күш сынасу керек.

Қажымұқан орнынан тұрып, күресті өзі басқарды. Он төрт палуанды түгелдей көзбен шолып шықты да, алдына алдымен Сейтжапар мен Мұқашты шақырды. Екеуіне қол алыстырды.

«Бұл тәртіптің мәнін елдің бәрі түсінсін» дегендей жуан даусын қаттырақ шығарып:

– Бәрекелді! Достықпен қол алысқан соң әділ күресіңдер, – деді.

Төкен Оразов «Қаныштың жастық шағы»

 

Адам деген сондай екен ғой, бір күні бәрінен де тазалануы керек екен: біреу көп жеп алып, қорыта алмаған тамағынан ішек-қарнын, бауыр-жүрегін тазалайды екен, енді бірі біреуге ғайбат сөйлеп алып, сол сөзінің зіл батпан ауыртпалығынан құтылғысы келеді, тағы біреу жаман ниет-тілек етіп, сол миын жегідей жеген арам ниеттен, теріс тілектен өзін арылтқысы келіп тазаланады екен. Адам өмірі осындай әрекеттерден тұрса керек.

Әбдікерім Мұратов «Шегемдік қыз»

 

– Өткеннен есімде ештеңе жоқ. Өзіме қол жұмсамақ болғаным, ажалмен бетпе-бет келгенде, адамның бір тамшы да көз жасына тұрмайтын жалған өмірді қия алмай, жанталасқаным еміс-еміс есімде. Сонда не себепті өлгім келгенін де білмеймін.   

– Өзіңізді не үшін өлтіргіңіз келгенін білесіз, тек оны іштей болса да мойындау өте ауыр.   

Аягүл Мантай «Уақыттың көз жасы»

 

– Е, онда дұрыс. Негізі тәртібі бойынша садақаны ілім іздеуші ғалым адамға береді, – дедім.

– Неге? – деп сұрады ол.

– Себебі жетім-жесір, пақыр-міскін, көрші-көлем немесе мүмкіндігі шектеулі адамдарға берсең, одан қоғамға қайыры аз болады.

– Аз болғаны қалай?

– Солай. Ілім ізденіп, ізгілік шашпайтын адам тегін тамақты жейді де, келесі күні қарны ашқан соң тағы да қайыр сұрап жүре береді. Яғни тойған күні ғана саған алғыс айтады. Бірақ бірнеше күннен соң, есінен шығып кетеді. Ал қоғам болса оның бір тойғанынан ешбір жақсылық көрмейді.

Санжар Керімбай «Ойланушы»

 

Кейде адам жек көргеніне жомарт: дүниенің тиын-тебенге ғана ілініп тұрмағанын қасақана бір байқатқысы кеп қалады.

Бексұлтан Нұржекеұлы «Бейтаныс әйелдің құпиясы»

 

Адамның өзіне жасай алатын ең үлкен қиянаты – өзін басқалардың көзімен бағалау, елдің сөзін жүрегіне ұран етіп алу.

Біреу саған «Сен болмағанда...» деп, тағдырыңа қара күйе жағуға тырысса, сен ішіңнен: «Менсіз мына әлем толық болмайтын еді» деп жауап бер.

Өйткені Алла бұл әлемді адам үшін жаратты. Адам үшін тауларды көтерді, адам үшін мұхиттарды терең етті. Адам үшін мың түрлі жеміс пен мың түрлі көкөністі жаратты.

Адамның өзі – бұл әлемнің мәні.

«Әлия өмірімнің өткелдері» кітабынан үзінді

 

Осы біз таң атып, күн шыққан сайын қуанамыз ба, жоқ па? Егер қуанбай жүрген болсақ, онда көп нәрседен құр қалып жүргенімізге кәміл сене бер. Алтын таңның арайлап атуын күн сайын көруден артық ләззат бола ма, сірә! Бүгін түнде тұңғыш рет соны сездім. Бірақ күнделікті күйбеңмен жүргенде көптеген ұлы құбылыстарды мүлдем ұмытып кетеді екенбіз ғой.

Немат Келімбетов «Үміт үзгім келмейді»

 

Әлемдегі ең әсем астананың бірі болғысы келетін қаланың көшесінде шалқайып жүруге жер тар, автобус ішінде еркін тұруға орын жетпей, соқтығысып-қақтығыса жаздап әрең шыдайды. Астанаға келгендер осы суық қабақ, тоң-торыс қалыптан ширай түспек, бірте-бірте өзі де сол қалыпқа түскенін байқамас та еді. Қаланың мінезі сондай, тым нәзік болсаң, түтіп жібереді, ширақ болсаң ғана көшке ілесесің. Осы дүбір тіршіліктің арасына қойып кетесің де, өзіңе бұйырған әлденені құшақтап шығасың, ол тәуекел ме, сәттілік пе, басқа ма…

Жадыра Шамұратова «Сандық»

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 15 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: