17/02/2025, 23:02 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Жолда тізілген көлік көп, тағы да кептеліс. Кептелісті жақсы көрем… Кептелістің пайдасы — бекер тұрғанша армандайсың, ұзақ-сонар ой кешесің… Босқа тұрғанша жоспар құрасың. Тіпті ойша мақала жаза бастайсың, бұрын айналамда не болып жатқанын үнсіз бақылаудан жалықпаушы едім, осыгүні керенау тартқаным сондай, менің моторым «жоспар орындауым керек» деген ойдан ғана тұтанатын секілді. Жадыра Шамұратова «Сандық»
Сеніңше, Қаныш институт бітірген екен, оның білмейтіні жоқ, енді оған оқудың қажеті шамалы дейтін шығарсың. Ғылымның шеті мен шегі болмайды, досым. Біле білсең, мен енді-енді институт бітірген соң ғана, оқудың дәмін алғандай боп жүрмін. Тек ендігі менің оқуым үстел басында емес, жұмыс үстінде өтпекші. Байқадың ба, мәшиненің кабинасында беті ашық бір кітап жатыр. Қазір оқып жүрген кітабым. Ал сонау жәшік тола кітап. Әрі жұмыс істейміз, әрі соларды оқып білімімізді көтереміз. Байқаймын, саған таң сияқты. Таңдана бер, бірақ есіңе сақта... Ебіней Бөкетов «Жас Қаныш»
АЙ СОНАТАСЫ Сол сәтте жас қыз жүзін ұлы композиторға бұрады. Оның жүзіне тесіле қараған композитор үнсіз тұрып қалады. Қыз суқараңғы соқыр еді. Сөйтсе ол күйді күнде пианинода отырып жаттығатын көрші әйелдің терезесінің түбіне келіп естіп, жадына тоқыпты. Үнсіз қалған композитор фортепианоға отырып, әлгі шығарманы орындайды. Шығарма орындалып біткенде кедей етікшінің үйіндегілер "О, Тәңірім, сіз кімсіз?! Сіз Бетховеннің өзі емессіз бе?! Біз үшін тағы бір шығарма орындап беріңіз!"-деп жығыла жабысады. Терезеден түскен Ай сәулесі үй ішін өзгеше түске бөлейді. Бүкіл сана-сезімімен еліткен жас қыз, сүттей сәулеге малынған жұпыны үй. Композитор қатты тебіреніп, бірдеңе іздегендей терезеге қадала қарап қалады. Әлден уақыттан кейін оның шебер саусақтары ескі, тозған фортепианоның пернетақталарын қуалап сиқырлы, сазды, баяу да мұңлы әуен қалқып ұшады. Ырысбек Дәбей «Тұманды қараша»
Жаман адам біреуден көрген жәбірін ұмытпайды. Жақсы адам әлдебіреуге жәбір көрсеткенін есінде сақтап, өз айыбын қалай өтеуді ойлай жүреді. Ебіней Бөкетов «Жас Қаныш»
– Сен одан гөрі біреулерге жақсылық жаса, қолыңнан келсе – аяма, бұ дүниеде мұқтаж жандар көп, оларды риза қыл, сабырлы бол, балам, әркім пейілінен табады, бұл дүниеде бәрінің де сұрауы бар... Құдай бәрін пенделері арқылы қайтарады, – деп апасы әлгі кісіні райынан қайтарды. Әбдікерім Мұратов «Шегемдік қыз»
Мына гүлдерді кімге әкелді дейсің? Жеңгеңе! Ұқтың ба, балақай? – Ойбай-ау, маған бір ауыз айтсаңыз ғой. . Сізді сонша әуреге салмай-ақ қызғалдақты мен теріп келмес пе едім? – Жоқ, Ержан. Есіңде болсын. Ең жақсы көретін қызыңа сыйлайтын гүлді тек өз қолыңмен үзіп алатын бол. Сонда ғана гүлден махаббат иісі аңқитын болады. Тер сіңбеген бұйымның көк тиындық құны бола ма? Немат Келімбетов «Үміт үзгім келмейді»
– Мен өлімнен қорықпаймын. Бірақ мынаған өкінемін... – Не? – әңгімеге қожайын қосылды. – Адам өлсе, жақындары жылайды, жоқтайды. Біз өлген соң кім бізді жоқтап, жыламақ? Бір тиындық құнымыз жоқ! Басқалар сияқты бізді арулап, дұрыстап жерлемейді де. Қабірге әкеледі де, ішіне түсіріп, көміп кете береді. Аты-жөніңді, өмір сүрген жылдарыңды жазса жақсы. Бізге тек сандар ғана жазады. Ондай адам тумағандай, өмір сүрмегендей. Нөлсің! Өлімнен соң тым болмаса біреулердің есінде жүргің келеді ғой. Естеріне алса, сағынса, жыласа. Бізге ондай бақыт бұйырмайды. Соған тарынамын... – Сыған өз сөзінен өзі селк ете қалды. Үлкендердей сөйледі. Оның ойына бұл бірінші рет келіп тұрған жоқ. Көптен бері ойланып жүр еді. Айгиз Баймұхаметов «Көше балалары» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 13 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |