Кітап үзіндісі
11/02/2025, 14:41

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Тек қана ой жарығым сөнбесе екен. Өмірден үмітімді үзіп алмасам болғаны. Басқасының бәріне төзем.

Немат Келімбетов «Үміт үзгім келмейді»

 

Бұл үлкен қылмыс па? Үлкен қылмыстың не екенін сендер әлі білмейсіңдер. Әдемі галстук таққан, костюм киген кей бастықтар миллиондап, миллиардтап ұрлап жатыр! Халыққа тиесілі бүкіл мүлік бір қолға ғана түсуде. Иә. Олардың мұрты да қисаймайды. Оларды жауапқа тартып, соттайтын адам жоқ. Қалай ойлайсыңдар, мен бұл жолға неге түстім? Мен өш алып, солардың ызасына ұрлаймын, себебі біздің елде ұрламай күн көре алмайсың...

Айгиз Баймұхаметов «Көше балалары»

 

– Менің халқым расында да өнерлі, талантты халық. Олардың бақыты енді ашылды. Белуардан қан кешіп жүріп өнерін, ұлттық мәнерін ешбір жоғалтпады, соның өзі неге тұрады, Михаил Антонович! Қос шекті домбырасы өмір серігі болып келді, әлі-ақ естірсіз, Европаға есімі кең жария болады.

– Сөзіңізге нанамын, өзің айтқандай «алтын пышақ қынабында тегін жатпайды» деп едіңіз...

Төкен Оразов «Қаныштың жастық шағы»

 

– Сені жақсы көрем, Мидори. Қатты жақсы көрем.

– «Қатты» деген қалай сонда?

– Көктемдегі аюдай.

– «Көктемдегі аюдай»...? – деп қайтадан басын көтерді. – Ол не деген сөз?

– Көктемнің бір жаймашуақ күні көк шалғында келе жатырмын деп ойла. Алдыңнан мамық жүнді сүйкімді қонжық шығады да, «Сәлем, сұлуым! Менімен домалап ойнағанға қалай қарайсың?» дейді. Оған қосылып аласың да, күні бойы қалың беденің ішінде екеуің құшақтасып ап домалап ойнайсыңдар. Күшті емес пе?

– Әрине.

– Міне, сені солай жақсы көремін.

Харуки Мураками «Норвег орманы»

 

Неге біз өзімізбен өзіміз бетпе-бет келуден қорқамыз? Негізі адамдар екі топқа бөлінеді: өмірді сүйетін және сүймейтін адамдар. Шын мәнінде, өмірді сүймейтін адамдар бірінші топқа қарағанда өмірден мәнді жиі іздейді, сол тұрған бойларында-ақ олардың өмірінде мән болуы мүмкін, тек өздері байқамайды. Олар өмірді сүймесе де, жалғыздықты, ішкі жалғыздығын сүйетінін өздері де білмейді. Шын мәнінде, көбіне-көп жалғыздықты саналы түрде өздері таңдайды. Сосын Құдайға «неге жалғызбын?» деген сұрақты қояды. Ақымақтық һәм күлкілі.

Аягүл Мантай «Уақыттың көз жасы»

 

Адамның азабын, азған көңіл-күйін түзеу үшін көп нәрсе керек емес, тегінде. Кейде соған бір-ақ ауыз сөз де жетеді.

Медеу Сәрсеке «Қуғындалған Сәтбаев»

 

Ғұмырдағы ең жаман нәрсе – сағыныш, сол сағыныштың сарғайған суын жұту. Сол сағынышта мүбада, туған жерді аңсаудан өлген адамның аянышы жоқ, сірә өзге жердің сауғасы үшін бөтен топырақ бұйырғаннан бейшаралық жоқ, сірә; ендеше қазақтар, бала бір жасқа толғанда «жершіл» болсын деп, туған жеріне аунатып алатыны бекершілік емес, төл топыраққа деген ала бөтен махаббат-ау...

Оралхан Бөкей «Өліара»

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 19 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: