Кітап үзіндісі
27/01/2025, 21:36

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Мәслихатына әлдеқалай тап бола қалсақ, Қаныш сирек тістерін ақсита күліп тұрып: «Жігіттер, жұмысты намыспен істеңдер! «Ой, қойшы ата-бабам істеп көрмеген тас шабу кәсібі қолдан келе ме?» деп кіржисеңдер – құрығандарың. Ал намысқа тырысып, қайтсем де мұны игеремін деп кіріссеңдер – сендер алмайтын қамал, жеңбейтін қиыншылық болмайды. Бәрі де ынтаға, қажыр-қайратқа байланысты…» деп бізді қайраудан танбаушы еді.

Медеу Сәрсеке «Қуғындалған Сәтбаев»

 

Көңілің өсіп, масаттанып, тәкаппарланып кетпе. Кісінің ізгісі халықтың жүгін көтереді, қиындығын жеңілдетеді. Кімнің дәулеті тасып, абыройы артса, оның әрбір ізгі ісі халықтың ұстанатын жолына айналады. Ары таза, әр ісінде әділ адам халыққа билік жүргізе алады. Елге сөзің өтімді болсын десең, қарапайым бол, әрі тілің жұмсақ болсын. Бұл бақ, құт деген нәрсе құбылмалы. Ол кісіні я бұзады, я көркейтеді. Ұстап тұра алмасаң, қонған бақтың қайта ұшып кетуі оңай. Сол үшін ұлық болсаң, кішік болуды ұмытпа!

Жүсіп Баласағұни «Құтадғу Білік»

 

Уақыт жайы солай: бүгін орындайтын шаруаны күні ертең істей алмайсың, кеш болады, қарағым…

Медеу Сәрсеке «Қуғындалған Сәтбаев»

 

Көңілінің кірін айтып отырмайтын, көзінің жасын да көрсетпейтін қатал адам матаның қалдығын жинап құрақ көрпе тігетін, жыртылған нәрсені жамап қоюға асығып, үнемшілдігі сондай, сабынның қалдығын да бұлар сияқты лақтырып тастамайтын. «Алқындыны тастамаңдар, бәңкіге су құйып салып қойсаң, езіліп, керім болып тұрады! Жүн жууға таптырмайды», — дейтін ол ақ қойдың жүнін бір бөлек алып, күншуақта асықпай жуып отырар еді. Кейде бұлар нан қиқымын тастаған адаммен араз болып, қатқан нанды сорпаға салып же деп бала-шағаға жағалай үлестіріп беретін, бұлар жемей қойса өкпелеп, шайына салып жібітіп жейтін кемпірге ысырапшылдықты сөгіп тастайтын қаталдығы үшін ауыздарын томпайтып жүретін. Кейін ғой… ақ патша тақтан ауған тұста дүниеге келіп, ақтар ауылдарды шауып, қызылдар ақтарды қуып жүрген кезде ес жиып, бала шағында аштықты көрген, буыны бекімей жатып колхозда масақ терген, жас кезінде майдан үшін деп бел жазбаған, соғыстан кейінгі жүдеу жылдарда бала-шағасы аш қалмасын деп тыным көрмеген қарияның әр затты мұқият ұстап, әр нәрсенің қадірін білетінін түсінгені… «Ой, дүние-ай» деді Сая ішінен тап әжесінің өзі құсап.

Жадыра Шамұратова «Сандық»

 

Қызғаныштың қиындығы сол — қазып ойлаған сайын, естіген өсектерді растайтын себепті өзің іздей бастайсың. Сөйтіп, өзіңнің жауың өзің боп шығасың.

Бексұлтан Нұржекеұлы "Бейтаныс әйелдің құпиясы"

 

Әжесі баяғыда осы жерге киіз төсеп, арқасын шуаққа сипатып қойып, ұршық иіріп отыратын. Арасында күбірлеп қояды. Балалықпен әуес қылып, осы кісі не айтады екен деп құлақ түргенде тіссіз кемиектен: «Шебер құдай, бергеніңе шүкір» дегенді естиді. Отырса да шүкір, тұрса да шүкір...

Жадыра Шамұратова «Сандық»

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 21 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: