21/01/2025, 10:35 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Бала деген де гүл тәрізді бір әлсіз өсімдік. Егер суық желден, бұршақты жауыннан қорғайтын жан болмаса, оның дұрыс өсуі де екіталай. Әке-шеше балаға әсіресе кішкентай кезінде керек. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп қазақ босқа айтпаған, баланың буыны қатпаған, ақыл-сезімі қалыптаспаған шағында ата-ананың өнегелі ісі, дұрыс ақыл-ойы, айтқан орынды өсиеттері оған ең керек дүние. Адамның адам болуы да осы кезден басталады. Ілияс Есенберлин «Махаббат мейрамы»
Жаңа өздерiң айттыңдар, бiз Орта жүздiң Абылай сұлтанын тұтқын еткенде онымен өмiрi тұзы жараспаған Кiшi жүздiң Әбiлхайыр ханы табадағы балықтай шоршыды деп. Турасына бақсаң, Әбiлхайырдың ең сүйектi бақталасымның мұрты сынды деп масайрайтын жөнi бар едi ғой. Жоқ, ол өйтпедi, бәрi керiсiнше шықты. Абылайды босатыңдар деп, бiзге бiр жар салса, өзiмен тонның iшкi бауындай орыстарға Орта жүз сұлтанын құтқаруға ықпал етiңдер деп, тiптен жата-жастана жалбарынды. Мұның төркiнiнде не жатыр? Абылай Әбiлхайырдың Қарашаш атты қызын алған күйеу баласы болғандықтан емес, әрине! Егер Абылайдың жұмырына жұқ болса оған бiз де қыз бердiк қой? Содан тапқанымыз не? Ия, Әбiлхайыр мен Абылай қазақтың өзге де жайсаңдары сияқты өздерiн Мұхамед пайғамбардыңүмбеттерi санайды. Мұсылманшылықты ту етедi. Зәуiде бiр шайнасса ақырында құран уағыздарына құлап, ауыз жаласады. Бiз қазақтардың төбесiнен «шейiт» оқымыстысы Аренар жасаған зеңбiректердi дүрсiлдеттiк. Онсыз да қырық құрау қазақтың онан әрмен тоз-тозы шығарынанүмiттендiк. Алғашында олүмiтiмiз ақталғандай да көрiндi, соңында сол зеңбiрек арқылы бiз қазақтың керiсiнше басын қосып, тастүйiн жұдырыққа айналдырғандай болдық. Ұзақбай Доспанбет "Абылайдың ақ туы"
Көңілден көңіл су ішпеген соң оны отбасы деудің керегі не?! Немат Келімбетов «Үміт үзгім келмейді»
Мен әуелде бөкен мен киік екеуі екі түрлі аң деп ойлаушы едім. Сөйтсем, жазда — киік, қыста — бөкен екен, антилопаның бір ғана тұқымының ортақ атауы. Жазда жүні тықыр, жер түстес құбақан киік қысқа қарай қалың ақ тон киеді, бөкен немесе ақбөкен дегеніңіз — осы. Мұхтар Мағауин «Сары қазақ»
Өмір бізді ең көркем түрде тәрбиелейді. Үйіңнен алыстағанда ғана өзіңе сырттай қарай бастайсың. Маңызды деп санаған құндылықтарыңды, түсініктеріңді ауыстырасың. Өміріңдегі ең басты адам – өзің екеніңді ұғасың... Әсем Қоңыр, Жұлдыз Қайрат «Әлия, өмірімнің өткелдері»
Сенің жағдайыңа өзіңнен басқа ешкім жауапты емес. Бақытсыз болуыңа басқа да адамдар кінәлі шығар, бірақ оның жауапкершілігі өзіңнен басқа ешкімге түспейді. Себебі оқиғаларға қалай қарап, қалай жауап қайтарып және оларды қалай бағалау керектігін сен өзің таңдайсың. Марк Мэнсон «Бәріне қолыңды бір сілте»
...Өмірді сүріп жүріп түсіндім; тауық ұрлайсың ба, магнитофон ұрлайсың ба – түрмеге тығады. Кім заводты не тұтас орманды ұрласа ол бостандықта тайраңдап жүр. Әділдік қайда?! Бұл өмірде мен көбірек ұрлап қалар жерде жұмыс істемейтініме өкінем. Шалқып-тасып өмір сүріп, не істегім келсе соны істер едім. Айгиз Баймұхаметов «Көше балалары»
Қазақтың осындай бір жан қинайтын жаман әдеті бар: адалдан гөрі арамға илануға бейіл тұрады, өйткені адал нәрсе тура, қатқыл айтылады, ал арам нәрсе арбап-аймалап айтылады. Әлгі бәріміз айта беретін, бірақ мән бермейтін надандық дегенің – сол: тура айтқан шындыққа емес, аймалап айтқан арамдыққа сену. Ақыл, білімді қажет етпейтін өсек-аяңға сене салады да; ойлануды, ақылға салуды қажет ететін нәрсеге өресі жетпейді. Сонан соң әлгі өзіне түсінікті, үйреншікті надандығын малдана береді. Бексұлтан Нұржекеев «Әй, дүние-ай!» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 38 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |