Кітап үзіндісі
13/01/2025, 22:04

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Абылай сұлтанның бiр қасиетi бiр мезетте бiрнеше адаммен әртүрлi тақырыпта сөйлесе алады, әрi бiр мезетте өз басында бiрнеше мәселенi пiсiрiп, шешiмiн табады.

Ұзақбай Доспанбет "Абылайдың ақ туы"

 

Адамның кейде өзін-өзі көз жасына суарып, қатаятын сәттері де болады екен.

Немат Келімбетов «Үміт үзгім келмейді»

 

– Бұл не, аға? – деді таксист қызығып.

– Кітап қой.

– Кітап дейді-і? Мына заманда кітап оқитын адам қалды ма өзі? – деді. Түрінен кәдімгідей таңданыс байқалады.

– Керек қылған адам оқиды ғой, – дедім.

– Е, жөн екен. Өзіміз күнде базарға тауар тасимыз. Кітап тасыған адамды алғаш көруім. Сосын ғой сұрап жатқаным. Айып болмасын! – деді.

Санжар Керімбай «Ойланушы»

 

Дос та, қас та күшiң барда сыйлайды, әлсiздiгiңдi таныса екi туып, бiр қалғанның өзi басып-жаншып өтедi.

Ұзақбай Доспанбет "Абылайдың ақ туы"

 

Қай нәрсені болса да үйрену қиынға соқпайды, тек соған ынта-ықылас қоя білу керек...

Төкен Оразов «Қаныштың жастық шағы»

 

Жандарым менің! Ар-ұятты бірінші орынға қойыңдар, таза, адал өмір сүріңдер. Сонда сендер бұл әлемде нағыз адам боласыңдар...

Айгиз Баймұхаметов «Ертегісіз өткен балалық»

 

Мына Мен – айбынды Ғұн, ержүрек Түрік, кемеңгер Шыңғыс хан, Асқақ Алтын Орда, оған жалғас нұр шұғылалы Алаш әулеті – бар ғұмыры жарыққа ұмтылған арпалыс үстінде өткен Мұхтар Мағауин – көзім жұмылған мезетте, бұрнағы Алапат Бабаларым сияқты, өлмес, өшпес, Мәңгілік Аруаққа айналам! Иә!

Мұхтар Мағауин «Көлме-көл»

 

...Жоқ, олай емес екен, қонтайшы жаңағы сөзiн жалғастырды. – Жә,Қоқан хандығын қоя тұрыңдаршы. Тақ таласында бiздiң қалмақтан жаман аласұратын қазақтарға келейiк. Ия, қырық құрау қазақтар! Бiрiнiң ту сыртынан бiрi оқ атқан сыйымсыз қазақтар! Мiне, солардың өздерi жеме- жемде жан алқымға тiрелгенде бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарды.

Ұзақбай Доспанбет "Абылайдың ақ туы"

 

«Өзіңе өзгерудің қажеті жоқ, егер бірдеңе дұрыс болмаса, жұлдызыңның сәйкес келмегенінен». Бұндай жауап адамға жеңілдік береді, әсіресе өзгергісі келмейтіндерге. Ақшадан қиналып немесе жұбымен дұрыс болмай жүргендер өзін ақтайтын жауап іздеп жүргенде, Пәтіркүл оған бәрін білетін ақылды шешесі секілденіп, қайткенде ненің дұрыс, әлде бұрыс болатынын түсіндіре қояды. Қабағы жазыңқы, жүзі күлмең, тілі майда, сөйлеп кеткенде қатайып отырған адамның өзінің жан-жүйесін қозғап, елжіретіп, тіпті жылата жаздайды. «Реинкарнация бойынша айтсақ, бұрынғы өміріңде ағылшын лордының әйелі болған екенсің» деген сөздің өзі кейбір еңсесі түсіп жүрген әйелдердің рухын көтеріп тастайтынын талай байқаған. Әңгіме сендіре білуде. Осыгүні біреулер қарамағындағы қызметкерді де астрология бойынша жұмысқа алатын жағдайға жетіпті, бұған Пәтіркүл қуанбаса, ренжімейді, каспий голдына «тыңқ-тыңқ» деп ақша түскен сайын арқасы ұстап, сендіре түседі.

Жадыра Шамұратова «Сандық»

 

«…жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ, жалған дүниеде Дінмұхамед Қонаевтың қай ісі де Хақ тағаланың қолынан шыққандай түзік болды десек, онымыз көзпара көлгірлік болар еді»

Медеу Сәрсеке «Қуғындалған Сәтбаев»

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 2 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: