30/12/2024, 16:25 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Тек төс сүйегінен төменіректе қазақтар «Тағдыр» атаған ойық тесік қана сезімсіз, түйсіксіз адамның ешнәрсеге селт етпес сипатын бере ме? Жазмышқа қарсы барма, егер құдай өзіңді соғыс үстінде алам десе, жау оғына да бір саңлау керек деген көне заманғы ырым бойынша қалдырылатын тесік. Ұзақбай Доспанбет "Қызыл жолбарыс"
Қайғының дәмін татпай өмір сүру мүмкін емес екенін білсек, одан құтқаратын дәрі жоғын түсінсек, өмір сүру жеңілдер ме еді? Бақыттың қадірін түсіну үшін қайғының дәмін татыңыз. Екеуі бір-бірінсіз жүрмейді. Әлбетте, қуаныш пен мұңның үлесі әркелкі болар. Таза бақыттан ғана құралатын өмір болмайды, соны түсіну керек. Ондай өмір бар деп сенсек, қазіргі өміріміз тіпті сүреңсіз болып кетеді. Мәтт Хэйг «Түн ортасындағы кітапхана»
Ас-су, әрине, Зағираның қолында. Жалаң еттен тағамның неше түрін жасайды. Таяу төңіректен тезек тереді, теріскен шабады, түйенің жүнінен алаша тоқиды, шидем тігеді, шуда мен қылдан арқан еседі; сойысқа түскен жылқылардың терісінен тайтулақ жасайды, и салып, малма сапсиды, бие сауып, қымыз ашытады, баласын қарайды...— бір сөзбен айтқанда, ертеден кешке дейін жұмыстан бір босамайды. Шаршадым деп, қажыдым деп кабақ шытқан емсс. Мен көргенде казақ әйелі сән де қуды, салтанатқа да малынды, той тойлап, ойын-сауық та құрды. Заманына, ортасына лайық күн кешетін. Қайткенде де түңлік ашып, қазан көтеріп, бала күткеннен артық бақыт бар деп білмейтін, жар құшағы, ошақ басынан бөтен тілегі болмайтын. Қызметші, күң емес, шаңырақтың құты, ауылдың ұйтқысы, айтқаны түгел орнына келетін толық әмірші. Әлемдегі ең озық саналы әйел — сол өткен күндердегі қазақ әйелі деп ойлаймын. Мұхтар Мағауин «Сары қазақ»
«Ертең операция», — деген сөзді естіген соң ғана ұйқыдан оянғандай, көзім ашылғандай болды. Өмірден де, табиғаттан да, адамдардың жүзінен де осы күнге дейін көрмей келген ізгілікті, сұлулықты, жылылықты аңғардым. Бірақ тіріліктің бар құнын ажал алдында ғана сезініп, кеш ұғынудан үрейлі азап жоқ шығар. Осыны ойлағанда ет жүрегім езіліп, ішім бордай үгіледі. Кеш те болса соны әйтеуір бір түсінгенімді көңіліме демеу тұтам. Әйтпегенде ше? Қара жерге кіргенше соны ұқпай, өмірден тәлім алуға да жарамай, тұғырдан тайып кетіп жатқандар аз ба?! Немат Келімбетов «Үміт үзгім келмейді» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 7 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |