Халық күнтізбесі
26/10/2020, 21:55

АЙ АТТАРЫ

Тоқсан.бұл айда жылдың ақырғы ширегі – тоқсан басталады (тоқсан, қаңтар, ақпан айлары), наурызға шейін 90 күн ызғарлы қыс бар. Сондықтан осылай аталады. Тоқсанды бірталай авторлар желтоқсан деп жазған: Ш.Уәлихановта тоқсан, Абайда:

Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай, -

деген жол бар. Бірақ Абайда:

қарашада өмір тұр,

тоқтатсаң тоқсан тұрар ма? –

деп басталатын өлең де бар. Тоқсан «жәді» жұлдызына (жедди) келеді, сондықтан кейде «жәді-тоқсан» түрінде де айтылады. Осыдан желтоқсан болып кетеді. Мұнымен қатар, ескі түркі тілінде жел ай аталған болу керек (ескі түркі тілінде жел ай, суық ай, жаз ай дегендер бар). Барабалықтарда тоқсанды қазір де жел айы дейді. Сонда желтоқсан «жел-тоқсан» деген қос сөз болады, негізгі сыңары – тоқсан.

Қаңтар. Қаңтар – күннің «қаңтарылып байланатын», одан әрі тұқырып қысқара алмайтын айы.

Түс кезінде Күн көзі аспанның оңтүстік жағында және сол күнгі ең биік деңгейде болады. Бұл деңгей күн сайын өзгереді. Оның жыл ішіндегі ең биік қалыпта болатын уақыты – жазғы күн тоқырау (22 маусым), ең төмен қалыпта болатын уақыты – қысқы күн тоқырау (22 желтоқсан). Қаңтарулы аттың басының жерге жетпейтіні сияқты, қаңтардағы Күн көзі де одан әрі төмендеп, көкжиекке жақындай алмайды. Ғасырлар бойы аспанды бақылап, жазық далада өмір сүрген қазақ халқы Күн қозғалысының бұл ерекшелігін ерте заманда –ақ аңғарған. Осы бақылаулардың нәтижесінде қаңтар атауы шыққан.

Қаңтарда күн қысқарып, түн ұзарып болады. Осыған сәйкес болғандықтан, ежелгі түркі тілінде безбен таразының таяғы да қаңтар деп аталған: безбеннің бір басы көтеріліп, екінші басы төмендеп барып тоқтайды.

Чуваш тілінде оңтүстік жақты және түс уақытын қаңтар дейді. Бұл да қаңтардың қазақша мағынасына жақын.

Ақпан. Қазақтың «Үт келді, жұт келді» дейтіні осы ай. Малдың жұтауы осы кезден басталған. Ақпан сөзінің тегі – «ықпа» боран, ол кейде «ақ ықпа», «ақ басқын» деп те айтылады. С.Аманжолов «ақпан» деген сөзді «ақпаң» сөзінің диалектілік нұсқасы деп көрсеткен, ол шынында «ақ ықпаң» дегеннің бірігіп кеткен түрі. Жұт жылдары жер тақыр болады да, дүлей боран тоқтаусыз төпей береді. Мал таулардың бауырларын, ағаш арасын паналайды, ашық тебіндерден ығып кетеді. ХІХ ғасырда аты белгісіз бір ақын 1867 жылғы «жалпақ қоян» жұтын былай сипаттаған:

Жаз құрыды, күз ызғырды,

Жапалақтап жауды қар,

Боран шықты. Босып ықты,

Сарыарқада жүрген мал.

Жазғы малдан аз-ақ қалған,

Тоқсан туа қазақта.

Қойекең де қыс бекіне

Шындап салды азапқа.

Бұрынғыдан енді жаман,

Ақ басқын мен жел қатты,

Әрбір жерде малдар төбе –

Төбе болып бұл жатты.

Ақ ықпа – осы «ақ басқын» мен қатты желдің нәтижесі.

Абайдың:

Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,

Ықтырма мен күзеуде отырар бай, -

деген жолдары да осы пікірге сай келеді.

Қаңтар мен ақпан ежелгі түркілерде «ұлығ ай», «кічік ай» деп аталған. Бұларды тувалықтар «ұлығ қырлас ай», «кічік қырлас ай» дейді, чулымдықтар «ұлығ суәк», «кізіг суәк» дейді, барабалықтар «ұлы ыза ай», «кізу ыза ай» дейді (суәк – суық, ызы – ызғырық деген сөз).

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 227 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: