19/10/2020, 22:30 | ||||
АЙ АТТАРЫ Қазан. Кейбір авторлардың айтуынша бұл айда соғым сойыла бастайды, бие ағытылады. Қымыз болмағандықтан, жұрт етке қарайды (ертедегі қазақтардың тамағы, негізінен алғанда, сүт пен ет тағамдары болған), сондықтан қазан деп аталған. Бірақ бұл қисынсыз сияқты, өйткені қазан басқа айларда да асылады. «Қазан» сөзінің қазақ тілінде бірнеше мағынасы бар: қазан – ауыртпалық. «Қамбар батырда» қазан атыққа барамыз» деген сөйлем бар. «Қазан ат» - жауға мінетін ат. Қазан – ас пісіретін ыдыс. Қазан – үзеңгінің бір түрі (ертеде әскери үзеңгі болу керек). Қазан – шолақ зеңбірек. Қазан мен қаза – өлім. Бұларға қарағанда ерте кезде осы айға сәйкес бір уақытта халықтың есінде қаларлық үлкен, қырғын соғыс болуы да мүмкін. Шындыққа жақын болжамдардың бірі мынадай. Қазан айында жыл құстары қайтып кетеді де, Қазақстан мен Батыс Сібірде қарға, құзғын ғана қалады. Ертеде «құзғын» сөзі «құзан» түрінде айтылған (мысалы, «хан» сөзі – «қағанның» өзгерген түрі). «Қазан» атауы осы «құзаннан» шыққан болуы керек, өйткені бұл айды чулым татарлары «құзғы айы» дейді, барабалықтар «күзіген айы» дейді. Чулымдықтар да, барабалықтар да – Қазақстанға іргелес, Сібірдегі түркі тілдес халықтар. Қазан айында егін жиналып, бау-бақша жұмыстары аяқталады. Түн суиды. Пісіп үлгермеген көк егін болса, оны бозқырау соғып, үсітеді. Ондайда қазақтар «қазан ұрды» дейді. Қараша. Б.А.Куфтиннің түсіндіруінше бұл айды жер қара топырақ болып қалады, жаздай малдың тұяғы таптаған өріс тозады. Абай тілімен айтқанда, бұл кез: Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы, Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы. Қараша айында туған балаларға да «Қараша» деген ат қойылған. Ақан серінің өлеңдерінде: Қарауылмын, Есенбай – Қарашамын, Алтын бесік халқыма жарасамын, - дейтін жолдар бар. Қараша атауына басқаша түсіндірме де ұсынуға болады. Ертеде хан тұқымдары мен ірі феодалдардың «ақ сүйек» деп, еңбекшілердің «қара сүйек» деп, «қара бұдын» деп аталғаны мәлім. VII-XVIII ғасырларда осы айда салық жинаған. Салық «хараж» аталған. Диқандар астықтай, көшпелілер малдай төлеген. «Қара мал» деген атау – осы харажға берілетін мал деген сөз. Саудагерлер салықты ақшадай не бағалы заттай төлеген. Осы күнгі қаржы, қаражат (харажи зат) сөздері содан қалған. Салықты төлей алмаған кедейлер қатты жазаланған – күндері «хараң» болған. Хараж салығының халықты зор күйзелушілікке ұшырататынын Бируни толық сипаттаған. Бұл деректерге қарағанда қараша – хараж айы, яғни жылдық салықты төлеп бітіретін ай деуге болады. Ұсақ әкімдер ханның қарашысы аталған. Олар – ханға харажды жинаушы агенттер, қабылдаушылар, яғни харажшылар. Вавилон мен Римде де салық төленетін осындай айлар болған. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| ||||
| ||||
Просмотров: 234 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |