Халық күнтізбесі
05/10/2020, 12:22

АЙ АТТАРЫ

Әлбетте, ежелгі түркі күнтізбесіндегі реттік айлар мен мүшелдік айлардың аттары сол айлардың жыл ішіндегі орындары арқылы түсіндіріледі. Байырғы қазақ күнтізбесіндегі тоғыс айларының аттары Үркерді неше жаңасындағы Айдың «басып өткендігіне» қарай айтылады. Жұлдыз айлардың аттары зодиак шоқжұлдыздарның атауларынан шығады. Енді азаматтық айлардың аттарын түсіндіру ғана қалады.

Наурыз. Наурыз атауы қазақ тіліне Соғда мен Хорезм арқылы ежелгі парсы тілінен келген. Бұл айды соғдалықтар наусарыз, хорезмдіктер наусарджи деген.

Наурыз мейрамы өте ерте заманнан келе жатыр, ол көктем мейрамы есебінде халықтардың көпшілігінде бар. Екіншіден, бұл пікірді «нау» сөзі де сипаттайды. Әр түрлі өзгерістерге ұшырай отырып, ол бірталай тілдерде сақталып келеді: орысша – нов (ый, немісше – нойе, латынша – нео т.с.с.). Сонда «нау» индо-еуропалық халықтар дараланудан бұрынғы сөз болып шығады.

«Наурыз» парсы сөзі болғанымен, өте ерте заманда кірігіп, қазақ тұрмысына сіңіп кеткен сөз. Оың үстіне наурыздың бұрынғы, ескі түркіше немесе қазақша аты белгісіз. Сондықтан оны ескі қазақ күнтізбесінен шығару қиын. Ертеден келе жатқан дастандардың бірі «Қобыланды батыр» жырында:

Қаз жайлауын саз деймін,

Наурыздан соң жаз деймін

.............................................

Көлден ұшқан қаздаймын,

Наурыздан соңғы жаздаймын, -

деген жолдар бар. Парсы күнтізбесінде наурыз ай емес, жыл басындағы жеке бір күн ғана. Ал соғда, хорезм, қазақ күнтізбелерінде ол жаңа мағынаға ие болып, ай атына айналған. Бұл ай чуваш күнтізбесінде де бар. Чуваштар наурыз айын норас-ойахе дейді.

Наурыздың бірі қазақ, өзбек, қарақалпақ, тағы басқа халықтарда көктем мейрамы болған. Бұл күні жұрт ауыл аралап, бірін-бірі жаңа жылмен құттықтайтын, қарттарға өгіздің шекесі тартылатын, жастар «наурыз көже» ішетін, ән шырқап, күй тербеп, көкпар тартып, ойын-сауықпен өткізетін. Орта Азияның әкімдері кейбір зынданға салынған тұтқындарға кешірім беретін, сондықтан қарапайым халық: «Наурызда Самарқанның көк тасы да жібиді» дейтін.

Наурыз – дін мейрамы емес, халық мейрамы. «Аурулар сауығамын деп, аштар тойынамын деп, жалаңаштар киімсіз күн көреміз дегендей жұрттың бәрінде үміт, әркімде жылы шырай сезіле бастап, «бәріміз де табиғаттың бергеніне ортақпыз» дегендей сағынышты көрісулері, жалынды құшақтасуларымен жаңа жылды қарсы алатын» (Сәбит Дөнентаев). «Еңбекші қазақ» газеті (қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті) өзінің 1925 жылғы 22 наурызда шыққан нөмірінде халықты:

Қыс өтіп, қар кетіп,

Шырайлы жаз жетіп,

Шаруаның кенелген

Мейрамы ежелден

Құтты болсын бұл наурыз, -

деген бірінші бетке ірі әріптермен басылған, өлеңмен құттықтады. Наурызға арнап қазақтың көптеген ақындары өлең жазып арнады.

Наурыз қазақ тұрмысына ислам дінінен бұрын келіп сіңіскен. Ислам дініндегі айт мейрамдары оны кезінде недәуір ығыстырған-ды. Бірақ халықтың салт-санасына берік орнап қалғандықтан, айтпен қатар мейрамдалған. «Наурыз» Үйсін, Қаңлы, Кердері тайпаларына біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында келген деуге болады. (жалғасы бар)

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 242 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: