Халық күнтізбесі
21/09/2020, 12:53

БАЙЫРҒЫ ҚАЗАҚ КҮНТІЗБЕСІНДЕГІ АЙЛАРДЫҢ ЖҮЙЕЛЕРІ

Күн мен Айдың қозғалысына тікелей қатынасы жоқ, негізінен алғанда ауа райы мен шаруашылық маусымдарына байланысты қалыптасқан айлар азаматтық айлар деп аталады. Күн мен түннің теңелуін, ұзаруы мен қысқаруын, Күннің тоқырауын, Ай мен Үркердің тоғысуын, зодиактың қай шоқжұлдызы көрінбей қалғанын жұрттың бәрі бірдей біле бермейді. Ал қардың еруімен жердің көктеуі, өсімдіктердің толуы мен солуы, күн салқындап, аспанды сұр бұлттар қаптап, күздің басталуы, қар жауып, аяз бен боран кезектесіп, қыстың түсуі бүкіл халыққа мәлім болады. Сондықтан азаматтық айлар халықтардың өмір тәжірибесіне жақын болады. Байырғы қазақ күнтізбесінде азаматтық айлар былай аталған:

наурыз, көкек, мамыр,

отамалы, шілде, сарша,

қыркүйек, қазан, қараша,

желтоқсан, қаңтар, ақпан.

Жыл 12 азаматтық айға бөлінген, айларда 30 күннен болған. Жыл аяғында, айлардан тыс, 5-6 күн қосылып отырған. Ол күндер «бес қонақ» деп аталған. Жылда 12 ай болғандығы, айда 30 күн болғандығы даусыз сияқты, оның дәлелдемесіне тоқталмасақ та болады. 3 айда 90 күн болатындықтан, үш айлық уақыт «тоқсан» деп аталған, бұл термин «жылдың ширегі», орыс тіліндегі «четверть года», латынша «квартал» ұғымын білдіреді.

Жылдың біріншісі айы – наурыз, наурыздың бірі үнемі күн мен түннің жазғытұры теңелетін күніне келіп отырады. Ол ескі санат бойынша 9 наурыз, жаңа санат бойынша 22 наурыз. Б.з.б. наурыздың бірі наурыздың біріне дәл келген де, наурыз наурызға сәйкес болған. Сондықтан, ескі дәстүрмен осы күні де наурыз наурызға сәйкес айтыла береді. Парсы күнтізбесінде наурыз ай емес, бір ғана күн, жаңа жылдың бірінші күні – фервердин айының бірі. Қазақ күнтізбесінде 30 күндік ай.

Байырғы қазақ күнтізбесінде азаматтық айлардың бірі – отамалы. Ол – жылдың төртінші айы, жаздың бірінші айы. «Қазақ КСР тарихында» бұл айдың орнына маусым келтірілегн. Сол бойынша қазақ тілінде шығатын жыртпа күнтізбе мен табель-күнтізбеде де отамалы орнына маусым жазылып келеді. Ал маусымның іс жүзінде азаматтық ай емес, жұлдыз ай, атап айтқанда Егіздер – Ерентүз – Зауза – Близнецы шоқжұлдызының үнді күнтізбесінен ауысқан баламасы екендігі белгілі. Оның үстіне «маусым» атауы «сезон» сөзінің орнына да қолданылады («шаруашылық маусымдары» делінеді). Отамалы айы бұған дейін келтірілген тізімдердің бәрінде де, солардың ішінде Куфтиннің, Уәлиханвотың, Радловтың, Мұсабаевтың, Мұқановтың, Машановтың тізімдерінде де айтылған. Оны айлар санатынан шығару орынсыз болады. Отамалы ертедегі қазақ шаруашылығына өте-мөте жақын, содан тікелей туған ай. Бұл айда шөп өсіп, жер отяды, малдың аузы көкке толады. Мұндай ай басқа халықтарда да кездеседі. Мәселен, славянша «мурава» айы («мурава» - қазіргі орыс тіліндегі «трава» сөзінің ескілікті түрі, мағынасы – «шөп»), қазіргі украин тіліндегі «травень» айы (мағынасы – «шөп») – осындай айлар. Екеуі де ескіше мамырға сәйкес. Француз күнтізбесінде «прериаль» деген ай болған, мағынасы – «жер отаятын ай».

Отамалы алтайлықтарша – көк ай («жер көктейтін ай» мағынасында), туваша – от ай, шорша – от ай немесе қыра сүрген ай.  (жалғасы бар)

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 221 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: