Халық күнтізбесі
14/09/2020, 12:29

БАЙЫРҒЫ ҚАЗАҚ КҮНТІЗБЕСІНДЕГІ АЙЛАРДЫҢ ЖҮЙЕЛЕРІ

Жұлдыз айлардың арабша атаулары қазақ халқының ескілікті мақал-мәтелдерінде де жиі ұшырап отырады.

Қазақ тіліндегі кісі аттары да зодиак таңбаларының ел өміріне сіңісіп кеткендігін көрсетеді. Айталық, Қамал, Сәуірбек, Әсет, Мизами, маусымжан т.с.с. есімдер (Наурызбай, Мамырбай, Шілдебай, Қараша, Қаңтарбай, Ақпанбет сияқты) баланың туған уақытына – жұлдызына қарай қойылған. Қазір мұндай есімдер аз, бірақ ерте кезде көп болған.

Зодиак айлары қазақтарға парсылардан ауысқан шығар деуге ешқандай қисын жоқ. Парсылар тек 1851 жылы ғана қолдана бастаған. Тегінде жұлдыздардың хамал, сәуір, зауза, саратан т.с.с. атаулары қазақ, татар, башқұрт халықтарында қалыптасқан, бертін түрікмендер мен өзбектер арқылы Иран мен Ауғанстанға ауысқан болуға тиіс.

Зодиак ұғымы және ондағы 12 шоқжұлдыздың атаулары алғаш рет Ежелгі Вавилонда қалыптасқан. Ежелгі гректер вавилон сөздерін өз тілдеріне аударып, зодиактың грекше терминологиясын жасаған, онда шоқжұлдыздар Криос, Таурос, Дидиму т.с.с. деп аталған. Бертін зодиак шоқжұлдыздарының (таңбаларының) грекше атаулары араб, латын, үнді, орыс, түркі тілдеріне аударылған. Астрономиясы кеш дамыған халықтар оларды соңғы ғасырларда ғана аударды. Бұл дәрежеге әлі жетпеген халықтар да бар.

Орыс тіліне зодиак шоқжұлдыздарының осы күнгі астрономия оқулықтарында айтылатын атауларының кейбіреулері қазіргі орыс тіліндегі сөздер емес, көне орыс тілінің сөздері, олар Х-ХІ ғасырларда қолданыла бастаған. Айталық, «овен» сөзі қазіргі орыс тіліндегі «овца» сөзімен түбірлес, ол осы күні қой шаруашылығында қолданылмайды, оның орнына «овечка» немесе «барашка» дейді. «Телец» сөзі орнына қазіргі мал шаруашылығында «телка» немесе «бычок» делінеді. «Стрелец» орнына «стрелок» делінеді. Астрономияның қазақ тіліндегі қазіргі оқулықтарында зодиак шоқжұлдыздары былай аталады: Тоқты, Торпақ, Егіздер, Шаян, Арыстан, Бикеш, Мизан, Сарышаян, Мерген, Ешкімүйіз, Суқұюшы, Балықтар.

Мұнда пәлендей қате жоқ, бірақ атаулар қазір айтылатын сөздерден жасалған және қарадүрсін. «Мизан» - араб сөзі. «Шаян» (орысша – «Рак») мен «Сарышаян» (орысша – «Скорпион») қабаттасып келеді. «Суқұюшы» сөзі қонақтардың қолдарына су құйып, орамал әперіп жүретін елгезек жігітті елестетеді, «құман», «шелек», «су тұратын ыдыс» мағынасын бере алмайды. Осы терминологиямен жүре берсек, «атам заманында» қолданылған ескілікті атаулар иесіз, далада қалады. Ал ол атаулар да жақсы еді.

Қазақ салтында «қозы» ұғымы «тоқты» ұғымынан жоғарырақ. Сүйікті баланы «құлыным», «ботам», «қозым» дейді, «тоқтым», «бұзауым» демейді. Баян сұлу «Тоқты көрпешті» емес, «Қозы көрпешті» сүйген еді ғой. «Қобыланды батырда» жауырыншы қара Боқанмен қатар Қарақозы, Аққозы деген батырлар бар. Атақозы шешен деген болған. Ақтоқты деген қыздың ғана Ақан серіге байланысты аты шыққан. Хамал – Овен – Тоқты шоқжұлдызын, көне түрікше атымен, Қозы шоқжұлдызы деу рынды болар еді.

Сәуір – Телец – Торпақ шоқжұлдызы көне түркіше «Үді» болуға тиіс (еуропалық тіл мамандары «Уд» деп оқып, солай жазып жүр). Зауза – Близнецы – Егіздер көне түркі тілінде Ерентүз деп аталған. Саратан – Рак – Шаян көне түркіше «Қучық» болған, қазіргі қазақ тіліне сәйкестендіріп оқығанда «Қушық» болады. Әсет – Лев – Арыстан – бұрынғы Арыслан. Әзра немесе Сүмбіле – Дева – Бикеш бұрын «Бұғдай башы» делінген. «Сүмбіле» сөзін мысырша Сотис, латынша Сириус аталатын жарық жұлдыздың аты ретінде сақтап, соңғы айтылып отырған шоқжұлдызды «Бидай басы» деу жөн болар еді. Мизан – Весы – Таразы көне түркіше «Өлкі» болуға тиіс («Улгу», «Алку» деп жазылып жүр), «өлшеу құралы» ұғымын білдіреді. Ақырап – Скорпион – Сарышаян көне түркіше «Чадан» болған. «Ракты» «Қушық» деп алсақ, мұны «Шаян» деуге болады (біздің кітаптарымызда бұл атау «Бүйі» деп аударылған). Қауыс – Стрелец – Мерген көне түркіше – Йа. Бұл атау қазір қолдануға қолайсыз. «Мерген» көбінесе «снайпер» сөзінің баламасы болып жүр. «Стрелок» сөзі (бұл да әскери термин) «атқыш» деп аударылады: стрелковая дивизия – атқыштар дивизиясы. Бізде ауыз әдебиетінде «Сұрмерген» дейтін кейіпкер бар, бұл ертегіні балалардың көпшілігі біледі. Белгілі қазақ ақыны Кете Жүсіп Ениязовтың (1871-1927) «Сұрмерген» атты дастаны бар. Бұлардың мазмұны зодиактағы садақшы туралы грек ертегісінің мазмұнына өте жақын. «Қауысты» «Сұрмерген» деуге әбден болады. Жәді – Козерог – ешкімүйіз көне түркіше – Ұғылақ. Мағынасы атауға сәйкес (ешкінің лағы). Дәлу – Водолей – Суқұюшы көне түркіше – Көнек, яғни көн теріден жасалатын, бие сауғанда пайдаланылатын шүмекті шелек, ыдыс. Ертедегі қазақ тұрмысына сай. Хұт – Рыбы – Балықтар бұрын да «Балықтар» делінген.сонда зодиак таңбалары былай аталар еді:

Қозы (Овен, Хамал, Ариес),

Үді (Телец, Сәуір, Таурос),

Ерентүз (Близнецы, Зауза, Гемини),

Қушық (Рак, Саратан, Канцер),

Арыстан (Лев, Әсет, Лео),

Бидай басы (Дева, Сүмбіле, Вирго),

Өлкі (Весы, Мизан, Либра),

Шаян (Скорпион, Ақырап, Скорпиус),

Сұрмерген (Стрелец, Қауыс, Загиттариус),

Ұғылақ (Козерог, Жәді, Каприкорнус),

Көнек (Водолей, Дәлу, Аквариус),

Балық (Рыбы, Хұт, Пишес).

Мұнда жақшаларда бірінші орындарда орысша, екінші орындарда арабша, үшінші орындарда латынша атаулары келтірілген. (жалғасы бар)

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 254 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: