Халық күнтізбесі
07/09/2020, 11:33

БАЙЫРҒЫ ҚАЗАҚ КҮНТІЗБЕСІНДЕГІ АЙЛАРДЫҢ ЖҮЙЕЛЕРІ

Жұлдыз айларды сөз еткенде біз олардың ертеде қолданылған ескілікті сәйкестігін және тарихи қалыптасқан ескіше аттарын айтқанымыз жөн. Зодиактың қазіргі сәйкестігі біздің тәжірибемізде қоданылмайды, өйткені есеп осы күні жаңа анат бойынша жүргізіледі. Ескі атауды сақтау дәстүрі рим күнтізбесінде де бар: қыркүйек  (римше – «септембер») – «жетінші ай» деген сөз, бірақ ол қазір тоғызыншы ай, қазан (римше – «октобер») – «сегізінші ай» деген сөз, қазір оныншы ай. Қараша, желтоқсан айлары да осылар сияқты. Орындары өзгергенімен ескіше атаулары сақталған. Бір айта кетерлік: енді 2200 жыл өткенде Хамал (Тоқты) шоқжұлдызы қазіргі Сәуір (Торпақ) шоқжұлдызының орнына барады, онда хамал мамыр айына сәйкес болады. Басқа шоқжұлдыздар да солай жылжым кетеді. Мұның себебі де – прецессия.

Ежелгі түркілердің жұлдыз айларында 12 ай 30 күннен алынып, жыл аяғында 5-6 күн қосылып отырғаны мәлім. Ал бертін қолданылған жұлдыз айларда неше күннен болғандығы жөнінде әзір дәл мағлұмат жоқ. Хамал, сәуір, зауза т.с.с. айлар тізбегі бар, қайсысында нақты қанша күн болғандығы әдебиетте айтылмаған. Алайда бұл туралы жанама деректерді Иран мен Ауғанстан күнтізбелерінен алуға болады. Айлары дәл осылай аталатын күнтізбе Иран мен Ауғанстанда бар. Ол «борджы күнтізбесі» деп аталады (парсыша «борджы» - «зодиак таңбасы» деген сөз). Борджы күнтізбесі Иранда 1851 жылы қолданыла бастаған, 1911 – 1925 жылдары Иранның ресми күнтізбесі рөлін атқарған. Қазір онда ресми түрде қолданылмайды.

Борджы күнтізбесі ресми түрде Ауғанстанда 1911 жылдан бері қолданылып келеді (қазір де қолданылады). 1964 жылы оның айларындағы күндер саны мынадай болды:

 

  1. хамал – 31,
  2. сәуір – 31,
  3. зауза – 31,
  4. саратан – 31,
  5. әсет – 31,
  6. сүмбіле – 31,
  7. мизан – 30,
  8. ақырап – 30,
  9. қауыс – 30,
  10. жәди – 30,
  11. дәлу – 30,
  12. хұт – 29.

 

мұнда кейбір жылдары зауза 32, хұт 30 күн болып есептеледі. Ол жылдар Омар Хайям кібіселерінің ережесі бойынша анықталады. Жалпы алғанда байырғы қазақ күнтізбесіндегі зодиак айлары (жұлдыз айлары) осылар іспеттес болуға тиіс. Бірақ қазақ күнтізбесінде 32 күндік ай да, жұлдыз да болмаған.

Зодиак айлары жүйесінде жыл басы – әрдайым хамалдың бірі, ол күн мен түннің жазғытұрғы теңелуі күніне (бізше 22 наурыз, Иран пен Ауғанстан күнтізбелері бойынша 20, 21 немесе 22 наурыз) келіп отырады.

Егіздер шоқжұлдызы, яғни зауза, үнді тілінде маусун деп аталатындығы, байырғы қазақ күнтізбесінде кездесетін маусым айы, іс жүзінде маусым жұлдызы, осы заузаның қосалқы аты екендігі, оның майға сәйкестігі аян.

Уәлиханов пен Радловтың тізімдеріндегі саратан, қауыс, мизан айлары – осы зодиак айлары, яғни жұлдыз айлар.

Ежелгі түркілердің күнтізбесінде зодиак айлары болғандығын білеміз, олардың көне түркіше атаулары – қозы, уд, ерентүз т.с.с. Хас Хаджибтің кітабында (1069 жылы жазылған) келтірілген. Ал зодиактың мына арабша нұсқасы қашан қолданыла бастаған? Бұл жөнніде әзір нақты дерк жоқ, біздің ойымызша, XIV – XV ғасырларда қолданыла бастаған болуы керек. Ислам діні мен араб сөздерінің Қазақстан мен Еділ бойындағы түркі тілдес халықтарға кең таралуы сол кезге жатады. «Қобыланды батыр» жырында қауыс жұлдызы (оның көне түркіше аты «йа жұлдызы» болатын) айтылады:

Қараша емес, қауыс-ты,

Қоңыраулатып дауысты,

Жақын қылды алысты,

Берсін кімге намысты,

Күн төбеден аумай-ақ

Түзеді бурыл шабысты.

.......................................

Қыстың басы басы қауыс-ты,

Артық туған Қобыланды

Ерегіскен дұшпанның

Басын қоймай тауысты.

Қарақыпшақ Қобыланды XV ғасырдың орта шенінде өмір сүрген адам. Үзіндіге қарағанда қауыс жұлдызы қазақ күнтізбесінен сол кезде-ақ берік орын алған. Зодиак таңбаларының арабша атаулары дәл сол кезде қолданыла бастады деу де қиын, «Қобыланды батыр» жыры сол XV ғасырда шықты деу де қиын. Батырдың ерлігі әуелде аңыз болып жүріп, өлең жодарына кейін түсірілуі де мүмкін. Алайда «Қобыланды батыр» XVIII – XIX ғасырларда шыққан жыр емес, ол көптен бері айтылып, атадан балаға, баладан немереге қалып келе жатқан жыр. Хамал, сәуір, зауза т.с.с. атаулар Қобыландыдан бұрын айтылып жүруі де мүмкін.  (жалғасы бар)

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 201 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: