Халық күнтізбесі
25/08/2020, 13:02

БАЙЫРҒЫ ҚАЗАҚ КҮНТІЗБЕСІНДЕГІ АЙЛАРДЫҢ ЖҮЙЕЛЕРІ

Бақылаушыға көрінетін орындарына қарай жұлдыздар 88 үйірге бөлінген. Бұл үйірлер, яғни жұлдыз топтары, шоқжұлдыздар деп аталады.

Күн аспан күмбезінің бергі жағында қозғалып жүретін сияқты болып көрінеді және жыл ішінде оның көрінетін орындары ауысып отырады. Күннің осы көрінерлік жолында 12 шоқжұлдыз бар. Бұлардың әрқайсысында Күн жуық шамамен айтқанда бір ай болды. Тұсына Күн келген шоқжұлдыз көрінбейді, өйткені ол Күннің тасасында (сырт жағында) қалады. Айталық, Күн маусым айында Босаға шоқжұлдызының тұсына келеді, сондықтан бұл айда Босаға көрінбейді.

Күн жолындағы 12 шоқжұлдызға ежелгі грек ғалымдары хайуандардың аттарын қойған: Тоқты, Торпақ, Егіздер, Шаян, Арыстан, Бикеш, Таразы, Бүйі, Мерген, Ешкімүйіз, Суқұйғыш, Балықтар. Грекше хайуа деген сөз «зоон», одан «зодиак» деген анықтауыш шығады. Сондықтан айтылып отырған 12 шоқжұлдыз зодиак шоқжұлдыздары немесе қысқаша түрде зодиак деп аталған. Ертедегі халықтардың көпшілігі зодиактың әрбір бөлігін бір ай деп есептеп, оларды күнтізбеде пайдаланған.

Зодиак шоқжұлдыздары халықтар арасында былай аталған:

Тоқты – латынша Ариес, грекше Криос, еврейше Тола, сирияша Әміра, арабша әл-Хамал немесе әл-Кәбіш, парсыша Бара, орысша Овен.

Торпақ – латынша Таурус, грекше Таурос, еврейше Шур, сирияша Таура, арабша әл-Сәуір, парсыша Гәу, орысша Телец.

Егіздер – латынша Гемини, грекше Дидиму, еврейше Тумим, сирияша Тәми, арабша әл-Джауза немесе әт-Тауаман, парсыша Дүпйкер, орысша Близнецы.

Шаян – латынша Канцер, грекше Карканос, еврейше Саратон, сирияша Саратан, арабша әл-Саратан, парсыша Қарзаң, орысша Рак.

Арыстан – латынша Лео, грекше Лаон, еврейше Ари, сирияша Ария, арабша әл-Әсет, парсыша Шір, орысша Лев.

Бикеш – латынша Вирго, грекше Арсанас, еврейше Батулу, сирияша Шәбалта немесе Биталта, арабша әл-Әзра немесе әл-Сүнбілә, парсыша Хұша, орысша Дева.

Таразы – латынша Либра, грекще Зугас, еврейше Мозаним, сирияша Масаса, арабша әл-Мизан, парсыша Таразу немесе Таразық, орысша Весы.

Бүйі – латынша Скропиус, грекше Искарбиус, еврейше Акроб, сирияша акраба, арабша әл-Ақырап, парсыша Қаждұм, орысша Скорпион.

Мерген – латынша Загиттариус, грекше Таксавтас, еврейше Кишт, сирияша Кәшта Сәлмарабба, арабша әл-Қауыс немесе әр-Рами, парсыша Нимәспі, орысша Стрелец.

Ешкімүйіз – латынша Қарикорнус, грекше Агукарус, еврейше Қази, сирияша Кәзия, арабша әл-Джәди, парсыша Бахи, орысша Козерог.

Суқұйғыш – латынша Аквариус, грекше Идрихус, еврейше Дилу, сирияша Дола, арабша әд-Дәльв, парсыша Дәл, орысша Водолей.

Балықтар – латынша Пишес, грекше Иклиюс, еврейше Дуг, сирияша Нуна, арабша әт-Хұт немесе әл-Сәмака, парсыша Махи, орысша Рыбы.

Орта ғасырларда грек ғалымдарын ұстаз тұтқан араб астрономдары зодиактың атауларын араб тіліне аударып, әл-Хамал, әс-Сәуір, әл-Джауза т.с.с. деген. Тәжік, өзбек, қазақ молдалары бұл терминдерді өз тілдеріне сәйкестендіріп пайдаланған. Осыдан амал, сәуір, зауза, саратан, әсет, әзра, мизан, ақырап, қауыс, джедди, дәлу, үт атаулары шыққан. Амал – наурыз, бұл – жыл басы, сәуір т.с.с. Кейде джәди «жәді», «жәтті» деп те айтылады. Бұлардың мағыналары төмендегідей: Амал – бағлан тоқты. Сәуір – өгізше, бұл өзі гректің «таурос» өгіз деген сөзінен шыққан, Зауза – егіз балалар, Саратан – су шаяны, бұл ескі еврей тіліндегі «саратон», демек, «саратан» арабтың төл сөзі емес. Әсет – арыстан, Әзра – бойжеткен қыз, қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде бұл ай көбінесе Сүмбіле делінеді, Мизан – таразы, Ақырап – бүйі, ескі еврейше акроба, Қауыс – садақшы, мерген. Джәди – ешкімүйіз, Дәду – суқұйғыш, құман, бұл сөз еврейдің «дилу» немесе сириялықтардың «дола» сөзінен шыққан болу керек (бұлардың мағыналары да су тұратын ыдыс), Үт – балық, ол кейде «хұт» деп те айтылады. Бұл айларда 30-31 күннен болған, олардың реті мен күн сандарын жұлдызшылар мен есепшілер тағайындап отырған. Жай жылда 365, кібісе жылда 366 күн болған. «Сәуір болмай тәуір болмас», «Қараша – қауыс, кәрі-құртаңды тауыс», «Жақсылығына алса – хұт, жаманшылығына алса – жұт», «Жетті айы жебедей жерге тығады», «Үт келді – жұт келді», т.б. осы айларға сәйкес.

Бір айта кететін жай мынау: келтірілген ай аттары арабша болғанымен, айларды арабтар олай атамайды. Арабтар мұхаррам, сафар, рәби т.с.с. дейді. Амал, сәуір т.б. арабша тек астрономиялық терминдер (зодиак үйірлерінің атаулары), ал Қазақстан мен Орта Азияда олар ай аттары. (жалғасы бар)

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 252 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: