16/08/2020, 22:24 | ||||
БАЙЫРҒЫ ҚАЗАҚ КҮНТІЗБЕСІНДЕГІ АЙЛАРДЫҢ ЖҮЙЕЛЕРІ Әлбетте, қазақ халқы құрала бастағаннан бері айлардың төрт жүйесі қолданылған. Олар: тоғыс айлар, зодиак айлары, азаматтық айлар және араб айлары. Тоғыс есебі – уақыт есебінің Үркер шоқжұлдызы бойынша жүргізілетін жүйесі, яғни Үркерге негізделген күнтізбе. Ай орағының немесе Ай табағының Үркерді «басып өту» тоғыс, тоғысу немесе тоғаю деп аталады. Тоғыс кезінде аспан әлемінің аядай үлескісіне шоғырланып жиналған Үркердің айқын 6 жұлдызы Айдың арғы жағында, тасада қалады да, жердегі бақылаушыға көрінбейді. Ай ақырын жылжып өтіп кеткенде тоғыс аяқталып, Үркер көрінеді. Ай мен Үркер үнемі тоғыса бермейді. Тетелес келетін екі тоғыстың аралығындаөтетін уақытты қазақ халқы тоғыс айы деп атаған. Оның ұзақтығы жуық түрде 27,32 тәулік, яғни 27 күн 7 сағат 43 минут. Дөңгелектеп, 28 күн етіп алғанда 28х13=364 болады. Сондықтан Ай мен Үркер жыл ішінде 13 рет қана тоғыса алады, жылда 13 тоғыс айы болады. Жаздың басында Үркер аспан әлемінің екінші жағына (көкжиектен төмен) кетеді де, Жер шарының солтүстік жартысындағы елдерге 40 күндей көрінбейді. Қазақтар бұл жөнінде «Үркер 40 күн жерде жатады» деген. «Жерде жататын» кезіндеҮркер Аймен 2 рет тоғысуға тиіс, бірақ олары бізге көрінбейді. Ьіз 11 тоғысты ғана көре аламыз. Үркерді бір жаңасындағы Ай орағы жауып өткеннен кейінгі 4 апта уақыт бір тоғыс айы деп аталады. Осы сияқты 3, 5, 7, ..., 25 тоғыс айлары болады, бәрі де 28 күннен. Тоғысу үнемі тақ санға келе бермейді, 4 тоғыс т.с.с. болуы да мүмкін. Бірақ оларды қалыптасқан дәстүр бойынша, тақ санға келтіріп, 5 тоғыс, 7 тоғыс т.с.с. деп айта береді. Сондықтан тоғыс есебіндежұп сандар кездеспейді. Күнтізбелік жылда 365 немесе 366 күн болатыны мәлім. 13 тоғыстың бұған 1-2 күні кем. Бұл кем күндер жыл аяғында, тоғыстан тыс қосылып отырады. Тоғыс есебін жүргізу үшін әжептәуір білім керек. Бұл мәселемен шұғылданған сауатты адамдар есепшілер деп аталған. Есепшілер Айды, Үркерді, Сүмбілені т.б. жұлдыздарды бақылап, төл алу, бие байлау, жайлауға көшу, қой қырқу, күйек ағыту т.с.с. шаруашылық маусымдарының мерзімдерін бұқара халыққа жариялап отырған. Олардың практикалық ережелері бойынша: «5 тоғыста күйек түседі», «3 тоғыста қой қоздайды» т.с.с. Есепшілердің атқарған рөлін: «Ел күйекті шешіпті, «Есепші айтты», - десіпті» (Ілияс Жансүгіров) сияқты өлең жолдарыныда аңғаруға болады. Тоғыс есебі бойынша жыл басы – бір тоғыс айы, ол григориан күнтізбесі бойынша әрдайым мамыр айында басталады, содан соң сәйкес ретімен 25, 23, 21, ... 5, 3 тоғыс айлары келеді, ең ақырғысы (13=ай) – 3 тоғыс айы. Бір тоғыс айында Қазақстан жеріне жыл құстарының бәрі де келіп болады. Сондықтан жыл құстарының келуі жаңа жылдың (тоғыс есебі бойынша) басталғандығының қарапайым табиғи белгісі болған. Тоғыс есебі ежелгі түркілер мен үнділерде болған. Г.Н.Потаниннің келтірген деректеріне қарағанда, Сібірдің түркі тілдес халықтары (алтайлықтар, хақастар, тувалықтар т.б.) 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін тоғыс есебін қолданып келген. Қырғыздың байырғы күнтізбесіндегі «тоғыздың айы», «жетінің вйы», «бестің айы» т.с.с. ай аттары ежелгі қырғыздардың да тоғыс есебін қолданғандығын көрсетеді. Кейбір зерттеушілер қазақ жылында 13 ай, айларында 27-28 күн болды дегенде азаматтық айлар мен тоғыс айларын шатастырып алған болуы керек.В.В.Радлов қазақ жылының басы – мамыр (отамалы)айы деген болатын. Бір тоғыс айы жуық түрде мамырға сәйкес келеді. Тоғыс есебі күрделі, сондықтан оны әркім біле бермейді. Оның үстіне тоғыс айларының реті табиғи тәртіпке кері жүреді: 21 тоғыс айы, 19 тоғыс айы т.с.с. 25 және 23-тоғыстар көрінбейді. Осының салдарынан болар, тарихи құжаттарда тоғыс бойынша көрсетілген даталар кездеспейді. Тоғыс есебінің элементтері ауыз әдебиетінде де, жазба әдебиетте де жоққа тән. Белгілі біреуі мынадай: «Қыз Назымға таласып, Екі батыр соғысты. Бұлтты шайнап мұз бүркіп, Үркер мен Айдай тоғысты». («Қамбар батыр» жырынан) Астрономиядан жазылғанбелгілі кітаптарда тоғыс есебі айтылмаған, кейбір мақалаларда айтыла қалған күнде «уақыт есебін Үркер бойынша жүргізген» дей салынған. Қалай жүргізілгені мәлімсіз. (жалғасы бар) жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| ||||
| ||||
Просмотров: 249 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |