10/08/2020, 11:59 | ||||
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АСТРОНОМИЯЛЫҚ БІЛІМДЕРІ Ескілікті түсініктер бойынша дүниенің төрт негізі – от, су, ауа, топырақ, жеті ғаламшар дегені – Күн, Ай және ерте кезде белгілі болған бес үлкен ғаламшар (бірақ бұл ғаламшарлардың көне түрікше атаулары келтірілмеген). Зодиактың 12 шоқжұлдызы былай тізілген: Қозы, Уд, Ерентұз, Қучық, Арыслан, Бұғдай башы, Үлгү, Чадан, Йа, Оғлақ, Көнек, Балық. Бұлар парсы, араб тілдеріндегі өздеріне сәйкес атауларды тікелей аудару жолымен жасалған. Уд – торпақ, Ерентұз – егіз балалар, Қучық – су шаяны, яғни рак, Буғдай башы – бидайдың басы немесе бидайдың масағы, Үлгү – таразы, Чадан – шағатын шаян немесе бүйі, Йа – мерген, жақ атушы, садақшы, арабша – қауыс, Оғлақ – ешкінің лағы, қазір Ешкімүйіз делінеді. Зодиак үйірлері ертеде ай есебінде де қолданылған, олар арқылы айтылатын айлар «жұлдыздар» делінген. Жыл қозы жұлдызынан басталып отырған. Бес үлкен ғаламшар қазақша былай аталған: Меркурий – Кіші Шолпан, Венера – Шолпан, Зура, Зұһра, керуен жұлдызы, Өмір зая, Тұл қатын, Марс – Қызыл жұлдыз, Юпитер – Есек қырған, Сатурн – Қоңырқай жұлдыз. Венера мен Юпитер жайында көптеген аңыз, ертегілер бар. Шөлді жерлерде күндізгі ыстыққа ұрынбас үшін, керуеншілер Шолпан туа жүріп кетіп, күн ыси бастағанда көліктерін шалдырып, демалатын болған. Сондықтан Шолпан Керуен жұлдызы деп те аталған. Ол әрдайым таң алдында туады. Юпитер іңірде де, түн ортасында да, таң алдында да тууы мүмкін. Ол да Шолпан сияқты жарық «жұлдыз». Ертегі бойынша ертедегі ортаазиялық саудагерлер қателесіп, Юпитер көрінгенде Шолпан туды деп асығып, жүктерін есектері мен түйелеріне қомдап артып, жүріп кетеді. Тынығып үлгермеген көліктер тез бодырады, бірақ көпке дейін таң атпайды (өйткені керуеншілердің көрген жарық жұлдызы Шолпан емес, түн ортасы болмай туған Юпитер екен). Ақыры оты мен суы жоқ шөл далада түйелер шыдайды да, есектер тып-тыйпыл болып, қырылып қалады. Аңыз бойынша «Есек қырған» атауы осыдан шыққан. С.Е.Маловтың жасаған сөздігіне қарағанда ғаламшарды ежелгі түріктер «нысан» деген. «Еңлік-Кебек» трагедиясында Нысан-абыз – өз тұсында аспанды бақылаушы, жұлдызшы болуға тиіс. Нысанбай, Нысаналы сияқты кісі аттарында кезедесетін түбір осы «нысан» болар. «Планета» терминін қазақ тілінде тұңғыш рет ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920) қолданған. Астрономия мен күнтізбеге қатысты материалдар қазақ әдебиетінің басқа жанрларында да кездесіп отырады. Айталық, С.Аманжолов құрастырып, 1940 жылы бастырып шығарған қазақ жұмбақтарының жинағында 52 астрономиялық жұмбақ бар. Ертегілер де көп. Бұл келтірілген деректерден қазақ халқының ертеде өз шаруашылығы мен тұрмысына сай бірталай астрономиялық білімдері болғандығын көреміз. Олар – «сырттан алынған», «көрші елдерден үйренген» білімдер емес, өмір талаптарынан туған, еңбекші халықтың қалың ортасында қалыптасқан, ғасырлар сынынан өтіп, бізге жеткен білімдер, біздің ұлттық мұрамыз, мәдени байлығымыздың бір саласы. Қазақ халқы, оның шаруашылығы, өнері мен білімі, әдет-ғұрыптары жөніндегі нақты деректер біздің тұңғыш ғалымымыз Шоқан Уәлихановтың (1835-1865) еңбектерінде көріне бастады. Ш.Уәлихановтың «Қазақтардың космологиялық түсініктері», «Тәңірі», «Ұлы жүз қазақтарының аңыздары» т.б. көлемді ғылыми мақалаларында халқымыздың Әлем жөніндегі түсініктері, астрономия саласында практикалық білімдері, күнтізбесі баяндалады. Жасы отызға жетпей дүние салған ғалым өзі жақсы білген мәселелердің де көпшілігін жазып үлгере алмай кеткен. Алайда оның тындырып кеткен ісі де аз емес. Көрнекті ғалым, педагог Х.Ә.Әбішевтің бұл бағыттағы еңбектері де орасан зор. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| ||||
| ||||
Просмотров: 351 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |