02/08/2020, 23:27 | ||||
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АСТРОНОМИЯЛЫҚ БІЛІМДЕРІ Жалпы алғанда, Жетіқарақшыға ұқсас, кішірек, тағы да бір «шөміш» бар. Ол да жеті жұлдыздан құралады, көбінесе Кішіқарақшы деп аталады. Орыс тілінде «Малая Медведица» делінеді «мағынасы – «Кіші өлекшін аю»). Орысша атауы грек тілінен тікелей аударылып алынған. «Шөміштер» қазақ тіліне осы күні «Үлкен аю», «Кіші аю» деп те аударылып жүр. Біз ертеден келе жатқан, көпшілікке мәлім атауларын қолданамыз. Жетіқарақшы бойынша Кішіқарақшыны табу оңай, екеуі біріне-бірі жақын тұрады, бірге туып, бірге батады. Жетіқарақшының басы оң жаққа, сабы сол жаққа қарап тұрады. Кішіқарақшыда керісінше, оның басы сол жақта, сабы оң жақта. Кішіқарақшы сабының ұшындағы жұлдыз, яғни саптың ең шеткі жұлдызы, темірқазық деп аталады. Ол – әжептәуір жарық жұлдыз. Демек, Темірқазық – Кішіқарақшы шоқжұлдызындағы жай көзбен көруге болатын жеті жұлдыздың бірі. Жетіқарақшы шөмішінің ең шеткі екі жұлдызын екі нүкте ретінде алып, солар арқылы «сызғышпен» ойша түзу сызық жүргізсек, ол түзу Темірқазықты басып өтеді. Мамандар Темірқазықты аспаннан осы ерекшелігі бойынша табады. Темірқазық бойынша бүкіл Кішіқарақшы табылады. Айтылып отырған жұлдыз «Темірқазық» деп тегін аталмаған. «Аспан күмбезі» үнемі айналып тұрады, сондықтан оның бетіндегі жұлдыздар да сырғып, орындарын ауыстырып тұрады. Бірақ Темірқазық тапжылмайды, бір орында тұрады. Ол – жылжымайтын бірден бір жұлдыз. Басқа жұлдыздар, арқандаулы аттардай, сол Темірқазықтың төңірегінде айналып жүреді. Темірқазықтың тұрақты орны аспанның дәл солтүстік жағында. Оны тапқан адам дүниенің төрт тарапын оңай табады: Темірқазық әрдайым солтүстікті көрсетеді, оның қарсысында – оңтүстік, сағат тілінің бағыты бойынша солтүстіктен оңтүстікке қарай (аралықта) күннің шығысы, оның қарсысында – батысы болады. Астрономия тілінде айтқанда «дүние осі Темірқазықтан өтеді, ол дүние солтүстік полюсінің рөлін атқарады» дейді. Темірқазық орысша «Полярная звезда» делінеді, оның мағынасы – «полюстегі жұлдыз». Атау грек тілінен аударылып алынған. Кішіқарақшы шөмішінің ең шеткі екі жұлдызы Ақбозат (сол жақтағысы) және Көкбозат (оң жақтағысы) деп аталады. Темірқазықтың атаулары: қырғызша, ноғайша, қарашайша, балқарша, башқұртша және қарақалпақша – Темірқазық, татарша – Тимерқазық, алтайлықтарша – Алтын қазық, бурятша – Алтын ғадан, қалмақша – Алтын хаси, түрікменше – Демір қазық, өзбекше – Темір қозық немесе Құтып жұлдызы, ұйғырша – Құтып, әзірбайжанша – Ғұтып, арабша – Құтыб, моңғолша – Алтын хатысын. Алтайлықтардың аңызы бойынша Темірқазыққа бір кезде Кенжебай деген батыр атын байлапты. «Жетіқарақшы», «Үркер», «Темірқазық» т.с.с. атаулар түркі тілдес халықтардың бәріне ортақ, олар ерте замандарда қалыптасқан. Одан бері 3000-4000 жыл өткен болар. Жұлдыздардың ескілікті атауларынан арғы ата-бабаларымыздың негізгі шаруашылығы мал өсіру болғандығы аңғарылып тұрады. Қазақтар Сүмбіле, Қамбар жұлдызы, Көгалдайдың көк шақпағы, Босаға, Қарақұрт, Шідер т.с.с. да білген. Кейбір жұлдыздар мен шоқжұлдыздардың ескіше атаулары қазір ұмытылған. Белгілі орыс ғалымы Б.А.Куфтин өзінің 1916 жылы жариялаған «Қырғыз-қазақ халқының календары мен байырғы астрономиясы» атты көлемді мақаласында «қазақтар бір жұлдыздарды «Саттары сегіз» деп атайды, олар 9 күнде аспанды бір айналып шығады, мұның 8 күнінде көрініп жүреді» деген мағлұмат келтірген. «Саттары сегіз» атауын түркі тілдерін зерттеген ғалым, Петербург университетінің доценті Л.Будагов өзінің 1869 жылы шыққан «Түрік-татар тілдерінің салыстырмалы сөздігінің» екінші томына кіргізген. Бұлардың екеуі де «Саттары сегіздің» нақты қандай жұлдыздар екенін дәлдеп айтпаған. Ш.Уәлихановтың еңбектерінде ондай жұлдыздар мүлде кездеспейді. Б.А.Куфтин «Саттары сегіздің» бірі парсыша Ғұждұм немесе Әкреп деп аталады деген. «Әкрепті» арабша «әл-Ақырап», парсыша «Қаждұм», еврейше «Акроб» деп түсінсек, ол орысша «Скорпион», қазіргі қазақ тіліндегі «Сарышаян» («Бүйі») шоқжұлдызы болмақ. Бірақ Ақыраптың қозғалысы ондай емес. Зерттеулердің зерделеуінше, Саттары сегіз дұрыс кезеңдік айнымалы еселік жұлдыздардың бір тобы болу керек. Олардың ішінде Саттарыға сәйкес келуі мүмкіндері – цефеидтер. (жалғасы бар) жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| ||||
| ||||
Просмотров: 233 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |