Халық күнтізбесі
27/07/2020, 19:17

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АСТРОНОМИЯЛЫҚ БІЛІМДЕРІ

Әлбетте, Үркерді білмейтін қазақ болмас, ол – Торпақ шоқжұлдызының құрамындағы, жыбырлап, бірне-бірі өте жақын орналасқан, бір топ жұлдыз. Халықтың көпшілігі Үркердің 6 жұлдызын, көзі жіті адамдар 9 жұлдызын көреді. Жүргізілген теориялық есептер бойынша, Үркер алабында 500-ден астам жұлдыз бар, телескоппен қарағанда олардан 180-200 жұлдыз көруге болады екен. Іңірдегі орындарына қарай айтсақ, Үркер күздің басында (қыркүйекте) шығыстан, қыстың басында (желтоқсанда) төбеден, көктемнің басында (наурызда) батыстан көрінеді, ал жаздың басында (маусымда) мүлде көрінбейді. Бұл кезде Үркер көкжиектен төмен қалады, халық оны «Үркердің жерге түсуі» дейді. 40 күн шілде Үркердің осы көрінбейтін кезіне сәйкес келеді.

Қазақ есепшілері Үркердің тууы мен батуын ұдайы қадағалап, бақылап отырған, шаруашылық маусымдары соған сәйкестендірілген. Үркер бойынша тоғыс есебі жүргізілген. Есепшілерден қалған практикалық нұсқаулар мынадай: «Үркер жерге түспей, жер қызбайды», «Үркер жерге түсерде қой қырқылады», «Үркерлі айдың бәрі қыс», «Үркер туса, сорпа ас болады», «Үркер көтерілгенде шөп те көтеріледі, бидай бас тартады» т.с.с.

Үркердің атаулары: қырғызша, қарақалпақша және түрікменше – Үркер, катонша – Үркөр, өзбекше – Ұқыр немесе Хұлкір, башқұртша және туваша – Өлкер, таратша – Өлгәр, әзірбайжанша – Үлкәр, ұйғырша – Үкәр, балқарша және қарашайша – Ілкер, чувашша – Елкер, қарақасша – Ырғар, якутша – Уөр немесе Уөртәл, үндіше – Криттика, парсыша – Пірәйін, пұштуша – Пәруәна, арабша – әс-Сүрейя, моңғолша – Мечіт немесе Сұғ мүшен, қалмақша – Мешін, грекше және орысша – Плеяды (орыстар қазір грекше атауын қолданады, бұрын «Лось» деген, оның мағынасы – «Бұлан»). Түркі тілдеріндегі атауларының тектестігі «Үркер» атауының ерте замандарда шыққандығын көрсетеді. «Үркер» сөзінің түпкі төркінін кейбіреулер «сиыр», кейбіреулер сиырда болатын «оқыра құрт» деп түсіндірмек болған. Белгілі түрколог ғалым С.Е.Малов оны «бір үйір мал» деп түсіндірді, дұрысы осы болуға тиіс. «Үркердің» түрікше ескі нұсқасы – «үгір», «үкір». «Шоғыр Үркер жамбаста, үріккен қойдай», «Қысырақтың үйірі үркіп, бөлініп кетіпті» т.с.с. тіркестерде «Үркер» малдың шағын бір үйірі, тобы ретінде айтылады. Үркер туралы жұмбақтардың бірі мынадай:

«Қысырақ жоғалды жаз, кетіп жырақ,

Көп жүрдім, іздеп оны, елден сұрап.

Тұр екен дарияның ортасында

Жете алмай, үйге қайттым босқа бірақ».

Анықтап қараған кісі Жетіқарақшы «сабының» омырылып тұрған жерінен екі жұлдыз көреді: бірі – сол Жетіқарақшының қалған жұлдыздары сияқты, жарық жұлдыз, екіншісі – бәсең, Үркердің жұлдыздары сияқты, көмескі жұлдыз. Ертегіге арқау болған осы екеуі. Айтылып отырған жарық жұлдыз қарақшылардың бастығы ретінде, көмескі жұлдыз ол ұрлап, алып қашқан Үркердің қызы ретінде сипатталады. Белгілі орыс ғалымы, саяхатшы, Ш.Уәлихановтың досы және бірге оқыған жолдасы Г.Н.Потанин қазақ ертегішілерінен сұрап, жазып алыпты: қыз ұрлаған қарашының аты – Қыран қарақшы, Үркердің ұрланған қызының аты – Үлпілдек. Ертегі қисынды және әдемі шыққан. Аспанға қарағанда көмескі жұлдыз Жетіқарақшыға сыраттан қосылған сияқты да, Үркердің бір жұлдызы кеміп қалған сияқты болып тұрады. Бұл ертегі «Сүт жолы» туралы ертегі сияқты емес. Халықтың қиялын, тапқырлығын аңғартады.

Сөз болып отырған ертегі Қазан төңкерісінен бұрын екі-үш рет орыс тілінде басылған. Бірін «Туркестанские ведомости» газетінің (Ташкентте шығып тұрған) 1903 жылғы 18 мамырдағы санынан көруге болады. Онда Г.Н.Шамсутдиновтың «Улькер и жетикаракчи» деген мақаласы бар.

Бұл екі жұлдыз үнді ертігісі бойынша – бала арқалап жүрген кемпір, араб ертегісі бойынша – артына бала мінгестірген салт атты кісі (Мицар мен Алькор).

Сәбит Мұқановтың «Сұлушашынан» бір үзінді келтірейік:

«Шілде өткен, түн ұзақ. Үркер туып,

Жеті ұры Үркердің қызын қуып.

Шоғыр Үркер жамбаста үріккен қойдай,

Барған мезгіл жүзіген Айға жуық.

 

Күзге белгі, - құйрықты жұлдыз шығып,

Қырау алды, - басталған күзгі суық.

Бұлтсыз аспан күмісті камзол киіп,

Белуардан Құс жолын алған буып.

(жалғасы бар)

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 415 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: