20/07/2020, 16:45 | ||||
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АСТРОНОМИЯЛЫҚ БІЛІМДЕРІ Жұлдыз түркі халықтарында былай аталады: татарша – юлдуз, башқртша – йондуз, туваша – зылдыз, якутша – зұлыс, әзірбайжанша – ұлдыз, қырғызша – жылдыз, чувашша – зелтер т.с.с. «Жұлдыз» сөзі өте ерте замандарда, түркі халықтары дараланбаған кезде шыққан. Кейбіреулер «жұлдыз» сөзін «жол түзеу» немесе «түз жолы» сөздерінен шыққан деп топшылайды. Бірақ бұл топшылау қисынға келмейді. Жұлдыздарды ұзақ жолға шықпайтын, жартылай тағы тайпалар да біледі. Күн мен Айды, құс пен балықты, көз мен өзенді білетін тағылар түнде ғана көрінетін, жыпырлаған жарық нүктелер ретінде жұлдыздарды да таниды. Жарық жұлдыздарға ат қойып, оларды бірінен-бірін айырып атау, көрінетін орындарын аңғару дәрежесіне жеткенше мыңдаған жылдар өтеді. Жұлдыздарға қарап жол табу әдісі ұшы-қиыры өрінбейтін далаларда, ашық теңіздерде ұзақ уақыт жүргенде ғана қолданылады. Ол әдіс бертінгі замандарда қалыптасқан. Түркі тілдес халықтардың ескілікті бұйымдарында алты, сегіз, кейде он екі ұшты жұлдыз суреттері жиі кездеседі. Олар негізінен алғанда сәндік үшін салынған. Жұлдыздың көркемдік рөлі қазір тіпті күшейіп отыр: жұлдыз суреті елтаңбаларда, алтын медальдарда, ордендер мен әскери белгілерде келтіріледі. Бұлтсыз түндерде аспанда, солтүстіктен оңтүстікке қарай созылған, ақшыл жолақ көрініп тұрады. Қазақтар, қырғыздар және түрікмендер бұл жолақты «Құс жолы» деп атайды. Құс жолы күз айларында айқын көрінеді. Ол миллиардтаған жұлдыздардың жарығынан құралады. Шексіз әлемдегі бізге жақын жұлдыздардың басым көпшілігі осы Құс жолының бойында орналасқан, әрине, олардың бірі алыс (әрірек), бірі жақын (берірек) болады. Астрономияда Құс жолын Галактика дейді. Қазақстанның оңтүстігіндегі кейбір аудандарында ол «Сабан жолы» деп те аталады. Жыл құстары көктемде келгенде және күзде жылы өлкелерге қайтқанда осы жолақтың бағытымен ұшады екен. Жұлдыздардың орналасуындағы бұл ерекшелікті көптеген халықтар ағарған, олардың түсініктері қазақтардың түсініктерімен қабысып отырады. Құс жолын татарлар, башқұрттар және чуваштар «Дала қаздарының жолы» дейді. Кейбір халықтардың қолданатын атауларын қазақ тіліне аударғанда былай болып шығады: «Тырна жолы» (мордва тілінен), «Құс жолы» (марий, фин, эстон, коми және венгр тілдерінен). Бұл деректер «Құс жолы» ұғымының ерте замандарда қалыптасқандығын көрсетеді. Құс жолы орыс тілінде «Млечный путь» деп аталады, мағынасы – «Сүт жолы». «Млеко» - қазіргі «молоко» сөзінің көне орыс тіліндегі нұсқасы. Бұл атау грек тілінен тікелей аудару арқылы жасалған. Аңыз бойынша ертедегі грек патшаларының бірі шалғай жерге соғысқа кетіп, екі-үш жылға дейін қайтып оралмапты. Оның үйде қалған әйелі күйеуін сағынып, азапқа түсіпті, құдайлардан тілек тілеп, емшегін көкке сауыпты. Содан шашыраған сүт аспанда ақшыл жолақ болып қалыпты да, «Сүт жолы» деп аталыпты. Патша соғыстан қайтып келгенде белігіл ғалым, географ және астроном эратосфен (б.з.б. 276-194 жылдар) бұл хикаяны патшаға айтады, әйелін мақтайды. Патша тірі оралғандығын «құдайлардың сақтауы» деп түсінеді. Әйелінің сүті аспанға «шашырағанына» дардай болып қуанады. Қазақтардың бәріне таныс шоқжұлдыз – Жетіқарақшы, шөміш фигурасын құрастыратын жеті жарық жұлдыз тобы. «Жетіқарақшыны таныған жеті қараңғы түнде адаспас» дейді қазақтар. Атаулары мынадай: татарша – Джидған, қырғызша және балқарша – Жетіген (мағынасы – «Жеті бөрі»), башқұртша – Зур етеген, қарақалпақша – жеті жұлдыз, қарашай – Джеті гейлі, ноғайша – Етеген, түрікменше – Ұлы жетіген, хакасша – Чидіген, туваша – Жеті ұрған, қарагасша – Тьедгар, монғолша – Долон бұрхан (мағынасы – «Жеті қарт»), орысша – Большая Медведица (грек тілінен аударылып алынған, мағынасы – «Үлкен өлекшін аю». Шыңжандағы қазақтар мен ұйғырлар «Жеті ұры» дейді. «Жеті қарақшы» атауы ерте замандарда шыққан. «Жетіқарақшы Үркердің қызын ұрлапты» дейтін ертегі бар. Сол бойынша соңғы ғасырларда «қарақшы» сөзі дәл мағынасында, «тонаушы», «ұры» ретінде, түсіндірілген. Тувалықтардың, Шыңжандағы қазақтар мен ұйғырлардың түсініктері де осындай. Бірақ бұл жеті жұлдыздың «қарақшылығы» туралы ертегі бертін шыққан болуға тиіс. Оларға ешкім жаманат артпаған, қайта «Жеті кәміл піріміз» деп сыйынған. Монғолдардың «Жеті қарт» деуі де осы түсінікке жақын. Жұлдыз атауындағы «қарақшының» алғашқы түрі «қарағшы», яғни «қарап тұрушы» болу керек. Ай көрінбеген сағаттарда айырықша көзге түсіп, аз болса да, жарық беретін, жалғыз жүрген адамдарға ес, сүйеу болатын осы жеті жұлдыз, олар күн сайын және үнемі аспанның бір жағынан көрінеді, түні бойы жарқырап тұрады. Ежелгі халықтардың түсінігі бойынша, ол сол төңіректегі елді күзетіп, халықты жыртқыш аңдардан, жын-шайтаннан қорғап, қорып тұрады. Көне түркі тілінде күзетшіні «қорықшы» («қорып тұрушы») деген. Қазіргі «қараушы», «қарауыл» (орыс тіліндегі «караул» деген сөзі осыдан шыққан) сөздерінің тегі сол. Монғолдар шаңырақтың күлдіреуіштерін «қарашы» дейді, мағынасы – «жоғарыдан қарап тұрушы». Сөреге жайған құрт-ірімшікке қарға-құзғынды қондырмау үшін, мал қамаған шарбаққа қасқырды дарытпау үшін олардың жанына, адамша киіндіріп, үлкен қуыршақ қояды. Мұндай қуыршақ қазір «қарақшы» деп аталады, оны «ұры» деп ешкім де айтпайды. Демек, алғашқы мағынасында Жетіқарақшы жеті ұры емес, жеті күзетші, қорықшы, қарап тұрушы, олар сондықтан жеті пір болып есептелген. Ұрылар жөніндегі ертегі бертін, ертегішілердің қиялынан шыққан. (жалғасы бар) жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| ||||
| ||||
Просмотров: 252 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |