Халық күнтізбесі
13/07/2020, 12:13

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АСТРОНОМИЯЛЫҚ БІЛІМДЕРІ

Әлбетте, ғылымдардың кәрісі де, жасы да – астрономия. Ол өзге ғылымдардан әлдеқайда бұрын шыққан. Қазіргі зерттеулер, ғарышқа ұшырылып жатқан жасанды жолсеріктер кәрі астрономияның бойына таза қан жүгіртіп, жасартып отыр.

Жұлдыз ғылымы – астрономия ерте замандарда, мал жайылған жазық далаларда, жойқын өзендердің егін салынған аңғарларында туған. Оны тудырушылар – өмір талаптары, өндіріс үрдістері. «Жаратылыстанудың жеке салаларының жүйелі зерттеп білу қажет, - дейді Фридрих Энгельс. – Әуелі астрономия, ол мал өсіретін және егін салатын халықтарға тіпті жыл мезгілдерін айыру үшін-ақ сөзсіз қажет. Астрономия тек математиканың жәрдемімен ғана дами алады. Сондықтан осы соңғымен де шұғылдануға тура келеді. Одан әрі, жер кәсібі дамуының белгілі сатысында және белгілі елдерде (Мысырда жер суару үшін суды жоғары көтеру), әсіресе қалалардың, ірі құрылыстардың пайда болуымен және қолөнер кәсібінің дамуымен бірге механика да дамыды».

Ежелден мал шаруашылығымен айналысып, аспан астында, аттың жалында, атанның қомында өмір сүріп келген халықтардың бірі – қазақ халқы. Оның ертедегі тағдыры малға, ал малдың тағдыры шөбі шүйгін, суы мол жайылымға байланысты болған. Мысырлықтарды дарияның тасуы күйзелтсе, көшпелілерді «жеті ағайынды» жұт күйзелтіп отырған. Сондықтан көшпелілер байтақ далада жол табуды, жыл мезгілдерін айыруды, мал төлдету, бие байлау, күзем қырқу, күйек алу мерзімдерін білуге мәжбүр болған. Қазақстанның оңтүстігін мекендеген тайпалар жер кәсібімен шұғылданған. Демек, Ф.Энгельстің сөзін басшылыққа алғанда қазақ халқы да астрономиядан хабардар болған деуге тиістіміз.

Қазақстанның ежелгі тайпалары Күн мен Айдың қозғалысын, көптеген жұлдыздардың туатын және бататын кездері, көрінетін орындарын жақсы білген. Бұл білімдер ауыз әдебиетінен берік орын алып, сол арқылы атадан балаға мирас болып қалып отырған, С.Сейфуллин тілімен айтқанда:

«Қарттардың баян қылған әңгімесін

Естіген кейінгілер жаттап алған».

Астрономияға байланысты аңыздар, ертегілер, жырлар, жұмбақтар, жаңылтпашта, мақалдар мен мәтелдер қазақ ауыз әдебиетінде ұшан-теңіз. Қазақта «алтын Күн, күміс Ай, маржан жұлдызды» жырға қоспаған ақын жоқ деуге болады.

Қазақ халқы – ежелгі түркі тайпаларының жұрағаты екені мәлім. Түркілердің әжептәуір астрономиялық білімі болған, олар ерте заманның өзінде-ақ мүшел күнтізбесін қолданған. «Жетіқарақшы», «Үркер», «Темірқазық» т.с.с. атаулар бізге сол түркілерден қалған. Ежелгі түркілердің жазба ескерткіштерінде жұлдыз аттары жиі кездеседі. Оларда жұлдыздарды бақылап жүретін абыздар жұлдызшылар деп аталады.

Қайсыбір жылдары археологтар Орталық Қазақстандағы Жанғабыз өзенінің бойына VIII-X ғасырларда жерленген бір жұлдызшының зиратын тапты. Онда қабірге өлікпен бірге бір «Жұлдыз тас» - метеорит салынған. Қабір үстіне қаланған тастар арқылы Күн бейнесі көрсетілген. Ақыры зират үстіне оба үйіліп, оның жанына жұлдызшының граниттен шабылған тас мүсіні қойылған. Бұл жайт ежелгі түркілердің өмірінде жұлдызшылардың белгілі рөл атқарғандығын көрсетеді.

Қазақстанда ерте замандардан қалған обалар көп. Олардың кейбіреулерінің астрономиялық мәні бар. Профессор П.И.Мариковскийдің зерттеулеріне қарағанда Іле өзенінің орта ағысындағы Малайсары адырының етегінде орналасқан (Алматыдан 142 шақырым жерде) шөгіп қалған обалар жүйесі ерте замандарда қарапайым обсерватория рөлін атқарған. Онда зират жоқ. Үйілген обалар мен тастар екі түзу сызықты анықтайды. Бірінші сызық күн мен түннің теңелуі кезінде (21 наурыз бен 21 қыркүйек) көкжиектен көріне бастаған күн сәулесінің жолын көрсетеді. 1976 жылы П.И.Мариковский Орталық Қазақстаннан осы сияқты обалардың тағы да бір жүйесін тапқан. Онда жоғарыда айтылған екі түзуден басқа қосымша сызықтар да бар. Тегі олар ай есебін жүргізуге, жұлдыздарды бақылауға арналған болуы керек. Бұл тектес обалардың көпшілігі б.з.б. V ғасырдан бұрын үйілген. (жалғасы бар)

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 267 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: