19/11/2024, 10:51 | |
ОНЫҢ ҚАБЫҒЫ ДА ЕМ ЕКЕН Ерте кездері қарбыз тәттілігі болмаса, ешқандай да пайдасы жоқ жемістің бірі ретінде саналып келді. Ал оның денсаулыққа тигізер пайдасының орасан екендігі тек кейінгі замандарда, яғни медицинаның дамып, сол арқылы денсаулыққа пайдалы нәрселер анықтала бастағанда мәлім болды. Тіпті оның құрамында адамзаттың ағзасына ең қажетті зат – фолий қышқылы барын да кейін білдік. Ал бұл қышқыл ағзадағы химиялық процестердің тепе-теңдігін сақтайды, сонымен қатар қан түзілу жұмыстарын жақсартады. Жақсы піскен қарбызда 2.5-12 пайыз қант, ал ұрығында 25 – 30 пайыз май болады. Қарбыздың шырыны мен «етінде» зәр және өт жолдарын тазарту үшін таптырмас қасиеттер көп. Сондай-ақ қарбыздың құрамында қант диабетімен ауыратындарға ем болатын фруктоза, азот минералды тұз, В1, В2, С және РР витаминдері, каротин бар. Осылар арқылы бұл жеміс артрит, атеросклероз және буын ауруларымен ауыратындарға аса пайдалы. Себебі дарбыз «етіндегі» жасушалар холестерин бөлінуіне көп әсерін тигізеді. Тіпті қарбызды жиі жеген адам созылмалы гастрит ауруынан да айығады. Ағзада қышқылы көп адамдар қарбызды нанмен қосып көбірек жесе, дертіне шипа болары сөзсіз. Сондай-ақ бұл жеміс сары аурумен ауыратындар, бауыры мен өт жолдары мазалайтын науқастарға аса пайдалы. Сонымен қатар гипертония, анемия, жүрек талмасы, мұрны жиі қанайтындар мен семіздік дертіне шалдыққандар үшін де таптырмас ем. Әсіресе, семіздіктен зардап шегіп жүргендер күніне 2-3 кило қарбыз жеуі керек. Тіпті бір күн бойы тек қарбыз жесе де болады. Бұл оның бүйрегін тазалау арқылы ағзасынан ұсақ тастар мен құмдарды шығарады. Қарбыз – сонымен қатар ағзаның толық жасаруына да үлкен септігін тигізетін дақыл. Ол үшін қарбыздың кептірілген қабығын ұсақтап турап, шайға қосып ішу керек. Ал қарбыздың сыртқы қабығын бетке маска ретінде пайдалануға болады. 20 минуттық маскадан кейін бетті таза сумен жуып, сүртіп болған соң керекті кремді жағып тұрсаңыз, бет және мойын терісіндегі әжімдер жойылып, жақсы қалпын сақтап тұрады. Тіпті беттегі сепкіл мен безеуді де дарбыздың ұрығынан жасалған емдік қасиеті бар эмульсия жағып кетіруге болады екен.
ҰЙҚЫ БЕЗІ ҚАБЫНҒАНДА Ащы ермен (полынь горькая), түймедақ (ромашка) гүлі, трифол жапырағының ұнтақтарынан бір ас қасықтан алып, жарты литр қайнаған суға салып, шай етіп демдейді. Мұны ұйқы безі қабынғанда күніне 30 грамнан 4 рет, 10 күн ішу керек. 10 күн демалып, емдеуді қайта бастайды. Немесе бұрыш, жалбыз (мята) шөбінің ұнтағынан 100 грамнан алып, 2 литр қайнаған суға салып, үстіне 50 грамм бал қосып, бір сағат қайнатады. Бір күн тұрғызып сүзеді. Дәрі даяр. Астан жарты сағат кейін 30 грамнан күніне үш рет, 10 күн ішіп, бір жеті демалады. Сонан соң емді қайта бастайды. Емдеу мерзімі – 3 ай.
ШАУРМАНЫ КӨП ЖЕСЕҢІЗ АҒЗАҢЫЗДА НЕ БОЛАТЫНЫН БІЛЕСІЗ БЕ? Наны да бар, еті де бар, тез дайындалатын әрі дәмді, қадам бассаңыз алдыңыздан табыла кететін шаурманы жастар жағы өте сүйсініп жейді. Түрлі дәмдеуіштер әсерінен, оның бір жеген адамды өзіне қайта тартып тұратыны да белгілі. Шаурманы жиі тұтынудың зияны туралы білесіз бе? Осы тағамның сапасы мен құрамы жайлы біле жүргеніңіз артық болмас. Шаурмаға майлар мен консерванттар көп қосылғандықтан, тағамның пайдасынан гөрі зияны басым. Оны әр кезде тұтынатын адамдардың денсаулығына айтарлықтай зиян келмеуі мүмкін. Ал жиі тұтынатын болсаңыз, ойланып көргеніңіз дұрыс. Себебі шаурманы жиі қолдану семіздік, асқазан, жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті және тағы да басқа ауруларға алып келуі мүмкін. Тез тамақтанудың кесірінен, ас қорыту қызметі қиындайды. Сол себепті, жоғарыда айтылған жағдайлар тек шаурмаға ғана емес, лаваш, гриль, сэндвич, жалпы фаст-фуд тағамдарына да қатысты. Яғни, жылдам әзірленетін тағамдарға түгелдей қатысы бар. Бір жаманы – мұндай асты балалар мен жасөспірімдер өте жақсы көреді. Ал дұрысы – балаларды мұндай тағамдарға үйретпеген дұрыс. Тез дайындалатын ас түріне қатысты тағы бір ескеретін жайт – қандай жерде дайындалып жатқанына көңіл бөлу керек. Себебі мұндай нысандардың көпшілігі тексеруге жатпайды. Бұл нысандардың және өнімдердің қауіпсіздігіне кәсіпкерлер жауапты. Сондықтан ол жерде пайдаланылатын азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін растайтын құжаттарының бар-жоғын, жалпы нысандардың санитарлық тазалыққа мән бергеніңіз жөн. Егер өнім сапасы қандай да бір күдік тудырса, сатушыдан өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжатты сұрауға құқылысыз.
РЕВМАТИЗМГЕ ШЫРҒАНАҚ ШАЙЫ ЕМ Ревматизм мен сорбуын ауруына шырғанақ жапырағы жақсы көмектеседі екен. Ол өзі ревматизм азабынан осылай құтылды. Шырғанақ (облепиха) жапырағы мен жемісінен тең мөлшерде алып, 500 грамм қайнап тұрған суға саласыз. Оны 5 минут қайнатып, 10 минуттай бұқтырып қойыңыз. Сосын эмальды ыдысқа құйып алыңыз. Осы қайнатпаны күнделікті астан 20 минут бұрын жарты стаканнан ішіп жүру керек. 20 күннен кейін бір апта үзіліс жасайсыз. Ревматизм асқынып, мазаны алып жүрген болса бұл ем кезінде шөп моншасын жасаудың маңызы зор. Шырғанақтың жас бұтақтарын ұсақтап, қарағайдың жас қылқаны мен бүршіктерін қосып, 1,5 литр суға салып, 2 сағаттан соң 20 минут ақырын қайнатасыз. Оны тұндырып, температурасы 38-39 градус шамасы болғанда щшомылу керек. Соңынан жақсылап сүртіп, ауырған буынды күнбағыстың тазартылмаған майымен сылап орайды. Емді 10-12 күн жалғастыру керек.
АНАР ҚАБЫҒЫНЫҢ ТАҢҒАЖАЙЫП ҚАСИЕТТЕРІ Қысқы жемістердің қыстағы кеселдерге қарсы күресетін қауқары бар. Мысалы, анар. Оның қабығына дейін қолдануға болады екен. Жүрек ырғағының бұзылуы: 2 ас қасық анар қабығына 250 мл. қайнаған су құйып, 30 минут тұндырыңыз. Содан кейін 1 ас қасық бал қосады. Оны күні бойы, қалауыңызша іше беруіңізге болады. Тері түлеуі немесе жарылуы: ұнтақталған құрғақ қабығын зақымдалған жеріңізге себіңіз. Бүйрек қабынуы: 2 ас қасық кептірілген қабығын ұнтақтап, үстінен 250 мл. қайнаған су құйыңыз. Оны су моншасында 30 минут қайнатады. Сүзіп алып, азырақ қайнаған су (жалпы 250 мл. болғанша) қосыңыз. Мұны күніне 4 рет, тамақ алдында 50 мл-нан қабылдаңыз. Созылмалы жөтел: анар қабығын шай секілді қызғылт түске боялғанша демдеңіз. Бал қосып, аз-аздап ішіңіз. Мұны жарты стаканнан, күніне 2 рет ішеді. Күйік: Алдымен күйік орнына анар шырынын (сөлін) жағыңыз, содан кейін үстінен ұнтақталған құрғақ қабығын себіңіз. Көп ұзамай ауырсынуы басылады, жазылуы да тез болмақ. Ем болсын!
КҮНБАҒЫС МАЙЫ (Халық еміндегі көмегі) Көпшілігіміз күнделікті ас-ауқатқа қолданатын күнбағыс майын дұрыс қолданса, емдік әсері дәрі-дәрмектен кем түспейді деседі. Бір жақсысы, ол қолжетімді, әрбір үйден табылатыны анық. Сондықтан керек кезде қолдануға тиімді мына рецептерді ұсынуды жөн көрдік: ↘️ ↙️ Күнбағыс майын аяқтағы мүйізгекті (мозоль) кетіруге қолдануға болады. Ол үшін 7-10 күн бойы жатарда аяқты жылы сумен жуып, күнбағыс майын сіңдіре жағып, уқалайсыз. 3-4 күні-ақ мүйізгектің жойыла бастағаны байқалуы тиіс. Жоғарғы тыныс жолдарының қабынуында майды аздап жылытып, оған дәкені батырып, компресс жасайсыз. Сыртынан полиэтилен пакетпен және жылы орамалмен орап тастау керек. Компресті май суығанша ұстайсыз. Денедегі терең жараны жылы сумен жуып, күнбағыс майы сіңдірілген дәкемен орап қойыңыз. Май жараға сіңуі тиіс. 3-4 күннен кейін жараның беті тегістеле бастайды. Іріңді гайморит кезінде 1 ас қасық күнбағыс майын ауызға салып, оны кәмпит тәрізді сору керек. 10-15 минуттан кейін ол ауыз қуысында қоюлана бастайды. Сосын қайтадан сұйылады. Осы кезде түкіріп тастайсыз. Таңертең ашқарынға және кешке жатарда қайталай жүрсеңіз көп ұзамай шипасын сезінесіз. Тырнақтың сынғыштығы кезінде аптасына 2 рет жылытылған майға саусақтарды батырып отырсаңыз әсері жақсы. Ол тырнақты қатайтып, бекіте түседі. Жатыр мойны эрозиясында түймедақ, қалампыр шөптерінен азырақ майға араластырып, су моншасында жарты сағат бұқтырасыз. Оны бірнеше қабатталған дәкемен сүзіп алып, тампон қойса тез жазылады. Халық емінде күнбағыс майының осындай көмегі бар. Оның тазартылған түрін холецистит, холангит, өт айдауда қолданса да болады екен. Бірақ, әрине, мөлшері мен қолдану тәсілін білген жөн және бұл жағдайда дәрігермен кеңесу керек екені түсінікті. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 3 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |