05/11/2024, 10:50 | |
ТІЗЕҢІЗ АУЫРЫП ЖҮР МЕ? ▪️ Тізеңіз ауырып, мазаңыз кетіп жүрсе, ақжелкек (хрен) жапырақтарын алып, қайнаған суға батырып аласыз. 2-3 сағатқа тізеге қойып қойсаңыз, шипалы жапырақтар тұзды өзіне тартып алады, тиісінше, ауру да басылады. Емдеу курсы – 7 күн. ▪️ Егер аяғыңыз, буындарыңыз жараланған болса, кәдімгі кір сабын көмектеседі. Түнде кір сабыннан компресс жасап қойсаңыз, ауруды айтарлықтай жеңілдетеді. ▪️ Денатурат (техникалық спирт) пен керосинді бірдей мөлшерде алып, шыны банкаға құйыңыз. Оған 3-4 дана балғын ащы бұрышты салып, банканың аузын бекітіп, бір ай жылы жерде сақтаңыз. Тағертең, түнде жатар алдын немесе күніне бір мезгіл буындарыңызды осы дәрілік затпен сылап шығыңыз. Жағар алдында құтыны шайқау керек. Буындарға жақсылап жағып болған соң, жүн матамен орап қойыңыз. Емдеуді ауырсынулар толықтай басылғанға дейін тоқтатпаған жөн. ▪️ Егер тізеңіз ауырса, мынадай қоспа дайындаңыз: 50 грамм камфора, 100 грамм спирт, 50 грамм қыша (горчица), 100 грамм жұмыртқа ақуызы. Алдымен спиртке камфораны, қышаны қосып, араластыраңыз. Ал, жұмыртқаның ақуызын өз алдына шайқап алып, жоғарыда аталған қоспаға қосыңыз. Дайын болған қоспаны жатар алдында буындарыңызға ысқылап жағып, сіңдіріңіз. ▪️ Келесі халық емі мынадай тәсілмен жасалады: көктемде 130 дана бақбақ гүлін жинап алыңыз. Оны шыны ыдысқа салып, үстіне ерлерге арналған «Тройной» одеколонын құйыңыз. Қақпағын мықтап жауып, 40 күнге қараңғы жерге қойып қойыңыз. Тұнбамен ауырған жерлеріңізді ысқылаңыз. Жақсы көмектеседі. ▪️ Картоп гүлдеп тұрған кезде, аспан ашық күндері гүлдерін жұлып, көлеңкеде кептіріңіз. Кептірілген гүлдің 1 ас қасығына 2 стакан қайнаған су құйып, 3 сағатқа термоста қалдырыңыз. 3 сағат өткен соң, сүзіп алыңыз. Күніне 3 рет, тамақтан 30 минут бұрын жарты стаканнан қабылдаңыз. Емдеу курсы – 21 күн. Сондай-ақ кептірілген картоп гүлдерін бөтелкеге салып, «Тройной» одекалонын құюға болады. Оны 2-3 апта қараңғы жерге қойып, артрит, остеохондроз, радикулит ауруларына, қабынуға қарсы қолдануға болады. ▪️ Ауырсыну басталған кезде 12 ас қасық аммиакты, 3 ас қасық су, 1 шай қасық бал және қара бидай ұнын араластырып, одан күлше жасаңыз. Күлшені буыныңызға қойып, сыртынан жүн орамалмен орап қойыңыз. ▪️ Егер тізеңіз қатты ауырса, тауықтың екі жұмыртқасын алып, оған 2 ас қасық 9%-дық сірке суын қосып, жақсылап араластырыңыз. Дәкені осы қоспаға батырып, сығып, ауырған жерлерге коммпресс етіп қоюыңызға болады. Сыртынан қызыл жүн орамалмен орап қойыңыз. Емдеу курсы – 10-12 күн.
ШӨП ДӘРІДЕ ШИПА КӨП Кейінгі кездері науқастарды өсімдіктекті дәрілермен, шөптен жасалған дәрілермен емдеу етек алып келеді. Осындай шипалы шөптердің бірқатары жөнінде айта кетпекпіз. Олар мыналар: #Шүйгіншөп (валериана) ағзаны тыныштандыратын қасиетке ие. Оны көбіне жүрек аурулары кезінде қолданады. #Қарғакөз (вороний глаз) жүрек ауруларын емдеуде қолданылады. #Бүлдірген – зәр қуатын, сондай-ақ тамыр, асқазан аурулары кезінде қолданылатын ем. «#Верба_богородицы» деп аталатын күреңот (иван-чай) – тыныштандыратын, қабынуға қарсы әсері мол шөп. Жоңышқаны да суықтағанда, қызу көтерілгенде қолдануға болады. #Қалақайды қабынуға қарсы ғана емес, косметикада да қолданады. #Інжугүл (ландыш) жүрекке жақсы. #Иттікен (лопух) – қабынуға қарсы ем, ол шаш өсіруде де көмекші. #Жалбыздың өтте тас болса, оны ерітуге көмегі бар, ол тамырды кеңейту үшін де қолданылады, антисептиктік әсері де бар. #Ботакөз (незабудка) – тері ауруларына ем, қан тоқтататын қасиеті бар. #Бақбақ холестеринді азайта алады, ас қорыту жүйесіне жағымды. #Түймешетен (пижма) ішек құрттарын жоюда көмектеседі. #Жолжелкен қан тоқтата алады, қабынуға қарсы күші бар. #Жусан ас қорытуды жақсартады, жараның тез жазылуына себі бар. #Түймедақ та ас қорыту жүйесі үшін пайдалы. #Шашыратқы (цикорий) экзема, сыздауық сияқты тері аурулары кезінде қолданылады. #Қаражидек (черника) тұтқырлық, қуаттандырғыш қасиетке ие. #Қымыздық (щавель) асқазан-ішек жұмысы бұзылғанда қолданылады. ...Дәрілік шөптер тізімін осылайша жалғастыра беруге болады. Жоғарыда аталғандары – табиғатта көп кездесетін, жиі қолданылатындары. Ал қолдану мәселесінде мұқият болып, дәрігермен кеңесіп отырған дұрыс болмақ.
КӨЗ АРҚЫЛЫ ДИАГНОЗ ҚОЙЫП КӨРІҢІЗ Көздің ағы қызарып кетсе, бұл әлденеден уланудан бауырдың зақымдануы. Көздің ағы көгілдір тартса ағзада кальцийдің жетпейтінін білдіреді. Мұндайда тырнақ сынып, шаш түсе бастайды. Көздің ағы сарғыш тартса өт жұмысының кінәратын білдіреді. Көз ағында қызыл жолақтар байқалса қан қысымы жоғары деп біліңіз. Көз қарашығының үстіңгі жағы қызарса асқазанда қабыну бар деген сөз. Көз жиектерінде ақшыл көбік болса ағзадағы зат алмасу бұзылғаны. Көздің төңірегінде сарғыштау бүртіктер көрінсе, тері сәл көтерілгендей болса, ағзадағы холестерин мөлшерінің көбейгені. Бұл бауыр қатуының алғашқы белгісі. Көз астының томпайып ісінуі, қоңырқай тартып өзгеруі бүйрек жұмысының бұзылуынан болады.
ШИКІ КАРТОП РЕҢІҢДІ ЖАҚСАРТАДЫ Реңіңді алдырмай, жас қалпыңды сақтау үшін қыруар ақшаға шығынданып, дәрі-дәрмек қабылдап жатудың керегі не? Ол қолына түскен нәрсені орнымен жаратып, реңін бір қалыпта ұстап келеді. Соның әсері болар, өз қатарларынан кемінде 10 жылға жас көрінеді. Өзі күнделікті қолданып жүрген әдістерді бүгін бөлісуді жөн көріп отыр. Үккіштен өткізілген картопты беті мен мойнына жағып, 20 минуттай ұстайды. Сосын жуып тастап, 20 минут өсімдік майын жағады да, уақыт өткен соң салфеткамен сүртіп тастайды. Мұнан кейін ешқандай крем жағудың қажеті жоқ. Үккіштен өткен картоп өте жақсы косметикалық құрал. Бет пен мойынның реңін келтірумен бірге, ағартады. Қолдың күтіміне де керек. Мойын мен бетке контрасты компресс жасайды. Екі сүлгі алып, біреуін ыстық суға, екіншісін салқын суға батырып, мойны мен бетіне 5 немесе 7 рет кезек-кезек басады. Жаттығу салқын компресспен аяқталуы тиіс. Бөлме температурасында өсімдік майымен де компресс жасауға болады. Шикі картопты шаш күтіміне пайдалануға болатынын екінің бірі біле бермейді. 2-3 картопты майда үккіштен өткізіп, одан алынған қоймалжыңнан шашқа маска жасайды. Сонда шаштың түбірі қатаяды әрі реңі кіріп, әдемі көрінеді. Ол үшін әлгі қоймалжыңға 2-3 шай қасық сүт, 1 шай қасық ұн, лимонның 2-3 тамшысын араластырып, таза әрі сулы шашқа жағады. Жарты сағаттан кейін шампунсыз сумен жуып тастайды. Ол бұл әдісті аптасына екі реттен қайталап, ай бойы үзбей жасап отырады.
КІМГЕ НЕ ЖЕУГЕ БОЛМАЙДЫ? Кейде қанша жерден тәбетіңіз тартып, қарныңыз ашып тұрса да сізге тұтынуға болмайтын тағам түрлері болады. Ал енді біреулер өзіне жайсыз әсер ететін жемістер жайлы білмеуі мүмкін. Оның бірқатары мынадай: Қуырылған жұмыртқаға жоламаңыз Жұмыртқа – жүрек жалғаудың және асығыста азықты алмастыратын жақсы «тағам». Бірақ, дәрігерлердің айтуынша, жүрек-қан тамырлары ауыратын адамдарға қуырылған жұмыртқа жеуге болмайды екен. Оларға қайнатылған жұмыртқаның тек ақ уызын жеген дұрыс дейді диетологтар. Диабеті бар кісілерге де осы тағамнан бас тартуға тура келеді: атеросклероз даму қаупі жоғары. Ал ол инсульт пен инфарктқа соқтырады. Асқазаныңызда проблема болса, сізге қуырылған жұмыртқа жеуге болмайды. Асқынған панкреатитте, бүйрек пен өт қабы мазалаған жандар да жұмыртқаны пайдаланбағаны жөн: оның сары уызы өтке тас жиналуын асқындырады. Қауын жеуге болмайтын жағдайлар Қауынды сақтау мен пайдаланудың да ерекшеліктері бар. Мысалы, тәтті қауынның қабығында токсиндер бар, жемес бұрын сыртын жылы сумен жақсылап жуып алған дұрыс. Шөліркегенді басатын тәтті жемісті қант диабетімен ауыратындар, асқазанында жара бар адамдар, жүкті әйелдер мен емізулі аналардың жемегені абзал. Қауынды ашқарынға жеуге болмайды. Жеңіл ас болып көрінгенімен, қорытылуы өте қиын. Оны тамақтан кейін немесе тамақтану кезінде жеу керек. Қауынды салқын сумен, сүт өнімдерімен, алкогольді ішімдіктермен қатар жеу қауіпті. Мұны елемесеңіз, жеңілі – асқазанның бұзылуына әкеп соғады. Ішектердің тітіркенуі салдарынан іш өту, ас батпай, құсу, әлсіреу де қауынды дұрыс жемеуден болатын жағдайлар. Сойылған қауынды бөлме температурасында сақтауға болмайды. Ал тоңазытқышта 5 күнге дейін сақтауға жарамды. Зімбірдің зияны да бар Зімбірдің құрамында жүкті әйелдерде мерзімінен бұрын толғақ шақыратын күшті стимуляторлар көп. Әсіресе зімбір тамырын соңғы 3-ші «триместрде» пайдалану қауіпті. Зімбір қан кетуі жиі орын алатын, гемофилияға шалдыққан жандардың жағдайын нашарлатуы мүмкін. Себебі ол қанайналымды тездетеді. Қант диабеті және артериалды қан қысымын реттегіш дәрі қабылдап жүргендер де зімбірден бас тартқаны жөн. Зімбір тамаққа тәбетті төмендетеді, зат алмасуды тездетеді. Сол үшін ауруынан айығып келе жатқан адамдар зімбірді және қоспаларын пайдаланбағаны дұрыс: зат алмасуын жылдамдатқаннан, кейбір дәрі-дәрмектер тиісті жеріне жете алмай, қызметтерін атқарып үлгермей қалуы мүмкін. Зімбірді сондай-ақ антикоагулянттармен, бета-блокаторлармен және құрамында инсулин бар дәрілермен қоса қабылдауға болмайды. Қызанақты неге «қашу» қажет? Диетологтар қызанақты күнделікті рационға қосуға түбегейлі қарсы. Құрамында пайдалы витаминдер мен макро, микроэлементтер көп болғанмен, кей жағдайларда ол ағзаға пайда әкелмеуі мүмкін. Құрамында органикалық қышқыл көп болғандықтан, томат гастритке, асқазан жарасына қауіпті. Ас қорыту жүйесінің қызметі бұзылғанда да бұл көкөністі балғын күйінде жемеген дұрыс. Балғын қызанаққа қарағанда жоғары температурада өңделгені пайдалырақ. Себебі құрамында онкологиялық аурулардан қорғайтын, жүрек-қантамырларының қауіптілігін төмендететін ликопин-антиоксиданты көбірек болады. Сонымен қатар, қызанақ аллергияны басатын гистамин-медиаторын бөліп шығарады. Дегенмен тәулігіне 150-200 грамм қызанақ жесеңіз жеткілікті екен.
Таңқурайдан бас тарту Таңқурайды жақсы көрмейтін адам жоқ шығар. Дәмі тіл үйіретін, суықтаумен күресуде көмегі бар делінетін бұл жидектің құрамында органикалық қышқылдар, қант, пектинді заттар, С, В, В2, В6, РР, Е витаминдері және каротин бар. Осыншалықты пайдалы заттары болса да таңқурайды кейбір дерттерде абайлап жеу керек, ал кейде мүлде бас тартқан жөн. Таңқурай – жидектер арасындағы ең күшті аллерген. Ағзаның оған қарсы дабылы ас қорытудың бұзылуы, теріге бөртпе шығуы, тыныс алу жүйесінің ауытқуларымен сипатталады. Сол үшін бұл жидекке аллергияңыз болса, жемеңіз. Сонымен қатар, асқазан-ішек жолдарының аурулары асқынғанда таңқурайды жеуге болмайды. ...Негізі, дұрыс тұтынбаса, ағзаның жай-күйіне қарай жемесе, қай нәрсе де кері әсер етуі мүмкін. Мұндай әсер жоғарыда аталған тізімде ғана емес, барлық ас түрі мен жемістерде бар.
ҚАУЫННЫҢ ҚАБЫҒЫНАН КОМПРЕСС ЖАСАҢЫЗ Иісі мұрынды жарып, сары ала қауын пісті. Біз оны маусымдық тәтті жеміс деп қана емес, ем ретінде де пайдалануды ұсынар едік. Өйткені қауынның денедегі майды табиғи жолмен ыдыратып, холестеринді, мал майларынан қалған қалдықты сыртқа қуатын қасиеті бар. Сондай-ақ асқазан, бауыр, бүйрек жұмысының жақсаруына сеп. Егер артық салмақтан арылғыңыз келсе таңертең бір стакан күрішті суға пісіріп жеңіз, оған дәм кіргізу үшін соя соусын қосуға болады. Осыдан кейін шамалап қауын жейсіз. Бір апта осылай ете отырып, тәтті сусындар мен майлы астан бас тартсаңыз жақсы нәтиже күтіп тұр. Ұрып, көгертіп алған, күйіп қалған жерге қауын қабығын жапсырсаңыз тез жазылатын қасиеті бар. Ал мұрын қанаса, одан су ақса қабығын қалыңдау етіп кесіп, танау ішіне тамызуға болады. Көз жиегіне сыздауық шықса қауынның жұмсағын сәл қыздырып, көзді сол буына ұстаса ем. Бас ауырса 200 грамм қауын жұмсағын асықпай жеңіз. Аллергия асқынса бір стакан қауын шырынын жылы суға қосып, соған шомылыңыз. Оны жеті рет жасау керек. «Аллергия қозған кезде бір стакан қауын шырынын шомылатын жылы суға қосып, шомылсаңыз аурудың қуаты қайта бастайды», – дейді емші Сейітқамза Қалиев. Бұл емді жеті рет жасау керек екен. Айтпақшы, жазда салқын су ішкеннен немесе балмұздақ әсерінен жұтқыншақ безі ісініп шыға келетіні бар. Мұндайда ауырған жердің сыртына қауын қабығынан компресс істеуге болады екен. Қолқа демікпесі (бронхит) кезінде де көмегі көп. Бірақ асқазанның, 12 елі ішек жарасы бар, ішектері ауыратын, қант диабеті белгісі бар жандар қауынды жемегені жөн. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 5 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |