Халық емі
22/10/2024, 11:31

ТІЗЕҢІЗ АУЫРЫП ЖҮР МЕ?

▪️ Тізеңіз ауырып, мазаңыз кетіп жүрсе, ақжелкек (хрен) жапырақтарын алып, қайнаған суға батырып аласыз. 2-3 сағатқа тізеге қойып қойсаңыз, шипалы жапырақтар тұзды өзіне тартып алады, тиісінше, ауру да басылады. Емдеу курсы – 7 күн.

▪️  Егер аяғыңыз, буындарыңыз жараланған болса, кәдімгі кір сабын көмектеседі. Түнде кір сабыннан компресс жасап қойсаңыз, ауруды айтарлықтай жеңілдетеді.

▪️ Денатурат (техникалық спирт) пен керосинді бірдей мөлшерде алып, шыны банкаға құйыңыз. Оған 3-4 дана балғын ащы бұрышты салып, банканың аузын бекітіп, бір ай жылы жерде сақтаңыз. Тағертең, түнде жатар алдын немесе күніне бір мезгіл буындарыңызды осы дәрілік затпен сылап шығыңыз. Жағар алдында құтыны шайқау керек. Буындарға жақсылап жағып болған соң, жүн матамен орап қойыңыз. Емдеуді  ауырсынулар толықтай басылғанға дейін тоқтатпаған жөн. 

▪️ Егер тізеңіз ауырса, мынадай қоспа дайындаңыз: 50 грамм камфора, 100 грамм спирт, 50 грамм қыша (горчица), 100 грамм жұмыртқа ақуызы. Алдымен спиртке камфораны, қышаны қосып, араластыраңыз. Ал, жұмыртқаның ақуызын өз алдына шайқап алып, жоғарыда аталған қоспаға қосыңыз. Дайын болған қоспаны жатар алдында буындарыңызға ысқылап жағып, сіңдіріңіз.

▪️  Келесі халық емі мынадай тәсілмен жасалады: көктемде 130 дана бақбақ гүлін жинап алыңыз. Оны шыны ыдысқа салып, үстіне ерлерге арналған «Тройной» одеколонын құйыңыз. Қақпағын мықтап жауып, 40 күнге қараңғы жерге қойып қойыңыз. Тұнбамен ауырған жерлеріңізді ысқылаңыз. Жақсы көмектеседі.

▪️ Картоп гүлдеп тұрған кезде, аспан ашық күндері гүлдерін жұлып, көлеңкеде кептіріңіз. Кептірілген гүлдің 1 ас қасығына 2 стакан қайнаған су құйып, 3 сағатқа термоста қалдырыңыз. 3 сағат өткен соң, сүзіп алыңыз. Күніне 3 рет, тамақтан 30 минут бұрын жарты стаканнан қабылдаңыз. Емдеу курсы – 21 күн. Сондай-ақ кептірілген картоп гүлдерін бөтелкеге салып, «Тройной» одекалонын құюға болады. Оны 2-3 апта қараңғы жерге қойып, артрит, остеохондроз, радикулит ауруларына, қабынуға қарсы қолдануға болады.

▪️ Ауырсыну басталған кезде 12 ас қасық аммиакты, 3 ас қасық су, 1 шай қасық бал және қара бидай ұнын араластырып, одан күлше жасаңыз. Күлшені буыныңызға қойып, сыртынан жүн орамалмен орап қойыңыз.

▪️ Егер тізеңіз қатты ауырса, тауықтың екі жұмыртқасын алып, оған 2 ас қасық 9%-дық сірке суын қосып, жақсылап араластырыңыз. Дәкені осы қоспаға батырып, сығып, ауырған жерлерге коммпресс етіп қоюыңызға болады. Сыртынан қызыл жүн орамалмен орап қойыңыз. Емдеу курсы – 10-12 күн.   

 

ЖҮГЕРІ ШАШАҒЫ ӨТЕ ШИПАЛЫ

Жүгеріні сатылымнан табу қиын емес. Диқан қауымнан оның собығы ғана емес, бойындағы нәрі кеппеген шашағын да сатып алуға болады. Бұл шашақта шипа көп. Төменде біз осы жөнніде айтпақпыз.

• Жүгері шашағын диабетке қарсы қолдануға болады. Оның сығындысы дәріханаларда бар. 15-20 тамшыдан суға қосып, бір ай бойы күніне 34- мәртеден ішіп тұру керек. Екі апта үзіліс жасап, қайта жалғастырады. 6 айға дейін қолданылады.

• Бауыр ауруларына, цистит, өтке тас байлануын емдеуде жүгері шашағының пайдасы көп. Оның тұнбасы зәр айдайды, қабынуды басады, құмның бүйректен, несеп жолдарынан тез, әрі жеңіл кетуіне септігін тигізеді.

• Өттің дұрыс жүруі үшін жүгері шашағынан тұнба ішіп тұру керек. Ол былай әзірленеді: ыдысқа бір қасық жүгері шашағы салынады. Үстіне бір стакан қайнаған су құйып, бір сағаттай мықтап жауып қояды. Сосын сүзіп алады. Мұны күніне 3-4 рет, бір ас қасықтан ішіп тұру керек. Екі апталық курс асқазан-ішек жолдарына, бауырға пайдалы.

• Жүгері шашағының қайнатпасы гепатит, холецистит, өт жолдарының дискинезиясы кезінде ем. Оны былай әзірлейді: эмальды күрішкеге екі ас қасық жүгері шашағы салынады, үстінен қайнатылған жылы су құйылады. Сосын қақпағын жауып, кастрюльдегі қайнап тұрған «су моншасына» орналастырылады. 15-20 минуттан соң алып, суытады да, сүзіп, үстінен тағы да стакан толғанша су құяды. Оны күніне 3-4 рет, тамақтан соң бір ас қасықтан ішіп тұрады.

• Жүгері шашағынан жасалған сусынды шай ретінде ішіп тұруға болады. Оған қара қарақат жапырағы, жалбыз, жебіршөп (тимьян), түйеошаған (репейник), мыңжапырақ қосып ішуге де болады. Бір стакан қайнаған суға бір шай қасық шөп қосылады. 15-20 минут тұндырып, күніне бірнеше мәрте, жарты стаканнан ішеді.

• Мамандар жүгері шашағының шайы өтке тас байлануының алдын алатынын айтады. Өттің қоюлануын болдырмайды. Оны ащы шай ретінде ішуге де болады.

• Шашақтан шипалық шай әзірлеу жолы: ұсақталған екі ас қасық шашақты жарты литр қайнаған суға салып, баяу отта 3-5 минут қайнатады. 30-40 минут тұндырып, күніне үш мәрте ішеді. Жалпы, қайнатпа, тұнбаларды жылы күйде, алдын-ала шайқап барып ішеді. Екі апта ішіп, 10 күн үзіліс жасайды.

Қазір пісіп-жетіліп, саудада молынан сатылып жатқан жүгері шашағының осындай шипалық қасиеті бар екен. Дегенмен оны жүкті әйелдер қолданбауы керек, аллергиясы барлар да абайлап қолданғаны абзал. Вена қан тамырлары кеңіген, тромбофлебитке ұшыраған, қаны тым тез ұйығыш жандарға да ол жайсыз тиеді. Тәбетті төмендететін әсері бар. Зәр қуатын қасиетке ие болғандықтан ұзақ уақыт қолданса ағзадағы калий мен магнийді азайтады. Осы жағына абай болу керек.

 

БРОНХИТТІҢ ЕМІ

☘️ Бронхиттен құтылуға ем ретінде пиязды қолданады. Ол үшін 5 пияз, 7 ас қасық бал, 1 лимон керек. Пиязды ұсақтап турап немесе үккіштен өткізіп, ұсақталған пияздың үстіне балды қосады.  Лимонның шырынын шығарып алып, оны да дайын болған қоспаның үстіне қосып араластырады. Тұнба дайын болғанда 2-3 шай қасығымен 3-4 рет 10-14 күндей ішу қажет.

☘️Бронхит тыныс алуды қиындатқанда 1 бас пиязды аршып алып, бүтіндей 1 стақан сүтке салып, 3-4 минут қайнатады. Пияз жұмсарып, дәмі сүтке сіңген кезде пиязды алып, ортасынан кесіп, жеу керек. Сүтін 1 ас қасықпен 2-3 сағат сайын ішу қажет.

☘️ Бронхиттен емделу тағы бір тәсіліне 1 бас пияз, 1 ас қасық қант керек. Пиязды ұсақтап турап, оны қантпен араластырып қайнатады. Дайын болған тұнбаны 1 ас қасықпен күніне қабылдайды. Тұнбаны 1 апта бойы қабылдау керек.        

 

ҚОЛДЫҢ САРЫ МАЙЫ КЕРЕМЕТ ТАБИҒИ ДӘРМЕК

Қазақ дастарханынан қысы-жазы түспеген тағамның бірі – қолдың сары майы. Астың да, нанның да дәмін келтірген майдың арнайы ерітілген (топленое) түрі әсіресе қыста ерекше сұранысқа ие. Кейбір жерде «күйдірілген» (қорытылған) деп аталатын бұл сары майды емдік мақсатта да қолдануға болады.

Тең мөлшерде балға араластырған күйдірілген сары май иммунитетті көтеретін мықты табиғи құрал. Ол үшін таңертең жылы сүтке араластырып, ашқарынға ішсеңіз болғаны. Ол кеудедегі қақырықты босатады, ішектердің жиырылу қасиетін реттейді, іш қатуын болдырмайды, иммунитетті көтереді. Сүйектердің беріктігіне көмегі бар. Ағзаны зиянды қалдықтардан тазартады. Жасушаларды жаңарту арқылы ағзаны жасартады. Кемі 3-5 ай жалғастырған жағдайда атеросклерозға қарсы оң әсері байқалады.

Қазекемнің қыстыгүні суықтап қалған балаға беретін ең бірінші «дәрісі» де осы май қосылған сүт екенін білеміз. Дәмді де сіңімді бұл сусын әлсіздікті жеңуге, ағзадағы суықты қууға қауқарлы. Бал қосылған қолдың сары майы жүйке мениммундық жүйеге оңды әсер етеді.

Күйдірілген сары май аюрведа әдісімен ем жасайтын үнді шипагерлерінің де басты қаруы. Олар тіпті тері мен шаш сұлулығын да осы әдіспен сақтайды екен.

Жасы алпыстан асса да бетіне әжім, шашына ақ түспеген, көзі өткір, тісі сау, қимыл-қозғалысы еркін үнді бишілерінің бірі Ресейдің әйелдерге арналған бағдарламасына қонақ болған екен. Сонда жүргізуші алпыстағы бишінің отызға жетпеген сұлудай мінсіз дене бітімінің сырын сұрайды. Үнді сұлуларының көбі күйдірілген сары майға бал, жаңғақ, кептірілген өрік, мейіз, жержаңғақ қосып жейтіні тағамтанушыларды таң қалдырады. Зерттей келе олар майдың бұл түрі А, D, E, K витаминдеріне бай, холестерин деңгейін төмендететін, тамыр қабырғаларын тазартатын, зейінді арттыратын, сіңімді әрі өте пайдалы деген шешімге келген. Күйдіру (еріту) барысында майдың құрамындағы су толығымен жойылады. Сондықтан май ағзада іркілмейді, қайта ішек пен асқазанды тазартады.

Айтпағымыз, суық маусымда күнделікті таңертең сүтке 50 грамм күйдірілген май қосып ішуді әдет етіңіз, пайдасы шаш-етектен.

 

АПТАП ЫСТЫҚ АДАМДЫ АШУЛАНШАҚ ЕТЕДІ

Жазғы қапырық ауа пен аптап ыстыққа, әсіресе, қалада шыдау қиын. Асфальт пен граниттің қызуы, көліктен шыққан түтін жағдайды одан сайын қиындатады. Неліктен шілденің шіліңгір ыстығында адамдардың жағдайы қиындап кетеді және онымен қалай күресеміз?

Жүрекке соққы

Күннің аптап ыстығында ең алдымен жүрек-қан тамырлары жүйесі зардап шегетіні белгілі. Ыстық күн ауаны құрғатып, оттегі жетіспеушілігіне  соқтырады. Жастар үшін бұл қорқынышты емес, өйткені олардың терморегуляция механизмі қалыпты жұмыс істейді. Ал адамның жасы ұлғайған сайын мұндай ауа райы көптеген қиындықтар туғызады.

Ыстық күн әсерінен ауаның құрғауына байланысты қан қоюланып, тромбтардың пайда болу қатері артады. Мұның соңы көбіне инсультқа алып келеді.  Сонымен қатар, мұндай ауа-райы атмосфера қысымын төмендетіп, гипертониктерге және қан қысымы төмен адамдарға бірден кері әсерін тигізеді. Және жүрек қарқынды жұмыс істеп, соғысы жиілеп, қан тамырлары кеңейіп, соның салдарынан тонометрдегі сандар көрсеткіші төмен құлдырайды. Дәрігерлердің айтуынша, қан қысымының бұлайша «секіруі» тіпті дені сау адамдарда да байқалады екен. Ұзақ уақыт ыстық күн астында қалса, кез келген адамда әлсіздік, жүрек айну, көз алдында қара нүктелер және жүрек-қан тамыр жұмысының өзгеруі байқалады.

Су жетіспеушілігі

Бұл кезеңде белсенді тер бөлінуі көптеген адамдардың жүйкесіне тиеді. Қанша жерден душ қабылдасаңыз да бәрібір тазалық пен балғындық сезімі байқалмайды. Өйткені адам әп-сәтте терлеп үлгереді. Бұл процесс ағзаға аса қажет. Себебі тер бөлінуі денені салқындатып, қалпына түсуіне мүмкіндік береді. Алайда мұның да кері әсері бар. Ол – ағзаның сусыздануы. Адам денесінен термен сұйықтық қана емес, пайдалы тұздар мен минералдар да шығып кетеді. Ал олар, әсіресе, калий мен магний зат алмасу процесінде маңызды рөл атқарады. Бұлардың жетіспеушілігі ми мен жүректің жұмысына әсер етеді.

Ағзаның сусыздану деңгейі күн ыстықта адамның белсенділігіне тікелей байланысты. Ыстық күндерде белсенді түрде спортпен айналысқан жағдайда адам 5-6 литр сұйықтық жоғалтады. Ашық күн астында жүру тердің бөлінуіне екі есе әсер етеді.

Қызу айтыс

Сырттағы ыстық адамның  физикалық жағдайына ғана емес, психикалық денсаулығына да кері әсерін тигізеді. Температураның 2 градусқа дейін ғана көтерілуі қоғамдағы агрессия деңгейінің артуына айтарлықтай әсер ететіні дәлелденген. Ыстық ауаның әсерінен кей адамдарда адреналин деңгейі жоғарыласа, кейбірінде норадреналиннің жоғарылауы байқалады. Мұндай жағдайда адамдардың кірпияздығы арта түседі. Ал кейбіреулер бұйығы тартады. Соның салдарынан адамдардың бір-бірін жақтырмауы көбейеді.

Көлеңкеге кету

Мамандар ыстықпен күресудің денсаулыққа кері әсерін тигізбейтін  төмендегідей жолдарын айтады: жүрек ауруларынан зардап шегетін және қан қысымы құбылып тұратын адамдар ыстық күндері көшеге шығуды азайтып, көп уақытын салқындатқыш желілер орнатылған жабық ғимараттарда өткізгені абзал. Жүректің жұмысын жақсарту үшін құрамында магний және калийі бар жеміс-жидектерді жегені жөн. Көшеге шығарда жүрек талмасы бар адамдар міндетті түре қажетті дәрі-дәрмегін алып жүргені абзал. Мейлінше көлеңке жерде жүріп, суды көбірек ішкені мақұл. Алайда алкогольді ішімдіктен ыстық күндері бас тартқаныңыз дұрыс. Себебі ол қан тамырларын одан сайын кеңейте түседі.

Мамандар аптап ыстықта кең әрі табиғи матадан тігілген киімдер киюге кеңес береді.  Өйткені синтетикалық киімдер тершеңдікті арттырады. Ашық күн астына шығар кезде басыңызды жауып тұратын орамал немесе шляпа таққаныңыз жөн.

 

МАҚТА МАЙЫ БЕЛГЕ ЕМ

Олар мектепте оқып жүрген кезде қазан айынан бастап жоғары сынып оқушыларын мақта теруге жіберетін. Бір ай бойы суық казармада жатып, мақта тереді. Сонда мақтаның әр килосына арзымас тиыннан төлейді. Ал мейрамдарда ақысы 15 тиынға көтеріледі. Ол кезде ақшаның құны бар. Өліп-талып мақта теріп, ай соңында 50-100 сомға дейін ақша табатын. Жалқаулар 10-20 сомды қанағат тұтады.

Бірде суықтап қалды ма, әлде ауыр көтергеннің әсерінен бе, үйге келген соң белі қатты ауырып, орнынан тұра алмай қалғаны бар. Сонда апасы қарапайым өсімдік майының көмегімен ауруынан құлан-таза айықтырып, орнынан тұрғызып алды. Күні бүгінге дейін оның белі ауырса апасының сол емін қолданады. Табаға иісі кетірілмеген өсімдік майын (мақта майы болса тіпті жақсы) құйып, қыздырып алады да, оған мақта матаны батырып, жылы күйінде беліне орайды. Киімдері май болып қалмас үшін сыртынан «клеенкамен» орап, оның сыртынан жылы орамалмен байлап тастайды. Содан кейін күні бойы тірлігін істеп жүре береді. Тек белге суық жел тигізіп алмау керек. Себебі бел қатты терлейді. Содан соң қолды мұздай суға салмау керек. Жалпы, салқын тигізіп алатын нәрселерден сақ болған дұрыс. Беліңіздің бой-бойы шығып, әбден терлегеннен кейін шүберекті алып, орнын жақсылап сүртіп тастайсыз да, беліңізді құрғақ шүберекпен жылы орап тастайсыз. Осылайша екі-үш күн ем қабылдағаннан кейін беліңіз көпке дейін ауырмайтын болады. Оның ойынша, дәрі ішіп, ағзаны улағаннан осындай халықтық тәсілмен емделген пайдалы. Тек артынан үш-төрт күндей жақсылап күтіну керек. 

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 39 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: