Халық емі
15/10/2024, 11:26

КҮН ЫСТЫҚТА ЖАУРАП ЖҮРУ

Өмірде мұндай жағдай да кездеседі. Шілденің қырық градустан асқан ыстығында  жеңі ұзын көйлек киіп, жаурадым деп есік-терезені жауып алатын апаймен көрші тұрғаным бар. Ал негізі себепсіз жаурағыштықтың бірнеше себебі болуы мүмкін.

️1. Салмақтың аз болуын. Салмақтың бойға сай болмауы адамды жаурағыш етеді. Себебі ағзадағы май массасы төмен, ол адамды жылыта алмайды. Салмағы аз адамда калория жұмсалуы да аз болады, яғни ағзаны жылытушы энергорусурстар аз жұмсалады. Салмқты реттеу үшін ақуыз бен көмірқышқылға бай үй тағамдарын дұрыс та уақытылы тұтынған дұрыс.

️2. Қалқанша без жұмысының әлсіздігі. Үнемі жаурап жүру қалқанша без жұмысының бұзулы мен қажетті гормондардың аз бөлінуінің айқын белгісі. Сізге типотиреоз диагнозы қойылуы мүмкін. Гормондар жеткілікті мөлшерде бөлінбегендіктен зат алмасу баяулайды, ағза жылуды аз бөледі. Өйткені оған күш-қуаты жетпейді. Жаурағыштық пен қоса тері құрғап, шаш сирей бастаса, тез шаршайтын болсаңыз, эндокринологқа көрінуді тездетіңіз.

️3. Темір аздығы. Ағзада темірдің аз болуы адамның үнемі жаурап жүруінен білінеді. Темір қанның қызыл түйіршіктері арқылы оттегін тасымалдайды. Оның аздығынан қан дұрыс айналмайды, адамның реңі бозарып, әлсіздік байқалады, жаурағыштық үдейді. Егер темір жетіспеушілігі мен қалқанша бездің гормондар түзуі бұзылуы қатар кездессе, адамның саусақтары үнемі мұздай, сулы болып жүреді.

️4. Қан айналымы нашар болуы. Егер алақан мен табан ғана мұздап, қалған дене бөлшектері қалыпты температурада болса, онда сіздегі қан айналымының нашар болғаны. Бұл ағзадағы қан айдайтын басты мотор – жүрек жұмысының әлсіздігін немесе тамырлардың тарылуын білдіреді. Содан тамырдың ең түпкі, жіңішке бөліктеріне қан дұрыс бармайды.

️5. Ұйқы қанбауы. Бұл кезде ағзадағы ішкі алмасулар, тепе-теңдік бұзылады. Осының себебінен дене температурасы қалыптан төмендейді. Бұл кезде зат алмасуы да өзгеріп, қан айналымы баяулайды, қажетті жылу түзу төмендейді.

️6. Ағза сусыздануы. Бұл кезде де зат алмасуы баяулайды, ағза сыртқы температураны нәзік сезінеді. Суды жеткілікті ішіп жүрсеңіз, ол зат алмасуын күшейтді, сол арқылы тиісті температураның қалыпта ұсталуына жағдай жасайды.

️7. В12 витамині жетіспеуі. Бұл витамин ағзаға жануартекті азықтан түседі. Ал ол жетіспесе, дене мұздайды. Өйткені В12 қанның қызыл түйіршіктері түзілуіне жауапты. Ал қызыл түйірлер ағзаға қажетті оттегін бүкіл түкпір-түкпірге дейін тасымалдайтын зат. Ол жетіспесе анемия туындайды, созылмалы сипат алады. Мұндайда дәрігерге көрініп, тиісті ем алу керек. (Ал В12 витамині майсыз ете, балық пен ашыған сүт өнімдерінде мол).

️8. Адамның жынысына байланысты. Яғни ол әйелдерде көп кездеседі. Негізінен әйел ағзасы жылу сақтауда ерлер ағзасынан алда тұр. Оларда жылу жүрек пен ми жұмысын қалыпта ұстауға көбірек бағытталады. Бұл үшін  кейде қажетті жылу алақан мен табаннан алынады.

️9. Диабеттік невропатия да дене температурасының ауытқуына себеп. Оның жүйке ұлпаларына тұрақты жүк түсіруі себепті адамда үнемі суықты сезіну, аяқ-қолдың ұюы, кейде ауыруын туындатады. Бұл – баяу дамитын дерт. Сондықтан мұндай жайсыздықтар кезінде ертерек дәрігерге көрініп, тексерілген абзал.

️10. Бұлшық ет массасының аздығы. Ағзадағы температураны қалыпта ұстауда бұлшық еттің өзіндік орны бар. Яғни ол қажетті жылу түзеді, жеткілікті көлемде болса, жылу да жеткілікті. Сондықтан бұлшық ет массасының қалыпты болуына мән беріңіз, оған қажетті жаттығу-жағдайлар жасап тұрыңыз. 

 

АҒЗАНЫ ТАЗАРТАДЫ

Жарты кило мүкжидек (клюква), 300 грамм сарымсақ және 2 дана лимонды (қабығымен қоса) еттартқыштан өткізіңіз. Оған 400 грамм бал араластыру керек. Жақсылап араластырып, тоңазытқышта шыны ыдыспен сақтайды. Оны күнделікті таңертең және кешке 1 шай қасықтан, тамақтанып болған соң артынша қабылдайды. Жарты сағатқа дейін су, шай ішпеген дұрыс. Таусылған соң 20 күн үзілістен соң тағы бір рет қайталаса нәтижесі жақсырақ болады.

 

БУЫНДАҒЫ ТҰЗДЫ КЕТІРЕДІ

Оның жасы 56-да. Әлі зейнет жасына жеткен жоқ, дегенмен жарты ғасырлық өмір жолында денсаулықтың қадірін бір кісідей-ақ сезініп үлгерді. Соның ішінде оны қатты мазалағаны буындардың қақсауы еді. Жасы ұлғайған адамдардың көпшілігін мазалайтын бұл кеселден ол жаңғақ арқылы құтылғанын айтқысы келеді.

Бір литрлік банкаға толтырып кәдімі грек жаңғағын қабығынан аршып, тазалап салды. Оны енді 2 литрлік банкаға аударып, үстіне жарты литр бал мен жарты литр арақ құйды. Күніне екі-үш рет мұқият араластыра отырып, оны 40 күн бойы жылы жерде ұстады. Әр араластырған сайын оның иісі аңқып, күшіне мініп келе жатқаны сезіліп тұрады. Ал тиісті мерзім өткен соң бұл тұнбаны 50 грамнан күніне үш рет ішіп жүрді. Ағзадағы суықты сыртқа айдап, буын-буындағы тұзды  ерітетін бұл тұнбаны міндетті түрде тамақтан жарты сағат бұрын ішу керек.

Бір айта кетерлігі, бұл тұнба ұйқысы бұзылған, жүйкесі шаршаған, әлсіз адамдарға да жақсы көмектеседі.        

 

ДӘМДЕУІШТЕРДІҢ ЕМДІК ҚАСИЕТІН БІЛЕСІЗ БЕ?

Біздің көпшілігіміз тамақтың дәмін кіргізетін түрлі дәмдеуіштерді қолданамыз. Дегенмен көптеген дәмдеуіштер тек қана тамақтың дәмін кіргізумен қатар адам ағзасына пайдалы әсерін тигізетінін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз.

#Қара зире. Тамақтың дұрыс қорытылуына әсер етумен қатар жөтелді, асқазанның және ішектердің ауруын басады.  Оны тек дәмдеуіш ретінде ғана емес, одан шай демдеп ішкен де ағзаға пайдалы. Ол үшін 1 шай қасық езілген қара зире дәнін 1/4 литр қайнаған суға демдеп, 10 минуттан соң сүзіп аласыз. Дайын болған шайды жылы күйінде ішіңіз. Бұл ішке жел қармасқанды, асқазанның ауырғанын басады.

#Жауқазын (шафран). Бұл дәмдеуіш қан аздықты жоюға, жүрек қан-тамырлары ауруларына көмектеседі. Сондай-ақ қанды тазартуға, бел қуатының төмендеуіне қарсы әсер етеді.

#Зімбір (имбирь). Ауруды басатын қасиетке ие. Сонымен қатар жараның тез жазылуына, суықтағанға және қабынуға жақсы көмектеседі.

#Кардамон. Үнді медицинасында ас қорытудың бірден-бір емі ретінде қолданылады. Сондай-ақ ол сарымсақ, ащы қызыл бұрыш, пияз сияқты асқазан сөлін қышқылдандырмайды. Үнді дәрігерлері оның асқазанның қорытпай қалуы кезінде, жүрек айнығанда және асқазанның қыжылдағанда жақсы жәрдем беретінін айтады.

#Қалампыр (гвоздика). Жүрек қан-тамырлары ауруына, атеросклерозға, жас елгендегі есте сақтау қабілетінің төмендеуіне, грыжаға және бронхитке таптырмас ем болады. Ол тәбетті ашып, асқазанның ауруын басады.

#Жалбыз (мята). Оның тұнбасы астың дұрыс қорытылуына, асқазанға ауыртпалық түскенде, және үлкен дәреттің қалыпқа түсуіне көмектеседі. Егер оны шай ретінде демдеп ішсеңіз, асқазандағы қыжылды кетіреді. Ол үшін мұндай шайды күніне 2-3 стакан ішу керек.

#Ешкіжапырақ (шалфей). Астың қорытылуын жақсартып, жүйке жүйесінің жұмысын қалпына келтіреді.

#Қыша (горчица). Суықтаудың алдын алады.

#Аскөк (петрушка). Ағзадағы сұйықтықтың дұрыс сыртқа шығуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қабақтың ісінуін басады. Ол үшін оны еттартқыштан өткізіп, оның үстіне 1/2 мөлшерінде қайнаған ыстық суды құйып, 8-10 сағат тұндырып қоясыз.  Содан кейін оны сүзіп, үстіне 1 лимонды сығып, шырынын қосасыз. Оны 5-7 күн бойы  күніне 3 рет тамақтан алдын 1/3 стакан мөлшерінде ішуіңізге болады. Бірақ жүкті әйелдер оны ішуіне болмайды.

#Мускат жаңғағы. Мускат жаңғағы бірнеше ғасырдан бері бүйрек пен асқазанды емдеу үшін қолданылып келеді. Сонымен қатар жаңғақтың бұл түрі қан айналымын жақсарту үшін, қан тамырларының ауруларын емдеуге де қолданылады.

#Куркума. Астың қорытылуын қалпына келтіріп, қанды тазалайды. Бауырдың жұмысын жақсартып, жөтелдің, тұмаудың алдын алады. Бет терісінің жылтырап, жақсы қалыпқа келуіне де септігі тиеді.

#Даршын (корица). Суыққа және қабынуға қарсы бірден-бір ем. Асқазан мен жүректің жұмысын жақсартады. Бауыр, бүйрек және зәр жолдарының, қуықтың жұмысын жақсарту үшін қолданылатын диета кезінде оның тұнбасын ішу аса пайдалы.

#Қызыл бұрыш. Ащы келімдәрінің құрамы көмірсутегі мен белокқа, минералды тұздарға және түрлі витаминдерге аса бай. Әсіресе оның құрамындағы С витамині  лимонға қарағанда әлдеқайда көп. Қызыл келімдәрі тәбетті ашып қана қоймай, астың тез қорытылуын, қан айналымын жақсартады. Сондай-ақ түрлі бактерияларды жойып, ревматизмді емдеуге көмектеседі.

Жоғарыда келтірілген деректерді ас мәзірінде дұрыс қолдана білсеңіз дәммен бірге ем де қабылдаған болып саналасыз.Олай болса, асыңыз дәмді болсын!

 

ШӨП ШАЙ ІШІП АРЫҚТАУҒА БОЛА МА?

Әрине, болады. Көктем мезгілі артық салмақтан арылып, ағзаға бір «ревизия» жасайтын уақыт қой. Және  де арықтау мен тазаруды пайда-зияны күмәнді дәрілік препаратпен емес, емдік өсімдіктер көмегімен  жасаған жақсы.

Арықтау үшін қай емдік өсімдік шайы дұрыс? Бұл ең көп қойылатын сұрақтардың бірі. Фитотерапевтер зәр айдайтын қасиеті бар өсімдіктерді ішуді ұсынады. Мысалы, дәріханадан жолжелкен (подорожник), тараққұйрық, таспа жоңышқа және қырықбуын алып, әрқайсысынан 10 грамды (1 шай пакет) 350 мг. суға шай сияқты бір қайнатып, сыртынан жылы орап, 40 минут тұндырасыз. Мұны ас алдында, әр жолы 100 грамнан ішеді. Күн сайын жаңадан әзірлеу керек. Бір емделу мерзімі 10 күн. 5 күн демалып, қайта жалғастыруға болады.

Бұл қоспаны үздіксіз ішуге болмайды. Ондай жағдайда денедегі минералдар шұғыл кеми бастайды. Мәселен, калийдың құрамы азайып, жүректің жұмысына кедергі келтіреді.

Ал дұрыс қолданған жағдайда, арықтаудың мұндай түрі денедегі зат алмасуды жақсартады. Ешбір ағзаға зиян келтірмейді.

Негізі адам семірген сайын денедегі инсулин көбейе береді. Осының өзі тұз бен судың алмасуын баяулатып, тамырлардың жұмыс қабілетін төмендетеді. Қан қысымын жоғарылатады, басты ауыртады. Мұндай жай сізге таныс па? Онда зәрді айдайтын 200 грамм сұлы көгіне жарты литр арақ құйып, 15 күн тұндырыңыз. Мұны ас алдына 15-20 тамшыдан күніне 2 рет ішіп отырса, зәрді айдайды. Ал сұлы сабағын суға қайнатып, бүйректің сыртынан компресс жасаса, бүйрек жолындағы тастың оңай жылжуына көмектеседі.

Адам ағзасына аса қажетті сіңімділігі жоғары өсімдіктер қатарына америкалық ғалымдар 5 түрлі өсімдікті атаған.

▪️Банан – жүйке жүйесін нығайтып, тері түсінің жақсы сақталуына жағдай жасайды.

▪️Грек жаңғағы – шаштың өсуіне көмектесіп, гормондар жұмысын жандандырады.

▪️Қант қызылшасы – бүйрек, бауыр, өт қалтасының жұмысына көмектеседі.

▪️Сельдерей – түрлі қабынуларды тежеп, адам денесінде артық жиналған ылғал суларды шығарады.

▪️Лимон – адамның ағзасын тазалап, мидың жұмыс қабілетін сақтауға ықпалын жасайды.

 

ҚҰЛАҚ ШАНШУЫН ҚАЙТАРАТЫН АМАЛ

Кейбір адамдардың қыста құлағы шаншып ауыратыны бар. Мұндайда уақыт өткізбей тез арада дәрігерге көрінген жөн. Дегенмен құлақ шаншығанда халық емі тәсілдерін де қолдануға болады екен. Мысалы, есту жүйкесінің невриті (неврит слухового нерва) кезінде, есту қабілеті төмендеген кезде мынадай тәсіл көмектеседі:

Сарымсақтың бір бөлігін ұсақтап үгіп, үстінен бірнеше тамшы камфор майын тамызады. Қоспаны дәкеге орап, ауырған құлақ қуысына қояды, оны қыздырып, ашытқанша ұстайды. Бұл әдісті қашан аурудан айыққанша күнде кешкісін, ұйқыға жатар алдында қолдану керек.

Ал құлағын суықтатып алғандар оны емдеуге бадам (миндаль) майын қолданса болады. Яғниемделудің алғашқыкүні бір құлаққа оның жеті-сегіз, екінші күні екінші құлаққа осынша тамшысын тамызу керек. Май тамызған соң құлақ қуысын мақтамен тығындап қойған жөн.

Мұндай емдер кезінде қосымша массажды да қолданған пайдалы. Оны таңертең немесе кешке ұйқыға жатар алдында қолданған дұрыс. Төменде биологиялық белсенді нүктелер туралы айтылады, сол нүктелерге саусақпен нұқи тұрып, айналдыра массаж жасау керек. (30 секунд  – бір, 30 секунд екінші бағытқа қарай). Бұл нүктелерді саусақпен басқан кезде ақырын ауырсыну сезіледі,бірақ ол ұзаққа созылмайды, массаж аяқтала салысымен жоғалады.

Сонымен:

1. Ин-син нүктесі. Бұл – симметриялы нүкте, мұрынның жақтау сызығының жоғарғы ұшы бетінде орналасқан. (Мұрын қанатынан ерін ұшына қарай түскен тері қыртысының бас жағы). Оған отырған күйі екі жағынан бірдей  сұқ немесе ортаңғы саусақпен массаж жасау керек.

2. Тун-гунн нүктесі. Бұл – жұптық нүкте, мұрынның ортаңғы тұсы аумағындағы «шұқыр» мен төменгі жақ буынының ұшы аралығында жатыр. Оны да отырған күйі, екі жағынан бірдей уқалап, массаж жасайды. Яғни саусақпен екі құлақтың сырғалық түбін бір мезгілде 10-ға дейін санай отырып уқалау керек. Бірнеше секундқа үзіліс жасап, массажды 1 – 1,5 минутқа дейін жалғастыруға болады.

...Жоғарыда аталған аурулар кезінде ароматерапия тәсілдері де жақсы көмектеседі. Оны мүмкін болса арнайы емханада жасатқан абзал. Ал емге ақгүл (жасмин), қалампыр (гвоздика), ащы жалбыз (перечная мята), базиллик, иланг-иланг, лайма, апельсин, нероля майларын пайдалануға болады. Ал хош иісті майларды қолданудың мынадай екі жолы бар:

. Су құйылған «аромалампаға» таңдап алынған майдың 7 тамшысын тамызады да, астынан арнайы балауыз жағып, қыздырады. Ыдыстан шыққан иіспен мұрын арқылы тыныс алу керек.

2. Шабдалы, өрік майларынан бір ас қасық алып, оған ароматтық майлардың бірінен екі тамшысын қосады. Осындай әдіспен әзірленген қоймалжың сұйықтықты самайға, құлақ айналасының терісіне, бет ұштарына жағу керек. Майды сіңдіре жағудың қажеті жоқ, ол өздігінен-ақ оңай сіңеді. Бұл тәсілді күніне бір рет, ең дұрысы кешке қолданған жөн..

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 7 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: