Халық емі
27/05/2024, 22:48

КӨКТЕМГІ САЛҚЫН АҒЗАҒА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

◾️Денсаулық сақшыларының айтуынша, адам саулығына жылына бес рет сырттан төнетін қауіп бар көрінеді. Әңгіме маусым ауысуы жайында. Соның ең алғашқысы – ақпанның соңы – наурыздың басы. Осы кездегі ауа құбылысы жас та мығым ағзаның өзін әжептәуір әлсіретіп тастайды екен. Сондықтан мамандар бұл уақытта күтінудің ерекше «ережелерін» есте ұстаңыздар дейді.

Қыстың аяғы – көктемнің алғашқы күндерінде адам қуатты бұрынғысынан көбірек жұмсауға мәжбүр. Оған маусымға тән әлсіздік қосылған соң үп еткен жел де өңмеңнен өтіп, төсекке таңуға әзір келеді. Ал оны елемей, емдеуді сәл шегеру сырқаттың созылмалы сипат алуына себеп.

Тап осы мезгілде онкологиялық аурулар өршиді екен. Бір қызығы, зерттеулер көктем басында бастау алған бұл аурудың жазылуы қиын екенін анықтаған.

◾️Наурызда ең көп кездесетін кесел – гиповитаминоз. Ол көктемгі әлсіздіктен аман болайық деген мақсатта түрлі витамин кешенін өз бетінше қабылдаушылар арасында жиі орын алады. Себебі ағзадағы тепе-теңдік сақталмайды, яғни қандай да бір витамин шамадан тыс артық, ал келесісі кем болуынан осы кесел бас көтереді. Сондықтан мұндай витаминдерді міндетті түрде медициналық тексеруден өтіп, дәрігер кеңесімен ғана қабылдау керек.

Көкөзек шақта әлсіремеудің, айтпай келер ауру алдында дәрменсіз болмаудың басты жолы – тынығу мен тыныш ұйықтауға көбірек уақыт бөлу. Яғни әдеттегіден бір сағат артық ұйықтаңыз. Ағзаға физикалық күш түсірмеңіз, ой және дене еңбегін шектеуге тура келеді. Тіпті жыныстық жанасуды да азайтуға тура келеді. Уайым мен ой дегенді ұмытыңыз. Мұның бәрі әлсіреген ағзаны болдыруға апаратын төте жол.

◾️Күн жылт етті, дала жылынды деп жеңіл киіну – басты қателік. Көктемгі самал әлсіз болғанның өзінде ағзаны суықтатуға қауқарлы. Ол жай шаншудан бастап, өкпенің, бүйректің қабынуын оятып, санаулы күнде оны созылмалы сырқатқа айналдыра алады. Бұл кездегі ағзаны торлаған суықтан арылу да оңай емес.

Салқын су ішу де тап осындай қауіп әкеледі. Ол асқазанды тітіркендіреді, тамақты қабындырып, ішектерге де суық тиюі ықтимал. Ал тісінде ақау бар адам салқын су ішсе ондағы жүйке талшықтарын суықтататыны анық. Статистика бойынша, бір жақ беті тартылып, қисайып қалатындардың көпшілігі көктемде салқын су ішіп, балмұздақ жейтіндер екен.

Бұл кезде табаннан өткен суықтың да жазылуы қиын, ал асқынуы өте тез деседі мамандар. Топырақ тоңы жібімей жатып табаны жұқа аяқ киімге көшкен адамда аяқ сүйектері қақсауы, белдің кілт ете шойырылуы, жыныстық бездерде түйіп пайда болуы, оның созылмалы қабынуы көп кездеседі екен.

◾️Міне, осы себептерге байланысты көктем келді, күн жылынды деп жылы киімді наурызда шешіп тастауға әлі ерте. Саулығы мен амандығын ойлаған адам сәуірге дейін салқын сезілетінін жадында ұстауы тиіс. Оған қоса, лимон немесе бал қосылған шай ішіп, күніне ашқарынға бір дана алма немесе банан жеу, асқа сарымсақ, көк пияз қосу сияқты аса қарапайым, әйткенмен ағзаға пайдасы орасан амалдарды жасай жүрсе жақсы. Көктемнің де өзіне тән суығы мен салқыны, ызғары мен сызы болатынын ұмытпаңыздар!

 

ҚАЗАҚЫ ЕМНІН КӨМЕГІ ТИДІ

Жазға салым үй-жайды жаңартып, реттеп алайық деп құрылыс жұмыстарына кіріскен еді. Қайнаған жұмыстың ортасында жүргенде қолын ұрып, иық тұсын қатты ауыртып алды. Содан қолы көтертпей ауырып қалды. Қоятын шығар деп бір-екі күн күтіп еді, басылмады. Сосын дәрігерге баруға тура келді.

Қолын, иығын ары-бері қимылдатып көрген хирург рентгенге түсуге жіберді. Оның нәтижесіне қарап алаңдауға негіз жоқ деп жұбатты. Айтуынша, еті ауырып қалыпты. Оған бір мазь жағып берген. Нәтижесі көңілінен шықпады. Сосын өзі басқа амал жасауды жөн көрді. Қойдың тұздалмаған құйрық майын ерітіп, иығы мен қолына жұқалап жағып, қолын күн тиетіндей етіп ашық жерде ұстады. Май сіңді-ау деген кезде дәріханадан алған спиртті жағып, сіңгенше уқалады. Ол күнге қызып, май сіңіп тұрған бұлшық еттерді қыздырды. Басыла бергенде жел мен салқын тимесін деп жеңі бар киім киіп алды. Осылай бірнеше күн жасаған соң қолдағы ауырсыну басылып, жақсы болып қалды.

Оның қолы ауырып қалғанын естіген көрші апа жағдай сұрап келіп, бір амал айтты. Апа қыста қар үстіне алаша қағамын деп қолын ауыртып алған екен. Сонда асқабақты су не буға пісіріп, ыстық күйінде езіп, ботқаны ауырған қолына жағыпты. Ыстықтай. Шынтақтан бастап саусақтардың ұшына дейін қалыңдау етіп жағып, сыртынан клеенка және жылы орамалмен орап тастаған. Екі күн жасағанда қолының ауырғаны ғана емес, пәлен жылдан бері сыздап, қақсап ауыратыны да басылыпты. Бұл да бір біле жүретін ем екен деп қойды.    

 

МЕЙІЗ ЖЕП ЖҮРГЕН ЖАҚСЫ

Кәдімгі мейізді жөтелге, аллергиялық қышымаға ем ретінде пайдалануға болады. Ол үшін дәні мен сабағы бар мейізді таңдаңыз. Өйткені оның нәрі өзінде сақталады.

Ем үшін жақсы кептірілген қара жүзімді алу керек. Қара жүзім нәрлі де дәмді келеді. Сондықтан оның емге тигізер пайдасы көп.

Жөтелген кезде мейіздің қайнатпасын ішіңіз. Бір уыс мейізді жуып, 1,5 стакан ыстық суда 10 минут қайнатады. (Одан ұзақ қайнатуға болмайды). Сосын сусынды жылы күйінде күн ұзақ аз-аздап ішіп жүріңіз. Емнің әсері тиімдірек болу үшін мейіз қайнатпасына 1 ас қасық пияздың жаңа сығылған шырынын, осынша бал қосуға болады.

Ертеде денені теміреткі басқанда оған мейізді жарып, үйкеген. Терінің аллергиясына мейіздің қайнатпасын жаққан.

Мейізден теріге маска жасауға да болады. Ол үшін бір уыс мейізді алып жуып,  еттартқыштан өткізіп, оған 1 ас қасық бал, 1 ас қасық қаймақ, 1 ас қасық сұлы ботқасын қосу керек.  Міне, бұл қоспадан бетке жағатын тамаша маска шығады.

Күніне 10 мейіз, 2 кепкен өрік, бір грек жаңғағын жеп, жылы су ішіп тұрсаңыз, жүрегіңіз жақсы жұмыс істеп, анау-мынау сырқатқа тез арада сыр білдіре қоймайды.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 29 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: