Халық емі
13/05/2024, 23:10

ҚАЙЫҢ БҮРШІГІНДЕ ШИПА КӨП

Сәуірдің ортасына қарай кеш оянатын ағаштар да бүршік жара бастайды. Сондай-ақ бұл олардың бар нәрін бойына жиып, шипалық қуаты арта түсетін уақыты. Олай болса, емді табиғаттың өзінен іздеңіз – қайың бүршігімен тыныс жолы ауруларын емдеп, буын ауруларының асқынуын болдырмайтын амалды үйреніңіз. Төмендегі кеңестер сіздер үшін: 

Ем үшін қайың бүршігін дер кезінде жинап үлгеру керек. Бүршіктер толық жарылып, ашылмай тұрған кезде теріп алыңыз. Жинаған кезде бүршіктерді және ағаш сабағын бүлдірмей, мұқият қырқып алу керек. Негізі жаңбыр жауғаннан кейінгі екінші немесе үшінші күні алынған бүршіктер өте шипалы келеді. Жиналған бүршіктерді күн сәулесі түспейтін, бірақ ашық ауа астында кептіреді. Оны уақтап, шыны ыдыс, қағаз немесе мата қалтада екі жылға дейін сақтауға болады.

Қайың бүршіктерін бронхит, ларингит, трахеит (қақырық түсіреді), авитаминоз (құрамында витаминнің бәрі бар) кезінде емге қолданады. Егер одан суда қайнатып тұнба әзірлеп (1х5 мөлшерінде) ішсе, ағзаның стафилококке қарсы тұру күші артады, оны фурункулез, перитонит, флегмолл, мастит сияқты ауруларды емдеуге пайдаланады. Құрамындағы сапонин әсерінен ол зәр және өт айдайтын, терлететін қасиетке де ие.

Бұл бүршіктер іштегі паразиттерге де жайсыз тиеді, оларды өлтіріп, сыртқа қуады. Артроз, артрит, ревматизм, подагра ауруларына қарсы да қолдануға болады. Одан жасалған дәрі-дәрмек өт қабы, асқазан аруларында қолданылады. Қанды тазартатын, дене қызуын басатын қасиеті бар.

Тұнба әзірлеу үшін 10 грамм  (5-6 дана) қайың бүршігін 200 миллилитр суда 15 минут қайнатып, тұнбасын суытып, дәкемен сүзіп алады. Оны екіге бөліп, тамақ ішу кезеңдерінің аралығында қабылдайды. Суықтау, тұмау, авитаминоз кезінде жәрдемі мол. Ангина, пародонтоз, стоматит кезінде ауызды шайып тұрса, көмектеседі.

Тағы бір тәсілінде тұнбаға спирт қолданылады. 20 грамдай уатылған бүршіктерді ыдысқа салып, үстінен 100 миллилитр арақ немесе спирт (70%) құйып, қараңғы, салқын жерге үш аптаға қояды. Оны анда-санда шайқап тұру керек. Кейін сүзіп алады. Мұның 20-30 тамшысын 1 ас қасық суға қосып, күн сайын үш мәртеден, тамақ алдында ішіп тұрады. Ол суықтағанда, бронхит, ларингит, трахеит, тіпті өкпе туберкулезі кезінде де шипа береді.

 Дизентериядан, ішек құрттарынан арылтады. Тәбет төмендеп, асқазан қорытпаған кезде, асқазан-ішек ойық жарасынан зардап шеккенде, бүйрекке тас біткенде, несеп қабы аурулары, атеросклероз, бас сақинасы, ауыр климакс, жүрек ауруы себебінен болатын домбығулар кезінде де мұның жәрдемі мол.

Дегенмен қайың бүршіктерін бүйрек жетіспеушілігі диагнозы қойылған адамдар, өтінде тасы бар, өткір қабыну ауруынан зардап шегушілер пайдалануына болмайды. Сондай-ақ жүкті, емізулі әйелдер де ішпегені дұрыс. Қайың тозаңына аллергиясы барлар да қайың бүршігін пайдаланбағаны жөн.

 

БАУЫРҒА НЕ ПАЙДАЛЫ?

Бауырды сау қалпында сақтауды ойлаған оқырмандарға емші-зерттеуші Сейітқамза Қалиевтің мына рецепттерін ұсынғанды жөн көрдік:

Шомыр. Адам бауыр циррозымен ауырғанда оған әртүрлі дәрі-дәрмектерден шипа болмауы мүмкін. Мұндай жағдайда емге шомырды (редька) қолданып көріңіз. Ол өт пен асқазан шырынының бөлінуін реттеп, ас қорытуды оңдайды.

Ем үшін 10 грамм қосүйлі (аталық және аналық) қалақай (крапива) жапырағы, 20 грамм итмұрын (шиповник) 20 грамм бидайық (пырей) тамырын араластырыңыз. Осы қосындының 1 ас қасығын 1 стакан суға салып, 10-15 минут қайнатады. Сүзіп кеселден айыққанша күн сайын 1 стаканнан 2 мезгіл ішу керек. Бірақ жүрегі мен ұлтабары ауырып, асқазанда жоғары қышқылды гастриті, жарасы барларға бұл ем жақпайды.

Бал. Балды әсіресе бауыры және өт жолы ауыратын адамдар көбірек тұтынса жақсы. Оны белгілі бір мөлшерде ақ ірімшікке (творог), сәбізге, лимон шырынына қосып жеген дұрыс. Кейде тұрыптың (репа) ішін үңгіп, оған балды толтырып құйып, үш-төрт сағаттан соң дайын болған шырынды ересек адамға ас қасықпен, жас балаға шай қасықпен күніне 2-3 рет беру керек. Ол өт жолы мен бүйрекке құм, тас жиналудан сақтайды.

Грек жаңғағы. Ол жалпы нығайтқыш, қабынуға қарсы, бактерицидтік және қан тазартқыш сипатқа ие, өт айдайды, бауырды патологиялық әсерлерден қорғайды, бауыр шаншуын жақсы басады. Оны балмен араластырып, жеке өзін жеп жүрудің зияны жоқ.

Сұлы. Бауыр ауырғанда сұлыдан қайнатпа жасап ішеді. Жуылған сұлыдан 2 ас қасық алады, оған 2 стакан қайнаған су құйып, 10 минут әлсіз отта қайнатады. Сосын оның 150 грамын сүзіп, жылыдай ашқарынға ішеді. Оған қырмызыгүл (календула) тұндырмасынан 15 тамшы қосуға да болады. Қалған сұлы мен суды тағы да 20-30 минут қайнатып, екі сағат тұндырады да, сүзіп алып, соның 150 грамын асң алдында ішеді.

Егер бауыр қалыпты жұмыс істесе, ағзаның иммундық жүйесі жақсы жұмыс жасайтын болады. Сондықтан бауырға бекем болайық, ағайын!   

 

ЕМДІК ШАЙ ТҮРЛЕРІ

Лимон шайы

Егер сіз аллргиядан зардап шегетін болсаңыз, лимон қосылған бір кесе шай сіздің құтқарушыңыз болмақ. Ол мұрын ішіндегі түктерді «оятып», соның арқасында шаң-тозаң өтуі бәсеңдеп, күні бойы жөтел мен түшкіруді азайтады. Ал оның әсерін күшейту үшін шайға шалфей, фенхель немесе анис сияқты шөптерді қосуға болады.

Лимон шайы суық тигенде де тиімді көмектеседі. Ол тамақ, жұтқыншақтың ісінуін басады. Аздап табиғи бал қосып ішкен дұрыс.

️       

Жалбыз шайы

Жалбыз (мята) шайы ас қорытуды жақсартады, іш қатуы, жүрек айнуы мен құсуды жаяды.

Тамақтанардан алдын, әсіресе майлы тамақ болса, бір кесе жалбыз шайын ішіп алыңыз. Ол іштің бұлшықеттерін тыныштандырады және тамақтың жылдам қорытылуына көмектеседі.

Сондай-ақ, жалбыз шайын тамақ ауруын, мұрын қуысының ауруларын басу және терең тазарту үшін қолдануға болады. Салқындаған жалбыз шайында аяғыңызды ұстасаңыз, табанның ауырғанын ұмытасыз.

️       

Түймедақ шайы

Түймедақ (ромашка) шайын ішу немесе түймедақ қосылған ванна қабылдау – мазасыздық пен стрессті азайтудың тексерілген тәсілі.

Түймедақ шайы ұйқының бұзылуы мен ұйқысыздықты емдейді, тыгныштандырады.

Бір кесе түймедақ шайы сіздің етеккір кезіндегі ауырсынуларыңыз бен диареяны басады, жүрек айнуы мен құсуды азайтады.

Ол асқазан жарасын тудыратын бактериялардың өсуін тежейді. Балдың да осындай қасиеті болғандықтан, шайға бал қосып ішсеңіз, жара жылдам жазылады, емдік әсері еселене түседі.

Қою етіп демделген түймедақ шайы артроз, буын ауруларында ауруды басады. Сонымен қатар, ол – безеуді емдеудің бірден-бір жолы.

Түймедақ шайынан жасалған компресс есекжем кезінде ісіну мен қышуды жояды.

Ал онымен ауызды шайса, ауыз қуысы ауруларының алдын алып, тамақ ауруы болса, қабынуын азайтады.

️       

☕️Қара шай ☕️

Қара шайдың құрамында бактерия мен қабынуға қарсы қышқылдар бар. Ол  сұйықтықты жақсы сіңіруге көмектеседі, солайша диарея мен іштің кебуінен арыласыз.

Ал қара шайдың дымқыл қалташалары тілініп кеткеннен, ара сияқты жәндіктердің шаққанынан, конъюнктвитпен ауыратын қызыл иек пен көз айналасында пайда болатын ісінуді азайтады.

Қалақайдан болған күйік кезінде зардап шеккен аймаққа бірнеше дымқыл қара шай қалташаларын қойса болғаны, қышу басылады.

Қара шайдағы сілтілі заттар қышқылдарды бейтараптандырады,сондықтан жара немесе ұшық шығаратын (әсіресе, ерінде) ауруды жеңілдетеді. Салқындаған, ылғал шай қалташаларын зардап шеккен аймаққа қойыңыз. Процедураны күніне 3-4 рет қайталау керек.

Аяқты қара шаймен шаю бактерияларды өлтіреді және жағымсыз иісті азайтып, тершекдікті жояды. Өйткені қара шай тері саңылауларын (поры) бекітеді.

️       

☘️Көк шай☘️

*Зерттеушілер көк шайдың полифенолдары қатерлі ісік жасушаларын өлтіру немесе олардың өсуін бәсеңдету арқылы қатерлі ісіктің алдын алуда маңызды рөл атқаратынын анықтаған екен. Сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан 472 әйел қатысқан зерттеу жұмыстары көрсеткендей, көбірек көк шай ішкен әйелдерде қатерлі ісіктің дамуы айтарлықтай тежелген.

Ал зертханалық жануарларға жүргізілген эксперимент тері қатерлі ісігі бойынша жүргізілген. Онда судың орнына көк шай ішкен жануардың тері қатерлі ісігі тек су ішкен жануарларға қарағанда 10 есе аз болатынын көрсеткен.

Сондай-ақ, көк шай жүрек ауру мен инсульттан болатын өлім қаупін азайтады.Тісжегінің даму қарқынын бәсеңдетеді, ақыл-ой қабілетінің төмендеуін тоқтатады. Америкалық клиникалық тамақтану журналында жарияланған тағы бір зерттеуде авторлар күніне бір кесе көк шай ішу 55 жастан асқан адамдарда ақыл-ой қабілетінің төмендеу қарқынын 38%-ға, ал екі кесе көк шай 54%-ға төмендететінін анықтаған.

Көк шаймен бет жуу немесе компресс жасау безеумен күресуге көмектеседі.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 38 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: