Халық емі
15/04/2024, 22:46

АҒЗАДАҒЫ ТҰЗДЫ ЕРІТЕТІН СУСЫНДАР

Түсінікті нәрсе: ағзаға құм, тұз бен тас өзіміз ішіп-жейтін азықпен келеді. Ал тұзды ерітетін – су. Егер оған емдік өсімдік қоссаңыз, көздеген нәтижеге жетеріңіз хақ. Осындай бірнеше емдік шай түрін біле жүріңіз.

1. Күнбағыс тамыры қосылған шай. Мұны көп мөлшерде, бір ай үздіксіз қабылдау керек. Ол баяу әсер етеді. Тұз тек 2 аптадан кейін ғана шыға бастайды. Оны зәр түсінен және ыдыс түбіндегі қалдықтан байқауға болады. 

Дайындау әдісі мынадай: 3 литр қайнаған суға шамамен 1 стакан күнбағыс тамырын салыңыз. Баяу отта 1-2 минут қайнатыңыз. Шамамен 20 минут тұндырып, сүзіп алады. Бұл шайды 2 күнде ішіп (жылы күйінде) тауысыңыз. Ал алғаш қайнатқан тамырды екінші рет қолдануға болады, бірақ бұл жолы 5 минут қайнатқаныңыз жөн.

Ескерту: күнбағыс шайын тұтыну кезінде, ащы және тұзды тағамдар жемеңіз. Квас және сірке суын да қолдануға болмайды. Тағамның құрамында тұздың мөлшері орташа болуы тиіс.

Шайды тұтынудың алғашқы күндері ауырсыну сезімдері болуы мүмкін. Ол құмның бүйрек пен қуық жолы бойымен қозғалу салдарынан туындайды. Бұл жағдайда ауырсынуды басатын дәрі, мысалы, но-шпа қолдануға болады.

2. Тасжарғаннан (камнеломка) жасалған шай.  Бұл шай ағзадағы тасты уатады, тұзды ерітеді және шығарады. Сонымен бірге зат алмасуды түзейді және ағзаны артық қалдықтардан тазартады.

Дайындау әдісі мынадай: 3 ас қасық майдалау етіп туралған тасжарған шөбіне 0,5 литр қайнаған су құйыңыз. Сүзіп алып, 1 стаканнан күніне 2 рет ішіп тұрыңыз. Оны 20-25 күн жалғастыру керек.

3. Аскөк тұқымы қосылған шай. 2 ас қасық аскөк (укроп) тұқымына 2 стакан қайнаған су құйып, баяу отта 15 минут ұстаңыз. Сүзіп алып, жылы тұнбаны жарты стаканнан күніне 4 рет, астан 15 минут бұрын ішіңіз.

4. Қара тұрып шырыны. Тұрыптың (редька) бұл түрінің шипалық қасиеті мол екені ежелден белгілі. Оны ағзада жиналған артық тұздан құтылу үшін де қолдануға болады. Мәселен, тұрыпты жақсылап жуып, шырынсыққыштан өткізіп, шырынын алыңыз. Оны күніне 3 рет, 1 ас қасықтан қабылдайды.

5. Қызылша қайнатпасы. Шағын көлемдегі 4-5 қызылшаны төртбұрыштап турап, қайнап жатқан суға салыңыз. Қызылша әбден жұмсарып пісіп, ал су бал қосқан шырын секілді сәл қою болғанша қайнатасыз. Қызылшаны салатқа, асқа қолдана беріңіз. Ал дайын болған сусынды күніне 3 рет, жарты стаканнан қабылдайды.

6. Итбүлдірген жапырағының тұнбасы. Ол әсіресе бүйрекке тас жиналғанда жақсы көмектеседі. Дайындау әдісі мынадай:  бір уыс ұнтақталған шикізатқа 600-650 миллилитр су құйып, эмаль ыдыста 10 минут (баяу жанып тұрған отта) қайнатыңыз. Содан соң сүзіп алып, үшке бөліп, күніне 3 рет ішеді. Әр жолы жаңадан әзірлей отырып, емді 21 күн жалғастыру керек. Итбүлдірген жапырағының қайнатпасы бауыр ауырған жағдай да көмектеседі.

Аталған сусын түрлері бүйрек пен қуық жолдарындағы тас пен тұзды ерітеді, әрі шығарады. Бұл қауіпсіз, табиғи ем түрі саналады. Әйткенмен алдымен УЗИ-ге түсіп, тас мөлшерін біліп алған абзал. Егер 1 сантиметрден үлкен бірнеше тас болған жағдайда тәуекел етпеген жөн.

 

ТҰЗДЫ ТАМАҚ ТЕЗ ШАРШАТАДЫ

Кейде біздің өз-өзімізден қалжырап, шаршап, қажып қалатынымыз бар. Тіпті жаңа ғана түнгі ұйқыдан оянсақ та жұмысқа деген ынта төмендеп, мазамыз кетуі мүмкін. Мұның бәрі біздің дұрыс тамақтанбауымыздан екен. Ал енді қажып, шаршамау үшін қалай тамақтанған жөн?

Күні бойы сергек және көңілді жұру үшін витаминдер мен микроэлементтерге бай тамақ жеген жөн екен. Әсіресе таңғы мезгілде құрамында холестерині бар тамақтан тартынған абзал. Уақыт тарлығынан жұмысқа ашқұрсақ кетпеу үшін асығыс түрде жұмыртқа пісіріп жей салатын әдет кеңседе қызмет ететіндердің 67 пайызында бар көрінеді. Міне, тап осы әдет адамды қажытып, миды тез шаршатады екен. Сонымен қатар майлы ет, қаймақ, шошқа майы (сала) да ұмытшақтық ауруды асқындыратын көрінеді. Оның орнына апельсин шырынын, помидор, соя майын, қызыл фасоль қосылған тағамдарды жеген дұрыс. Олар адамның есте сақтау қабілетін арттырып, ми жұмысын жақсартады, қан айналымын реттеп, ұзақ уақыт сергек жүруге көмектеседі.

Әйтсе де Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мамандары жүргізген сауалнама барысында әрбір 1000 адамның 920-дан астамы тұзды немесе тәтті тағамды жақсы көретінін анықтаған. Бұл айықпас ауруға соқтыратын ең төте жол! Тұз миға қан құю қаупін күшейтсе, қант инфарктке соқтырады екен. Сондықтан құмар асымыздан аздап тартынып, жеген жөн-ау. Ал тез шаршап, қалжырап қалатын адамдар жылына кем дегенде екі рет дәріханалардан витаминді таблетка немесе сироп алып ішкені дұрыс. Шаршамаңыз және ауырмаңыз!   

 

ҰЙҚЫ БЕЗІНЕ ЕМ

Үлкендеу қара тұрыпты жуып, қабығын аршымай, үккіштен (терка) өткізеді. 1 стакан шырыны керек. Оны 100 грамм қарақұмық (гречка) балына араластырады. 40 күн бойы стаканның 1/3 бөлігіндей мөлшерде күніне 3 ет ішеді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 35 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: