Кітап үзіндісі
29/01/2024, 09:40

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Астрология астрономияның жезөкше, жеңілтек қызы. Оның кәсібінсіз шешесі астрономия аштан өлер еді, – дейді ғалым.

Ауданбек Көбесов "Ғылымда даңғыл жол жоқ"

 

«Қаж ету дегеніміз – өмірде бір рет Мекке шаһарында болғушы қағбатуллаһты, яғни Аллаға құлшылық ететін үй деп танылатын орынға барып, зиярат ету. Қағбаттулаға барып тәуап ету күндегілік я болмаса жыл сайын міндетті амал емес, шамасы келген адам өмірінде бір рет барып қайтса, мойнынан парыз кәміл түседі», – деп түсіндірген.

Ыбырай Алтынсарин «Мұсылманшылық тұтқасы»

 

Солқ ете қалды. Аспалы шамның тербелген моншақтарына қарадым. Қозғалуға шамам жоқ сілейген күйі біріне-бірі сылдырап “үн қатқан” шам тағынған моншақтардан көз алмадым. Қорықтым. Өлімнен емес. Қара түннен. Қыстың суығынан. Бізге жеткені дүмпудің жай ғана тербеліс толқыны ғой. Сол сәтте жатқанда киер киімнің кеудешесін киіп, шалбарын кимегенімді ойладым. Жаман айтпай жақсы жоқ, сирағың көрініп, саның жарқырап айра-жайра боп жатсаң, қандай сүйкімсіз. Ұят қой. Жүрегім аунап түсті. Қазақ үшін өлімнен де күшті ҰЯТТЫҢ құдіреті-ай! Сонау 90-жылдары ала қабын арқалағандар... Әйел - базаршы, еркек қазаншы болды, орын ауысты. Бала қараусыз қалды. Ақ қар, көк мұзда саудада жүрген әйел тентексу ішіп те, вагон-вагонда ауыр сөмкесін арқалап тентіреп жүріп күні түскеннің қойнына кіріп те жылынды. БӘРІ ЕМЕС!!! Тоқырау ұятты ұрлап, нарық азғындықты әкелген солай! Қара жер соны көтере алмай КҮРСІНДІ ме екен…

Солқ ете қалды.  Еңкілдеп жылағым келді. Қорықтым ғой… Түнде жылаған - жаман ырым. Солығын баса алмаған баладай дәрменсіз күйді бастан кештім. Шыным. Моншағы тербелген аспалы шам әрі кетсе, 40-50 секунд қозғалған шығар. Бірақ сағатқа бергісіз уақыт болды мен үшін. Бірінен-бірі қалмай жарыса бой көтерген зәулім үйлер Алматымда қаптап келеді. Ауырлығын сезініп жатқан қара жер ғана. Соны көтере алмай БҰЛҚЫНДЫ ма екен…

Бір адам өмірден өткенде тек жақсы адамдар өлетіндей көрінеді маған. Ауырып көз жұмады, апаттан жан тапсырады, жасарын жасаған соң татар дәмі таусылады… Тоқта-тоқта! Желтоқсанда жер жастанғандар… Қаңтарда қаңғыған оқ тиіп шейіт болғандар… Айдың-күннің аманында опат болған Заманбек, Алтынбектер… Ақиқатты жаңа жылдың арзан жылтырағына жасырып, қызыл қанның топыраққа сіңіп кеткенін қаламағаннан жер ТЕҢСЕЛДІ ме екен!?

… Алматыны бір сілкіді қара жер. Тас-талқан етейін десе, адалдар жүр үстінде. Үнсіз жатайын десе, арамдар мен ашкөздер төсін былғап бітті. Алып жер жай ғана ескертті. Күңірене ескертті. Адам, пейіліңді түзе! Қазақ аман болсыншы, өзі бір-ақ уыс қазақ аман болсын!

Айгүл Болатханқызы

 

Адамның күні адаммен. Дәл осы жерде тура мағынасында. Адам баласы қаншама жетістікке, байлыққа жетпесін, оны екеудің арасындағы қатынас қуантқандай ешнәрсе толыққанды бақытты ете алмайды. Адам ылғи адамды іздейді, ұмтылады. Себебі, олар  бір-бірінен қуат алу арқылы ғана тіршілікке қабілетті. Қуанышымызға орай, бұл дүниеде қарым-қатынас түрі өте көп: ана мен бала арасында, екі дос арасында, ұстаз бен шәкірт арасында, қос ғашық арасында. Екеу арасындағы қатынастың тереңдігі, күштілігі сол қос ғашық үшін «С любимым и рай в шалаше» оларға бір-бірінен басқа ешнәрсе керек емес. Ұстаз бен шәкірт арасындағы тереңдігі сол олар үлкені кішісін біліммен толтырып, кішісі үлкеніндегі білімді тауыспай тынбайды, рухани лаззатпен өседі. Ал ана мен бала арасындағы қатынас ше? Ана баласын қиын жағдайда жалғыз өзі өсіріп отырса да, тау қопаруға дайын тұрады. Айтайын дегенім мынау. Қазір досымыз көп, танысымыз көп, әрқайсымыз шет-шетінен маңызды адам секілдіміз. Алайда қиналған кезде сеніп сырымызды айтатындай бір жан таппай қаламыз. Дәл мына жанға керекпін, сол үшін ұмтылуым керек дейтіндей біреудің атын атай алмаймыз. Өзімізден де бар. Заманның суығына төтеп береміз деп, тым жинақты, тым сақ болып алдық. Шынайы, терең қатынасқа ұмтылайық, достар. Бар болса, бар кезінде қадірлеңіздер! Адамға көңіл бөліңіздер. Адамды адамдай ешнәрсе бақытты ете алмайды.

Динара Болат «Өмірге шексіз ғашық»

 

Кейінгіге ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп, алғыс, рахмет алармыз ба? Жоқ, далаға лағып, жөнсіз кетіп, қарғыс, лағнет алармыз ба? Кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс. Тарих – түзу жөн үйретуші. Тарих – түзушіліктің кітабы. Тарих – тіршілікте жолбасшы дейтініміз осы.

Серік Жолдасбай, Еркін Ерланұлы «Алаш айтқан асыл сөз»

 

Жанталас. Қақтығыс. Сапер күрегі тиіп, басы жарылып, көзі шыққан қаршадай қыздардың жанұшыра шыңғырғаны, жұлынған шаш, ақ қарға шашыраған қан. Өлім есірігі есін алып, көзін тұмшалаған құр қол жігіттер көк темірге құрсанған қалқанды әскерлердің жағасына жармасады. Жармасады да бастан тиген ауыр гүрзіден гүрс етіп көкшіл мұзға құлайды. Ендігі бір сәтте алаңға гүрілдей дарылдап су шашатын машиналар легі ілінді. Жастар оған қарайтын емес. Кейбіреуі рульде отырған айдаушыны тымақтай жұлып алып, итше тепкілеп жатыр. Біреуді-біреу біліп болмайды. Бір жерде жеңіс, бір жерде жеңіліс. Денелеріне соққы тигендері ессіз құлайды. Ондайлар овчарка иттердің қапқандарын да елер емес. Аққан қан, сынған қол, жарылған баста есеп жоқ. Жастардың қарбаласып жағаласқандары да, қарсыласқандары да бәрі бірдей солдаттардың соққысына жығылуда. Әлсін-әлсін жастар жағы Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін қосыла шырқап, ән аяқталғанда: «Бостандык, демократия» деп айғайлайды. Солдаттардың енді бір тобы құдды өлген итті жинаушылардай құлағандарды жайбарақат машина үстіне лақтырып жатыр. Қалай болғанда да алаңды тазарту жөнінде жоғарыдан келген бұлжымайтын бұйрық барға ұқсайды.

Әміржан Әлпейісов «Қашқын суыр»

 

Өмір атты тіршілік әлемінде әдемі ғұмыр кешу әр пенденің асқақ асыл арманы болғанмен, оны іске асыру көп адамдардың қолынан келе бермейтініні мәлім, ол өзі оңай шаруа емес. Қалай болғанда да, қателіктердің кетіп жататындығы да өмір заңдылығы шығар, ол жағы да көпшілікке аян ғой.

Несіп Қалымбетова «Тағдыр мен тағылым»

 

Маған әлі ешкім «ондай» ғашық болып көрген емес. «Ондайдың өзі» жақсы болады екен. Мама жаным-ау, менің не айтайын деп отырғанымды түсінесің бе? Өзіңнің нағыз әйел екеніңді сезіну сондай жақсы екен...

Джек Лондон «Мартин Иден»

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 39 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: