Халық емі
02/10/2023, 09:21

ӨГЕЙШӨПТІҢ «ТЕМЕКІСІ» ТІСТІ АУЫРТПАЙДЫ

Қазақ даласы емдік өсімдіктерге толы. Соның ішінде өгейшөптің (мать и мачеха) орны бөлек. Бұл өсімдіктің бұлай атануы тегін емес. Ертеден келе жатқан аңызға қарағанда, бір байдың әйелі өгей қызынан құтылмақ болып биік құздан итеріп жіберіпті. Мұны сезген анасы жанұшыра жүгіріп келіп, өгей анамен алыса кетеді. Арпалысып жүріп олар да құздан құлайды. Ертеңіне әлгі үшеу құлаған жерге батысқа қараған тұсындағы жапырақтары қатты, шығыс жақ бетіндегі жапырақтары жұмсақ біткен өсімдік өсіп шығыпты. Оны жұрт өгейшөп атап кеткен.

Кептіріліп, тазартылған өгейшөп өсімдігі әрбір үйде тұрса артық болмайды. Себебі оның адамға керек кезі көп. Мысалы, тері қышымасы, аллергия, басқа да жара, тамақтың суықтауында өгейшөптің 1 стакан кептірілген гүліне қайнаған су құйып, тұндырып, жарты стаканнан күніне 2-3 рет ішсе тез жазылуға көмектеседі.

Онымен тамақты шаюға, компресс жасауға, жараны жууға болады. Егер өгейшөптің гүлін медициналық спиртке салып, бір апта қараңғы жерде тұндырса суықтағанды қуатын дәрі дайын. Ас алдында 20-40 тамшыдан қабылдау кез келген жөтел, суықтаудан құтқарады. Безеу, сүйел, тершеңдік пен қайызғақты да осымен кетіруге болады. Ал гүлін кептіріп, темекі ретінде шегу тіс ауруын тез қойдырады. Өгейшөптің әрбір үйде болғаны жөн деген себебім осы.

 

СӘБІЗ ШЫРЫНЫНЫҢ 10 ПАЙДАСЫ

Қазіргі таңда жұмысымыздың көп бөлігін компьютердің көмегімен атқаруға тура келеді. Ал оның көзімізге, жалпы денсаулығымызға зиян екенін бәріңіз білесіздер. Көз жанары бұлдырамасын десеңз сәбіз шырынын ішіңіз. Ол адамның оптикалық жүйесін жақсартады. Оның құрамындағы пайдалы элементтер қанайналымды да қалыпқа келтіруге ықпал етеді. Одан басқа да пайдасы көп, көз салыңыз:

1) Құрамындағы Е витамині қатерлі ісік ауруының алдын алады.

2) Өт және бауыр ферментерінің жақсаруына әсер етеді. Май жиналуын азайтады.

3) Бауыр функцияларының қорғанысы және ас қорыту жүйесінде өте әсерлі.

4) Қартаюмен байланысты шығатын ауру, сыздаулар сәбіз шырынын ішу арқылы азайтылуы мүмкін.

5) Табиғи А витаминінің қайнар көзі болғандықтан көз саулығын, көру қуатын арттырады. Сүйекке және остеопорозға жақсы әсер етеді.

6) Құрамындағы калиймен холестеринге және гипертонияға қарсы күреседі.

7) Теріні жандандырады, әдемілейді.

8) Сәбіз шырыны күшті антиоксидант бета-каротеннен бай болғандықтан жасуша дегенерациясының алдын алады.

9) Біраз лимон және зәйтүн майы қосылып дайындалған сәбіз салаты немесе сәбіз шырыны зейінді ашады, ойлау қабілетін дамытып, үйренуді жылдамдатады.

10) Сәбіздің және сәбіз шырынының калориясы аз болса да қарынды тойдырады. Арықтауда және салмақты сақтауда жақсы әсер етеді. Күніне 1немесе 2 дана кішкене сәбіз жесеңіз, ол көпке дейін қарынды тоқ ұстайды. Шырынының әсері де осындай.

 

БАС СУЫҚТАСА, ЕМДЕЛУІ ҚИЫН

Бұл жөнінде әсіресе жастардың біле жүргені абзал. Өйткені шашын жуып, кондиционердің жанында жалаңбас жүретіндердің көбі – жастар. Ал қыста «Прическам» бұзылады деп, фенмен кептіріп алып жүре береді. Ал бас суықтауы деген оңай дерт емес.

Бас суықтағанда бірінші кезекте қарақұстан шекеге дейін жатқан бас сүйек-ми жүйкелері ауырып белгі береді. Сондай-ақ құлақ түбіндегі үштік жүйкелер ауырады. Мұндайда артериялық қан қысымы артады, бас айналады, дене қызуы көтеріледі немесе адам тоңады, бас ауырып, құлақ шуылдайды. Осы белгілердің біреуі білінсе де уақыт оздырмай дәрігерге тексерілген абзал.

Дер кезінде анықтап, емделмесе, бас суықтауының соңы түрлі қабынуларға себеп болады. Баспен қоса көз, құлақ, тіс, ауырады, мұрынның екі бетіндегі гаймор қуыстары зақымданады.

Басты суықтатқан жағдайда дәрігерге көрініп, тиісті ем қабылдау керек. Ешқашан жалаңбас жүруге болмайды, оны жылы ұстау керек.

Суықтаған бас ауырып, мазаласа үй жағдайында ащы шай, аспирин ішкен көмектеседі. Түймедақ, жалбыздан жылы ванна жасауға, хош иісті эфир майларынан ароматты лампамен жылытуға болады. Ұйқыға жатарда жылы бас киім  киген де дұрыс.

Таңертең, күндіз қытай лимоннигінен тұнба жасап, бір шай қасығын ішсе де мұндай кездегі бас ауруын басады.

Дегенмен суық тиген басты уақтылы емдемесе, ол гипертониялық немесе гипотониялық ауруға шалдықтыруы әбден мүмкін.

Әсіресе құлақ шаншыса тез арада дәрігерге көрініп, емделген абзал. Құлаққа арнайы дәрі тамызған дұрыс. Пияздың бал¬ғын шырыны аурысынуды біраз баса алады. Оны арасынан бөліп, кесілген бетін жоғары қаратып қою қажет. Одан бөлінген шырынды «пипеткамен» алып, құлаққа тамызады, үстінен жауып, ол ағып кетпестей етіп жату керек. Ауырсынуды 15-20 минутта басады.

Негізі бас ауыруы инфекция түсуі себепті туындаған ми абсцесінен болуы да ықтимал. Оған тіс ауруы, өкпе қабынуы, құлақ-мұрын-тамақ қабынуы, бас жарақаты себеп болады. 12 сағаттан артық ауырса, ол аса қауіпті.

Сондай-ақ бас вегетативтік тамыр дисфункциясынан да ауырады. Оған ішкі ағза мүшелерінің дерті себеп. Белгілері мынадай: жүрек қағады, адамның өңі қуарады, ол терлегіш болады, қан қысымы артады немесе кемиді, тәбеті жоғалады, ықылық атып, жүрегі айниды, демігеді. Бұл көбіне жүйкесі әлсіз, мінез-құлқы тұрақсыз адамдарға тән.

Мойын остеохондрозы кезінде де бас ауырады. Ол көбіне мойын, қарақұс аумағынан сезіледі. Бас сақинасы кезінде де адамның үнемі мазасы кетеді.

Дегенмен осы бас ауруларының бәрін бас суықтауынан болатын бас ауруынан ажырата білген абзал. Ол үшін, әрине, дәрігерге көрініп, тексерілген дұрыс.

Ең бастысы, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеңіз. Басыңызды суықтаудан қорғаңыз.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 54 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: