09/05/2023, 23:18 | |
ЖАЛАҢАЯҚ ЖҮРУДІҢ ПАЙДАСЫ МОЛ Адамның табанында іш құрылысындағы мүшелерді тітіркендіретін 72 мың жүйкелік нүктелер орналасқан. Үнемі жұмсақ аяқ киім кигендіктен, ол нүктелерөзінің табиғи қасиеттерін жоя бастайды. Ал табанды жаттықтырудың ең қарапайым, табиғи тәсіл – жалаңаяқ жүру. Жалаңаяқ жүргенде табандағы нүктелер түгел жерге тиеді. Сол кезде ішкі органдар рецепторларын тітіркендіреді.Осының әсерінен олардың жұмысы жақсарады, жағымды көңіл-күй туғызады. Табанның ішкі ағза мүшелеріне байланысы мынадай: Табанның башпайлар жаққа жақын орта тұсы өкпемен байланысты; Табанның өз орта тұсы – жүрекпен; Үлкен башпайдың басталар тұсы – мимен және психикамен; Екінші башпайдың басталар тұсы омыртқамен, тірек-қимыл мүшелерімен; Үшінші башпай түбі – қан айналым жүйесімен, бұлшық еттермен; Төртінші башпай түбі асқазан және ұйқы безімен; Шынашақ түбі – бүйрекпен, несеп-жыныс жүйесімен; Табанның сыртқы жағының орта тұсы – өт қабымен; Табанның ішкі жоғарғы бетінің ортасы – бауырмен байланысты. Жалаңаяқ жүрудің екінші пайдалы тұсын мамандар былай түсіндіреді: күннен, ауадан алған таза энергия жалаңаяқ жүрген уақытта бойдағы кір энергияны жерге ығыстырады. Лас энеогияны топырақ тартады, осылай ойымыздың тазаруына ықпал жасайтын көрінеді. Яғни жалаңаяқ жүру ойды да, бойды да, жанды да, тәнді де тазартатын болғаны ғой. Ал жаз жалаңаяқ жүру үшін өте қолайлы кезең.
КҮН ӨТКЕН БАЛАНЫ ШАШЫРАТҚЫ СУЫНА ШОМЫЛДЫРУ КЕРЕК Осы бір оқиға жыл сайын жазда есіне түседі. Жазғы демалысқа шыққан ұлы таң атқаннан кешке дейін достарымен доп қуып ойнайтын. Баланың көгалда көп қимылдағаны, күннен нәр алғаны, жалаңаяқ көк басқаны дұрыс деп ол да оған қой дей қоймады. Күн қызғанша доп тебетін балалар түске қарай жылып қалатын тоған суына күмп береді. Ауылдағы бір топ өңшең осындай тақырбастарды кешке тырқырата қуып жүріп үйге әзер кіргізетін. Бір күні баласының көзі кіртиіп, ойынға құлқы болмай, түс ауа басы салбырап қайтып келді. Күнімен ойнағаннан шаршаған шығар деп ойлаған. Таңертең екі беті албырап, температурасы 39-ды көрсетті. Солқылдаған басын көтере алмай, жүрек соғысы өн бойын қуған қан тамырларынан көрініп тұрды. Шынында тамырлары адырайып, көзі шүңірейіп кетті. Өзі сұлқ түскен. Шақырған дәрігер бірнеше дәрі жазып берді, сол сағат системасын салдырды. Бірақ бала бір жарым күн бойы төсектен тұра алмады. Қайтерін білмей қорқып отырғанында жағдайын сұрай хабарласқан анасы жетіп келді. Немересінің ауырғанын естігенде қарап жата алмапты. Ана деген қашанда арқаланып жүреді ғой. Қолындағы екі қоржынының бірінде шағын-шағын төрт бума гүл сабақтары. Бала кезде ауылдағы аулада өсетін, көп көретін кәдімгі көкшіл гүл. Оны көріп таң қалды. «Бұл шашыратқы деген шөп. Баяғыда сен де күн өтіп ауырғанда соған шомылдырғанмын. Есіңде қалмаған шығар. Білуімше, балаңа күн өткен. Бүгін бір шелек суды қайнатып қой. Таңға дейін суып тұра берсін. Ертең күн көтерілмей жатып мына шөпті суға қайнат. Ана қайнаған салқын суға араластырып, баланы шомылдырып алу керек», – деді анасы. Даусынан да, сөзінен де, қимылынан да немересіне өзі қарауға келгені көрініп, сезіліп тұрды. Балаға дәрі бергізбеді. Қызуы көтерілгенде аздап су қосылған салқындау айран берді. Денесіне де айран жақты. Таңға дейін осылай қызуын іштей-сырттай дәрісіз, айранмен түсіруге тырысты. Қалай болар екен деп күдіктенгенмен, бірдеме деуге бата алмай, ол сырттай айналшықтап қалды. «Айран денедегі қызуды басады. Іштегі, ішектердегі ыстықты сорып алады. Әрі нәр болады, әл береді. Аздап су қосқаным, асқазанына ауыр тимесін дедім», – деп түсіндірді анасы. Не керек, таңертең баласы шашыратқы шөбін қайнатқан суға түсіп алды. Ваннаға құйды да, сонда 7-10 минуттай жатқызды. Анасы денесіне су тимеген жер қалмасын деп өзі қадағалап тұрды. Сабындаған жоқ, көбік не шампунь қолданбады. Содан шыққан соң үстін құрғатпай-ақ киімін кигізіп, бір кесе бал қосылған шай беріп, баланы қайтадан жатқызды. Ауырғаннан ұйқысы қашқан баласы содан түс ауғанша терлеп ұйықтады. Оянғанда көзіне нұр бітіп, беті бері қарағаны көрініп тұрды. Өзі де қызуы түсіп, басының солқылдағаны басылғанын айтып қуанды. Анасы өз қолымен әдемілеп кеспе көже істеп, науат қосылған шай беріп, немересін еркелете отырып тамақтандырды. «Ас ішпей әлсіреп, ішектері ыстықтан түйілген балаға құр су, қою тамақ, мұздай қарбыз беруге болмайды. Науат қосылған шай беру керек. Ең дауасы сол. Сосын сорпа ішсін. Көресің, түс қайта шауып кетеді», – деді апасы немересіне мейірлене қарап. Екеуінің жараса әңгімелесіп, рахаттана шай ішіп отырғанына сүйсініп, қайта-қайта қарап қояды. Сол күні кешке баласы түк болмағандай ойнап кетті. Бірақ, әрине, бұдан былай күн астында бас киімсіз жүрмейді әрі күн ұзақ ойын қумайды. Айтпақшы, шашыратқы шөбін ем үшін күн шықпай жинап алу керек дейді. Ауырған адамды да оның суына күн қатты көтеріліп кетпей тұрып шомылдыру керек екен.
ЖЫЛАННЫҢ ҚАБЫҒЫ ТОЛҒАҚТЫ ЖЕҢІЛ ЕТЕ МЕ? Ол қара қазанға құрт қайнатып, нанды тезек көмген табаға жапқан ауылдың қызы. Кішкентайдан қозы-лақ қайырып өскен олардың бойларына әжелері құлақтарына құйып отыратын ырым-тиым әбден сіңген. Бүгінгілер ескіліктің қалдығы, надандықтың нақ өзі санайтын осы ырымдардың өмірлік мәні бар екеніне талай көз жеткізген. Есінде мына бір оқиға қалып қойыпты: көрші апаның келіні айы-күні жетіп, перзентханаға кеткен. Ол жаққа жеткенде ішінің ауырғаны басылып қалады. Бір күн өтсе де сүйінші хабар келмеген соң уайымдаған көрші апа олардың үйіне келді. «Толғағы қашып кетіпті» дегенді естіген әжесі аузына құлып салып ұстайтын сандығын ашты. Ішіндегі боз матадан тігілген дорбадан әлденені алып, көрші апаға берді. «Жыланның түлегеннен тастап кеткен терісінен азырақ алып, қайнаған суға қосып ішкізсе, толғақ жеңіл болып, тез босанады. Келініңе осы ырымды істе. Судан бір болса да ұрттасын. Жылан терісін адыраспанға қосып түтетіп, үй ішін түтіндетіп шық. Босағаға жеткенде «Оң болсын, оң болсын!» – деп айтасың. Сәтін салса, толғағы тез болып, жеңіл босанады», – деді әжесі. Әлгі судан ұрттаған жеңгесі шынында көп ұзамай аяқ-қолын бауырына алды. Босануы жеңіл болғанын қуана айтқаны есінде. Жарыс қазан деген бар. Жүкті әйел толғатып, перзентханага кеткеннен сол үйдің адамдары қазанға ет асып, қайнатады. Сол ет пісем дегенше әйел де аман-есен босанады деген наным бар. Сосын өзінде кездескен жағдай: келіні айы-күні өтіңкіреп, әрі баланың суы егіз деп, толғатып перзентханаға кетті. Түн ішінде кеткен болатын. Таңертең хабар алайын деп барса, қатты қиналып тұр. Қараса құлағында алтын сырғасы бар екен. Ескіден естіген бір ырым есіне түсіп: «Маған бере ғой, босанғасын қайта тағасың», – деп сырғасын шешіп алды. Шашын да бумай, жай орамал астында ұстауын тапсырды да, аман-есен босануын тілеп, үйге кетті. Жете сала «жарыс қазан» қайнатты. Көп ұзамай ұлды болды. Айтайын дегені, әйел адам босанатын кезде денесінде темір нәрсе тұрмау керек деген ырымды естуші еді. Олай етсе толғағы темірдей қатты болады дейтін. Босану уақытынан ұзап кеткен кездерде түйенің шудасын түтетіп, соны иіскеткенді де көріп өсті. Не құдіреті барын білмейді, осыдан кейін жүкті әйелде жарты күнге жетпей толғақ басталады. Осындай жайлардан кейін қалайша ырым-тиымды ескіліктің қалдығы дейміз? Асылында, оның түпкілікті астарында тұрмыста керегі мен көмегі бар жұмбақ сыр жатыр. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 61 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |