Халық емі
09/01/2023, 09:24

ӨКШЕҢІЗ АУЫРСА, ЖАСАП КӨРІҢІЗ

Өткен жылы екі өкшесі кезек ауырып, бастырмай жүрді. Әсіресе ұйқыдан тұрғанда – таңертең, сосын біраз уақыт тынығып барып орнынан тұрған кездерде бастырмай, біртүрлі ауыратын. Жасамағаны қалмады. Лазерлі емге барды. Табанға арналған массаж жасатты. Омыртқадан шығар деп, оны тексертті. Болмады. Анау айтқандай қатты ауырып, жанына батпағанмен, мазаны алатын жағдай. Мұның емі оп-оңай екен.

Бір кездесіп қалғанда мың болғыр абысыны қисалаңдап кетіп бара жатқанын көріп, өкшеге йод жақ деді. Сенімсіздеу естілді. Дегенмен күнде кешке – ұйқы алдында өкшесінің тап ауыратын тұсына жағып қойып жүрді. Елеусіз нәрсе болғанға ма, әлде сенбегенінен бе, оны қанша күн жаққаны есінде жоқ. Біраз уақыт өткенде туыстар бір құдайыда бас қосты. Сонда абысыны «Аяғың жазылды ма?» деп сұрағанда барып есіне түсті. Байқаса, өкшесі мүлде ауырмайды. Жанына батпаған соң оның қашан, қалай қойып қалғанын да сезбепті. Қуанғанынан абысынын құшақтай алып, рахметін жаудырып жатыр. Жұрт назары оларға ауып, мәселенің мән-жайын түсінген соң дастархан басындағы адамдардың әңгімесі түгел өкше мен тізе ауруына қарай ойысты. Сонда білгені, бұл аурудың түрлі емі бар екен. «Өкшемде түймедей түйін болды. Не тұз емес, не сүйек емес. Жүрсем батады, кейде қақсайды. Содан қисайып жүретін болдым. Кімнен естігенім есімде жоқ, табаныма асық салып жүрдім. Кішкентайлау асықты салып, шұлық киіп алып, ары-бері жүру керек екен. Бастапқыда жаныңды көзіңе көрсетіп ауыртады. Шыдау керек. Өкшедегі түйін содан жоғалды», – деді етжеңді келген үлкен бір апа.

«Тортасынан айырған сары майды қыздырып, мақтаға сіңдіре жағып, соны таңып қою керек. Сыртынан клеенкамен орап тастайды. Жеті күн жасаса өкшенің ауырғаны, тізенің қақсағаны, түйіні, керек десең өкшенің жарылғаны да жазылып, жоқ болып кетеді».

«Оның тағы бір емі шикі картопты үккіштен өткізіп, соны табанға қалыңдау етіп жағып, орап тастау керек. Сыртынан орап тастаған дұрыс. Аяқтың іскенін, қақсағанын, жарылғанын кетіреді, өкше, бас бармақ жанындағы табан теппесі (шпоры) де содан жоқ болады». «Қызыл кірпіштің бір жақ бетін қатты қыздырып, матадан қалта тігіп, ішіне тұз салады да, әлгі кірпіштің үстіне қояды. Тұз ысыған кезде үстіне аяқты - өкшені қояды. Орындыққа отырып, аяқты айналдыра жылы орап қойса тіпті жақсы. Ол сүйек-сүйектегі тұз, суық, сіңірдің тартылуы, бәрін кетіреді. Үш күн жасаса аяқ шаршамайды да, талмайды, қақсауы да қояды».

Құдайыға жиналған апалар жарыса айтқан ем түрлері осындай. Кім-кімге керегі болса, жасап көрсе болады екен.

 

АС СОДАСЫМЕН ТҰМАУДЫҢ АЛДЫН АЛУҒА БОЛАДЫ

Күнделікті өмірде жиі қолданылатын ас содасының тап қазір, яғни қыс мезгілінде бас көтеретін суықтау мен тұмауратуға қарсы керемет емдік қасиеті бар екенін білесіз бе? Қатты жаурағанда мұрын бітеліп қалса да дәріханаға жүгірмей, ас содасының көмегіне жүгінсеңіз болады.

Тұмаудың белгісі білінсе, тыныс алу қиындап, тамағыңыз жыбырлай бастаса орта көлемдегі ыдыстағы қайнаған ыстық суға 1 шай қасық ас содасын салып, тыныс жолдарын 80 градус шамасындағы буға бұлау қажет. Бұлауды су суығанша жалғастырған жақсы. Бұлау кезінде көзді жұмып, басқа сүлгі не орамал жауып алған жақсы. Сонда сода аралас ыстық бу тура тыныс жоладыран әсер етеді. Ол еркін демалуға көсектеседі, мұрынның бітелгенін ашып, тамақтың жыбырлауын тоқтатады.

Ас содасы қосыған суға тамақты шаю баспа (ангина) көтерілуден сақтайды. Бала кезімізде мұздай су ішіп немесе қар мен мұз жеп көреміз деп тамағымызды жиі ауыртып алатынбыз. Сонда әжелеріміз аузымызға дәрі тықпаламай, содамен-ақ сауықтырып шығатыны әлі есімде.

Асқазан қыжылдағанда, ауырса да ас содасын пайдалануға болады. Бұл кезде 1 литр қайнаған суға 1 шай қасық сода салып, жақсылап араластырып ішу керек. Шамалы уақыт өткеннен кейін асқазан қыжылы басылып, өзіңізді жеңіл сезініп қаласыз. Қыста етті көбірек тұтынатынымыз рас. Майлы тамақты да осы кезде көбірек жеп қоямыз. Сондайда асқазан ауыр да майлы тамақты көтере алмай қалады. Сол кезде де дәл осы тәсілмен асқазанға түскен салмақты азайтуға болады.

Аптасына бір рет ас содасымен тісіңізді тазалап тұрсаңыз көп ұзамай ағарып, тазарып қалғанын аңдайсыз. Қыстыгүні аяқтан, кейбір адамдарда жыл он екі ай қолтықтан қолаңса иіс шығып тұрады. Ас содасының көмегімен одан да құтылудың жолы бар. Ол үшін қайнаған жылы суға керегінше ас содасын салып, араластырасыз. Бұл қоспаға мақтаны малып алып, сүртіну керек. Аптасына екі-үш рет осылай етіп тұрсаңыз көп ұзамай жағымсыз иістен құтыласыз.

Міне, әрбір үйде кездесетін кәдімгі ас содасының осындайда пайдалы, емдік қасиеттері бар.

 

ЖҰМЫРТҚА ЖӨТЕЛДІ ЖЕҢЕДІ

Жұмыртқа ақуызға өте бай тағам түрі. Ал осы жұмыртқаның қоспасымен жөтелден жазылуға болатынын білесіз бе? Бұл қоспа арқылы тіптен қазіргі медицинаның күші жете бермейтін жөтелдің асқынған түрінен де айығуға болады. Ол бұл рецепті кез-келген адамды аяққа тұрғызатын әжесінен алған. Бірде ол осы рецептпен өте қатты асқынған бронхитті де емдеп жазған. Арада көп уақыт өткенімен жөтелді емдеу үшін ол осы ескі халықтық емдеу түрін қолданады.

Ең алдымен бір стакан сүтті қайнатып, оған 1 ас қасық сары май мен 1 ас қасық бал қосасыз. Үстінен жақсылап араластырылған жұмыртқаның сарысын қосып, соңынан аздаған (бір шымшым мөлшерінде) сода салады. Мұқият араластырыңыз. Қоспа дайын. Жөтеліңіз кеткенше күніне бір-екі реттен ішу керек. Бұл жылдам әсер ететін нағыз табиғи ем. Бұл сусынның бронхит, ларингит және трахеитпен күресуде де көп көмегі тиеді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 98 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: