Халық емі
26/12/2022, 22:01

«ПЕРЕКИСЬТІҢ» ПАЙДАЛЫ ҚАСИЕТТЕРІН БІЛЕСІЗ БЕ?

Сутегі асқын тотығы (перекись водорода) мүлде қауіпсіз және табиғи антисептик. Бұл арзан әрі жоғары әсерлі сұйықтық әр үйдегі дәрі қобдишасында болуы тиіс. Оның көмегімен жарақаттарды залалсыздандырады. Сонымен бірге оны дәстүрлі емес мақсаттарда да қолдануға болады. Ол үшін 3% сутегі пероксиді қолданылады, оны кез келген дәріханадан оңай табасыз.

Киімдерді ағартады

Жуылған ақ түсті киімдер мен сүлгілерді 1 стакан сутегі асқын тотығы қосылған суда шайып алыңыз. Бұл ақ түсті киімдердің уақыт өте келе сарғайып кетуінен сақтайды. Сондай-ақ кетуі қиын дақтарды да кетіруге көмектеседі. Ол үшін дақ тиген жерге азырақ ерітіндіден жағып қойып, бірнеше минуттан кейін щеткамен ысқылып жуып, салқын сумен шайыңыз.

Аяқтағы саңырауқұлақ

Бірдей мөлшерде су мен сутегі тотығын араластырып, күн сайын кешке қарай аяқтың зеңді аймақтарына жағып қойыңыз.

Мойын ауруын басады

Ұзақ уақыт жайсыз қалыпта отыратын адамдар үшін таптырмас құрал. Егер мойыныңыз құрысып қалып, мойын бұлшықеттерінде ауырлық сезінсеңіз, орамалды осы ерітіндіге малып, мойныңызға тағып алыңыз. Сыртынан сүлгімен орап қойыңыз. Мұндай компрессті 10-20 минут ұстау керек. Ол мойын бұлшықеттерін қыздырып, ауыру сезімін жояды.

Мұрын бітелуінен қорғайды

Ол үшін 1 ас қасық сутегі пероксиді мен 1 ас қасық газдалмаған минералды суды араластырып, спрей ретінде қолданыңыз.

Ауыз қуысының ауруларын емдейді

Қызыл иек, ұрт, тіл аумағындағы жара, ойылған жерлерді емдеу үшін 10 миллиграмм сутегі тотығымен ауыз қуысында 5 минут бойы ұстаңыз. Жұтып қоюға болмайды. Осылайша сіз ауыз қуысын тазалап қана қоймайсыз, тісіңізді бірнеше тонға ағартып, тіс қағының пайда болуынан да сақтанасыз. Дүкенде сатылатын ауыз қуысын шаюға арналған құралдардың орнына осы ерітіндіні пайдаланған дұрыс. Оны кәдімгі тіс пастасына қосып, араластырып қоюға да болады.

Линзаларды залалсыздандырады

Кейде линзаларды дезинфекциялауға арналған ерітіндінің орнына сутегі тотығын қолдануға болады. Ол линзаны өте жақсы залалсыздандырады.

Үй жинауды жеңілдетеді

Жоғарыда атап өткен қасиеттерінен-ақ сутегі асқан тотығының микробтарды жоятынын байқаған боларсыз. Оның кішкентай мөлшерін шүберекке сеуіп алсаңыз немесе тазалауға арналған құралға араластырып қойсаңыз, терезе, әйнек, айнаны жақсы тазартады.

Тамақ ауруын басады

Тамағыңыз қатты ауырып жатқанда жарты стакан жылы су мен 4 ас қасық сутегі тотығын араластырып, жақсылап тамағыңызды шайыңыз. Сутегі асқын тотығы ауру туғызатын бактерияларды жоятындықтан, осылай тамақты шаю тұмау, жөтелдің де алдын алады.

Құлақты тазалау

1-2 тамшы сутегі пероксидін жылы сумен араластырыңыз. Құлақ тазалауға арналған таяқшаны ерітіндіге батырып, әдеттегідей құлағыңызды тазалаңыз. Осылайша көп уақыттан бері жиналып қалған құлықты оп-оңай шығаруға болады. Сондықтан сутегі асқын тотығы дәрі қобдишаңыздан тастамаңыз!

 

ӨТ ШАЯТЫН ШАЙ

Кейде майлы тамақтан кішкене ғана ауыз тисең оң жағыңда ауырлық пайда болып, жегенің қорытылмағандай күй кешесің. Бұл өт қалтасының толғанын немесе өттің қоюланғанын білдіреді.

Өт толуының негізгі белгілері мынадай:

* Ағзаға түскен физикалық күштен кейін оң жақ бүйірдің шаншып, тартып ауруы;

* Оң жақ бүйірдегі жайсыздық: бірдеңе бөгет жасап, басып тұрғандай сезім;

* Еңкейгенде, бұрылғанда оң жақтың ауырсынуы;

* Ыңғайсыз қалыпта ұзақ отырғаннан оң қолдың ұюы, оң жақ жауырынның ауыруы;

* Ауыздың кебуі немесе ащы дәм сезіну, тері түсінің бозаруы;

Мұны елеусіз қалдыруға болмайды. Өт қоюлануының соңы бауыр циррозы, қант диабеті сынды ауыр жағдайға әкеліп соқтыруы мүмкін. Ертерек ем жасаған жөн. Әрине, дәрігер кеңесінің жөні бөлек. Өт шаятын шайлар жайлы да біле жүргейсіз.

Жүгері шашағы. Тұнба дайындау үшін Термосқа жарты литр қайнаған су құйып, оған 3 шай қасық жүгері шашағын салады. Жарты сағат тұндыру керек. Дайын болған тұнбаға бірдей пропорцияда су (қайнаған) құйып, тамақтан 30 минут бұрын 1 стаканнан ішеді.

Қызылша шырыны. Қызылшаны шала піскенше суға қайнатып алыңыз. Сосын үккіштен өткізіп, дәкеге салып, шырынын сығып алады. Емдік мақсатта шырынды күніне 4-5 рет, астан бұрын 2 ас қасық мөлшерінде қабылдайды.

Жалбыз жапырағы. Өт қызметін қалыпқа келтіруде жалбыз жапырағынан дайындалған шайдың көмегі күшті. Ол жүрек айну мен оң жақ бүйірдегі ауырлықты да жояды. Жапырақтарды суға салып қайнатып, дайын болған шайды күніне 2-3 стаканнан қант қоспай ішу керек.

Өсімдік майы. Жарты стакан рафинадталған майды қыздырып, жылы күйінде ішіп, оң бүйірмен жатыңыз. Қабырғаңыздың астына қыздырғыш қою маңызды. Одан кейін сұйық сорпа, жылы шай ішу керек.

Бақбақ тұнбасы. Кептірілген бақбақ гүлін майдалап турап, баяу отта 20 минут қайнатады. Оны жылы күйінде күніне 3 рет, жарты стаканнан ішеді.

Алма шырыны. Жасыл сұрыпты алмадан дайындалған табиғи, химикатсыз шырынды бір айы бойы үзіліссіз, күніне 3 рет жарты стаканнан ішу керек.

 

БАУЫР САУ БОЛСА, АҒЗА ДА САУ БОЛАДЫ

Халық медицинасында бауырды емдеудің сан түрлі тәсілдері бар. Солардың біршамасына тоқталайық:

Бауырдың инфекциялық қабынуын (гепатит) емдеуге жусан (полынь) жақсы көмектеседі. Оны сұйық тағамдарға дәмдеуіш ретінде қосу керек.

Кей елдерде инфекциялы гепатитты сүйелшөп (чистотел) тұнбасымен емдейді. Ол үшін майдалап туралған бір ас қасық көк өскінді 250 мл. қайнаған суға қосып ішеді. Мұны абайлап ішкен жөн, себебі сүйелшөп улы өсімдік.

Ресей фитотерапевтері бауырды жалбызбен (мята) емдеген. Ем үшін жалбыз бен сүйелшөпті тең мөлшерде араластырыңыз. Оның 1 ас қасығына 250 мл. қайнаған су құйып, суытып ішуіңіз керек. Ашқарынға ішсеңіз, бауыр ем әрі өт қабындағы құм мен тұзды ерітеді.

Жаңа басталып келе жатқан гепатитте 100 грамм кептірілген қалақай (крапива) шөбіне 1 литр «Кагор» шарабын құйып, оны 21 күн қараңғы жерде сақтау керек. Содан кейін оны тоңазытқышта сақтайды. Ем үшін стаканның төрттен біріндей мөлшерін баяу отта қыздырып, күніне 3 рет, астан 20 минут бұрын ішеді.

Егер сізге холецистит диагнозы қойылса екі тәулік бойы ас ішпей, қатаң диета сақтаған дұрыс. 48 сағат бойы тек ақшыл етіп демделген шай мен газсыз минералды су ішу керек. Ол бауыр жұмысын жақсартып, ағзаның ауруды жеңіп шығуына жәрдем.

Өт толмас үшін немесе өт қоюланғанда емге андыз (аир) өсімдігінің тамырын қолдануға болады. Ем үшін 2 ас қасық майдалап туралған тамырға 250 мл. салқын су қосыңыз да, бір түнге қалдырыңыз. Ертеңіне сүзіп алып, күніне 3 рет, астан бұрын 1 ас қасықтан қабылдаңыз.

Кавказ елдерінде бауырдағы жайсыздықтарды емдеуге бөріқарақат (барбарис) өсімдігін қолданады. Осы өсімдіктің жапырағы, тамыры, күлтелері мен сабағынан тұнба, жемісінен экстрактар, көк өскінінен, тіпті қабығы мен тамырынан қайнатпа жасауға болады. Ол өттің бөлінуін жақсартады және ауырсынуды басатын қасиетке ие. Ем үшін: 1 ас қасық кептіріп, майдалаған қабығына 250 мл. су құйып, «духовкада» 4 сағат ұстау керек. Сосын сүзіп алып, 1 стаканнан күніне 3 рет ішу керек. Ем курсы – 2 ай.

Бауырды тазалау (шлактар мен құмнан тазарту) үшін 1 ас қасық қайың жапырағына 250 мл. қайнаған су құйып, 20 минут тұндырыңыз. Дайын болған тұнбаны күніне 2 реттен, астан жарты сағат бұрын стаканның 4/1 мөлшерінде, 3 апта бойы, күніне екі реттен ішеді.

Егер бауыр тұсы шаншыса, жалбыз жапырақтарынан демделген шай ішіңіз. Оны қалауыңызша іше беруге болады. Негізі бауырды тазартуға көмектесетін тұнба, қайнатпа түрі көп. Бірақ оны абайлап қолданбаса, бауырға пайдалы сезілгенмен, асқазан немесе ішектерге, қан қысымына кері әсер етуі әбден мүмкін. Сондықтан халық емінің қай түрін де ағза ерекшелігіне сай, дәрігермен кеңесіп барып жасау керек. Соның өзінде жағдайыңызды бақылап, бағамдап жүрген жөн. Өйткені сіз таңдаған, мақұл көрген емді ағза қалай қабылдайтыны іс жүзінде ғана белгілі болатыны бар.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 93 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: