Халық емі
28/11/2022, 10:34

ЛИМОН ТҰНБАСЫ

Лимоннан үй жағдайында да көптеген емдік тұнбалар, қайнатпа жасауға болады екен. Біріншіден, мұндай емнің жанама әсері, яғни зияны жоқ. Екіншіден, ол арзан әрі пайдалы. Жалпы, лимон тыныс органдарының ауруларына, әсіресе ауа арқылы таралатын вирустық инфекцияларға, жұқпалы сырқаттарда жақсы көмектеседі.

Баспа (аргина) мазаласа адам жұтыну кезінде қатты қиналып, ыстығы көтеріледі, тамағы қызарып, ісіп кетеді, буындары мен басының ауырғанын сезінеді. Осы аурудан айығу үшін 1 кило лимон алсаңыз жетіп жатыр.

Мұндайда лимонның қабығын аршып, оны бір-бір бөліктен алып, дәкеге орап, жеке-жеке сығып, сөлін шыны ыдысқа жинайсыз. Лимон шырыны қанша болса, оған сонша көлемде минералды су қосасыз. Дайын болған лимон шырынын баспадан емделу кезінде сусын орнына ішіп жүріңіз. Ол тәбеттің артып, қызудың көтерілмеуіне, тамағыңыздың тез жазуына көмектеседі, аурудың таралуын тоқтатады.

Өкпе қабынуын (пневмония) қайтару үшін 4 бас сарымсақ, 8 ас қасық бал және 1 лимон қажет. Сарымсақты үккіштен, ал лимонды қабығымен қоса еттартқыштан өткізіңіз. Оны 8 қасық балмен араластырыңыз. Дайын болған осы қоспаны 7-10 күн бойы таңертең ашқарынға 1 шай қасықтан ішсеңіз пайдасы шаш етектен. Бұл қоспа тынысты кеңейтіп, инфекцияны жояды, суықты айдап, тәбетті арттырады. Ал ең бастысы, иммунитетті көтере отырып, ағзаның осы ауруға қарсы күресін күшейтеді.

Бұл емді мен үйде балалар ауырып қалғанда қолданамын. Нәтижесі өте жақсы.

 

ШАШ ТҮСУІНІҢ 10 ТҮРЛІ СЕБЕБІ

Күнделікті адам басынан 100-ге дейін шаш түседі екен. Орнына міндетті түрде жаңадан шаш шығады. Ал егер де шаш түсуі тым жиілеп немесе оның өсуі баяулап кетсе, онда бұл басталып келе жатқан таздықтың (алопеция) белгісі болуы мүмкін. Алопеция әдетте маңдай тұстан немесе төбеден басталады.

Егер де шашыңыз жиі түсетін болса, онда мынадай тәжірибе жасап көріңіз:

Таңертең ұйқыдан тұрғанда жастыққа түскен шаштарды тексеріп көріңіз. Егер олардың түбінде қарайған қапшық сияқты нәрсе көрінсе, онда қорқудың жөні жоқ. Егер мұндай қапшық болса, онда шашыңызды үш күн бойы жумаңыз, сосын маңдай мен самай шашын бірнеше мәрте уыстап тартып көріңіз. Сол кезде қолыңызда бес-алты, одан көп шаш қалса, онда шаш түсуінің себептерін іздеу керек. Қажет болса, дәрігерге көрінген абзал. Шаш түсуінің он түрлі негізгі белгісі бар. Олар мынадай:

1. Адамның иммунитеті төмендеген болуы мүмкін. Бұл көбіне бала туған, емізетін әйелдерде кездеседі. Тыныс жолы ауруларымен жиі сырқаттану, жиі суықтау да шаш түсуіне себеп бола алады. Мұндайда, әрине, иммунитетті көтеретін жағдай жасау керек.

2. Ағзада темір жетістпесе де шаш жиі түседі. Мұндайда анемия, уайымшылдық, жалпы әлсіздік мазалайды. Сондықтан темір жетіспеушілігінің орнын толтыру керек. Витаминдер қабылдаған дұрыс. Бауыр, балық, сиыр еті, жұмыртқаның сары уызы, қара нан, қарақұмық және сұлы ботқаларын, алма және анар шырындары ағзаны темірмен қамтамасыз ете алады.

3. Шаш пен бас терісіне кейбір дәрілер (қан қысымына, жүктілікке қарсы препараттар, кейбір стероидтер, антидепрессанттар, зәр қуатын дәрілер, аспирин) да жайсыз тиетіні болады. Дегенмен емдеу курсы біткесін шаш қайтадан өседі. Егер қалпына келмесе, дәрігерлерге тексеріліп, кеңес алу, тиісті шаралар жасау керек.

4. Әйелдердегі гормондық қалыпсыздықтар туындауы да шаш түсуіне себеп бола алады. Мысалы, тестостерон (ерлер гормоны) көбеюі де шаш түсуіне себеп. (Негізінен бұл жыныстық өмірді бастағанда, жүктілік пен босанудан кейін, «менопаузадан» кейін болады). Сондай-ақ шаш түсуінің себебі қант диабетінен, эндокриндік бұзылыстардан болуы да мүмкін. Мұндайда қалқанша без жұмысын, қанның биохимиялық құрамын тексерту керек. Дәрігер тиісті ем тағайындайды.

5. Бас терісінің түрлі жұқпалы аурулары (себорея, дерматит) да себеп болады. Мұндайда дәрігерге көрініп, тиісті ем қабылдаған дұрыс.

6. Бас терісі мен шаш тамырындағы қан айналымының бұзылу ыда шаш түсуіне соқтырады. Бұған жүрек-қан тамырының ауруы, остеохондроз, сондай-ақ кофені, ащы шайды жиі пайдалану да себеп бола алады. Себебі олар тамыр тарылуын туындатады. Алкоголь, әсіресе коньяк та жиі ішілсе осындай әсер береді. Мұндайда зияны тиетін нәрселерді азайту керек, спортпен айналысып, серуендеп, көбірек тынығуға ден қойған жөн.

7. Витамин, микроэлементтер жетіспесе де шаш түседі. Бұл көбіне ерте көктемде орын алады. Сондай-ақ алкогольді, темекіні жиі пайдалану да витамин, мен микроэлемент азаюына себеп. Мұндайда дәрігер кеңесіне жүгінген жөн, витаминдер қабылдаған дұрыс. Балғын жеміс-жидектер, көкөністер пайдаланған абзал. Тамақ рационын қажетті микроэлементтермен толықтырған пайдалы.

8. Үздіксіз болатын стрестің де шаш түсуіне әсері бар. Созылмалы стресс кезінде бас тамырлары тарылады, қан айналымы баяулайды, әлсірейді. Бұдан шаш түсуі көбейеді. Мұндайда жалбыз, мелисса шайы көмектеседі, олар ағзаны босаңсытып, тыныштандырады. Жалбыз, түймедақ қосылған ваннаға түссе де жақсы. Жеткілікті тынығу, ұйықтау керек.

9. Қоршаған ортаның тым ластануы, радиация да шаш түсуіне тікелей себепкер. Оған жеткілікті әрі дұрыс тамақтанбау қосылса тіпті қиын. Мұндайда ең дұрысы – экологиялық ахуалы таза аумаққа қоныс аудару. Бұл мүмкін болмаса, онда ағзаны экологиялық таза тағамдармен қуаттандырған абзал, стреске ұрынбауға тырысу керек. Бұл қоршаған ортаның жағымсыз әсерін жұмсартуға жәрдемдеседі.

10. Күн суықта, аптап ыстықта үнемі жалаңбас жүрудің де бас терісі мен шаш тамырына зияны көп. Сондықтан қажет кезде бас киіммен жүру керегін ұмытпаған абзал.

 

ЖӨТЕЛДІ ТЕЗ ЖЕҢЕСІЗ

Әлемде ешқашан жөтеліп көрмеген адам жоқ шығар, сірә? Жөтелдің әсіресе қыста жиі өршитінін білеміз. Оған қарсы түрлі тәсілдер бар. Біз соның ішінде құрғақ жөтел жағдайында қолдануға болатын ем түрлеріне тоқталмақпыз.

Құрғақ жөтел – кеуде тұсының ауырсынуымен бірге жүретін өте жағымсыз симптом. Бұдан бөлек, құрғақ жөтел кезінде ұйқысыздық пен басқа да проблемалар орын алуы мүмкін. Оның бір жаманы – қақырық кетпей тұрып алады, тыныс алу жолдарында қабыну процесі әлі де белсенді түрде дамып жатады. Мұндайда уақыт оздырмай мына тәсілдердің бірін қолданған жөн:

Қара тұрып

Тұрып (редька) – құрғақ жөтелді емдеуде бұрыннан қолданылып келе жатқан керемет құрал. Бұл тамыржемісті дақылды емге қолдану жөнінен көптеген рецептер бар. Мысалы, тұрып пен сәбіз шырынына бал қосып ішу. Шырын шынында шипа болу үшін оны әр сағат сайын 1 ас қасықтан ішіп отыру керек. Күні бойы осылай жалғастырсаңыз, келесі күні қақырық босап, жағдайдың әлдеқайда жақсарғанын байқайсыз.

Бірақ қара тұрыппен емделудің ең кең тараған түрі – қант немесе бал қосылған шырыны. Оны қалай әзірлеудің бәрі біледі деп ойлаймыз.

Мия тамыры

Мия (солодка) тамырынан дәрі жасау үшін сізге 1 ас қасық ұнтақталған құрғақ шикізат керек. (Дәріханадан алсаңыз болады). Мұны кез келген эмаль ыдысқа салып, үстінен 1 стакан қайнаған су құйыңыз. Оны баяу отта 2 минут қайнатып, 2–2,5 сағат тұндырасыз. Сосын сүзіп алып, күніне 4-5 рет, астан жарты сағат бұрын ас қасықпен ішеді.

Өгейшөп жапырағы

Өгейшөп (мать и мачеха) жапырағы жөтелді емдеу үшін қолданылатын өсімдіктекті жинақтардың негізгі бөлігі болып табылады.

Бірінші рецепт: тең мөлшерде өгейшөп жапырағы, аюбадам (бузина) гүлдері мен құстаран шөбін (трава горца птичьего) алыңыз. Оларды араластырып, 1 ас қасығын шай секілді демдеп, жарты сағат тұндырыңыз. Сүзіп алып, астан жарты сағат бұрын ішеді. Тұнбаны әр жолы жаңадан әзірлей отырып, күніне төрт рет ішу керек. Жас балаларға 1-2 ас қасықпен берген жөн.

Екінші рецепт: 2 ас қасық өгейшөп жапырағы, осынша жолжелкен (подорожник) пен 1 ас қасық мия тамыры керек. Бәрін араластырып, 1 ас қасығын термостағы жарты литр қайнаған суға қосыңыз. Ол 15-20 минут тұруы қажет. Содан соңсүзіп алып, қалауыңызша қант немесе бал қосып, күніне 2 рет, жарты стаканнан ішеді.

Зімбір тамыры

Зімбір (имбирь) – иммунитетті нығайтатын, әрі жөтелге қарсы керемет дәрмек. Зімбір тамыры сонымен қатар суық тию мен тұмауды жеңуге де жақсы көмектеседі.

Жөтелден құтылу үшін 200-250 грамм түйіршікті қантқа 1-2 шай қасық майдалап туралған зімбір тамырын қосыңыз. Үстінен орташа мөлшерде су құйыңыз да, баяу отта қайнатыңыз. Қант күйіп кетпес үшін үнемі араластырып тұру керек. Қоспа созылмалы массаға айналғанша күтіңіз. Бұл қоспаны жарты шай қасықтан, күніне 2-3 реттен ішеді.

...Бұл құрғақ жөтелді үй жағдайында емдеудің амалдары осындай.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 91 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: