Халық емі
21/11/2022, 22:11

МАҚТА МАЙЫ БЕЛГЕ ЕМ

Олар мектепте оқып жүрген кезде қазан айынан бастап жоғары сынып оқушыларын мақта теруге жіберетін. Бір ай бойы суық казармада жатып, мақта теретін. Сонда мақтаның әр килосына арзымас тиыннан төлейді. Ал мейрамдарда ақысы 15 тиынға көтеріледі. Ол кезде ақшаның құны бар. Өліп-талып мақта теріп, ай соңында 50-100 сомға дейін ақша табатын. Жалқаулар 10-20 сомды қанағат тұтады.

Бірде ол суықтап қалды ма, әлде ауыр көтергеннің әсерінен бе, үйге келген соң белі қатты ауырып, орнынан тұра алмай қалғаны бар. Сонда апасы қарапайым өсімдік майының көмегімен ауруынан құлан-таза айықтырып, орнынан тұрғызып алды. Күні бүгінге дейін ол белі ауырса апасының сол емін қолданады.

Табаға иісі кетірілмеген өсімдік майын (мақта майы болса тіпті жақсы) құйып, қыздырып алады да, оған мақта матаны батырып, жылы күйінде беліне орайды. Киімдері май болып қалмас үшін сыртынан «клеенкамен» орап, оның сыртынан жылы орамалмен байлап тастайды. Содан кейін күні бойы тірлігін істеп жүре береді. Тек белге суық жел тигізіп алмау керек. Себебі бел қатты терлейді. Содан соң қолды мұздай суға салмау керек. Жалпы, салқын тигізіп алатын нәрселерден сақ болған дұрыс. Беліңіздің бой-бойы шығып, әбден терлегеннен кейін шүберекті алып, орнын жақсылап сүртіп тастайсыз да, беліңізді құрғақ шүберекпен жылы орап тастайсыз. Осылайша екі-үш күн ем қабылдағаннан кейін беліңіз көпке дейін ауырмайтын болады. Асылында, дәрі ішіп, ағзаны улағаннан осындай халықтық тәсілмен емделген пайдалы. Тек артынан үш-төрт күндей жақсылап күтіну керек.

 

БАУЫРҒА ПАЙДАЛЫ РЕЦЕПТ

Үш-төрт жылдай уақыт бұрын бауыры ауырып, мазасы кетіп жүрді. Күніге таңертең жүрегі айнып, лоқситынды шығарды. Майлы тамақ жеген күні дөңбекшіп, түнімен ұйықтай алмай қалатын болды. Дәрігер кеңесімен біраз уақыт диета ұстап, дәрі қабылдады. Жағдайы керемет жақсарып кете қоймағанымен, жүрегінің айнығаны басылып, түнде тыныш ұйықтайтын жағдайға жетті. Бірақ өне бойы майлы, тәтті, тұзды тағамдардан бас тарту да қиынға соғады екен. Бір мезгіл қалаған тамағыңды жегісі келеді.

Естуінше, бауырын бір ауыртып алған адам бұдан өмір бойы құтыла алмайды екен. Шынын айтқанда, оның оған сенгісі келмеді. Себебі өмір бойы жеңіл-желпі тамақтанып, диета ұстай алмайтынын біледі. Сондықтан бауырды тазартуға арналған жақсы бір рецепт қарастырып, оны пайдаланып көрді. Нәтижесі жаман емес. Бүгінде бауыры мүлде мазаламайды. Ең бастысы, қалауынша тамақтанады.

Бауырына екінші өмір сыйлаған бұл тамаша тұнбаның жасалу әдісі мынадай: Эмальды ыдысқа үш стакан ұнтақталған итмұрын (кептірілгені де, жаңа піскені де жарайды) салып, үстінен үш литр су құйып, оны баяу отта он минуттай қайнатасыз. Отты сөндіріп, қайнатпаға төрт ас қасық ұсақталған сүйелшөп (чистотел) және он ас қасық кептірілген сәлбен (шалфей) салып, жақсылап ораңыз. Ол 12 сағат тұруы керек. Тұнбаны күніне 4 рет 100 грамм мөлшерінде тамақтанардан бір сағат бұрын қабылдайсыз. Осы тәсілмен арасын үзбей қатарынан 20 күн қабылдауыңыз керек. Екі жыл бойы әр үш ай сайын осылайша ішіп жүрсеңіз, бауыр ауруынан түбегейлі айығып кететініңізге сене беруіңізге болады.

Бұл тұнбаның ағзаны жасартатын, қанды тазартатын, гепатитпен, циррозбен ауырғанда бауыр жұмысын қалпына келтіретін қасиеті бар.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 85 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: