Халық емі
31/10/2022, 14:01

СУЫҚТАУДЫ ЗАМАТТА КЕТІРЕДІ

 Тұз бен йод. Бұл оның суықтауды сол заматта қуатын ең мықты көмекшілері. Оны қолдану жолы біреу ғана. Ал көмегі ұшан-теңіз.

Аяқтан су немесе сыз өтсе, денеңіз қатты тоңғанда, жаңбыр астында қалып қойсаңыз, ауырып қалу қаупі болады. Ондайда ауырып қалмау үшін ол тез арада осы амалды жасайды. Балалары да мұрыннан су ағып немесе құрғап, тұмаудың алғашқы белгісі басталғанда да жасайтын амалы осы. Бұл кәдімгі бұлау. Аяқ күймейтіндей, бірақ қызуы бүкіл денеге тарайтындай ыстықтау су керек. Ыдыстағы су деңгейін тобыққа дейін жететін болуы тиіс. Оған бір-бір жарым уыс тұз бен 10-12 тамшы йод қосады. Суықтау белгісі бар адам осы суға аяғын салып отырады. Белінен төмен қарай жылы одеял орап тастайды. Су суып қалмау үшін әлсін-әлсін оған үстемелеп ыстық су құйып отырған дұрыс. Ал аяғын бұлауға салған адамға бал не лимон қосылған, ол болмаса жай ғана ыстық шай береді. Бұл процесс жарты сағат немесе одан сәл ғана ұзақтау болады. Мұны мейлінше кешке жасаған дұрыс. Сосын аяғын бұлауға салған адам табаны жаурамау үшін жылы шұлық киеді. Бұл амал енді басталып келе жатқан суықты тартады. Тұмаудың өте қысқа уақытта тез жазылуына жәрдем.

Тұз бен йод қосылған бұлау қуықтың, бүйректің суықтауын, тұмаудың бастапқы белгілерінде өте жақсы көмектеседі. Мұны ары кеткенде екі күн қатар жасайсыз. Балаларға да, ересектерге де жәрдемі күшті.

 

АҚ МАТА мен ЖҰМЫРТҚА МИ ШАЙҚАЛУЫНЫҢ ЕҢ ТИІМДІ ЕМІ ЕКЕН

Ол көршісі Қарақатқа сондай риза. Өзінен бес жас кіші болса да көңілге түйгені мен өмірден көргені көп жан. Сондықтан қай істі де байыбына барып, тындырып істейді. Осы көршісінің көмегімен ол алты жасар қызының ми шайқалуын (сотрясение) ешбір дәрісіз, ауруханаға жатпай-ақ емдеп жазды.

Жазғы демалыста лагерьге кеткен қызы алтыншы күні «басым қатты ауырып жатыр» деп хабарласты. Жыламсырап тұр. Кеш болғанына қарамастан көлік тауып, қала сыртындағы лагерьге қарай құстай ұшты. Мұздай бассейнге түскеннен суықтап қалды деп ойлаған-ды. Олай емес сияқты: қызуы жоқ. Жөтелмейді. Тек «басым» дей береді. Неге екенін өзі де, жетекшісі де түсіндіріп бере алмады. Қызын «таңертең әкелермін» деп үйге алып қайтты. Үйге келген соң тынышталғандай болған. Түнде ол көзі ілінсе денесі селк етіп, шошып шықты. Таң қылаң бере жүрегі айни бастады. Жедел жәрдем шақыруға тура келді. Қызы дәрігерлерге биіктен құлап түскенін айтты. Миы шайқалған болуы мүмкін деген күдік туды. Оны дәрігерлер де растады.

Жұмыстан сұранып, дәріханаға шапқылап жүрген оны көрген Қарақат себебін сұрады. «Сотрясение» дегенді ести сала бар шаруасын тастап, үйге келді. Өзімен бірге ені 3-4 сантиметр ғана болатын етіп ұзын ақ мата мен 2 дана үй жұмыртқасын әкеліпті. Қызының жанына отыра қалған ол үлкен апалар сияқты: «Бісміллә, менің қолым емес, Бибі-Бәтима анамның қолы», – деді де, әлгі «мата-лентаны» қызының басына орап, тәж (корона) секілді өлшеп алды. Сосын сәл артықтау етіп кесті. Оған жұмыртқаның сарысын қалыңдау етіп жақты. Сөйтіп оны қызының басына орап, матаның екі ұшын бір-біріне айқастырып қойды. Жұмыртқаның уызы жағылған соң матаның екі ұшы бір-біріне жабысып қалды.

«Үш күнге дейін мына матаны шешпеңдер. Әбден кепкен соң өзі түсіп қалады. Болмаса төртінші күні жайлап өздерің шешіп аларсыңдар. «Сотрясениенің» ең керемет емі осы. Жұмыртқа құрғаған сайын мата басты қысыңқырап, мидың шайқалуын өзі-ақ қалпына елтіреді. Мотоцикл қағып кетіп, миым шайқалғанда мені апам осылай емдеген», – деді ол.

Укол-система десе жаны шыға шыр ете қалатын қызы Қарақаттың арқасында осылай «сотрясениеден» дәрісіз айықты. Бұл – Қарақаттың жадына түйіп жүрген жүз шипалы амалының бірі ғана. Керек болар деп көпшілікпен бөлісіп отыр. Осындай көршісінің барына шүкір!

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 92 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: