15/08/2022, 18:41 | |
ТЕРІНІ ҚАРТАЮДАН ҚОРҒАЙТЫН МАЙ Шалфей майы. Шалфей майы көз бен ерін маңайындағы майда мимикалық әжімдерді кетіреді. Оны аптасына екі рет жағып, жарты сағаттан жылы сумен жуып тастайды. Егер одан кейін ылғалдандырғыш крем қолдансаңыз, нәтижесі де оң болмақ. Көп ұзамай-ақ тері жасарып, жұмсақ болады. Бұл майдың бактерияға қарсы әсері де бар. Герань майы. Әмбебап бұл майды терінің қай түрі үшін де қолдануға болады. Ол теріні ылғалдандырады әрі қанайналымын жақсартады. Әсіресе ұсақ капиллярлардың жұмысын реттеп, сол арқылы теріні нәрлендіреді. Майды нұсқаулығы бойынша тұрақты қолданып тұрсаңыз, теріңіз әлдеқайда жасарып қалады. Мұны бетке арналған крем есебінде қолдансаңыз да болады. Жүзім дәнінің майы. Аталған май да терінің қартаюы процесін тежейді. Оның құрамында Е витамині бар, ол терінің жас қалпын сақтауға әсер етеді. ...Жоғарыдағы үш май да терінің қартаюы процесін тоқтатып, жасаруына оң әсер етеді. Қыстың суығында теріні құрғау мен қабыршақтанудан сақтаған дұрыс. Егер дұрыс күтім жасасаңыз, көктемге қарай керемет нәтижеге көз жеткізесіз.
ҚИНАЛҒАНДА КӨМЕКТЕСЕТІН ҚЫЗЫҚ ТӘСІЛДЕР Біреу айтса сенбес едім, бірақ мына тәсілдер шынында да қиналған сәтте жедел көмек бола алатынына көзім жетті. Жазып алыңыз, керек болады. Қиналғанда көмегі тиері сөзсіз. Тісіңіз ауырса… Ауызды ашпай-ақ ауырсынуды басуға болады. Қолдың сырт жағынан – бас бармақ пен сұқ саусақтың біріккен тұсына кішкене мұз қойып, соны жайлап үгітіңіз. Осы бөлікте жүйке талшықтарының бірқалыпқа түсуі мида ауруды сезіну мүмкіндігін азайтады. Түнде асқазаныңыз қыжылдаса… Сол жақ қырыңызбен жатыңыз. Зерттеулер көрсеткендей, мұндай жағдайда асқазанға түсетін қышқылдан адам аз зардап шегеді. Өңеш пен асқазан белгілі бір бұрыш бойынша орналасқан. Сіз оң жағыңызбен жатқанда асқазан жоғары, сол жақпен жатқанда төмен тұрады. Мұрныңыз бітелсе… Тіліңізді шығарып, қастың ортасын саусақпен қысу керек. Нәтижесінде мұрынның арқалық тұсындағы сүйектердің қатпарлары босайды. Олар қозғалған соң қысым да жеңілдейді. 20 секундтан соң мұрын ашылады. Жүрегіңіз қатты соқса… Бас бармағыңызды үрлеңіз. Себебі жүрек соғысын реттеуде тыныс алудың әсері бар. Терең ауа жұту жүректің қалыпқа түсіп, соғу реттесе, терең ауа шығару тітіркенген жүйкені тыныштандырып, жүрек соғысын баяулатады. Жүгіруден соң бүйіріңіз ауырса… Бұл үшін тыныс алуды реттеу керек. Сол аяқпен жерді басарда тыныс алыңыз. Көп адамдар жерге оң аяғы тигенде дем шығарады. Бұл оң жақ бауырда қысымды қалыптастырып, ауруды өршітеді.
ИНСУЛЬТТЕН ҚОРҒАНУДЫ БІЛГЕН ДҰРЫС Бүгінде инсульт деген ауруға ұшырағандар жайлы жиі еститін болдық. Жалпы, бұл дерт адам өлтіру бойынша жүрек-қан тамырлары мен қатерлі ісік кеселдерінен кейінгі үшінші орында тұр екен. Сондықтан одан сақтану, алдын-алу жолдарын әрбір адамның білгені дұрыс болмақ. Дәрігерлер бұл жөнінде былай дейді: Егер адамда артық салмақ болса, қан қысымы жиі көтерілсе, басы айнала берсе, ол темекі шегетін болса, сондай-ақ оның 50-55 жас төңірегіндегі туыстарында инсульт орын алған болса, онда ол дәрігерге көрініп, тексеріліп алғаны дұрыс. Негізі жасы 40-тан асқасын әрбір адамның медициналық тексеруден өтіп тұрғаны абзал. Сонда «кенеттен ұрып жығатын» бұл аурудың алдын алуға мүмкіндіктер болады. Неврологқа көрініп, қан қысымын өлшетіп, жүрек кардиограммасын жасатсаңыз, сынамалар тапсырсаңыз, қант пен холестеринді тексертсеңіз, ультрадыбыстық тексеруден өтсеңіз жетіп жатыр. Ал қандай да бір қалыпсыздық байқалса, онда ангиография, магнитті-резонанстық томография жасату керек. Өйткені адам микроинсульттар алып, оны білмей жүрген болуы да мүмкін. Мұндай аурудың ең негізгі себептерінің бірі артық салмақ пен темекі шегуге әуестік екенін ұмытпаған жөн. Семіздік қант диабетін, атеросклерозды туындатады, гипертонияға себеп болады. Ал темекі шегу инсульт қаупін екі есеге күшейтеді. Мына нәрсені біле жүрген жөн: бірден бас ауырса, бет қисайса, қол-аяқта әлсіздік сезілсе, сөйлей алмау, сөзді түсінбеу, көз көруінің нашарлауы байқалса, бас айналса, жүріс-тұрыс нашарласа, адамның өзін басқаруы қиындаса, сана тұманданса, онда бұл – инсульт белгісі. Адам естен танып та қалады. Осы белгілердің біреуі ғана байқалғанның өзінде, тіпті ол қайталанбаса да дәрігерге көрінген дұрыс. Дәрігер келгенше қан қысымын бірден түсіруге әрекет жасамау керек, өйткені ол инсультті күшейтіп жіберуі мүмкін. Басқадай дәріні дәрігер кеңес еткен мөлшерде ғана, байқап пайдалануға болады. Өкініштісі, инсультке ұшыраған көп адамдар оның мұндай алғашқы белгілеріне мән бермейді, ауырсынуды басатын дәрілер ішіп қоя салады. Бірақ дәрілер тамыр құрысуын жеңілдеткенімен ишемиялық ошақты жоя алмайды, қайта оны күшейте түсуі мүмкін. Қысқасы, инсульттің жоғарыда атап көрсетілген белгілеріні ңбіреуін ғана сезінген жағдайда алаңсыз жүре бермей, дәрігерге көрініп, тексерілген абзал. Осыны ұмытпаңыз және бұл туралы өзгелерге де айта жүргеніңіз артық болмайды.
СИЫРДЫҢ ЖАПАСЫ ТУРАЛЫ Ұмытпасам, 1982 жылдың маусым айының басы. Жаркент өңірінде Қастеев атындағы мектепте мұғалім боп жүрген кезім. Сабақ аяқталып, оқушылар демалысқа шыққан, тек 8 және 10 сынып оқушылары емтихан тапсыруда. Бір күні түстен кейін жасы үлкен ағайлар: «Имяров деген оқушының әкесі «Ұлымның емтиханды кілең «беске» тапсырғанын жуып беремін! Ер мұғалімдер сол үшін үйрек базасына келсін!» деп сәлем айтып жіберіпті. Кеттік сол жаққа!» – деп мені де өздерімен бірге алып кетті. Мектепте бірінші жыл жұмыс істеуім болғандықтан менде ағайларға қарсы уәж айтатындай қауқар да жоқ еді. Директордың орынбасары Мұқаш ағай бастаған 15 шақты ер мұғалім 3 машинаға отырып, айтылған жерге жөнелдік. Үйрек фермасы ауылдан 5-6 шақырымдай жер. Шақырған кісі ферманың меңгерушісі екен. Бізді жақсы күтті. Қуырылған үйрек етін тау қылып үйіп тастады, көкөніс пен ішімдік те жетерліктей. Әңгімеміз жарасып, екі жарым сағаттай уақыт дастархан басында отырып қалдық. Күн ыстық. Бір кезде ағайлар суға түсейік деп, бәріміз қайтадан көліктерге отырып, ауылдың сыртында Бабилян деп аталатын каналға келдік. Бір жерде аққан су арнаның бетон қалыптарынан жерге құйылып, әрі қарай арық болып ағады екен. Су жоғарыдан түскен жер ойылып, кішігірім тоған секілді болып қалыпты, сонда шомылдық. Бастапқыда суға түспей жағада тұрған интернат меңгерушісі Баймұрат ағай елдің: – Су рахат екен! Түспейсіз бе?! – деген шақыруына көніп, жейдесін шеше бастады. Сонда байқадық, ол кісінің оң жақ иығы мен жауырыны бұжыр-бұжыр тыртық екен. Математик Қалибек ағай таңырқап: – Баймұрат, қолыңа не болған?! – деп сұрады. Баймұрат ағай: – Ә, бұл ма? Бала кезде үй ішінде жүгіремін деп үстіме пеш үстінде қайнап тұрған шәугімді аударып алғанмын. Соның кеселінен үстімнің бәрі жара болып, бітелмей кетті, – деп жауап қатты. Бәріміз де жамырасып, бастарымызды шайқап, жанымыз ашығандығын білдіріп жаттық. Осы кезде Тоқтамыш деген жасы бәрімізден үлкен ұйғыр ұлтты ағай: – Сендер қазақ болсаңдар да күйгенге қарсы қазақтың қолданатын емін білмейді екенсіңдер! Оны қолданғанда денеде тыртық тұрмақ, бір де бір дақ та қалмас еді! – деді. Бәріміздің құлағымыз елең ете қалды. – Ол қандай ем еді? – деп сұрадық. – Тыңдасаңдар, мен сендерге бір қызық әңгіме айтып берейін! – деді Тоқтамыш ағайымыз. Ол кісінің әңгіме айтқанда, маңғаздана, майын тамызып айтатыны бар еді, сол әдетіне салып мынандай қызық хикая айтып берді. – Бала кезімде мені қазақтар асырады. Асыраған әке-шешем мал бағушы еді. Бірде мынандай оқиға болды. Жазғы күні жайлаудамыз. Мен ол кезде 12-13 жастамын. Әке-шешем малда болып, 70-тен асқан атамызбен бірге үйде ұсақ балалар ғана қалғанбыз. Түс уақытында көрші үй жақтан қатты айғай шығып, іле-шала екі көзі шарасынан шығып кеткен сол үйдің мен қатарлы Сәрсен деген баласы табалдырықтан сүріне жүгіріп кірді. Оның аптыққан сөзінен біз сол үйдің 10 жастағы қызы мосыдан қайнап тұрған бір шелектік шәугімді түсіремін дегенде ыстық суды үстіне қотарып алғанын білдік. Ол үйде де ересектерден ешкім жоқ екен. Атам бастап бәріміз жүгіріп көрші үйге бардық. Суға күйген қыз есінен танып жерде жатыр. Басынан басқа денесінің барлығы дерлік күйген секілді, көйлегі денесіне жабысып қалыпты. Не істеу керек? Ең жақын емхана бұл жерден 100 шақырым жерде. Хабар беретін жайлауда телефон да жоқ. Сол кезде атам жерді сызып көрсетіп, Сәрсен екеуімізге тездетіп қыздың бойымен бірдей болатындай шұңқыр қазуды бұйырды. Ұзындығы бір жарым метрдей, ал ені мен тереңдігі екі қарыстай болатын шұңқырды жан ұшыра қаздық. Екеуміз де қорқыныш пен үрейден, cосын қызды аяғанымыздан жылап жүрміз. Жұмыс аяқталған соң атам бізге шұңқырға сиырдың жас жапасын әкеп тастауды бұйырды. Қолымызға кішірек арбашаны алып, ол жұмысты да жүгіре жүріп жасадық. Малдың бәрін әке-шешеміз өріске айдап кеткендіктен қора бос тұр, оларда сиырдың жапасы көп. Біз шұңқырды жапаға толтыруға аз қалғанда, атам бізді тоқтатты да, жерде сұлқ жатқан қызды көтеріп, әлгі шұңқырға жатқызды. Қыздың денесі толығымен жапаға шөгіп кетті, тек шұңқырдан басы ғана қылтиып жатты. Үшеуміз кезек-кезек қыздың басын төмен түсіп кетпесін деп сүйемелдеп, ымырт үйірілгенше отырдық. Біз кезде қыз көзін ашып, су сұрады. Атамыз оған шәйнекпен салқын су берді, бірақ шұңқырдан шығармады. Атамның айтуы бойынша, біз Сәрсен екеуіміз су мен сүлгі әзірлеп қойдық. Бір кезде атам қызды шұңқырдан көтеріп шығарып, шөптің үстіне жатқызып, көйлегін шешіп тастап, біз берген сумен үстін жуып, сүлгімен сүртіп, көрпеге орап, үйдің іргесіне жатқызып қойды. Сол кезде байқағаным, қыздың денесі сүттей ағарып, сөлінің бәрін жапа сорып алғандай болып көрінді маған. Тек жапа тимеген мойны мен басы ғана қарайып тұр. Кейінірек, жоғары сыныпта сол қызбен бірге оқыдым. Денесінің киімнен ашық жерлерінде бір де бір тыртық пен жара көрінбейтінін байқаймын. Бір сұрағанымда ол қыз денесінде күйіктің еш табы қалмағанын айтқан еді. Міне, халықтық медицинаның құдіреті! Баймұрат, сені де сол кезде сиырдың жас жапасына түсіргенде, денеңде тыртық түгіл, бірде бір дақ қалмас еді! – деп аяқтады әңгімесін Тоқтамыш ағай. Бұл әңгімені бәріміз қызыға тыңдадық. Біреулеріміз оған сенді, екіншілеріміз сенбедік. Кеш бата үйге қайттық. Ол кезде жаңадан үйленгенмін. Келіншегіміз екеуіміз Әлімғожа мен Шекерхан есімді ақжарқын кісілердің ауласындағы екіауызды тоқалтамда тұратынбыз. Әлімғожа ағайдың анасы қайтыс болған. Әкесі Сейітжан атамен жиі әңгіме-дүкен құрамыз. Сол күні мен ол кісіге Тоқтамыш ағайдан естігенімді айтып, ол әңгімеге нанбағанымды жеткіздім: – Ата, мен ол кісінің айтқанына сенбедім. Дәрігерлер де күйген жерді толығымен емдей алмайды ғой. Менен бір жас үлкен Ерлік деген нағашы ағам бала кезінде арқасында жейдесі өртеніп, жарты сағатқа жетер-жетпестей уақытта ауылдағы ауруханаға жедел жеткізіліп, дәрігерлерден дер кезінде ем-дом көрсе де, әлі күнге дейін арқасы бұжыр-бұжыр тыртық болып қалған. Ал сиырдың жапасынан кейін денеде еш дақ қалмайды дегенге сеніңкіремей отырмын. Бұл туралы сіз не ойлайсыз? – дедім. Ақсақал шүңірек көздерін жерге қадап біраз кідіріп отырды да: – Онысын білмедім. Олай да болуы мүмкін, – деп барып, өзіне тән баяу қалыппен, дауысын еш көтерместен бір әңгімені бастап кетті. – Менің мынадай бір әңгіме естігенім бар. Соны айтып берейін. Баяғы заманда бір бай жас жігіттерді жалшылыққа алып, аяқтарына аппақ теріден жасалған мәсі кигізіп, оларға мынандай шарт қояды екен: «Бес жыл малымды бағасың. Егерде бес жылда мына мәсіні тоздыратын болсаң, онда саған қалағаныңды беремін: басыңа үй тігіп, әйел алып беремін, алдыңа мал салып, қыста малыңды қыстатын, ал жазда жайлауға шығаратын жайылым жер беремін! Бірақ бес жылда бұл мәсіні тоздыра алмасаң менен құр қол кетесің! Жұқалтаң теріден жасалған мәсіні қолына алып, байға келген жігіттердің барлығының да ойы бірдей болады екен: «Тәйірі! Осы мәсіні бес жылда тоздырып жібермеймін бе?!» Осы ойға алданып, талай жігіт келісіп, байға қызмет жасаған екен. Жұмысқа тұрған бойда жігіттер мәсіні қысы-жазы суға да салады, тасқа да салады. Алайда олардың біреуі де аталған уақытта мәсіні тоздырмақ түгіл, оған сызат та түсіре қоймапты. Әрине, жалданған жігіттің бәрі де бес жылдан соң еш кеткен уақыттарын жоқтап, бастары ауған жаққа кете барған деседі. Жағалтай есімді бір сіңірі шыққан кедей жігіт те сол байға жалданған екен. Ол да не жасаса да әлгі мәсіні тоздыра алмаған дейді. Уәделенген уақыт жақындаған сайын малдың артынан жүрген жігіттің ұнжырғасы түсіп, басы салбырап, күні бойы терең ойға шомып отырады. Бірде жапан түзде оған жолаушылап жүрген бейтаныс қария кезігіп қалады. Екеуі амандасып, жөн сұрасады. Жағалтай жолдан шаршап келген шалды қосқа түсіріп, сусын беріп, қолдағы барымен тамақтандырады. Біраз отырған соң байқампаз қария жігіттен: – Балам, көңілің бір нәрсеге құлазып жүрген секілді ғой. «Қуанышыңмен бөліссең – қуанышың артады, қайғыңмен бөліссең – қайғың кемиді» деген сөз бар. Нендей нәрсеге қапаланып жүрсің? Айт, менің де бір септігім тиіп қалар, – деп сұрапты. Жігіт жауап беруден қашқақтаса да, үлкен кісі қолқа салуын қоймапты. Шал болмаған соң жігіт өзінің мұңын қарияға шағып, болған істің мән-жайын тәптіштеп айтып беріпті. Ақсақал қолын созып: – Бері әпкелші аяғыңдағы мәсіні, көрейін, – дейді. Жігіт ұсынған мәсіні әрі-бері ұстаған қария былай депті: – Шырағым, бұл мәсі тегін мәсі емес! Бұл мәсі адамның терісінен жасалған! Сондықтан мұны еш тоздыра алмайсың. Оны тоздырудың бір ғана амалы бар: күнде таңертең мәсіні сиырдың жапасына салып, жас тезекті кешіп жүр, сонда ғана мәсіні тоздырасың! Қария осыны айтып, қош айтысып, өз жолымен жүріп кеткен екен. Жағалтай ертеңінен бастап таңертең малды өріске айдар алдында сиырдың жапасын кешеді екен. Бейтаныс қария айтқандай-ақ 3-4 күннің ішінде әлгі мәсінің сау тамтығы қалмай, тоз-тозы шығып кетіпті. Мұны көрген бай жеңілгенін мойындап, уәдесін орындаған дейді. Осылайша Жағалтай мұратына жеткен екен, – деп Сейітжан ата әңгімесін аяқтады. Мен ойланып қалдым. Шындығында да сиырдың жапасы адам терісіне өте қатты әсер ететін сияқты ғой? Мұны ғалымдар зерттеді ме екен? (Әлеуметтік желіден алынды).
МАҚТАУЛЫ БЕС РЕЦЕПТ Кейде адамның шаршауы еш басылмай, ештеңе істемесе де діңкелеп, өз-өзінен қажып отыратын кезі болады. Мұндай созылмалы шаршау синдромын елеусіз қалдырмай, ағзаға көмек беру керек. Осыған қатысты мақтаулы мына 5 рецепті ұсынбақпыЗ: 1. Грек жаңғағы, бал мен лимоннан ағзаға қуат беретін қоспа әзірлеңіз: 1 стакан жаңғақ дәнін аздап ұнтақтаңыз. Ал лимонды қабығымен еттертқыштан өткізіңіз. Одан да 1 стакан керек. Бұл екеуіне 1 стакан бал қосады. Бәрін жақсылап араластырып, қоңырлау түсті шыны ыдыспен тоңазытқышта сақтаған дұрыс. Оны күніне 3 рет, 1 ас қасықтан, 2 апта бойы астан жарты сағат бұрын (немесе кейін) қабылдау керек. 2. Қазір қыс ауасы болса да жүзім табу аса қиын шаруа емес. Күнде таңертең және кешке ас алдында 2-3 ас қасық жүзімнің жаңа алынған шырынын ішіп жүрсеңіз, өзіңізді тәуір сезінеріңіз хақ. Мұны кемі 2 апта ішеді, одан әрі де қалағаныңызша жалғастыра беруге болады. 3. Қарағай қылқаны табылса тіпті керемет. Оны жуып, жылы «духовкада» 15 минут кептіріп алу керек. Матадан тігілген қалтаға салып сақтаған жөн. Оның 2 ас қасығын сәл уақтап, 200 мл. су құйып, өте баяу отта 30 минут қайнатады. Оған 3 ас қасық бал қосып, 1 сағат жылы орап қою керек. Дайын болған тұнбаны 10 күн бойы ұйқы алдында 1 ас қасықтан ішіп жүрсеңіз жағдайыңыз жақсарып қалады. 4. Созылмалы шаршауды басып, сергек жүруге көмектесетін үздік бес рецептің бірі түймедақ (ромашка) қосылған сүт деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Ол үшін 200 мл. сүтке жарты ас қасық түймедақ (дәріханадан аласыз) қосып, 2 минуттай қайнатасыз. Аздап суыған соң 1 ас қасық бал қосып, жақсылап араластырасыз. Сосын сүзіп алып, ұйқы алдында ішесіз. Мұны 15 күн жасау керек. 5. Сергек жүру және иммунитетті көтеруде асқабақ дәнінен жасалған қоспа да жақсы көмектеседі. Жасалу жолы оңай: жарты стакан қабығынан аршылған асқабақ дәніне осынша сұйық бал қосып, жақсылап араластырыңыз. Оған 2 ас қасық коньяк қосады. Мұны күнде ұйқы алдында 1 ас қасықтан жейді.
БАУЫРДЫ ТАЗАЛАЙТЫН 7 АМАЛ Бауыр ағзадағы зиянды токсиндерді шығаруға, зат алмасу үрдісіне қатысады. Холестерин деңгейін реттейді, пайдалы минералдар мен витаминдерді сақтайды. Сондықтан басқа органдар сияқты, бауырдың сау болуы да өте маңызды. Ғалымдар бауырды тазалауға мына 7 тиімді азық-түлікті ұсынады: 1. Сарымсақ. Оның құрамындағы күкірт бауыр ферменттерін белсенді етеді. Әрі бауырды сыртқы зиян әсерлерден қорғап, токсиндерден тазалайды. Сарымсақты салаттарға немесе етке қосып та, сонымен қатар өзін де жей беруге болады. 2. Жылы су мен лимон. Жарты литр жылы суға лимонның жартысын (немесе үштен бір бөлігін) қосып, күнделікті таңертең ашқарынға және кешке ұйқы алдында 1 стаканнан ішіп жүру керек. Ол бауырдың көбірек ферменттер бөлуіне жәрдем береді, әрі бауыр табиғи жолмен тазалана бастайды. 3. Авокадо. Бауырдың саулығын қорғауда оған жетер жеміс жоқ: ол ағзада глутатион өндіруге көмектеседі. Ал глутатион бауырды токсиндерден тазалайды. 4. Кинза. Бұл әмбебап шөпті кез-келген тағамға қосуға болады. Ол бауырды ауыр металдардан тазалайды. 5. Куркума. Бауыр бұл дәмдеуішті жақсы көреді. Өйткені куркума бауыр жасушаларын қайта қалпына келуіне көмектеседі. Өтте көп сөл бөлуіне ықпал етеді, зиянды токсиндермен күресуге күш салады. 6. Қырыққабат. Токсиндерді бейтараптандыруға жауап беретін ең маңызды бауыр ферменттерінің өндірісін белсендіреді. Сондықтан қырыққабаттан жасалған салаттар мен сорпаны көбірек ішкен жөн. 7. Зәйтүн майы. Құрамында негізгі антиоксидант болып табылатын Е витамині бар. Ол ағзаға әртүрлі зиянды токсиндерді соратын липидтік негіз береді. Нәтижесінде бауырды шамадан май тыс жүктелуінен қорғайды. Сондықтан салат пен тағамдарды зәйтүн майынан дайындаған дұрыс.
ОЛ БІЛЕТІН БІР РЕЦЕПТ Жазғы тұмау, күз-қыстағы суықтау маусымында ол үнемі бір рецеп қолданады. Тиімді, оңай. Әсіресе балалардың иммунитетін көтеруде қолайлы. Жарты литрлік банкаға орташа лимонның жартысын қабығымен қоса ұсақтау етіп турайды. Үстіне сарымсақтың 7-8 тісін ұсақтап турап салады. Оған алдын-ала суытып қойған қайнаған су құйып, бетін жауып, 4 күнге қараңғы жерге қояды. Кейін оны сол күйінде тоңазытқышта сақтау керек. Осы қоспаны отбасымыздағы 5 адам түгел күнде таңертең ашқарынға 1 ас қасықтан қабылдаймыз. Рас, аздап қышқылдау. Бірақ бұл қара күзден ерте көктемге дейін біздің отбасымызды суықтаудың азабы, тұмаудың әлегінен сақтайды. Алда-жалда тұмау жұға қалса да жеңіл, тез өте шығады. Лимон мен сарымсақ қоспасы витаминге бай, вирусқа қарсылық қуатын арттыратын, иммунитет көтеретін дайын витамин кешені – БАД десе болады. Олай дейтінім, БАД та дәрі болып саналмайды, бірақ ағзаны қажетті витаминдермен толықтыра отырып, ұзақ та тұрақты қолданса, көмегі жақсы екені дәлілденген ғой. Ол білетін рецепт те сондай. Денсаулыққа пайдасы болсын десеңіз оны қыркүйектен сәуірдің ортасына дейін үзбей жалғастырғаныңыз дұрыс. Бірақ асқазан қышқылы жоғары, гастрит мазалайтын адамдарға бұл қоспаны қолдануға болмайды.
АРАНЫҢ ҰЯСЫ КӨП КЕСЕЛГЕ ДӘРУ Қазір қыбырлаған жәндіктердің белсенділігі артып тұр. Біле білсек, олардың да денсаулыққа пайдалы тұстары бар екен. Мәселен, кәдімгі шаққан жерін удай ашытып, ойбайлата жөнелетін сары араның ұясы көптеген кеселге шипа екен. Қол-аяқ жасызданғанда сары ара ұясының үлкендеуінен бір данасы, оған қосымшак кішілеуінен 3-4 данасын алып, жалқы өскен сарымсақпен қосып жаншып, аурырған жерге таңу керек. Араның ұясы тері қышымасына да пайдалы. Ол үшін ара ұясын өңделген спиртке 7 күн шылап, 8-ші күннен бастап қышымаға бірнеше рет жағады. Әйелдерде омырау безі ісінгенде ара ұясын отқа өртеп, сол күлдің 6 грамын суға бұқтырып, онымен ауызды шаяды. Спиртке ірнеше рет шылап алса, ара ұясы өңделген болып саналады. Ыстық-суықтан тіс қақсағанда соны суға бұқтырып, сол сумен ауызды шаюға болады. Қажетті мөлшерде алып, қақсаған тіске басады. Іш ауруы (дизентерия) кезінде ара ұясын кептіріп, ұнтақтаған соң, күніне 0,3 граммнан екі-үш рет ішеді. Баланың кіндігі сыртқа шығып кеткенде, ара ұясын өртеп, күлін кіндікке тағады. Бұл рецепттер XY ғасырдағы ғалым-шипагер, қазақ халық медицинасының негізін қалаған Өтебойдақ Тілеуқабылұлының жазбаларынан алынған. Ғалым онда араның ұясын күзде немесе қыста жинау керек депті. Сосын оны азырақ булағаннан кейін, өлген араларды алып тастап, кептіріп қою керек. Құрамында балауыз, ағаш майы тектес зат және ұшпа май бар бұл ұяны құрғақ жерде сақтаса, қай кезде де қолдана беруге болады екен. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 143 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |