03/05/2022, 16:17 | |
ЕҢ ҚАУІПТІ АЗЫҚ – ТӘТТІ СУСЫН Жақында әлемдік тағамтанушылар институтының мамандары (АҚШ) адам денсаулығына ең қауіпті азық тізімін жариялады. Олардың зерттеуінше, адам денсаулығы үшін ең қауіпті азық – бояғыш қосылған, тәтті, газдалған сусын екен. Газды сусындардың денсаулыққа зиян екені бұған дейін де айтылып келген болатын. Бұл салада жүргізілген зерттеу де аз емес. Енді осы деректерге ғылыми дәлел тапқан диетологтер жұртшылықты газдалған судан жаппай бас тартуға шақырып отыр. Дәрігерлердің айтуынша, бір күнде бір рет газдалған, құрамында бояғышы бар тәтті сусынды ішу екінші дәрежелі қант диабетіне шалдығу қаупін 22%-ға дейін ұлғайтады екен. «Соңғы кездері әлемдік проблемаға айналған семіздік пен артық салмақтың салдарынан пайда болатын аурулардың туындауына да себепші болып жүрген осы қант пен газдалған сусындар», – дейді мамандар. Ғалымдардың зерттеу жұмыстарының нәтижесі тәтті, газдалған сусындардың адам ағзасындағы ұйқы безінің көмірсу алмасуын реттейтін гормондарының жұмысын бұзатындығын дәлелдеген. Лондонның Империялық колледжінде жүргізілген зерттеудің авторлары бұл жаңалық қоғамды газдалған сусындардан қорғауға өз септігін тигізеді деген үміт артып отыр. Олай болса, алдағы аптап күндерде балаларға газды емес, жай ғана таза ауыз су беріңіз.
ӘЛСІЗДІКТІ ЕМДЕУ Мың құбылатын тосын мінезді көктем көп адамда әлсіздік, созылмалы шаршау, ұйқының қанбауы сынды жағымсыз жайларды «оятады». Мұндай сәттерде көп адам ыстық қызыл шай немесе кофе ішкенді жөн көреді. Бірақ ол дұрыс емес. Дәрігерлер оның орнына ағзаны қажетті витаминдермен толықтырып, уақыт пен мезгілге тезірек бейімделуге тырысу керек дейді. Көктемде ашушаңдық, себепсіз мазасыздану, меланхолия, уайым-қайғыға салыну сияқты дерттер жиі қозады. Бұл ағзадағы өзгерістердің адам психикасына әсер етуінен туындайтын жағдай. Мұндай көктем кезеңіндегі депрессияға 20-30 жас аралығындағы адамдар мен әйелдер жиі ұшырайды екен. Оған жол бермеу үшін күніне бір немесе екі рет шоколад, банан жеу керек, өйткені оның құрамында депрессияға түспеуге көмектесетін триптофан бар. Алма, йогурт, кептірілген жеміс-жидектің пайдасы көп. Уақытылы ұйықтау да маңызды.
БАҚБАҚ ТАМЫРЫ БҮЙРЕКТЕГІ ТАСТЫ ЕРІТЕДІ Алда көктемнің ең бір керемет кезі келе жатыр. Көп ұзамай айнала жасыл-желекке оранып, дала алқызыл кілемге оранады. Сол сұлулықтың ішінде сарғайып, көзге ерекше көрінетін бақбақты бәріміз білеміз. Көктемнің ең алғашқы гүлі саналатын осы сары күлтелі гүлдің көптеген ауруға шипасы бар. Фитотерапевттер бақбақтың тамыры мен жапырақтарында кристалды тараксацин қышқылы, шырын, қант, ал тамырында 25 пайызға дейін инулин болатынын айтады. Яғни ағзаға шипа сыйлайтын осы заттар. Ғылыми медицинада бақбақтың тамыры мен шөбін тәбет ашатын, ас қорыту органдарының қызметін жақсартатын шипалық зат ретінде қолданады. Бақбақтан жасалатын дәрі-дәрмектердің адамды тыныштандыратын, аздап ұйықтататын да қасиеті бар. Дәрі жасау үшін бақбақтың тамырын, кейде жапырағын пайдаланады. Оның емдік қасиеті ерте кезде-ақ белгілі болған. Ол халық медицинасында кеңінен қолданылады. Тамырынан жасалған тұнба тәбет ашады, астың қорытылуын жақсартады. Сондай-ақ тері аурулары кезінде зат алмасуын реттейді. Дененің қызуын басып, тер шығарады, ішек құр-тын түсіретін қасиеті де бар. Халық медицинасында өсімдіктің жаңа алынған тамыры мен ұнтақталған жапырағын қатты ісіктерге қолданады. Сонымен бірге оларды тропикалық жараға да жапсырады. Бақбақ тамырынан алынған шырынды өт тасы мен бүйрек тасы аурулары кезінде, нефрит пен неврозға, сондай-ақ цистит, пиэлититке ұшырағанда ашқарынға 4 қасықтан ішкен дұрыс. Бақбақ тамыры бала тастап қоя беретін әйелдерге таптырмас ем екен. Көлеңке жерде кептірілген тамырдың бір шай қасығын 1 стакан қайнаған суда бетін жауып жарты сағат тұндырып, сүзіп алу керек. Жарты стаканнан күніне 3 рет ішілуге тиіс бұл тұнбаны әр күні жаңадан әзірлеген жөн. Оны екі ай шамасында ішсе жетеді. Бақбақ тамырынан алынған шырынды бауыр циррозы, тері сыртына шыққан бөрт-кендерге қарсы қолдануға да болады екен. Бірақ оны емдеуші дәрігермен кеңесіп қана жасауға болады. Дала төсіндегі сүйкімді сары гүлдің осындай ерекше қасиеті мен пайдасы бар. Мұны да біле жүргейсіз.
БАС АУРУЫН БАСАТЫН АМАЛДАР Әлемдегі әрбір бесінші адам бас ауруынан зардап шегеді екен. Олардың көбі бас сақинасы ауруына шалдыққандар. Көп адам басы ауыра бастаса дереу дәрі ішеді. Бас ауруын басатын, біртіндеп емдей отырып, біртіндеп жоқ ететін халық емінің мына тәсілін біле жүріңіздер: 1. Күнде таңертең 1 стакан сүтке 1 ас қасық бал салып, оған 0,2 грамммумие) қосып ішу керек. 2. Қыша қағазын 15 минут желкеге қойса бас ауруы дәрісіз-ақ басылады. 3. Бастың ауырған тұсына қырыққабат (капуста), өгейшөп (мать и мачеха), жалбыз (мята) жапырақтарын басады. 4. Киікоты (душица) жапырағын майдалап турап, иісін иіскеу арқылы да бас ауруынан арылуға болады; 5. Мақтаны кішкене етіп орайды да, оны қызылша немесе пияз шырынына малып құлаққа тығып қояды. Сосын басты жүннен тоқылған орамалмен байлап тастайды. Бұл тәсіл бас ауруынан толығымен айықтырады. 6. Алма сіркесуынан дайындалған мұзбен маңдай, самай, желкені ысқылап сүрту керек. 7. Арнайы медициналық балшықты маңдай, желке, самайға жабыстырып жатса да көмегі жақсы. 8. Картопты домалақ әрі жұқа етіп турап бастың ауырған тұсына таңса шипа болады. 9. Пиязды екіге бөліп самайға 15-20 минут басады. Лимон қабығын да самай мен маңдайға басуға болады. 10. Бас қатты уайымдап, ойланғаннан ауырса, жылы бұлау қабылдап, аяқты ыстық суға 15-20 минут салып отыру керек. Содан соң 1 стакан қайнаған ыстық суға 1 шай қасық жалбыз ұнтағын салып демдеп, ыстық күйінде ішеді. 11. Ас тұзын матадан тігілген қалтаға салып 2-3 минутқа мұздатқышқа қояды. Сосын оны бастың төбесіне басып, жатып демалу керек. 10 минуттан соң осы тұзды көзді жұмып, сыртынан 10-15 минут басады. Бұл амалдардың қай-қайсысы да орындауға оңай, денсаулыққа кері әсері жоқ, ал бастың ауыруын қойдыруда керемет әсері бар. Жасап көріңіздер! баспаға әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 149 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |