Халық емі
25/04/2022, 13:32

АҒЗАНЫ ҚИЯР ЖАҚСЫ ТАЗАРТАДЫ

Алда бау-бақшалықтың көктеп, жеміс беретін кезі келе жатыр. Бұл табиғи тартуды тиімді пайдаланып, ағзаны сауықтыруға ден қойға адам үшін тамаша мүмкіндік. Ал ағзаны тазарту мен жасартуда қиярдың орны ерекше. Бұл көкөністе ағза қажет ететін пайдалы заттардың көбісі жинақталған. Мәселен, B1, B2, B3, B5, B6, С витаминдері, фолий қышқылы, кальций, темір, магний, фосфор, калий мен мырышты осы кішкентай жасыл көкөністен таба аласыз.

Жұмыс шаршатып, әлсіреткенде көпшілігіміз сергітеді деп қою кофе ұрттаймыз. Оның орнына бір балғын қиярды тазалап жуып, жеп көріңізші, көп ұзамай-ақ көңіліңіз көтеріліп, өзіңіз сергіп шыға келесіз. Өйткені қиярдың құрамындағы В витаминдер топтамасы мен көмірсутектер сізді бірнеше сағатқа өмірлік мол қуатпен қамтамасыз етеді.

Ұйқы алдында бір қияр жеп алу ағзаңызды қажетті мөлшерде қант, витаминдер мен электролиттермен қамтамасыз етеді. Соның арқасында таңертең көзіңіз іспей, басыңыз ауырмай оянасыз.

Қазіргідей жаздың апшыны қуырып, ағзаны қуратқан ыстығында қараптан-қарап шаршап жүретініміз рас. Мұндайда қиярды текшелерге бөліп, қайнап тұрған суға бір қайнатып алып, осы судың буымен біраз уақыт дем алсаңыз, қиярдағы пайдалы заттар бумен беріліп, бойыңызды сергітеді. Айтпақшы, қиярды сағыз орнына, яғни астан кейінгі жағымсыз иісті жою үшін де пайдалануыңызға болады. Оның бір тілімін тіліңізбен таңдайыңызға жабыстырып, осылайша 30 секунд тұрсаңыз, ауыздағы жағымсыз иісті қоздыратын бактерияларды өлтіресіз.

Қиярдың пайдасы бұл ғана емес. Онда 95-97 пайыз ағзаға аса қажетті минералды су бар. Оны тірі сумен салыстыруға да болады. Аз мөлшердегі эфир майлары, басқа да минераkдар жүрек жұмысын жақсартады. Өйткені калий, кальций, магний мен фосфор, натрий мен темір ағза жұмысын жандандырады. Сөйтіп қан қысымын да қалыпта ұстауға жәрдемдеседі. Ал ондағы йод ағзаға тез сіңіп, қалқанша безінің дұрыс жұмыс істеуіне жәрдем береді. Тіс пен сүйектің саулығын сақтауда да оның орны бөлек.

Басқа бір де бір көкөністе жоқ тартрон қышқылы көмірсуларды қажетті май қышқылдарына айналдырып, оның тез сіңіп, ал артығының сумен сыртқа шығуына сеп болады. Ағзаны тазартуда да, асқазанның жұмысын жеңілдетіп, тазартылуына да қияр көп көмек көрсете алады.

Тізбелей берсек, оның ағзаға пайдасы шаш-етектен. Олай болса, қиярды ашқарынға да, аспен араластырып та көбірек жеуге тырысыңыз, өкінбейсіз.

 

ІШЕКТЕГІ ЖАЙСЫЗДЫҚТЫ ЖОЯДЫ

Ішектегі жайсыздықты тезірек кетіру үшін 1 дана орташа көлемдегі пиязды қабығынан тазартыңыз. Сосын оны төртке бөлу керек. Бірақ бөліктер түбінен 1 см. шамасында біріккен қалпы қалсын. Яғни пышақты түбіне жеткізбей тоқтайсыз. Енді мұны 1 стакан қайнап тұрған суға салыңыз да, бетін жауып, оны 5-10 минут тұндырыңыз. Ішекте ыңғайсыздық сезімі пайда болған кезде осылай сусын әзірлеп ішіңіз.

Бұл әдіс іштің ауырсынуынан, ішектің бұзылуынан арылуға көмектеседі және іш өтуді қалыпқа келтіруге мүмкіндік береді. Оны жағдай қалыпқа келгенше, күніне 4-5 рет жасауға болады.

 

ҚОҢЫЗДЫ ДА ЕМГЕ ПАЙДАЛАНУҒА БОЛАДЫ ЕКЕН

Кішкентай кезінде оған түрлі жаралар көп шығатын. Бірде көктем шыға денесін қотыр басып кетті. Қолы денесінен кетпей, тыр-тыр қасынатын да отыратын. Ауылда кішкентай ғана «медпункт» болатын. Онда істейтін жалғыз медбике көшелерді аралаудан қолы босамайды. Қашан барса да «медпункт» жабық, медбике ауруларды аралап жүрмін деп есігіне жазып кетеді. Анасы екеумі екі-үш рет іздеп барып таба алмаған соң, Сәлім деген шөптен дәрі жасайтын қарияның үйіне барды.

Ол кісіге бұдан бұрын да барып тұратын. Өзі қолдан жасағанын айтып, бір майларды беретін. Соны жақса кетіп қалып жүретін. Бірақ бұл жолы анасы: «Сол кісінің емі жақпай ма, жара дегеннен көз ашпайтын болдың ғой, дәрігерге көрсетейін», – деп медбикеге апарғанымен жолдары бола қоймады. Сөйтіп үйреніп қалған атайға тағы барды. Ол кісі: «Сен тағы келіп қалдың ба? Бұл жолы қандай жара?» – деп кеңкілдей күліп алды да, денесіндегі қотырды көріп басын шайқап: «Енді үш-төрт күн күте тұрсаң, мамыр айы басталады. Сол кезде жоңышқалықта қара түсті, үлкендігі бас бармақтай май қоңыз қаптап кетеді. Сол кезде қоңызды бөтелкеге жинап алып, күн көзіне қойыңдар. Бөтелкенің түбіне қоңыздың майы ағып қалады, сол майды жазылмай жүрген қотырға, қара теміреткіге жақса, 5-6 күннің ішінде жазылып кетеді. Сенің үстіңдегі қотырдың емі сол. Дәрі жағып әуре болмаңдар, ушықтырып аласыңдар», – деді.

Сол кісінің айтқан емін жасады. Шынымен де талай күннен бері жазылмай жүрген қотыр бас аяғы бес-алты күннің ішінде жазылып кетті. Егер қотырдан, қара теміреткіден құтыла алмай жүрген болсаңыз, мамыр келе жатыр, май қоңызын жинап алудың мүмкіндігін жіберіп алмаңыз.

 

«АҚША АҒАШЫНЫҢ» ШИПАСЫ ДА БАР

Бүгінде «Ақша ағашы» деп аталатын өсімдікті көп үйден кезіктіруге болады. Яғни оны үйге ақша шақырады деп өсіреді. Бұдан бөлек, оның бактерияға, вирусқа, қабынуға қарсы да әсері зор екен. Білетіндер бұл жөнінде былай дейді: «Егер үйде біреу сырқаттана қалса, бөлмедегі ақша ағашының ахуалы нашарлай бастайды. Ол солып, жапырағы түседі. Яғни ол зиянды қуатты өзіне тартады. Адам сауыққан кезде оның жағдайы да жақсара бастайды».

Осыған орай гүл өсірушілер мынадай рецептер ұсынады: Ақша ағашы ерінге ұшық шыққанда (герпес) пайдалы. Ол үшін бірнеше жапырағынан шырынын сығып алып, бүлінген жерге әр 30 минут сайын қойып тұру керек. Шырынды матаға сіңіріп, оны бүлінген жерге «пластырьмен» бекітіп қойса да болады.

Ангина, тонзиллит мазалағанда 10 жапырағынан сығылған шырынға 200 миллилитр су араластырып, онымен тамақты күніне 3-5 рет шайып тұрған дұрыс. Таңертең тамақтан 1 сағат бұрын 2 жапырағын әбден шайнап жеу керек.

Оны пиелонефрит, циститке де қарсы пайдалануға болады. 5 жапырағын уақтап, үстіне 200 миллилитр ыстық су құяды, сосын 1 сағат тұндырып, сүзіп алады. Күніне 1 ас қасықтан, 3 мезгіл, тамақтан 15 минут бұрын ішеді.

Артрит, артрозға қарсы қолдану: 10-15 жапырақтың шырынын сығып, бүлінген буынға ұйқыға жатар алдында жақпа май есебінде қолданады.

Ақша ағашының жапырағын тіліп, геморройға қолданса, көмектеседі.

Жарақат, жара, күйік, сіңір созылуы, соққы әсерін жою кезінде де ақша ағашының жапырағынан ботқа жасап, зақымданған жерге жағу, үстінен дәкемен бекіту керек. Әр 2-3 сағат сайын (кебуіне қарай) таңғышты алмастырып тұруға болады.

ЕСКЕРТУ: Ақша ағашында («толоннянка») мышьяк көп, сондықтан одан жасалған тұнбаны тым көп ішуге, жалпы, оны шамадан тыс қолдануға болмайды. Осыны ұмытпаңыз!

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 144 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: