Халық емі
06/12/2021, 20:15

ҚОЛ ҰЙЫП ҚАЛУЫНЫҢ СЕГІЗ СЕБЕБІ БАР

Бір қарағанда, қолдың ұйып қалуы елей бермейтін болмашы нәрсе сияқты көрінеді. Бірақ оның да жайсыз тұсы көп. Жиі ұйып қала берсе кейін саусақтардың ұшы ине тыққандай шаншитыны бар. Сосын қолдың ұйып қалуы күз бен қыста көбейеді. Неге? Себептеріне тоқталайық.

Біріншісі – шашыраңқы склероз (рассеянный склероз). Бұл жұлын қабықшасына зақым келгеннен, одан тарайтын жүйке талшықтарының қысылып қалуынан болатын жағдай. Яғни мидан денеге сигнал беру күші бұзылғанын білдіретін патология. Ұйқышылдық – осы аурудың алғашқы белгілерінің бірі. Сонымен қатар, егер бас себепсіз немесе жиі айналса, кейбір нәрсені ұмытып қала беретін болсаңыз, кей-кейде жүрек айнуы, денеде құрысулар, түстерді ажырата алмау байқалса, склероздың алдын алуға асығыңыз.

Екіншісі – кеуде немесе мойын омыртқадағы остеохондроз. Омыртқа дискісінің қажалу барысында тамыр қысылуынан остеохондроз мазалайды. Бұл аяқ-қолдардың ұйып қала беруімен тікелей байланысты кең таралған ауру. Остеохондроздың симптомдарын басқа аурулармен шатастырмау, ажырата білу өте маңызды: кеуде омыртқасының тартылып, дыңылдап ауыруы кейде шыдатпай кетеді. Остеохондроз кезінде қол ұштарының ұйып қала беруі өте көп байқалады. Кейде жүрек ауруында да осыған ұқсас белгі болып, остеохондроз екеуін шатастырып алмаңыз. Жүрек тұсы ауырып, жүрек айнып, бұрқ етіп суық шықса, сол қолыңыз ауырып, қатты ұйып қалса, дереу жедел жәрдем шақырыңыз.

Үшіншісі – веноздық тромбоз. Тамыр бойында қан ұйып, тұрып қалған жағдайда ағзада қан айналымы баяулайды да, нәтижесінде оттегі мен қоректік заттар тиісті жерге, әсіресе аяқ пен қол ұштарына жетпей қалады. Вена қан тамырындағы бұл жайсыздық біраз уақытқа созылса аяқта, қолда аздап ісіну байқалады. Себепсіз әлсіреу, зейіннің нашарлауы да осы аурудың салдарынан орын алады.

Төртіншісі – қан аздық пен диабет. Бұл екі диагноз да әдетте аяқ-қол ұштарына жеткілікті мөлшерде қан бармай қалуына себепші болады. Нәтижесінде саусақтар салқын болып жүреді, мұздап, ұйып қала беретін болады. Қан талдамасын тапсыру арқылы анықтап, ем алған жағдайда бұл жайсыздықтан құтылу аса қиын емес.

Бесіншісі – инсульт немесе жүйке тамырының жарақаттары. Бұл қолдың ұйып қала беруінің ең қауіпті себебіне жатады. Егер қолдар ұйып қалу барысында есеңгіреу, бас айналғандай сезім болса, бастың кенеттен қатты ауыруы, сөйлеу мәнерінің бұзылуы мен көз бұлдырауы қатар байқалса, оқыс қимыл жасауға болмайды. Тез арада дәрігер шақыру керек.

Алтыншысы – перифериялық нейропатия. Бұл жүйке сигналдарының денеге берілуінің бұзылуы. Ол екінші типті қант диабеті, В12 витамині жетіспеушілігі және алкоголизм аясында дамиды.

Жетіншісі – туннельді синдром. Ол әдетте бір орында отырып, күнұзаққа тек саусақпен жұмыс істейтін (тоқыма, қарындашпен сурет салу, қорап қаптамасын жабу, оператор, т.с.с.) адамдарда болады. Күні бойы қайталана беретін, ұзаққа созылған мұндай жұмыс барысында саусақ сіңірлері тартылып, ондағы жүйке талшықтарына салмақ түседі де, буындар іседі, қол ұйып қала беретін болады. Туннельді синдромда әдетте негізгі үш саусақ ұйып қалады.

Сегізінші – инфекция салдары. Аяқ-қолдың ұйып қалуы түрлі инфекция салдарынан да орын алады. Яғни ағзада инфекция болса байқалатын жағдай. Сонымен бірге Е, Р және В тобындағы витаминдер жетіспеуінен болады.

Саусақ ұштары мен аяқтағы башпайлар жүйке талшықтары мен қан тамырларының «соңғы станциясы» деуге болады. Егер ол аймақта ұйып қалу орын алса, онда қандай да бір себептермен ол жерге қан толық жеткізілмей тұр, жүйке сигналдары дұрыс жұмыс жасамай жатыр деген сөз. Яғни жолда кедергі бар. Мұны елемей қоюға болмайды, өйткені ол жай ғана ұйып қалу емес, ағзадағы ақау. Оның себебін тауып, ем жасамаса, сегіз себеп аталған аурулардың бірі бастау алуы мүмкін. Жағдайды оған жеткізбеу өз қолыңызда!

 

КЕПТІРІЛГЕН ЖЕМІСТІ КӨБІРЕК ЖЕҢІЗ

Жемістердің пайдасы бәрімізге белгілі. Дегенмен қыс маусымында оларды табу қиын. Бірақ бұл мәселенің шешімі бар: оны кептірілген түрлерімен алмастыру керек. Сонда ағза өзіне қажетті минералдардан тарықпайды.

Бұл жемістің балғын жеміс-жидектерден айырмашылығы – сусыз болуы. Кептіру кезінде ондағы пайдалы витаминдер мен минералды заттардың жартысы жоғалады. Әйткенмен натрий, магний, калий, кальций, темір және пектин сынды микроэлементтер мен жасұнықтар сол күйінде сақталады.

Кептірілген жеміс-жидектердің құрамындағы пайдалы элементтер қан қысымын қалпына келтіріп, шаштың түсуін тоқтатады, тырнақты қатайтады, жүрек жұмысын жақсартып, жүйкені тыныштандырады және ағзадағы артық суды шығарады. Сонымен қатар қандағы гемоглобинді бір қалыпта ұстап, барлық клеткаларды оттегімен қоректендіреді. Асқазан және ішек жұмыстарын бір қалыпқа түсіреді. Ал олардың жеке-дара пайдасы мынадай:

Кептірілген алмұрт. Құрамындағы биологиялық белсенділігі өте күшті заттар иммунитетті көтеріп, ағзадағы зиянды токсиндерді шығарады. 100 грамм кептірілген алмұрт құрамында 2,3 грамм ақуыз, 62,12 грамм көмірсу, 257 ккал бар.

Кептірілген інжір. Жемістің құрамындағы ерекше ферменттер ас қорытуды жақсартып, ағзаны темірге байытады. Ал басқа жемістермен салыстырғанда калийге өте бай. 100 грамм кептірілген інжірде 4,5 грамм ақуыз, 54, 6 грамм көмірсу, 298 ккал болады.
:recycle:Ананас. Оның құрамында витаминдер өте көп. Әсіресе А, С, көмірсу, жасұнық, магний, йод және беромелин ферментіне өте бай. Осы элементтердің арқасында ас қорытуды жақсартады. 100 грамм кептірілген түрінде 0,8 грамм ақуыз, 82,6 грамм көмірсу, 339 ккал болады.

Кептірілген банан. Құрамында көп мөлшерде қант болатындықтан адамға мол қуат береді. 100 грамм кептірілген банан құрамында 4,5 грамм ақуыз, 54,6 грамм көмірсу, 295 ккал бар.

Кептірілген манго. Бұл жеміс ағзаны қажетті барлық минералдармен қоректендіріп, қандағы қант құрамын төмендетеді. Теріні жасартатын қасиеті де бар. 100 грамында 9,5 грамм ақуыз, 57,6 грамм көмірсу, 640 ккал болады.

Ежелгі Қытай елінде үйлену тойына кептірілген жеміс-жидек беріледі екен. Тас ғасырынан бері жалғасып келе жатқан бұл үрдіс әлі де сақталған. Орта ғасырда кептірілген жемістер жеңсік ас (деликатес) саналған. Қазір оның түр-түрін сауда нүктелерінен қиналмай-ақ табуға болады.

 

ШАЙ АҒАШЫНАН ЖАСАЛАТЫН ДӘРІ

Құлақ ауруы: зәйтүн майын шай ағашы майымен (дәріханадан аласыз) 2: 1 қатынасында араластыру керек. Оны ыстық су құйылған ыдысқа (су моншасы) салып, аздап қыздырады. Құлақ суықтап, шаншып ауырғанда кешкісін 1 тамшыдан тамызу керек. Емді 3 күннен артық жасауға болмайды.

Суық тию, мұрынның ағуы, жөтел: ингаляторға 10 тамшы шай ағашы майын қосыңыз да, ұйқы алдында ингаляция жасаңыз. Шай ағашы майының бірнеше тамшысын мұрын үсті мен маңдайға жағыңыз.

Тамақ ауыруы, ларингит: жылы суға 5 тамшы май қосып, күніне 2-3 рет тамақты шайыңыз.

Суықтан болған ұшық, еріннің жарылуы: жарты стакан қайнаған суға 3 тамшы шай ағашы майын қосады. Бетін жауып, бірнеше минут күтіңіз. Оған бірнеше қатталған дәкені малып алып, күніне екі рет ерін айналасындағы жарақатқа, ұшыққа жағады.

Тіс ауруы: тістеріңізді шай ағашы майы аралас сумен шайыңыз, мақтаны батырып, ауырған жерге басыңыз.

 

ЖАЗЫЛМАЙТЫН ЖАРАҒА ЕМ

100 грамм жаңғақ дәнін бір литр зығыр майына салып, жақсылап араластырады. Екі апта бойы жабық ыдыста, қараңғы жерде сақтайды. Осы дәріні дененің қарайып, шіри бастаған жеріне, жазылмай жүрген жараларға, үсік шалған жерлерге жағу керек. Күн сайын жаңалап жаққанда тері кеуіп, қабыршықтанады. Бұл жараның жазыла бастағанын білдіреді.

Бұл майды асқазан жарасына қарсы да қолдануға болады. Ол үшін 5 ас қасық жаңғақ майына жарты кило тұзы жоқ сары май, жарты кило бал қосып, араластыру керек. Алғашқы аптада күн сайын таңертең ашқарынға шай қасықпен қабылдап, келесі аптада дәрі таусылғанша ас қасықпен ашқарынға жеп жүрген жөн.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 229 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: