25/10/2021, 21:49 | |
ҚУЫҚТАҒЫ СУЫҚТЫ ҚУАДЫ Қуық қабынып, жиі зәр қысуы – уретритке қарсы мынадай халық емін жасуға болады: Бір бума ақжелекті (петрушка) майдалап турап, бетін толық жауып тұратында етіп сүт құйыңыз. Аздап шыжғырылғанша (қатты күйіп кетпесін) ұстайсыз. Сүзіп, әр сағат сайын 1-2 ас қасықтан таусылғанша ішеді. Дәріханалық түймедақ (ромашка) пен дала қырықбуының (хвощ полевой) әрқайсысынан 1 ас қасықтан алып, ұнтақтаңыз. Жарты литр қайнаған су құйып, жылы орап, жақсылап тұндырыңыз. Салқындағанда күніне 3 рет 20-30 тамшыдан ішеді.
ВИРУСҚА ҚАРСЫ ШАЙ Шамамен 2,5 сантиметр болатын зімбір тамырын жуып-тазалап, өзіңізге ыңғайлы етіп тураңыз. Оған 2 стакан (200 грамдық) су құйыңыз. Оны 10-15 минут қайнатады. 10 минут тұндырып, сүзіп алады. Қалауыңызша бал, лимон қосып, шай орнына ішеді. Лимон мен зімбір ең тамаша антисептик. Ол қанды тазалайды, суықтау мен қабынуға қарсы күреседі. Иммунитетті күшейтеді. Емдік қуаты жөнінен зімбір мен бал аралас шай сарымсақпен тең. Ал салыстырғанда дәмі мен иісі жағымды, витаминге бай. Зімбір мен бал суықтау мен жұқпалы респираторлы инфекцияны әлсіретеді.
БҮЙРЕКТЕГІ ТАСТЫ ШАЛҚАНМЕН ТҮСІРГЕН Үлкендеу екі қызыл, екі қара шалқанды (репа) еттартқыштан өткізіп, сығып, шырынын 300 грамм араққа араластырАды. Аузын мықтап жауып, оны 15 күнге қараңғы жерге қояды. Сосын күн сайын үш рет, әр жолы 30 грамнан (2 шай қасық) ішу қажет. Дәрі таусылған соң бір апта тынығып, емді тағы қайталайды. Бұл тұнба бүйрек аузындағы құм мен тасты ерітіп, зәрмен бірге сыртқа айдайды екен. Ем кезінде дәрігерлер берген витаминдер уколын да үзбеген абзал.
ЖАҢБЫР СУЫМЕН ЕМДЕЛІҢІЗ Ерекше бір рецептпен бөлісейік. Бұл оңай, әрі «қызық» амал. Дегенмен көмегі күшті, өзіміз қолданып көрген соң жазып отырмыз. Жаңбыр (немесе қар) суын жинаңыз да, қайнатып, тұндырып, 1 литрін бөлек ыдысқа құйып алыңыз. Осы суға 90 грамм ас тұзын араластырыңыз. (Көз мөлшерімен айтқанда, ас қасықты тым толтырмай, бетімен тегіс болып келетін тұз шамамен 30 грамм болады). Емге керек 9 пайыздық тұз ерітіндісі дайын. Енді стерильді дәкені 8 қабаттап, осы ерітіндіге малып, сәл ғана сығып алады да, ауырған жерге басады. Жылуы басылмай тұрып сыртынан қойдың таза жүнін ораңыз. Ол үшін, әрине, жүнді алдын-ала әзірлеп алған дұрыс. Оның сыртынан жылы орамалмен орап тастайды. Клеенка қолдануға болмайды. Компресті түнге қарай жасап, таңертең шешеді. Оп-оңай бұл рецепт несімен пайдалы? Тізенің сықырлауы, қақсауы, буындардың ісінуі тез басылады, компресс сүйекке өткен суықты тартады. Оны ауыр жұмыс немесе жарақаттан болған омыртқа, бел, құйымшақ, жамбастағы ауырған жерге жасаса жәрдемі бар. Мойын остеохондрозында да жақсы көмектеседі. Шыққан, сынған сүйекке де тұз компресін тартады. Көгерген жер тез жызылсын десеңіз де осы компресті жасаңыз. Суықтау салдарынан дене дел-сал болып, бұлшық еттер сырқырап ауырғанда да осы тұз ерітіндісімен емделіңіз. Бұл сонау XV ғасырдан – Өтейбойдақ бабамыздың дәуірінен келе жатқан ем түрі. Тұзды ерітінді мен қой жүнінің жылуында денедегі суықты, тұзды, токсинді тартатын ерекшелік бар, оны өзімізге жасағанда байқадық. Айтпақшы, жаңбыр (қар) суының орнына дистилденген су пайдалануға да болады. Компресті кемі 5-7 күн жасаған дұрыс.
КҮЙГЕН ЖЕРГЕ КАРТОП БАСЫҢЫЗ Картоп шырынының біз біле бермейтін пайдалы тұстары көп. Оны асқазан гастритін емдеу үшін ішетіні көпшілікке мәлім. Ал күйген жер мен жараны тезірек кетіруде көмегі бары көп айтыла бермейді. Күйік шалған жағдайда ол жер қатты ашып, ауыратыны белгілі. Мұндайда тез арада бір картопты аршып, дөңгелектеп кесіп, сол жерге басу керек. Ол ауырсынуды азайтады, терінің тез жазылып, қызару мен жара болуының алдын алады, тыртықсыз қалпына келуде көмегі бар. Сөлі тартылған сайын жаңалап ауыстырып отырған дұрыс. Егер күйік шалған жер суланып, сулы көпіршіктер пайда болса, онда картопты үккіштен өткізіп барып жаққан ыңғайлы, сонда сөлі көбірек болады және жарақат алған теріні одан әрі ауыртпайды. Ал картоп сөлі мол болса жарақаттың жазылуы да тез. Бұл, әрине, үй жағдайындағы шағын, жеңіл және орта күйік жағдайында жасалатын алғашқы көмек. Мысалы, ыстық су төгіп алу, ыстық май шашыраған кезде жасалады. Ал егер күйік аса ауыр және көлемі үлкен болса, онда картопқа сеніп отыра беруге болмайтыны түсінікті. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 167 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |