20/09/2021, 17:05 | |
КАЛИЙ мен КАЛЬЦИЙГЕ БАЙ ЕКЕН Естуімше, бұл сонау көне заманнан, дұрысы – Өтейбойдақ дәуірінен келе жатқан ем түрі. Оған аса көп нәрсе керек емес, кептірілген інжір мен зәйтүн майы болса жеткілікті. Бұл екеуінен ағзаны нығайтатын, физикалық қуатты арттыратын, зейінді жақсартатын тамаша табиғи қоспа дайындауға болады. Інжір-зәйтүн қоспасының өте пайдалы емдік құрамы қазіргі ең мақтаулы БАД витаминдерінен де мықты. Сондықтан бүкіл ағзаның сауығуына септігі тиеді. Қазір кептірілген інжір табу қиын емес. Ем үшін 20 дана жеткілікті. Інжірді суға бір шайып алған соң екіге бөліп, шыны ыдысқа салыңыз. Үстінен інжірді толық жауып тұратын етіп зәйтүн майын құяды. Бетін жауып, тоңазытқышқа қойыңыз. Қырық күн тұру керек. Күнара ыдысты әлсіз ғана шайқап қоюға болады. Тиісті мерзім өткен соң күнделікті таңертең астан 10 минут бұрын інжірдің бір бөлігін жеп, жарты шай қасық майды ішеді. Асқазан-ішек жолы сау, өті таза адам зәйтүн сіңген інжірдің шипасын сол күні сезінуі тиіс. Ал ағзасы түрлі қалдыққа, токсинге толы, өт жолдары, асқазан-ішекте өзгеріс бар адам мұны бір апта өткенде ғана сезіне бастайды. Ағзаңыздың жай-күйін осыған қарап шамалай беріңіз. Дегенмен інжір-зәйтүн қоспасының ағзаға пайдасы бұл емес. Қоспа қайта іш қату, ішектердің дұрыс жұмыс істемеуі, өттің толуы мен онда құм жиналуы, асты дұрыс қорытпау, әлсіздік сынды жайлардан құтқарады. Араға уақыт сала отырып жылына 2-3 рет қайталаған жағдайда ішектер ғана емес, бауыр, бүйрек, қан тамырлары да тазарып, ол көз жанары, тері түсі, шаш беріктігінен аңғарыла бастайды. Жыл ішінде адам реңі жақсарып, әл-қуаты артқанын, өзін жір сезінетінін байқайды. Інжір-зәйтүн қоспасы калий мен кальцийге бай. Және ол БАД өнімдері сияқты жасанды емес, табиғи элемент, Осы себепті ағзаға толыңымен және сіңіріледі. Бұл элементтер сүйек, шаш, тіс, тырнақтың беріктігін қамтамасыз етеді, жүрек ауруларына қарсы күресу мүмкіндігін арттырады, иммунитетті нығайтатыны түсінікті. Басқа да пайдалы қасиеті көп, бастысы қарсы көрсетілімі жоқ.
ҚЫТАЙДЫҢ ҚАРТАЮҒА ҚАРСЫ ҚҰПИЯ ҚОСПАСЫ Жуып, тазаланған 350 грамм сарымсақты екі рет еттартқыштан өткізіңіз. Оған 200 грамм спирт құяды. Бетін жауып, 10 күн тұндырады. Сосын мұқият сүзіп алып, бетін мықтап жауып, тағы 3 күнге қалдырыңыз. Осыдан кейін емдік курсты бастай беруге болады. Сарымсақ тұнбасын ішудің ережесі бар: бөлме температурасындағы 30-50 миллиграмм сүтке белгілі мөлшердегі сарымсақ тұнбасын қосып, астан жарты сағат бұрын ішеді. Тұнба мөлшері мен ішу тәртібі мынадай: Бірінші күні таңертең сүтке 1 тамшы ғана тұнба қосылады. Түсте – 2, кешке 3 тамшы. Екінші күні таңертең сарымсақ тұнбасынан 4 тамшы қосу керек деп жазад. Осы ережемен жалғастырғанда бесінші күні кешке 15 тамшыға жетеді. Алтыншы күні таңертең тағы да 15 тамшы қосасыз. Содан бастап тамшы саны азая береді де, оныншы күні кешке 1 тамшы ғана керек болады. Мұнымен ем аяқталған жоқ. Бұдан әрі 25 тамшы қосып, таусылғанша күніне 3 реттен ішіп жүру керек. Қатесіз, дұрыс жасағанда емдік курс аяқталғанда тамыр қабырғалары май мен қақтан тазарады, оны қан қысымы қалыпқа келе бастағаннан аңғаруға болады. Уақыт өте келе қан айналымының жақсаруының арқасында ағза өздігінен сауыға бастайды.
ДӘРІГЕРЛЕР КЕСЕМІЗ ДЕГЕН ҚОЛ ҰШЫҚТАҒАН СОҢ ЖАЗЫЛЫП КЕТІПТІ Жаңыл апай аңқылдап қалған әңгімешіл жан. Басынан өткен бір жағдайды баяндап берді. Әдеттегідей тырнағын алып отырып, оң қолының бас бармағына қайшыны қаттырақ тигізіп жіберсе керек. Содан бармағы түнімен ауырып, таң ата қақсай бастайды. Тырнағының бір шеті сәл ағарып, ісіп қалыпты. Ал ауыртқанда жан шыдатпайды дейді. Қойып қалар деген үміт екі күнде де ақталмайды. Есесіне кішкентай ғана жарақат не ұйқы бермейді, не жұмыс істетпейді. Солқылдай қақсағанда азабы бүкіл тәнге жүк болардай. Жанды қинап бара жатқан соң дәрігерге қаралыпты. Бірі екіншісіне, онысы келесісіне жұмсап, жарты күнін «ұрлаған» дәрігерлер ақыры хирургқа жол сілтеген. Бармақты ары-бері айналдырып қарап, ауырғанына қарамастан үстінен жаныңды шығара басып көрген хирург ірің жиналған депті. Сөйтіп онсыз да шыбын жанын көзіне көрсетіп тұрған бармаққа іріңді сорып аламыз деп шприцті ары да, бері де тықпалап, түк таппайды. «Бұрынғы ауырғаны ештеңе емес екен, бармақтың ендігі сыздап, іскенін көрсең... Балғадай болды! – деп еске алады Жаңыл апай. – Инфекция түсіп, асқынып кеткен. Ірің қанға араласса жаман. Не болатынын біліп тұрсыз. Бармақты тез арада кесу керек! Одан басқа амал жоқ. Көзінің жасын көл етіп, ертеңіне бармағын кестіруге келісіп, дәрігерге жиналған Жаңыл апайды құрбысы айнытады. Ол құрбысын өзіне таныс бір апайға апарады. Қала шетіндегі жұпыны үйде тұратын өте қарапайым әжей әлденелерді күбірлеп, саусаққа үшкіреді де, ертең келуін тапсырады. Сол түні-ақ бармақтың сыздағаны қойып, тыныш ұйықтаған көршім таң атқанда бармақтағы ісіктің қайтқанын көреді. Не керек, үш күн бойы үш минутқа жетпес уақытта дем салған әжей дәрігерлер кесеміз деген бармақты дәрі-дәрмексіз емдеп жазғанына куә болдық. Мұндай оқиғаға мен жақында тағы куә болдым. Ағайын ағамыз асқазаны түйіліп ауырып, ас батпағаннан аз күнде қатты азып кетті. Не ішіп-жесе де құса береді. Өңі боп-боз. Асқазанында жара бар деп ауруханада екі аптаға жуық уақыт жатып шықты. Болмады. Ақыры жара үлкейіп барады деп дәрігерлер операция жасау керектігін айтқан. Ағамыз пышаққа түсуге дайындалып, кезегін күтіп жүрді. Сонда туысқандарының үйіндегі құдайы аста жолығып қалған нағашы апасы: «Сен бала қатты ұшыныпсың ғой», – деп, ұшықтағанын естігенбіз. Көп ұзамай Мұхит аға асқазанның түйнегені қойғанын айтып, ас-ауқатты талғамай жейтін болды. Оның операциядан бас тартқанына таң қалған дәрігерлер қайта тексеріп, асқазандағы жараның жоқ болғанын айтқан. Өмірде түрлі жағдайлар болып жатады ғой. Бұл екі оқиғадан кейін мен дем салу, ұшықтау, қорықтық сияқты ежелгі ем түрлеріне де сену керек екен деген ой түйдім. Өйткені мұндай аурулардың дауасы дәрігерден емес екен... әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 153 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |