Халық емі
16/08/2021, 14:55

КОРОНАВИРУСТЫҢ ЗАРДАБЫ

 Зияны миға да, жүрекке де жетеді.

«Адамзат өзінің тарихында мұндай дертті бастан кешіп көрмеген». «Scіence» журналы коронавирустың адам ағзасына әсері туралы осылай деп жазды. Себебі тосыннан келген дерттің адам ағзасына әсері енді белгілі болып жатыр. Анықталғаны – SARS-CoV-2 өкпеге ғана емес, миға, назофаринске, көзге, жүрекке, қан тамырларына, бауырға, бүйрекке және ішекке әсер етуі мүмкін екен.

Қазір КВИ-мен бір ауырған адам вирусты екінші рет жұқтыруы мүмкін бе деген сауал төңірегінде пікір көп. Түрленуге бейім вирустың басқа штаммы қайта жұғуы мүмкін деген болжам бар. Енді бір зерттеушілер вирус адам ағзасында қандай да бір формада сақталып қалады деген ой айтады. Сондықтан SARS-CoV-2-ті рак клеткасына теңейді. Себебі обыр жасушасы адамның иммунитеті әлсірегенде немесе стресстік жағдайда күш алып, өзге ағзаларға дес бермей кететіні мәлім. Қалай түрленіп, қашан шабуылдайтыны беймәлім вирустың қаншалықты қауіпті екенін осыған қарап бағамдай беріңіз. Сол себепті ДДСҰ кем дегенде 2022 жылға дейін сақтық шараларын қолданып, ара қашықтықты сақтаған дұрыс дейді.

Ашығын айтқанда, көзге көрінбейтін жендет – жасушаның қай ағзаның қалтарысында бұғып қалатыны әлі күнге дейін жұмбақ. Себебі ағзаға аталған вирус түскен бойда бүйрек, өкпе, жүрек жұмыстары қалыпты режімнен жаңылып қалатыны байқалған.
Коронавирус алдында ағза неге әлсіз? Зерттеулерге көз жүгіртсек, коронавируспен ауыратын кейбір науқастарда мынадай жағдайлар байқалған: жүрек бұлшықетінің қабынуы (миокардит). Ол электр импульстарына кедергі келтіреді, аритмияға әкеледі және қан айналымын бұзады, тыныс алудың қысқаруына әкеледі. Сау адамның жүрегін бүлдіретін вирустың осы кеселмен есепте тұратын адамдар үшін қаншалықты қауіпті екенін бағамдай беріңіз.Covіd-19 қанға да теріс әсер етеді. Нидерландыда 184 пациенттің 38%-ында қан ұюының жоғарылауы анықталған.

Кейбір пациенттерде инфекция бүйрекке де таралады. Ал бүйрек жеткіліксіздігі дерті бар пациенттер үшін ол аса қатерлі: өлім қаупі коронавируспен ауыратын басқа емделушілерге қарағанда 5 есе жоғары екені белгілі болып отыр.

Жақында Ресей ғалымдары Covіd-19 кеселі бауыр жасушаларын да бүлдіретінін айтты. Қытайда КВИ-мен ауырған адамдардың 50 пайызында кейін бауырда бүлінулер анықталған деген де дерек бар.

Лондон корольдік колледжінің оңалту медицинасының профессоры Линн Тернер-Стокс: «Жеңіл дәрежедегі вирустың өзі миға зақым келтіруі мүмкін. Оның кері әсері араға жылдар салып байқалатын болады. Ол тіпті психикаға әсер етеді», – дейді.

Көп адам дәм мен иіс сезбей, тағы біраз адамда жаздың ыстығында суықтау белгілері болғанын айтып жатты. Біздің иммундық жүйеміздің вирусқа қарсы осылай жауап береді.

Коронавирустың ауыр түрімен ауырып жазылған адамдардың жартысында әлсіздік, жүйкенің жұқаруы, күйзеліс, бас айналуы, көру қабілетінің нашарлауы, ұмытшақтық белгілері байқалатыны да анықталып отыр. Ал иммунологтар SARS-CoV-2 иммунитетті өте қатты әлсірететіні сондай, оның қалыпқа келуі өте қиын деп күдіктенеді. Дерт тудырған белгілер уақыт өте келе жойылып кетсе де, олардың кейбіреуі сақталуы мүмкін. Осы себептерге байланысты екінші толқын, карантин деп бейғам болу өз өміріңізге балта шабумен тең әрекет болары анық. Бізде – адамдарда таңдау мүмкіндігі жоқ. Жалғыз амал – барынша сақ болу, сақтық пен тазалық сақтау. Бір сәттік салғырттық өкінішке ұрындырмасын десеңіз, қарапайым ғана ережелерді орындап жүріңіз!

 

ҚАН ҚЫСЫМЫ ТӨМЕНДЕГЕНДЕ

Итмұрын, шетен, қара қарақат, тау алшасы жемістерін кептіріп, соның әрқайсысынан 2 ас қасықтан алып ұнтақтайды. Осы қосындыны 2 литр қайнаған суға салып, 15-20 минут қайнатады. Бір күн тұрғызып сүзіп, үстіне бір ас қасық сірке суын қосады. Дәрі дайын.

Науқас күніне 100 грамнан 4-5 уақыт, қашан оңалғанша ішеді. Қан қысымы көтеріліп, тәбет ашылады.

Немесе қалақай жапырағының үш ас қасық, қара қарақат жемісінің үш ас қасық, бұрыш жалбыз шөбінің үш ас қасық ұнтақтарын қосып, 3 литр суға салып, жарты сағат қайнатады. Екі күн тұндырып сүзеді. Үстіне бір ас қасық бал, 30 грамм алма сірке суын қосып, шайқап араластырады. Дәрі дайын. Науқас күніне 30-50 грамнан 3 рет, астан жарты сағат кейін сырқаттың беті қайтқанша ішеді. Жалпы 3-4 күнде-ақ науқас жағдайы жақсарады.

 

ДӘРІНІ ҚАЙ КЕЗДЕ ІШКЕН ДҰРЫС?

Таңғы сағат 7-ден 9-ға дейін асқазан-ішек ауруларын емдейтін дәріні қабылдаған пайдалы.

Сағат 9 бен 11 арасы – қалқанша безінің ісінуін басуға арналған дәрілер.

Сағат 11 мен 13 арасы – қан айналымын жақсартатын дәрілік препараттарды қабылдайтын уақыт.

Сағат 13 пен 15 арасы – аш ішек ауруына қолданылатын дәріні осы уақытта ішкен дұрыс.

Сағат 15 пен 17 арасы – ас қорыту жүйесінің қызу жұмыс істеп тұрған кезі. Осы уақытта асқазан, қуық ауруларына қарсы дәріні қабылдау керек.

Сағат 17 - 19 арасы – бүйрек ауруына қарсы дәріні ішкен жақсы көмектеседі.

Сағат 19 - 21 арасы – жыныстық әлсіздікке қарсы дәрілерді пайдаланған жақсы әсер етеді.

Сағат 21 - 23 арасы – тері аурулары мен шаштың түсуіне қарсы дәріні ішкен дұрыс.

Сағат 23 пен түнгі 1 арасы – бүйректегі тас пен құмды сыртқа шығаратын препаратты ішкен дұрыс.

Сағат 1 мен түнгі 3 арасы – бауыры ауыратындардың дәрі ішетін уақыты.

Сағат 3 - 5 арасы – астма, бронхит, өкпе ауруларына қарсы дәрі қабылдайтын кез.

 

ЭКЗЕМА ШЫҚСА, ЖҰМЫРТҚА МАЙЫН ЖАҒЫҢЫЗ

Екі жылдай уақыт бұрын қолыма экзема шығып, қанша дәрі жақсам да кетпей қойды. Дәрігерлер кеңесімен алған дәрілер уақытша ғана көмектесетін. Дәрінің күші кете бастады-ау деген кезде қайта шығады. Одан қалай құтыларымды білмей жүрген кезде көрші орыс әжей маған бір ем айтты. Соның арқасында мен қазір экземадан түбегейлі айықтым. Тек ол емді ерінбей, ыждахатпен істеу керек.

Он жұмыртқаны (қолда өсірілетін тауықтікі болуы керек, инкубатордыкі мен дүкендегі жұмыртқалар жарамайды) қабығымен қайнатып, сарысын алыңыз. Содан кейін сарысын вилкамен ұстап, білте шамның отына қойып, қыздырыңыз. Сәлден кейін одан сұйықтық бөліне бастайды. Оның астына кішкене табақша қойып, үлгеруіңіз керек. Сарыуыздан алынған майды дәкеге жағып, оны ауырған жеріңізге қоясыз. Үстінен целлофан кигізіп, оның сыртынан таңғышпен таңып тастаңыз. Осылай екі күн ұстап, екі күннен кейін жаңасына ауыстырасыз. Бұл емді сауығып кеткенше жалғастырады.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 181 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: