09/08/2021, 08:43 | |
ӘЛСІЗДІКТІ ҚАЛАЙ ЖЕҢУГЕ БОЛАДЫ? Негізі жаздың аптап ыстығында әлсіздік адамдардың 98 пайызында кездеседі. Оны дер кезінде емдемесе, адам жүре келе жүрек дертіне шалдығуы мүмкін. Өйткені әлсіздік жүрекке күш түсіреді. Бұған жол бермеу үшін мына жайлар есіңізде жүрсін: Зімбір (имбирь) қосылған шай ішіңіз. Ол авитаминозды жеңуге көмектесетін пайдалы қосылыстарға бай. Оған бал, лимон қоссаңыз, сергітетін пайдалы шырын болады. Сарымсақ пен пияздың да пайдасы зор. В1 тобының және С, Д витаминіне, йод, май, тағы да басқа заттарға бай олардың құрамында бактерицидтік заттар болғандықтан, ауру жұқтырмайтын қасиетке ие. Ал бұлшықеттердің, жыныс бездерінің қызметін жақсарту үшін қажетті Е витамині – фундук, қара нан, зәйтүн майы, жаңғақ, бұршақ, малдың бауыры, жұмыртқа, сүтті көп ішуге болады. Ұлттық тағамдарды, шұбат, қымыз ішіп тұрса иммунитет күшейеді. Ағзасында кальций жетіспейтін адамдар тары жегені дұрыс. Ересек адам күніне бір литрге дейін табиғи сүт ішсе, витамин тапшылығын сезінбейді. Бірақ адам толыққанды ұйықтап, дұрыс тынықпаса, дәрілерді уыстап ішіп, витаминді молынан жегеннің пайдасы болмайды. Сондықтан уақтылы, дұрыс тынығуға мән беріңіз. Гастрит, панкреатит, холецистит, пиелонефрит секілді аурулардың өршитіні осы кез. Жайсыздық сезінсеңіз дәрігерге қаралып, ем алғаныңыз дұрыс.
ОСТЕОХОНДРОЗ МАЗАЛАЙ МА? Остеохондроздың азабын қазір ересектер түгілі, орта жастағы адамдар да біледі. Миға жеткілікті түрде оттегі баруын тежеп, салдары қан қысымы, көздің қарауытуы, бас айналуы, тіпті қолдың ұйып қала беруіне дейін жеткізетін оны өзіңіз де емдей аласыз. Емі мынадай: Тазартылмаған өсімдік майы (оның өткірлеу иісі болады) мен өте ұсақ теңіз тұзы керек. Он ас қасық тұзға 20 ас қасық майды құйып, біркелкі болғанша араластырады. Тұздың толық еріп кетуін қадағалаңыз. Оны күнде араластыра отырып, 3 күн салқындау қараңғы жерге қоясыз. Ақшылтым түсті біркелкі қою ботқаға айналуы керек. Осы майды желкеңізге жағып, сәл батыра, тері қызғанша уқалай отырып массаж жасайды. Бірінші күні 2-3 минут уқаласаңыз жеткілікті. Денеде суық болған жағдайда май бірден сіңіп кетеді. Екінші күні 4-5 минут уқалайсыз. Осылай әр күні май мөлшері мен массаж уақытын ұзарта отырып, соңғы күндері 20 минуттан массаж жасайды. Май денеге сіңгеннен кейін қалғанын жылы суға малынған дәкемен сүртіп тастайсыз. Тұз түйіршіктері ірілеу болса тері жараланып, аздап ашуы мүмкін. Бірақ ем курсының соңына қарай тері тез қалпына келеді, ашығаны басылуы тиіс. 8 – 10 күннен кейін ұйқыңыз бұрынғыдан жайлы, көру қабілеті жақсарған, ойыңыз сергек тартқанын байқайсыз. Май мен теңіз тұзы аралас массаждың көмегімен мойын омыртқасы айналасындағы бұлшық еттерде қан айналымы, зат алмасуы жақсарады. Сезімтал адамдарда қан айналымы реттелгенде алғашқы күндері бас айналғандай сезім болуы мүмкін. Одан қорықпаңыз. Бұл ем мойын тұсындағы остеохондрозға арналған.
ИММУНИТЕТТІҢ ӘЛСІЗ ЕКЕНІН ҚАЛАЙ БІЛУГЕ БОЛАДЫ? 1. Бір жыл ішінде 10 реттен көп тұмауратасыз, суық тиіп ауырасыз. 2. Шашыңыз көп түседі, буындарыңыз қақсайды, тамағыңызда бірдеңе тұрғандай болады. 3. Үнемі әлсіз, шаршап тұрғандай сезімде боласыз. Тіпті ұйқыдан оянғанда да еңсеңіз басылып тұрады. 4 Ерніңізде ұшық жиі пайда болады. Ұшық ағзадағы вирустардың артып кеуін білдіреді, ал иммунитет вирустардың көбейіп кетпеуін қадағалайды. 5. Тұмау тисе, қабынып, төсек тартып ұзақ жатып қаласыз.
ҚАН АЗДЫҚТА ҚҰЛПЫНАЙ ЖЕҢІЗ Ежелде қан аздық пен жатырдан қан кету, бала тұрақтамау сынды сырқаттарда науқасқа жаңа піскен құлпынайды шыны ыдысқа езіп берген екен. Зерттеушілер бұл әдістің қан қысымы мен семіздікке де дәру екеніне көз жеткізген. Химикатсыз піскен құлпынай жүрек қызметін жақсартып, инфаркттің алдын алады екен. Зерттеушілер құлпынайдың құрамындағы С, В5, В6 витаминдері иммунитетті көтеріп, тұмауға шалдығуды азайтады. Жиі суықтайтын, көп жөтелетін, баспа (ангина) мазалайтын 8 жасқа дейінгі балаларға жазда құлпынайды көбірек беру керек. Ол тәбетті ашып, ағзадағы витамин жетіспеушілігінің орнын толтырады. Ас қорытуды жақсартуға да сеп, зәр айдауға көмектеседі, варикоз, тромбоз ауруларының қаупін азайтады. Құлпынайда калий, цинк, темір, кальций, магний, қола мен фосфор, марганец пен кремний бар.
БАУЫРДЫ САУЫҚТЫРАТЫН ТӘСІЛДЕР Бауырға күтім жасау өте маңызды мәселе. Себебі бүгінгі күні бауыр ауруларының тым жасарып бара жатқанын айтып, дәрігерлер дабыл қағып отыр. Бұрын бауыр ауруы 50-60 жастан асқандарда кездесетін болса, бүгінде 35 жастағы азаматтар арасында да бауырдың түрлі кеселіне шалдыққандар кездесіп жүр. Мұның бәрі, әрине, тез дайындалатын әрі зиянды тағам түрлерін жиі тұтынудан болатын жағдай. Сондықтан төмендегі бауырды сауықтыруға арналған амалдарды біле жүрген зиян болмас. Бақбақ (одуванчик) тамырының 1 шай қасығын 1,5 стакан суда демдеп, 5 минут қайнатады. Шай сияқты ішеді. Бұл да бауырды сау болуы үшін өте жақсы көмектесетін тәсіл. Бауырдың созылмалы ауруының алдын-алу үшін халық арасында сұлы мен бал қоспасынан жасалған тұнба қолданылған. Оны дайындау үшін 3 литрлік банкі алып, оған 2,5 литр қайнаған су құйылады. Содан кейін жақсылап жуылған 100 грамм сұлы мен 150 грамм мамыр айында алынған бал алыңыз. Қайнаған суға сұлы мен балды араластырады. Банкінің қақпағын мықтап жауып, сыртын жылы орап, бөлме температурасында бір тәулік қойыңыз. Қоспа қараңғы және құрғақ жерде тұруы керек. Осыдан кейін дайын болған тұнбаны тамақтан кейін бір шай қасық мөлшерінде ішеді. Тұнбаны тәулігіне екі рет қабылдау қажет. Бауырды балмен емдеуге де болады. Ол үшін жарты литр зәйтүн (оливковое масло) майын, жарты кило бал, 50-100 миллилитр алма қышқылын (яблочный уксус) немесе екі лимонның шырынын алыңыз. Араластырып, бетін жабады да, тоңазытқышқа салып қояды. Біраз уақыт тұрған соң ағаш қасықпен жақсылап араластырыңыз. Мұны күніне 3 рет, тамақтан жарты сағат бұрын 1 шай қасық мөлшерінде тұтынады. Бұл қоспа асқазан ауруына да өте пайдалы. Осылайша бір ай емделгеннен кейін, араға 4-5 ай салып, емді тағы қайталаңыз.
ҚҰЛАҚҚАҒЫС!!! Көру қабілетіңіз бірден нашарлады ма? Онда эндокринологқа немесе ортопедке көрініңіз! Қысқа уақыт ішінде (бірнеше айдың көлемінде) көзіңіздің көруі айтарлықтай нашарлағанын байқадыңыз ба? Міндетті түрде офтальмологқа барыңыз. Бірақ мұның себебі мен емін анықтауда тек офтальмологпен ғана шектелмеуіңіз мүмкін. Өсе келе кешігіп қалмаңыз! Балалар мен жасөспірімдерде көру қабілетінің төмендеуі көбінесе жақыннан көрудің өршуіне байланысты. Адамда 18-20 жастан кейін көз алмасы түпкілікті қалыптасады және осы уақытқа дейін көзілдіріктерде диоптрия тұрақтануы тиіс. Алайда ерекше жағдайлар да кездеседі. Кейбір токсиндер мен инфекциялар ағзаға әсер еткенде, шамадан тыс көру жүктемесінен, сондай-ақ, гормоналдық бұзылыстар кезінде жақыннан көрушілік үдеп кетеді. Егер сырқатыңызды елемей жүре берсеңіз де дәл осындай жағдай орын алады. Мысалы, дәрігер жазып берген көзілдіріктер мен линзаларды уақытылы тағып жүрмеу, т.б. Міндетті түрде офтальмологқа қаралу керек. Алайда дәрігер сізді тек кестелер және рефрактометрде тексеріп қана қоймай, көз жанарыңызды толықтай тексерістен өткізуін талап етіңіз. Ересектерде көз алмасының ұзаруы кезінде (бұл да жақыннан көрудің өршуі кезінде орын алады) уақыт өте соқырлыққа әкеп соқтыратын өзгерістер болады. Бұл қайғылы жағдайдың ықтималдығын азайту үшін жағдайды үнемі бақылауда ұстап, мұқият болған жөн. Әдетте, мұндай паталогиямен келген пациенттерге көздің артқы полюсін нығайтатын және оның қан айналымын жақсартатын препараттар тағайындалады. Сонымен қатар, көрудің нашарлау себебін іздеу керек. Ол үшін эндокринолог пен иммунологқа тексерілуге барасыз. Сіздің дәрігер – кардиолог Көру қабілеті нашарлап, көздің тор қабатындағы қан тамырларында өзгерістер байқалған кезде көзді түбегейлі тексерістен өткізу қажет. Өйткені, атеросклероз даму қаупі жоғары. Ұзақ уақыт бойы бұл дерттің ешқандай симптомдары байқалмай жүреді де, тек ауырсынулар көбейген кезде бірден пайда болады. Сонымен қоса, ол қан ағымын қиындатады. Торлы қабықтың қан тамырлары өте ұсақ, сондықтан мұнда пайда болған атеросклероз көздің қоректенуінің бұзылуына, яғни көрудің төмендеуіне әкеледі. Мұның қауіптілігі өз алдына, ол адамның болашақта инфаркт ықтималдығы жоғары екенін көрсететін фактор болып табылады. Атеросклероз ешқашан кейбір тамырларды қозғамайды,ол бүкіл ағзаға әсер етеді. Егер көз тамырларында жарақаттар болса, олар жүректі қоректендіретін артерияларда да бар дегенді білдіреді. Мүмкін, мәселе мойында болар? Кейде офтальмологтар қандай да бір елеулі өзгерістердің байқалмағанын айтып, «көз - «әлсіз», оған қорек жетіспейді» деген диагнозбен шығарып салады. Осыдан кейін көру қабілетін жақсарту үшін дәрумендер кешені және қарапайым көз гимнастикасы тағайындалады. Алайда, пациентке бұған көне салуға болмайды. Әсіресе, егер ол аз қозғалып, үнемі бас аурулары мен есте сақтау қабілетінің нашрлағанын байқаса. Пассивті өмір салты мойын – бұлшықет спазмасына, омыртқаның мойын бөлігінің остеохондрозына, омыртқааралық жарықтың пайда болуына әкеледі. Мойыннан өтетін артериялар қысылып, олардың қан ағымы белсенділігін жояды. Бұл қан тамырлар ми мен көзді қоректендіреді, сондықтан артериялар қысылып қалғанда, ми мен көз жұмысы да нашарлай береді. Неврологқа немесе ортопедке қаралыңыз, аурудың нақты себебін анықтап, арнайы ем қабылдаңыз. Емдік гимнастика, мануалды техникалар, сондай-ақ бірқатар препараттар көмектесетін болады. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 234 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |