19/07/2021, 01:22 | |
ӘРІ ГИПЕРТОНИЯҒА, ӘРІ АДЕНОМАҒА ЕМ 2 уыс пияздың қабығын жақсылап жуып, эмаль ыдысқа салып, оның үстіне 700 миллилитр ыстық су құяды. Оны баяу отта 5 минут қайнатады. Оттан түсіріп, 1 сағаттан кейін дәкемен сүзеді. Тұнбаның түсі қара-қошқыл болса, аздап су құю керек. Сосын 3 мезгіл тамақтан 30 минут бұрын ішеді. Емделудің мерзімі – бір ай. Сосын бір жұма үзіліс жасау керек. Қажет болған жағдайда бұл емді тағы қайталауға болады. Сондай-ақ гипертонияға еменнің күлі де ем. Сирень мен шыршадан басқа ағаштардың барлығының да күлдері әр түрлі аурулардың дәруі. 4 ас қасық емен күлін 1 литр суға қайнатып, 1 тәулік қою керек. Сосын ерітіндіні дәкеден бірнеше рет өткізіп, күніне 3 рет тамақ алдында 2 жұма ішу керек. 5 күн үзіліс жасап, қайта қолдануға болады.
ЖҮЙКЕҢІЗ ЖҰҚАРСА ЖАСАП КӨРІҢІЗ Жаздың аптап ыстығында себепсіз шаршау, болдыру, жүйкенің қажуы жасы ұлғайған адам түгілі, жастарда да кездесетін жайт. Оған қарсы мынадай төрт рецепт ұсынбақпыз: 1. Бір стакан аршылған жаңғақ, бірдей мөлшерде бал мен лимон алыңыз. Жаңғақ дәндері мен лимонды мейлінше ұсақтап тураңыз, оған сұйық бал құйыңыз. Бұл қоспаны тоңазытқышта сақтаңыз. Мұны екі апта бойы күніне 3 рет, астан бұрын 1 ас қасықтан жеп жүрсеңіз, иммунитет пен жүйке жұмысы нығаяды. 2. Жаңа сығылған жүзім шырыны керек. Күнделікті таңертең және кешке 2 ас қасығын ішіп жүрсеңіз, қысы-жазы сергек жүретініңіз анық. Жүзім шырынын мейлінше ұзақ уақыт қабылдаған жөн. 3. Қарағай инелерінің созылмалы шаршауды тез жоятын қасиеті бар. Орманда жиналған инелерді шайып, пеште (духовка) 15 минут ұстаңыз. Сосын 2 ас қасық инелерді ұсақтап, оған 1 стакан су құяды. Баяу отта 30 минут қайнату керек. Енді оған 3 ас қасық бал қосыңыз. Сосын 1 сағатқа жылы орап қояды. Осылай дайындалған тұнбаны 10 күн бойы ұйықтар алдында 1 ас қасықтан ішіп жүрсеңіз, өзіңізді сергек, жеңіл сезінесіз. 4. Ежелден келе жатқан өте тиімді рецепт – 1 стакан сүтке 0,5 ас қасық құрғақ түймедақ гүлдерін салып, баяу отқа қойыңыз. Бұрқ етіп бір қайнағанда өшіріп, сәл салқындаған соң сүзіп алып, 1 ас қасық бал қосыңыз. Мұны күнделікті кешке ұйқы алдында ішіп жүрсеңіз пайдасы көп: шаршаудан құтыласыз, иммунитет көтеріледі. Ішек жұмысы жақсарады.
ВАРИКОЗДЫ ДӘРІСІЗ КЕТІРЕДІ Тамырдың буылтық болып түйілуін жазда емдеген тиімді. Ресейде оны кәдімгі помидормен емдейді. 1. Екі дана піспеген помидорды тілімдеп кеседі. Аяқты жуып, тілімдерді түйінделген тамыр үстіне қояды. Сыртынан клеенка, оның сыртынан дәкемен таңып тастайды. Компресс аяққа ине тыққандай шаншып ауыру сезілгенше тұру керек. Дәкені шешкен соң аяқты салқын суға (тым мұздай емес) жуып, 10-15 минуттан кейін қайталаңыз. Помидор компресін күніне 5 рет жасауға болады. Егер арасын үзбей, күнделікті жасап жүрсеңіз бірнеше күннен кейін нәтижесін көресіз. 2. Екі дана жақсы піскен помидорды жуып, ыңғайлы етіп кесіп алып, варикоз үстіне қоясыз. Ол кемі 3-4 сағат тұруы тиіс. Оны жаңасына ауыстыру арқылы күніне бірнеше рет жасайды. Түнде компресті жаңалап жасап, таңға дейін қалдыруға болады. Мұның құпиясы – помидор дәні антикоагулянт секілді әсер етеді, яғни ол тамырдағы қанды сұйылтады. Бірақ толық нәтиже болу үшін емді бірнеше күнге, кейде тіпті жарты айға дейін созуға тура келеді.
КҮНБАҒЫС МАЙЫНДА ШИПА МОЛ Көпшілігіміз күнделікті ас-ауқат түрлеріне қолданатын майлардың емдік қасиеті жайлы аз да болса мәлімет білеміз. Дегенмен олардың кейбір ауру түрдерінде дәрі-дәрмектен кем түспейтін қасиетін жете білмейтініміз рас. Бүгінгі әңгімеміз осы жайында болмақ. Күнделікті қолданыстағы күнбағыс майын емге қолдану жайлы біле жүріңіз. Іріңді гайморит кезінде 1 ас қасық күнбағыс майын ауызға салып, оны кәмпит тәрізді сору керек. 10-15 минуттан кейін ол ауыз қуысында қоюлана бастайды. Сосын қайтадан сұйылады. Осы кезде түкіріп тастайсыз. Таңертең ашқарынға және кешке жатарда қайталай жүрсеңіз көп ұзамай шипасын сезінесіз. Күнбағыс майын аяқтағы мүйізгекті (мозоль) кетіруге де қолдануға болады. Ол үшін 7-10 күн бойы жатарда аяқты жылы сумен жуып, күнбағыс майын сіңдіре жағып, уқалайсыз. 3-4 күні-ақ мүйізгектің жойыла бастағаны байқалуы тиіс. Жоғарғы тыныс жолдарының қабынуында майды аздап жылытып, оған дәкені батырып, компресс жасайсыз. Сыртынан полиэтилен пакетпен және жылы орамалмен орап тастау керек. Компрессті май суығанша ұстайсыз. Денедегі терең жараны жылы сумен жуып, күнбағыс майы сіңдірілген дәкемен орап қойыңыз. Май жараға сіңуі тиіс. 3-4 күннен кейін жараның беті тегістеле бастайды. Тырнақтың сынғыштығы кезінде аптасына 2 рет жылытылған майға саусақтарды батырып отырсаңыз әсері жақсы. Ол тырнақты қатайтып, бекіте түседі. Жатыр мойны эрозиясында түймедақ, қалампыр шөптерінен азырақ майға араластырып, су моншасында жарты сағат бұқтырасыз. Оны бірнеше қабатталған дәкемен сүзіп алып, тампон қойса тез жазылады. Міне, әр үйден де ас әзірлеу үшін табылатын күнбағыс майының осындай шипалық көмегі бар. Күнбағыс дәні 53% май, 26,5 % көмірсу, қалғаны фитин (2%), илік заттар (1,5%), ақуыз, фосфолипид, каротоеоид пен органикалық қышқылдардан тұрады. Сондықтан медициналық мақсатта дұрыс қолдана білсе, шипасы дәрі-дәрмектен кем түспейді. Халық медицинасында атеросклероз, тромбофлебит, асқазанның созылмалы сырқаты, тіс, ішек, бауыр, өкпе ауруларында қолданылады. Косметикалық мақсатта да пайдасы бар. Тазартылған түрін холецистит, холангит, өт айдауда қолданса да болады. Онда А, Д, Е витаминдері бар. Мұндағы Д витамині ағзаның минералмен қамтамасыз етілуін жақсартып, дұрыс өсіп-жетілуге көмектеседі. Ал А витамині көру қабілетін жақсартып, терінің сау қалпын сақтауға жәрдемдеседі.
БҮЙРЕКТЕГІ ҚҰМДЫ ҚУУҒА КӨМЕКТЕСЕДІ Бүйректегі құмды халықтық ем тәсілдерімен шайып кетіруге болады. Ол үшін алдымен ультрадыбыстық зерттеуден өтіп, бүйректе тастың бар-жоғына көз жеткізіп алу керек. Ал бүйректен құмды қуудың ең жеңіл жолы мынадай: Белгілі бір күндерді таңдап, күні бойы тек қарбыз жеп тұру керек. Оған тек қара нан қосып жеген дұрыс. Неғұрлым көбірек жеген сайын нәтиже соғұрлым жақсы болады, бүйректен құм тез шыға бастайды. Қарбыз орнына алма, қияр қолдануға да болады. Сусынды көбірек ішу керек. Дала қырықбуыны (хвощ полевой), спорыш, золотарник те бүйректен құмды қуады. Мысалы, 5 ас қасық спорыш үстіне 1 литр қайнаған су құяды да, бірнеше сағатқа тұндырып қояды. Бұл – бір күндік доза, оны кешке келесі күнге дайындап қоюға да болады. Бір күнде шай орнына ішіп тауысады. Ақжелкек (петрушка) тамыры мен шөбі бүйректегі құмнан арылтады. Бір күндік дозасын былай дайындайды: 1 ас қасық тамыр мен шөп қосындысына 500 миллилитр қайнаған су құйып, 2 сағатқа тұндырады. Сүзіп алып, бір күнде ішіп тауысады. Жасы үш жылдан асқан итмұрын тамырын әбден ұсақтайды. Кешкісін ыдысқа 2 шай қасық тамырын салып, үстіне 1 литр қайнаған су құяды. Сосын 10 минут баяу отта қайнатады. Тұндыру үшін термосқа құяды. Ертеңіне жарты стаканнан үш мезгіл түтік арқылы ішеді. Әйтпесе ол тіс эмалін бүлдіреді. Ішіп болғасын ауызды шаю керек. Бұл дәрмекті екі апта қабылдайды. Бір ай үзіліс жасап, тағы қайталауға болады. Үш орташа қызыл алманы ыдысқа ұсақтап турап салады. Үстіне бір литр су құйып, қайнатады, 15 минут пісіреді. Ыдысты орап қойып, ішіндегіні тұндыру керек. Мұндай компотты күн сайын күні бойы ішіп тұрса, бүйректегі құмнан құтқарады. Қара тұрып шырынын сұйық әселмен (1:2 мөлшерінде) араластырады. Әсел қоюланса, оны «су моншасында» сұйылту керек. Осы қоспаны бір ас қасықтан күніне үш мезгіл тамақтан соң ішіп тұру керек. Ем курсы – 1 ай. 300 грамм жүзім жапырақтарын жақсылап жуып, кептіріп, ұсақтайды. Банкаға салып, үстінен 1 литр тузу мұздай су құяды. Қараңғы жерде 3 күн тұндырады. Бір ай бойы жарты стаканнан, үш мезгіл ішіп тұру керек. ...Міне, осындай әдіс-тәсілдерді қолдана отырып бүйректі құмнан арылтуға болады. Әрине, ол үшін емдеуші дәрігерге көрініп, кеңесін алған дұрыс болмақ. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 177 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |