05/07/2021, 17:13 | |
КҮРІШ СУЫНЫҢ ПАЙДАСЫ Бұл – ежелгі Қытай рецепті. Уақытпен тексерілген, тән саулығын сақтау мәселесінде басты шара саналатын, әдеттегі медициналық әрекеттер пайдасын тигізбеген кезде жасалатын амал деседі. Қытайлықтар күрішті ерекше жақсы көреді. Бұл тағамды көп тұтынатындары да кездейсоқтық емес. Дұрыс дайындалған күріш өмірді ұзартып, ағзаны қажетті заттектермен қамтамасыз етіп отыратын өте пайдалы тағам. Күріш жеп отырған кезде ағзаңыздағы токсиндер сыртқа шығады, асқазан мен ішек жұмысын ретке келтіреді. Дегенмен күрішке қарағанда оның суының пайдасы мол. Егер бұрын-соңды күріш суының пайдасы туралы естімеген болсаңыз, бұл жазбаны сақтап қойғаныңыз жөн. Ал айтарымыз мынау: мінсіз келбет, күш-қуат, сау тері күріш суын тұтынатын адамдардың серігі. Күріш суы ағзаны көмірсулармен қамтамасыз етіп, асқазан ауруын емдейді, артериялық қысымды ретке келтіреді. Оба ауруының алдын алады. Мұнымен қатар, оның косметикалық қасиеті бар. Саңылаулардың аузын бітеп, тері түсін біркелкі етіп, майлылық деңгейін азайтады. Ертеде қазіргідей арнайы дайын сусын мен тағамдар шықпаған кезде, ата-аналар балаларын осы сусынмен тамақтандырған. Бүгінде жиі айтылатын «бұрынғының балалары мықты болған» деген сөз осындай табиғи ас-судың арқасы екені жасырын емес. Иә, ертеректе күріш суының арқасында дисбактериоз, гепатит сынды аурулар өте сирек кездесетін болған. Ол өте қарапайым әдіспен дайындалады: аз мөлшердегі күрішті суға салып қайнатыңыз. Бір стакан суға бір ас қасық күріш жеткілікті. Күріш жартылай піскен шақта су түсі өзгереді. Онымен күніне екі рет бетіңізді жуыңыз. Бір аптаның ішінде оң нәтижесі байқала бастайды. Ал күрішті суға қайнатып, оған айран қосып ішсе, асқазан-ішекті тазартып, ағзаны, теріні жасартатын дайын детокс дей беріңіз. Үш немесе бес күнге созылған осындай диета ұстансаңыз жасушалар да жаңарып, ағзаға жиналған тұздан арыласыз. Бұл «диетаның» ерекшелігі – күріш+айран ботқасын қалауыңызша жей беруіңізге болады. Айтпақшы, күріш қайнатылған суды жиірек ішу бауырды сауықтырады.
АСКӨКТІҢ АЙТЫЛА БЕРМЕЙТІН ТӨРТ МАҢЫЗДЫ КӨМЕГІ Аскөк тамырларға түсетін салмақты реттейді: артериалдық және көзішілік қысымды түсіруге, азайтуға өте жақсы әсер етеді. Ми тамырларының атеросклерозы, тамыр тарылуынан болатын үздіксіз бас ауруын басуда да жәрдемі көп. Ол үшін аскөкті жиі жеп жүрсеңіз болғаны. Азырақ мөлшеріне қайнап тұрған су құйып, 10 минут тұндырып, таңертең және кешке жарты стаканнан ішіп жүрсе де болады. Аскөк ұрығын бүйрек және өт жолы ауруларын емдеуге қолдануға болады. Ем үшін 1 ас қасық аскөк ұрығын ұнтақтап, үстіне 1 стакан қайнаған су құяды. Оны 10-15 минут тұндырып, сүзіп алу керек. Күніне 4-5 рет, 2 ас қасықтан 20 күн ішеді. Жылына 5-6 рет жасап жүрсеңіз, өт толуы зардабынан құтылып, бауырды тазалайсыз. Жүректің стенокардия дерті асқынбау үшін де аскөк ұрығының тұнбасын қолдануға болады: 1 шай қасығын ұнтақтап, үстіне 300 мл. қайнаған су құяды. Оны 1 сағат тұндырып, сүзіп алады. Күніне 3 рет, 0,5 – 1 стаканнан ішеді. Бронхиалды астманы асқындырмау үшін, жиі қайталанған цистит кезінде да аскөктен тұнба әзірлеген дұрыс: 2 ас қасық ұрығына 400 мл. қайнаған су құйып, жарты сағат тұндырасыз. Оны күніне 3 рет, 100 мл. шамасында, 15 күн ішу керек. Мұны дәрігерлер тағайындаған негізгі емді үзбей, қатар қолдануға болады.
ҚҰММЕН ЕМДЕЛУ ҚАҚСАҒАНДЫ ҚОЙДЫРАДЫ Әжемнің өзінің емделетін тәсілдері бар. Ауламыздың күн сәулесі молынан түсетін жерінде үйме болып құм жататын. Кешкісін күн көзі қайтып, көлеңке түскеннен сол жерде әжем аяғын құмға көміп отыратын. Бізге: «Құмда көбірек отырыңдар, қыста ауырмайсыңдар», – деуші еді. Ол кісінің құмда көп отыру інінің сырын кейін білдік. Әжемнің белі, аяғы, буын-буыны сырқырап ауырады екен. Соған қарсы әжем ыстық құмда отырғанды дұрыс санаған. Кейде жылы суға мол етіп тұз салдырып, тұз суға түсетін. Бұл суықтап ауырғанға қарсы істейтін амалы еді. Кішкентай сіңлімді босанып келгеннен кейін анамның аузы бір жағына қарай қисайып ауырып қалды. Сонда әжем тауық сойып, анамды қандады. Бір жетіге дейін орнынан тұрғызбай, терлетіп күтті. Кейін анамның қисайған аузы орнына келіп, жақсы болып кетті. Дәрігерлер анамның жүйке жүйесіне суық тигеннен бетінің қисайғанын айтқан екен. Оны әжем осылай өзінің білетін ем-домдарын жасап жүріп-ақ жазып алды.
ТОНЗИЛИТТІ ТЕЗ ЖЕҢЕТІН ТӘСІЛ 1. Күніне бірнеше рет тамақты 3-5 минут алма сірке суымен шайыңыз (0,5 стакан жылы суға 1 ас қасық 6% сірке суы). Ұйықтар алдында соңғы шаюды жасаңыз. Әр шаюдан кейін 2-3 ас қасық осы қоспа ішу керек. 2. Лимон шырынын балмен тең мөлшерде араластырыңыз, осы қоспамен бірнеше минут тамақты шайыңыз, содан кейін жұтып қойыңыз. 3. Қантты аз мөлшердегі суда ерітіңіз. Ол қою сироп болуы тиіс. Күніне бірнеше рет тамақты осы тәтті сусынмен шаяды. 4. 1 стакан қайнаған суға 1 ас қасық түймедақ (ромашка) қосып, 5 минут тұндырады. Онымен күніне бірнеше рет тамақты шаю керек. 5. Тамақ шаюды ұнатпайтындарға арналған кеңес – стаканды үгітілген шикі қызылшамен толтырыңыз, оған 1 ас қасық 6%-дық сірке суы қосады. Мұны 1 сағат тұндырып, сүзіп, аз-аздан жұта отырып ішеді. 6. 1 ас қасық сары майды бірдей мөлшерде балмен араластырыңыз. Оған бір шымшым ас содасын қосып, қоспаны көбік пайда болғанша қыздырыңыз. Бұл көбікті жылы түрде ішу керек. 7. Прополистің спирттік тұнбасы өте тез әер етеді. Ол үшін 10 грамм ұсақталған прополиске 100 мл. 70% спирт құйыңыз. Бөлме температурасында бір күн сақтайды. Мезгіл-мезгіл шайқап тұру керек. Содан кейін дәкені қабаттап, сүзіп алады да, алынған сығындының 2 шай қасығын 0,5 стакан жылы суға қосып, тамақты шаяды. 8. Үлкендігі бұршақтай прополисті екі ұртқа кезек-кезек ауыстыра отырып, таусылғанша сорып жүру керек.
СІЗГЕ ҚАНДАЙ ВИТАМИН ЖЕТІСПЕЙДІ? Кейде адамның бірнеше уақыт бойы мазасыз күйге түсетіні бар. Ондайда адам қалжырап, тез шаршағыш болады, ұйықтай бергісі келеді, тіпті басы айналуы да мүмкін. Мұндай жағдай әсіресе қазіргідей көктем уақытында жиі кездеседі. Мамандар мұндай мазасыздықтың себебін ағзада витамин жетіспеушілігінен болатынын айтады. Ал ағзада қай витаминнің жетіспейтінін қалай білуге болады? А витамині жетіспегенде тері құрғап, түрлі қабынулар пайда болады. Тамаққа тәбетіңіз болмай, түнге қарай көздің көруі нашарлайды және түйіліп ауыратын болады. Бұл сіздің тамақ рационыңызда майдың аз болуының белгісі. Артық салмақтан арылу үшін қатаң диета ұстаған адамдарда көбіне витаминнің осы түрі жетіспейді. Себебі диета кезінде адамдар А витамині мен майларды жеуден бас тартады. Ал бұл витаминнің ағзаға майсыз сіңуі мүмкін емес. Мұндай жағдайда көкөністер мен ірімшік қосылған омлет жеген пайдалы. Оның қуаты аз, бірақ май жеткілікті. Сондай-ақ А витамині бауырда, сары майда, жұмыртқаның сарысында, қаймақта, балық майында болады. Ағзада витаминдердің В топтары жетіспегенде аяғыңыз әлсірейді, есте сақтау қабілетіңіз нашарлайды, аяғыңыз бен қолдарыңыз жиі жансызданатын болады, жүрек шаншиды. Мұның бәрі В1-витаминінің жетіспегеннен болады. Ал В2 – рибофлавин жетіспегенде тері кедір-бұдырлы болып, безеу, ұшық, сыздауық сияқты жаралар жиі шығады, шаштың өңі кетіп, түсе бастайды. Жаныңыз күйзеліске түсіп, шаршау байқалса, жиі тұмаурататын болсаңыз, ағзаңызда ВЗ немесе РР никотин қышқылы жетіспейтіні анық. Ұйқышылдық басса, басыңыз айналса, терінің құрғауы, шаштың түсуі В6-пиридоксин жетіспейді деп біле беріңіз. В9 – фолий қышқылы жетіспегенде тістің еті жиі қанайды, асқазан-ішек жолдары қабынады. Сондай-ақ аз уақытта жүдеу мен терінің түсі сарғыш тартуы да витаминнің осы түрінің жетіспеуінен болады. Қан құрамындағы эритроциттердің төмен түссе, анемия, тілдің дәм сезуі нашарласа, көп шаршайтын болсаңыз, сонымен қатар ауа райы өзгергенде басыңыз ауыратын болса, денеңізде құмырсқа жүргендей сезінсеңіз сізге В12 – цианокобаламин жетіспейді. В витаминдер тобының жетіспеушілігі ағзаның жасушаларындағы азықтың жетіспеуінен болады. Оның соңы ішек жұмыстарының бұзылуына әкеліп соғады. Бұл топтағы витаминдер ішекте сіңетіндіктен ішектегі кез-келген проблемалар ағзадағы осы витаминдердің жетіспеуіне әкеліп соғады. Одан арылу үшін сіздің азығыңызда жануарлардан алынатын өнімдер көп болуы керек, мысалы, жұмыртқа, бауыр, жүрек, сүт. Сол секілді В витаминдер тобын сәбіз бен капустадан және жасыл бұрыштан іздеуге болады. Егер сіздің ағзаңыздың инфекцияға қарсы тұру қабілеті төмендесе, сәл суыққа тоңғыш болсаңыз, ұйқыңыз бұзылса, ойыңызды жинақтай алмайтын болсаңыз, кейде тісіңіздің еті қанайтын болса, күндегідей тамақтанып жүргеніңізбен толып кетсеңіз, онда сізге С витамині, яғни аскорбин қышқылы жетіспейді. Адам бойындағы жағымсыз әрекеттердің барлығы (жұмыстан қатты шаршау, түнгі ұйқының бұзылуы, тағы басқа) ағзада С витаминінің таусылуына әкеліп соғады. Никотин мен алкоголь де С витаминінің азаюына әкеліп соғады. Оның орнын толтыру үшін киви жеңіз. Екі орташа кивидің тұқымы бір күндік С витаминін береді. Егер цитрусты жемістерге аллергия болмаса, оларды көбірек пайдалану керек. Көзіңіз талып, көруі нашарласа, тіс эмалінде жарықтар пайда болса, жиі ашуланатын болсаңыз, буын-буыныңыз қақсаса, бұлшық етіңіздегі әлсіздікті сезінсеңіз, онда сізге Д витамині жетіспейді. Оған қыстың қысқа күнінде ағзаға керекті ультракүлгін сәулесін жеткілікті түрде ала алмайтынымыз себеп. Ал Д витамині жетіспегенде кальцийдің ағзаға сіңуі нашарлайды. Соның салдарынан Д витамині жетіспегенде сүйек жіңішкеріп, шаш жиі түсіп, тырнақ сынғыш болады. Егер күн көзіне шығуға мүмкіндік болмаса, терезенің алдында күн сәулесі түсетін орында отырыңыз. Жаздың күндері қауіпсіздік ережелерін сақтап күнге қыздырынып қоюға да болады. Ағзада Д витамині жеткілікті болсын десеңіз, аптасына екі рет бір порция (100 грамм) арқан балық (лосось) жеп тұрыңыз. Басыңыз қатты ауырып, тек дәрі ішкенде ғана басылатын болса, аяғыңыздың сіңірі тартылып ауырса, ызақор болсаңыз, тері босаңсыса, аяғыңыз бен қолыңызда қара дақтар байқасаңыз, жыныс мүшелеріңіз, бұлшық етіңіздің әлсіреуі, ұмытшақтық Е витаминінің жетіспеушілігінен болады. Антиоксидант ретінде Е витамині жасушаларды зақымданудан қорғайды. Сөйтіп біздің ағзамызды тез қартаюдан қорғайды. Е витамині қанның ұюынан сақтайды. Одан бөлек витаминнің бұл түрі көптеген тері ауруларын емдегенде өте пайдалы. Бір күнге керекті Е витаминін 1 ас қасық тұшымаған күнбағыс майынан да алуға болады. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 191 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |