15/06/2021, 12:25 | |
КҮНБАҒЫС МАЙЫ Көпшілігіміз күнделікті ас-ауқатқа қолданатын күнбағыс майын дұрыс қолданса, емдік әсері дәрі-дәрмектен кем түспейді деседі. Бір жақсысы, ол қолжетімді, әрбір үйден табылатыны анық. Сондықтан керек кезде қолдануға тиімді мына рецептерді ұсынуды жөн көрдік: Күнбағыс майын аяқтағы мүйізгекті (мозоль) кетіруге қолдануға болады. Ол үшін 7-10 күн бойы жатарда аяқты жылы сумен жуып, күнбағыс майын сіңдіре жағып, уқалайсыз. 3-4 күні-ақ мүйізгектің жойыла бастағаны байқалуы тиіс. Жоғарғы тыныс жолдарының қабынуында майды аздап жылытып, оған дәкені батырып, компресс жасайсыз. Сыртынан полиэтилен пакетпен және жылы орамалмен орап тастау керек. Компресті май суығанша ұстайсыз. :Денедегі терең жараны жылы сумен жуып, күнбағыс майы сіңдірілген дәкемен орап қойыңыз. Май жараға сіңуі тиіс. 3-4 күннен кейін жараның беті тегістеле бастайды. Іріңді гайморит кезінде 1 ас қасық күнбағыс майын ауызға салып, оны кәмпит тәрізді сору керек. 10-15 минуттан кейін ол ауыз қуысында қоюлана бастайды. Сосын қайтадан сұйылады. Осы кезде түкіріп тастайсыз. Таңертең ашқарынға және кешке жатарда қайталай жүрсеңіз көп ұзамай шипасын сезінесіз. Тырнақтың сынғыштығы кезінде аптасына 2 рет жылытылған майға саусақтарды батырып отырсаңыз әсері жақсы. Ол тырнақты қатайтып, бекіте түседі. Жатыр мойны эрозиясында түймедақ, қалампыр шөптерінен азырақ майға араластырып, су моншасында жарты сағат бұқтырасыз. Оны бірнеше қабатталған дәкемен сүзіп алып, тампон қойса тез жазылады. Халық емінде күнбағыс майының осындай көмегі бар. Оның тазартылған түрін холецистит, холангит, өт айдауда қолданса да болады екен. Бірақ, әрине, мөлшері мен қолдану тәсілін білген жөн және бұл жағдайда дәрігермен кеңесу керек екені түсінікті.
«ПИЯЗ СОРПАСЫНЫҢ» КЕРЕМЕТІ Жас кезде көбіміз денсаулық туралы онша ойлана бермейміз де, кейін басымызға түскен соң түрлі ем тәсілдерін жинақтап жүретініміз рас. Менің де керек болар деп түртіп алып жүрген «киіз кітабым» бар. Соның ішіндегі өзім «пияз сорпасы» деп атайтын мына бір ем көңіліме қонымды болып тұр. Екі кило пиязды қабығынан аршып, ұсақ етіп турайды. Оны екі кило шекермен араластыру керек. Сосын ыңғайлы ыдыс – мейлінше эмаль кастрюльге салып, баяу отқа қояды. Асты күйіп кетпес үшін жиі қозғап тұрған дұрыс. Шекер толық еріп, пиязбен араласқанда 2-2,5 литр «сорпа» шығады. Оны шағын шыны ыдыстарға бөліп құйып қойған жақсы. Салқын, қараңғы жерде сақтаңыз. Тоңазытқышқа салуға да болады. Бұл үш апта – 21 күндік бір емдік курсқа жететін мөлшер. «Пияз сорпасын» күніне 3 рет, 1 ас қасықтан ішеді де, артынша жарты стакан жылы су ішіп жіберген жөн. Бұл күндері мейлінше сұйық ас, суды жиірек ішіп жүргені дұрыс. Бүйрегінде, несеп жолында құм, тұз бар адамдар, 2-5 күн аралығында зәрмен бірге тұздың еріп, майда құм мен ұсақ тастардың түсе бастағанын байқайды. Бала күнімізде ағаш басына шығып алып, көк өрік пен алманы тұзға батырып жеуші едік қой. Сіріңкенің қорабына тұз салып алып, тіліміз ойылғанша, қарнымыз тойғанша, естеріңізде ме? Оның бәрі ізсіз кетпейді екен, есейе келе бүйрек сыздап, пиелонефрит деген диагноз қойды. Жылына 2-3 рет ем алып жүрсем де бүйректің сыздап, мазаны алатыны бар. Тұз жиналған. Осы тұз ғой біртіндеп бірігіп, қатайып, тасқа айналатын. Жағдайды оған жеткізгім келмеді. Ауру жаныма батқан күні ем іздедім. Қай амалдың да оңай, жеңіл болғаны жақсы ғой. «Пияз сорпасы» соған сай келе қалды. Нәтижесі көңілімнен шықты. Ірі тас болса, орнынан қозғап, қатер төндіреді дейтіндей емес екен, тұз бен құмды шығарады.
ЖАЗДА ЖИІРЕК ЖАЛАҢАЯҚ ЖҮРГЕН ЖАҚСЫ Жаздың әр мезгілінің ағзаға өзіндік әсері бар. Оны дер кезінде әрі дұрыс пайдалансаңыз, денсаулыққа тегін ем алғанмен тең боласыз. Мысалы, жазда күн қатты ысымай тұрған таңғы уақытта, кешке бір ауық серуендеп тұрған жақсы. Ал табиғат аясына шығып тынығуға мүмкіндік туып жатса, онда тіпті де тамаша. Жаз ауасын денсаулыққа тиімді пайдаланып қалу үшін мынадай жайларды есте ұстай жүріңіз: Күнделікті бір ауық жаяу жүріп тұрыңыз. Тез жүріп, терең демалған дұрыс. Осылайша 10 минут жүргеннің өзі ағзаны көңілдендіріп, қуатын арттырады. Велосипед айдаған да пайдалы. Таза ауада ағзаға қажетті мөлшерде түскен салмақ қанға оттегінің молынан жетуіне жол ашады, аяқ бұлшық еттерін қуаттандырады. Бір мезгіл жүгіріп тұрыңыз, ол тыныс алу жүйесінің жұмысын жақсартады, жүректі күшейтеді, стресске ұрынудың алдын алады. Жазда шөп, құм, тас үстімен жалаңаяқ жүрген де пайдалы. Мұны табанға жасалған нүктелік массаж деп қабылдауға болады, ол өмірлік қуаттың артуына жағдай жасайды. Таза ауада ашық су көздеріне шомылу, суды кешіп жүру де ағзаны шынықтырады, қан айналымын жақсартады. (Аз-аздап жүзу, суда жүру, ойын ойнау). Саялы, орман-тоғайлы жердің ауасы тыныс алуды реттейтін, қан құрамындағы гемоглобинді көбейтетін, мидыцң жұмысын жақсартатын, иммунитетті көтеретін қасиетке ие. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 170 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |