Халық емі
13/07/2020, 12:10

ВИРУС

Вирус қанша градуста өледі?

«Күн ысыса вирус өледі». Кім айтқаны, қайдан тарағаны белгісіз осы сөз құлаққа жетісімен жұрт жазды асыға күтті. Күн қызуы вирусты жойып жібереді деген үміт бар жұртта. Расында солай ма? Covid-19 қанша градуста өледі өзі? Біз осы сұрақтың жауабын іздеп көрген едік. Әлемді пандемия жариялауға дейін жеткізген коронавирус күші жазда шынымен әлсірейтін сияқты. Зерттеулер оның да басқа вирустар сияқты күннің тікелей түсетін сәулесінде жойылатынын көрсеткен.

Жалпы, вирустардың өршуі мен әлсіреуі ауа температурасына тікелей байланысты. Коронавирустың тез таралуы үшін, мысалы, Цельсия бағаны бойынша ылғалды ауа райындағы +4 градус қолайлы саналады екен. Мұндай кезде микроағза өміршең келеді, адамнан адамға өте тез беріледі және қандай да бір зат үстінде тұрақтап, сақталу уақыты мейілінше ұзара түседі. Ал күн жылынса олардың белсенділігі төмендейді деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Мысалы, бөлме температурасы саналатын +22 градуста вирус шамамен бір аптадай тірі болады. Ал күн ысыған сайын, әсіресе ауа температурасы +30-37 градусқа жеткенде миллиондарды әуреге салған микроағза көлеңке жердің өзінде ары кетсе 1-2 күн ғана өмір сүреді. Тірі тұрғанының өзі қазіргідей аса қауіпті бола қоймайды, өйткені белсенді емес, шалажансар.

Дегенмен вирус жазда толық жойыла қоймайды. Өйткені оны «өлтіру» үшін одан да жоғары температура керек. Гонконг ғалымдары зерттеу нәтижелерінен кейін вирустың +56 градус қызуға 30 минут қана шыдайтынына көз жеткізіпті деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Ал +70 градуста ол 5 минут қана тірі тұра алады. Бірақ бұл жабық, желдетілмейтін ортадағы жағдай. Ал ашық ауада, әрине, вирустың өміршеңдігі арта бермек. Сондықтан үнемі маска тағып жүру мен жаныңыздан антисептик тастамай, қолды әлсін-әлсін залалсыздандырып тұру мәселесі әлі де маңызды. Күніне кемі екі рет дәрілеп тұруға тиіс нәрсенің бірі – көлік. Вирустың қатты зат бетінде бірнеше күн сақталатынын айттық. Мұндай қауіпке автомобиль де жатады. Оның іші-сыртын сәт сайын толық залалсыздандырып отыру оңай шаруа емес: уақыт көп кетеді, әрі шығыны көптеу. Ал вирус дегеніңіз қарап жатпайды. Не істеу керек?

Көлікті күн астында қалдырыңыз! Ауа температурасы +30 градус болған жағдайда күн астында тұрған көлік сырты едуір ысиды. Қара көлік сырты, мәселен, +72, ал ақ көліктің сырты +55 градусқа дейін ыстық болады. Сәйкесінше, салон да ыстық болатыны белгілі. Ол +45 (ақ түсті көлік), тіпті +65 (қара түстісі) градусқа дейін қызады. Ендігі сізге қалатыны көліктің ұстағышы, сыртқы есігі мен салонға антисептик сеуіп шығу. Күннің тіке түскен сәулесі астында қызып, вирусты әбден әлсіреткен көлік ішін салқын суға малынған шүберекпен сүрте көрмеңіз. Ол жауға жан бітіргенмен тең нәрсе. Адамзатты әбігерге түсірген вирустың ыстыққа төзімсіз екені рас. Бұл анықталған және дәлелденген нәрсе. Бірақ бұл вирус түбегейлі жоқ болып кетеді деген сөз емес. Сондықтан «Вирус ыстықта өледі екен» деп жайбарақат жүрмей, жазда да одан барынша сақтана жүргейсіз.  

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 210 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: