Халық емі
21/01/2025, 10:45

ЖҮРЕК ТҰСЫ ШАНШУЫН БАСАДЫ

Жарты кило лимонды қабығын, дәнімен қоса үккіштен өткізіп, тура осынша мөлшердегі балмен араластырыңыз. Оған өрік дәнінің 20 данасын ұнтақтап қосады. Таусылғанша таңертең ашқарынға және кешке ұйқы алдында 1 ас қасықтан қабылдайды. Емді 1 айдан кейін қайталауға болады.        

 

ҚАН ТАЗАРТА АЛАМЫЗ БА?

Адам ағзасының тін аралығындағы қоректер, түссіз сұйық зат (лимфа) қатарындағы пайдалы сұйықтықтың бірі – қан. Оның негізгі атқаратын қызметі – тыныс жүйесі, ас қорыту және ағзадан бөліп шығару. Қан айналымының араласуы ағзада зат алмасуға және бірқалыпты дене температурасының сақталуына көмектеседі. Уытты заттарды бейтараптандырады. Ең тиімді жол – қанның қалыпты қызмет жасауы үшін оны әлсін-әлсін тазалап отыру. Ол үшін түрлі емдік шөптерден жасалған шай ішіп отырса болғаны.

#Бақбақ шайы: 1 стакан қайнаған суға 1 ас қасық ұнтақталған бақбақ тамырын салып, термоста 1 сағаттай бұқтырып алады. Осы тұнбаны күніне тамақ алдында 1/3 стакан 30-40 минут бұрын ішкен жөн.

#Мыңжапырақ шайы: 1 стакан қайнаған суға 1 ас қасық ұнтақталған шөп салып, 1 сағаттай жылы жауып бұқтырып алып, сүзілген тұнбаны күніне 1 стаканнан 3-4 рет тамақтан жарты сағат бұрын қабылдайды.

#Жусан шайы: 1 стакан қайнаған суға ұнтақталған жусан шөбінен бір шымшымдай қосып, 10 секундтай бұқтырып, суыған тұнбаны асықпай бір жұтымдап ішу керек.

#Қалақай шайы: Бұл қан тазартуға өте пайдалы шөп. Қалақай негізінен ас қорыту, бүйрек пен қуық жолдарының жұмысын жақсартады, ағзаны жетіспеген витамин, минералды заттармен жабдықтайды. Қанды қалақай шайымен тазартуды айдың соңында бастап, екінші айдың басында аяқтаған жөн. Одан соң екі жұма демалып, екінші ем кезеңін келесі толық аймен ай біткенше қатар бастау керек. Дені сау адамға (14 күндік) екі реттік ем кезеңі жетіп жатыр. Ағзаны керексіз заттардан тазартамыз деген адамға емді үш кезеңге ұзартса болғаны. Қалақайды айдың соңында жинаған абзал. Және де жас жапырақтарын ғана пайдалану керек. Жапырақтарды жумай, шаң-тозаңынан тазартып, кептіріп, ұнтақтап алған жөн. Сөйтіп 1 стакан қайнаған суға кептіріп, ұнтақталған қалақай шөбінен 1 ас қасық салып, жарты сағат бұқтырып, сүзіп, шамалы қайнаған су қосып, күніне 3-4 рет қабылдаған дұрыс.

 

СІБІР РЕЦЕПТІМЕН АҒЗАНЫ ТАЗАРТУ

Арша. Арша жидектері (можжевельник) қабынуға қарсы әсерге ие және бұл өсімдік витаминдерге өте бай. Дәрілік қайнатпа жасау үшін 1 ас қасық ұсақталған арша жидегі қажет. Кішірек ыдысқа жидекті салып, үстіне ыстық, бірақ қайнамаған су құямыз. Араластырып, 15 минут көлемінде «су моншасында» қайнатамыз. Дайын болған тұнбаны суытып, сүзіп аласыз. Оны күн сайын тамақтан кейін 1 ас қасықтан 4 рет қабылдайсыз.

Арша жидегін, одан жасалған қайнатпаны жүкті әйелдер мен бала емізетін әйелдерге пайдалануға болмайды.

Түймедақ.Түймедақ (ромашка) цистит кезінде ауру симптомдарын жеңілдетіп, қабынуды азайтады. Түймедақтан тұнба жасау үшін 1 ас қасық кептірілген түймедаққа 500 миллилитр қайнаған су құю қажет. Бұл қоспаны жарты сағат тұндырып, суығаннан кейін сүзгіден өткізеді. Күніне 3-4 рет 1 ас қасықтан қабылдау керек.

Жалбызтікен (алтей) тамыры. Ол тіндерді қайта қалпына келтіретін, қабынуды басатын әсерге ие. Цистит кезінде, несепағар мен қуық ауруларында қабылданады. Жалбызтікен тамырын 2 ас қасық мөлшерінде алып, оған 2 стакан қайнаған су құйып 6-8 сағатқа қалдырады. Тұнбаны күніне 3-4 рет 100 граммнан тамақтанардың алдында ішеді.

Жалбызтікен құрамында полисахаридтердің мол қоры бар, сондықтан қант диабетінен зардап шегетін адамдар бұл жағын да ескеру қажет.

 Дәрілік шөптердің жанама әсерінен сақтану үшін емдеу терапиясын бастамас бұрын, маманмен кеңескен дұрыс.          

 

ҚЫСТА ҚУАТ БЕРЕТІН ТАҒАМДАР

Қыс мезгілінде адамның иммунды жүйесі жаз кезіндегіден осалдау болады.  Оның себебі ағзаның жылу мен артық қуат жұмсауында болса керек. Бұл «шығынның» орнын тағаммен толтыру арқылы ағзаға көмек беру қажет. Мына тағам түрлеріне басымдық беріңіз:

Ашытылған қырыққабат. «Шикі» түріне қарағанда ашытылған қырыққабатта В мен С витаминдері мол. Ол ас қорытуды жақсартуға да оңды әсер етеді.

Итмұрын. Қыстыгүні аса керек С витаминіне ең бай жидек. Ағзаға күнделікті керек фосфор, темір, калий, магний және мысты да итмұрыннан табуға болады.

Қарақат. Оның мұздатылған түрі де, тосап күйінде де өте пайдалы деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті: B, C, E, D, P, K витаминдеріне бай. Ол иммунитетті нығайтады, ағзаның вирусқа қарсы күресуіне көмектеседі.

Цитрустық жемістер (лимон, апельсин, грейпфрут) құрамында аскорбин қышқылы көп. Онда А, В, РР витаминдері, магний, калий, темір, фосфор мен кальций да жеткілікті.

Қымыздық (щавель) пен шпинат мұздатылған күйінде де құрамындағы қасиетін толық сақтайды екен. Ол жоғарыда айтылған витаминдермен қатар, ағзаны қажетті мөлшердегі мыс, цинк пен марганецпен қамтамасыз ете алады.

Болгар бұрышы қан айналымын жақсартып, қан тамырларын нығайтады. Жалпы айтқанда, қан жүйесін жақсартады.

Көк пияз қыс мезгілінде ең пайдалы иммуномодулятор болып табылады.

 

МҮКЖИДЕКТІҢ МЫҢ ЕМІ

Мүкжидектің (клюква) денсаулықты түзеуде, белгілі бір ауруларды жеңуде жәрдемі көп және бұл туралы жиі айтылады. Сондай рецептің бірі мынадай:

♻️Тромбофлебит, гипертония кезінде күніне 3 рет, тамақтан жарты сағат бұрын 2 ас қасық мүкжидек жеңіз.

♻️Қуыққа суық тигенде, несеп қабына тас жиналу кезінде және атеросклероз жағдайында 20 грамм жаңа піскен жидектер мен құрғақ мүкжидек жапырақтарының қоспасына бір стакан қайнаған су құйып, термоста 3-4 сағат тұндырады. Оны тамақтан жарты сағат бұрын, күніне 2-3 рет, жарты стакан мөлшерінде ішу керек.

♻️Цистит жиі мазаласа 2 ас қасық мүкжидек алыңыз деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Оны 1 стакан суда 2 минут қайнатып, сәл салқындаған соң  тамақтан жарты сағат бұрын, күніне 2 рет , жарты стаканнан ішеді. Бұған қалауыңызша бал қосуға болады.

♻️Пародонтоз белгісі байқалғанда  күніне 2-3 рет ұсақталған мүкжидекпен ауыз қуысын уқалай сүртеді.

♻️Варикоз болса, ауырған жерлерді термоста тұндырылған мүкжидек шырынымен сүртеді.

♻️Сепкіл мен пигментті дақтарды кетіру үшін проблемалық аймақтарды күніне 2 рет мүкжидектің жаңа алынған шырынымен сүртеді.

 

ҚАБЫҒЫН ДА ҚАЖЕТКЕ ЖАРАТУҒА БОЛАДЫ

Пияз қабығының көмегімен бірнеше ауруды емдеуге болады екен. Оған мынадай рецепттерді ұсынуға болады:

* Жөтелгенде 2 ас қасық пияз қабығын 2 стакан суға 15 минут қайнатып, сосын сүзіп, жылы күйінде 1/3 стаканнан күніне 3 мезгіл, тамақтан 20 минут бұрын ішу керек деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті.

* Егер ангина көтеріліп, тамағыңыз ауырса 2 ас қасық пияз қабығын 1 стакан ыстық суға салып, 40 минуттен кейін сүзіп, тамағыңызды күніне 3 реттен шайыңыз.

* Тынысыңыз бітіп, тыныс алуыңыз қиындаса, шағын ыдысқа қайнаған су құйып, оның үстіне 3 ас қасық пияз қабығын салып, буымен 5 минут демалыңыз. Емді жатар алдында жасаған тиімді.

Пияз қабығын зиянды микробтарды жойып, қақырақты түсіреді. Зәрдің жүруін тездетеді. Қан тамырларына да пайдасы бар.        

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 26 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: