Халық емі
13/01/2025, 22:07

БҮЙРЕГІҢІЗДІ ТАЗАЛАЙ БІЛІҢІЗ

Бүйрек омыртқаның екі жағына орналасқан дене мүшесі. Оның салмағы 120-200 грамм. Үлкен адамның бүйрегінің ұзындығы – 10-12 см, ал қалыңдығы – 3-4 см келеді. Оң жақтағы бүйрек сол жақтағымен салыстырғанда 2-3 сантиметр төмен орналасқан. Осының салдарынан оң жақтағы бүйректе тас пайда болу қаупі жоғары.

Кез-келген тағамның құрамындағы сұйықтық ас қорыту жүйелері арқылы қан тамыр-ларына беріледі. Ал бүйрек қанмен келген неше түрлі улы заттарды өзінен өткізеді. Әрбір минут сайын оның сүзгісінен 1,2 литр қан өтеді. Яғни сағат сайын 72 литр, ал тәулігіне 1728 литр қан бүйрек арқылы өтеді екен. Бүйрек адам денесіндегі судың көлемін де реттейді, зәр арқылы улы заттарды адам денесінен шығарады.

Әдетте ағзадағы зат алмасу процесінің бұзылуынан бүйректе тас пайда болады. Ол бүйректі зақымдап қана қоймай, басқа дене мүшелеріне де кері әсерін тигізеді. Адам денесіндегі қан бүйрек арқылы сағатына 8-9 рет өтетіндіктен бүкіл денедегі қалдықтар қанмен бірге бүйрекке жетіп, ондағы мөлшерден артық тұздар бүйректің қуысында кідіріп қалады. Бірте-бірте ол тасқа айналып, осы қуысқа, зәр жолдарына немесе қуыққа жиналады.

Халық емі бойынша құм мен тасты мынадай тәсілдермен аластатады:

1. Қарбызды күні бойы жеп, шөлдегенде оның қабығын қайнатып, суын ішу керек. Карын ашқанда қарбызды тек нанмен жеген дұрыс. Қарбыздың қайнатындысын 2 апта бойы ішу керек. Зәр жолдарындағы тастың диаметрі 1 сантиметрден аспаған жағдайда осы тәсіл тиімді.

2. Жүзім жапырағы, лимон шырыны мен жөке (липовый цветок) гүлдерінің қоспа шайы. 1 литр суға осылардың әрқайсысынан 2-3 ас қасық салып, 10-15 минут қайнату керек. Кешкісін 2 стакан қоспаны ішеді. Мұндайда денені жылы ұстаған жөн. Коспа шай бүйрек қуысының қозғалуын жиілетеді де, құм мен тастың зәр жолдарына түсуіне ықпал етеді. Ішу мерзімі – 1 ай.

3. Көкнәр мен сельдерей шырындарының 2 ас қасығын тамақтанардан жарты сағат бұрын күніне үш рет ішу керек. Тағамда жеміс-жидектердің мол болғаны дұрыс.

4. Пияз бен сәбіз шырындарын тамақтан жарты сағат бұрын күніне 3-5 рет, екі апта бойы 3 ас қасықтан ішу керек.

5. Итмұрынның тамыры мен жемісінің қайнатындысы адам денесіндегі тастардың барлық түрлерінің құмға айналуына әсер етеді, бауыр мен жүректің жұмысына да пайдалы. Оны дайындау үшін 1 литр суға 7-8 ас қасығын салып, 15 минут қайнатады. Сосын ас ішер алдында жарты кеседен күніне үш рет, 2 апта бойы үзбей ішу керек.

6. Кешкі астың  алдында 100 грамм коньяк ішіп, әсері білінгеннен кейін 2-3 шақырым жүгіру керек. Ол денені қыздырып, бүйректегі құм мен тасқа әсер етеді. Осы кездерде жоғарыда айтылған екінші және үшінші әдісті қоса пайдалану қажет. Ішу мерзімі – 1 ай.

Мүмкіндік болса, бүйректі тазалау алдында да, одан кейін де УЗИ-ден өтсеңіз, қолданған еміңіз¬дің нә¬тижесіне көз жеткізесіз.       

 

ТАБАН ТЕККЕ МҰЗДАМАЙДЫ

Аяқтың, әсіресе башпайлардың үнемі мұздап, жаурап жүруі тегін емес. Бұл сізде қан айналымының дұрыс емес екенін білдіреді. Сондай-ақ мұның мынадай себептері бар:

☘️ Варикоз. Бұл жағдайда аяқ ұштары үнемі жаурап мұздағаннан басқа, өкшенінің ісінуі, жүрген кезде тізенің ауыруы, тамырлардың түйіліп тұруы байқалады.

☘️ Жүрек жұмысының нашарлауы, бұл кезде өкше ісініп, ентігу пайда болады.

☘️ Қант диабеті. Бұл кезде аяқ терісінің сезімталдығы басқа ағзаларға қарағанда жоғары болады.

☘️ Қалқанша безі жұмысының бұзылуы – оның функциясының нашарлауы. Бұл аяқтың жаурауымен қатар жүрек соққысының баяулауына, аритмия мен температураның түсуіне алып келеді.

☘️ Егер сіз өзіңізден осы симптомдардың ішінен біреуін байқасаңыз, онда тез арада дәрігерге көрінгеніңіз жөн.  Бұл жағдайда мынандай тексерістерден өтуқажет: қан анализі, аяқ тамырларының УЗИ-і, және ЭКГ.

Ем, әрине, диагноз нәтижесіне қарай белгілі болады.

 

КӨК ШАЙДЫҢ ПАЙДАСЫ ҚАНДАЙ?

Көк шай қатерлi iсiк ауруының қаупiн азайтады.

*   *   *

Көк шайдың артрит, яғни буынның шор болып қатып қалуы сияқты ауруларға қарсы емдiк әсерi бар.

*   *   *

АҚШ-тағы арнайы зерттеу көк шайдың көздiң көру қабiлетiн сақтап, Альцгеймер, Паркинсон дерттерiне қарсы әсерлi ем болатынын растаған.

*   *   *

Кейбiр зерттеулер көк шайдың сүйектiң сыну қаупiн азайтып, остеопатияның алдын алатынын көрсеттi.

*   *   *

Иел университетiнiң қан тамыры ауруларының маманы, хирург Сампайо «Көк шай адам клеткасындағы залалды заттарды жояды» деген тұ¬жырымға келген.

*   *   *

Британияның бiрқатар зерттеулерi көк шай iшетiн жастар мен жасөспiрiмдердiң тiс ауруы азайғанын анықтаған.

*   *   *

АҚШ-тың биологиялық университетiнiң ғалымы Джефрей Блумберг «көк шай жүрек-қан тамыры жүйелерi мен қатерлi iсiк талшықтарына жақсы әсерi бар» дептi.

*   *   *

Көк шайды салқын күндерi жиiрек iшу ағзаға тұз, артық май жиналудан сақтайды екен.         

 

ІШКІ АҒЗА КЕСТЕСІНЕ ҚАЙШЫ КЕЛМЕҢІЗ

Адам ағзасы да сағат сияқты, үнемі іс-әрекет үстінде болады. Дегенмен оның сағаттан айырмашылығы – сағат бір қалыпта жұмыс істесе, адам ағзасының әрбір мүшесінің өзіндік ырғағы бар, оның жұмысы тәуліктің белгілі бір бөлігіне, белгілі бір қалыпқа сәйкес жұмыс істейді. Оны ағзаның биологиялық ырғағы деп атайды. Бейнелеп айтқанда, оны ағзаның биологиялық кестесі деуге келеді. Ал ол мынадай:

05.00. Белсенділіктің оянуы. Ағза ақырындап ояна отырып өзінің барлық мүшелерінің жұмысын бастайды.

06.00. Адреналин таралуы байқалады. Бұл кезде қандай адам болса да ұйқыдан оянады.

07.00. Асқазанның белсенді жұмысы. Бұл кезде ішіп-жегеннің бәрі ағзаға жеңіл сіңеді. Тек тамақтың пайдалылығына баса назар аудару керек. Сондай-ақ косметикалық әрекеттер де осы кезде жақсы нәтиже береді.

09.00. Бұл кезде белсенділік төмендей бастайды. Сондықтан күрделі, аса назар аударуды қажет ететін жұмысты қолға алмаған абзал.

10.00. Ой және дене еңбегіне нағыз қолайлы уақыт. Бұл кезде ағзаның барлық мүшелері белсенді әрекетке көшеді.

12.00. Белсенділік төмендейді. Денені сергіту үшін аздап шай ішуге болады.

13.00. Бұл кезде ағза асқазан сөлін көбірек бөледі. Түскі асты осы кезде қабылдаған жөн.

14.00. Бұл адамның нағыз жұмысқа кірісетін уақыты. Өйткені оның жұмысқа қабілеті осы кезде ерекше артады. Ой еңбегіне де, дене еңбегіне де қолайлы мезгіл, жақсы нәтижелер береді. Ас қорыту және ағзаның тазару процестері де осы езде жақсы жүреді.

15.00. Осы кезде несеп жолдарының жұмысы жақсарады, ол сағат 17.00-ге дейін созылады. Егер ағзаны тазартқыңыз келсе, қажетті әдіс-тәсілдерді осы кезде атқарсаңыз болады.

16.00. Физикалық белсенділік күшейеді. Дене еңбегімен, спортпен айналысуға тиімді. Немесе ой-мақсатты «пісіріп» алуға да болады. Дегенмен бұл кезде адамның ақыл-ойы «қалғулы» жағдайда тұрады.

17.00. Бүйрек жұмысының белсенділігі артатын кез. Бүйректер ағзаға түскен барша сұйықты өңдейді, ағзаға қажетті-қажетсіздерін сұрыптайды, улы заттарды тысқа қуады.

18.00. Қан қысымы артатын кезең, себепсіз ашушаңдық пайда болуы мүмкін. Өзіңізді ұстай біліңіз.

19.00. Физикалық белсенділік артады. Спортпен айналысуға қолайлы кезең.

20.00. Ми жұмысы күшейеді.

21.00. Ағза тынығуға әзірлене бастайды, ақырындап «қалғи» бастайды.

23.00. «Сұлулық ұйқысының» мезгілі, нағыз ұйқыға бас қоятын уақыт. Ағзаға аса пайдалы.

24.00. Бұл кезде ағза жасушаларының жаңаруы жылдам жүреді. Сіз ұйықтап жатасыз. Ал таңертең өзіңізді сергек сезініп оянарыңыз анық.

Өйткені сағат 24.00-ден кейін ағзада күні бойғы іс-әрекет кезінде бүлінген нәрселер қайтадан қалпына келеді. Адам толықтай тыныштықты басынан өткереді, ұйқыдан жаңа жұмыс күніне даяр болып оянады.

 

ДӘРІНІҢ ӘСЕРІ ҚАЙ КЕЗДЕ ӘЛСІЗ БОЛАДЫ?

Дәрінің әсері қай кезде әлсіз болады?

Ауырып-сырқағанда адам дәрі-дәрмек ішеді. Бірақ кейде оның пайдасы болмайды. Неге?

⏩1. Бүгінде дәрігерге көрінбей, өз бетінше дәрі алып ішетіндер көп. Негізі дәрі атаулының бәрі дәрігердің тағайындауымен, белгілі тәртіппен қолданылғаны жөн. Себебі кейде бірде пайдасы тиген препараттың екінші мәртеде әсері болмай қалады.

Кейде дәрігердің тағайындаған дәрісі әсер етпейді. Бұл дәрігердің қателік жіберуінен немесе науқастың ауру сипатын дұрыс түсіндірмеуінен орын алуы мүмкін. Ауру белгілерін, өзгерістерін нау¬қас өзі бірінші кезекте сезінеді, сондықтан бәрін дәрігерге артып қоймай, адамның өзі де мұқият болғаны дұрыс.

Дәріні ішпес бұрын оның нұсқамасын мұқият оқып, жанама жағымсыз әсерлері жөнінде біліп алған абзал. Қандай да күдік-күмән туса, тез арада дәрігермен кеңескен дұрыс. Бұл дәрігердің дәріні дұрыс мөлшерлеп беруі үшін керек.

⏩2. Дәріні сауатсыз қолдану да қауіпті. Оның қанға дұрыс сіңірілуіне қабылдау уақытының да қатысы зор. Мысалы, парацетомолды ашқарынға ішкенде жарты сағаттан соң әсер береді, ал оны астан кейін ішсе, екі сағаттан соң әсер етеді.

Жүрек ауруларына арналған препараттарды ашқарынға ішпейді, өйткені оның күшін асқазанның қышқылы бейтараптандыруы мүмкін. Ал кей дәрілер асқазан қышқылымен әсерлесе келе қанға сіңбей қалады. Сондай-ақ тетрациклинді қышқыл сүт өнімдерінен кейін қолдануға болмайды. Кальций препараттарын тек тамақ алдында ғана ішуге болады. Өйткені олар тек майлы қышқылдармен ғана байланысады. Сондықтан ас кезінде ферменттер қабылдаған жақсы. Ал ацетилсалицилл қышқылын ашқарынға ішуге болмайды.

Егер дәріні ашарынға ішу керек болса, оны таңертеңгілік астан жарты сағат бұрын қабылдау керек. Ал тіл астына қоюға арналған дәрілерді кез келген уақытта қолдануға болады. Өйткені олар бауыр мен асқазанға соқпай, қан арқылы-ақ ағзаға сіңеді.

Сондай-ақ науқас бірнеше дәрі қабылдайтын болса, олардың өзара үйлесіміне де мән беруі керек. Қателік кетсе, жағымсыз әсері тиюі мүмкін.

⏩3. Жалған дәрілерден де абай болған дұрыс. Олар оң әсер бермесе қорқыныш жоқ, ал жақпай қалатын болса қиын. Ал мұндай дәрілерді қалай тануға болады?

⏩- Дәрінің парақшасына қараңыз, онда жағымды-жағымсыз әсерлері туралы жазылады. Дәріханада сертификатын сұрап, түбіртек алу керек, түпнұсқамада нұсқама қағазы «гармонь» сияқты шиыршықталып, қорап сыртына ораулы тұрады.

⏩- Дәрінің түсіне қараңыз, оның қандай екені нұсқамада жазылады. Онда сондай-ақ қолданылу мөлшері, иісі, тағы басқа да ерекшеліктері жөнінде көрсетіледі.

⏩- Сақталу мерзімін тексеріңіз. Ол қорапта және дәрі түйірлерінде жазулы болады.

⏩- Препаратты сақтау тәртібін қараңыз. Кей дәрілер қараңғы жерде сақталуы тиіс. Мерзімі өткен дәріні қолдануға болмайды, зияны тиюі мүмкін.

...Міне, дәрі қолданғанда осы мәселелерге мән берген жөн. Әйтпесе дәрінің пайдасынан гөрі зияны тиюі әбден мүмкін.

 

ЖӨТЕЛДІ ТҰЗБЕН ЕМДЕУГЕ БОЛАДЫ

Кейде адамның даусы шықпай немесе қырылдап қалатын кездері болады. Сол кезде төмендегідей ем жасаса, дауыс өз қалпына келеді:

☘️Жатар уақытта 100 грамм жылы су және 1 ас қасық таза бал, 1 ас қасық тамаққа қосатын сұйық май ішіп жату керек. Бұдан кейін таңға дейін су немесе басқа нәрсе ішуге болмайды. Осылайша тамағыңыз жазылғанша қайталаңыз.

☘️Жөтел пайда бола бастаған жағдайда 150 миллилитр суға 1 ас қасық уатылған бүрген (калина) салып, 5 минут қайнату керек. Оны дәкемен сүзіп, 1 шай қасық бал қосып, жақсылап араластырады. Салқындағаннан кейін астан 30 минут бұрын пайдаланады.

☘️Сондай-ақ жөтелге тұз бен ас содасының қоспасы да пайдалы. 100 миллилитр қайнатылған жылы суға 1 шай қасық ас тұзы және осынша мөлшерде ас содасын салып араластырып, күнде ертеңгілік астан 30 минут бұрын ішсе, жөтел тез жазылады.

☘️Жөтелді лимонмен де емдеуге болады. Ол әсіресе жас балаларға тиімді. Оны былай әзірлейді: 2 бас лимонды шанышқымен тесіп, қайнап жатқан суға 5 минут салып алыңыз, салқындағаннан кейін шырынсыққыштан өтккізіп, 200 граммдық банкаға шырынын жинау керек. Сосын 25 миллилитр дәріханалық глицерин қосып, қалған жерге толғанша бал құйып, жақсылап араластырады. Бұл қоспаны тамақтан 20 минут бұрын 1 шай қасықтан ішеді..        

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 11 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: