Халық емі
17/12/2024, 11:48

БАС АУРУЫНЫҢ БІРНЕШЕ СЕБЕБІ

Бүгінде басы ауырмайтын адам сирек. Оған түрлі жайлар себеп болып жатады. Дегнемен кейде бас ауруының туындап, мазаны алуына адамның өзі де себепкер болып жатады. Біз солардың үшеуі туралы айтпақпыз. Өйткені қазіргі адамдар арасында ол аса жиі кездеседі екен.

Бұлардың біріншісі қалта телефонын пайдалануға қатысты. Яғни телефонмен көп сөйлесу бас ауруын туындатады. Әсіресе оны иық пен құлақ арасына қыстырып, қолмен бірдеңелер істеп (жазып, қамыр илеп, т.б.) істеп тұрғанда омыртқааралық буындар қысылып, жүйке талшықтарына кедергі келтіреді. Мойын омыртқа аумағынан шығатын жүйке талшықтары ширығып, бас пен мойын бұлшық еттерін ширықтырады. Осыдан ба спен қол аумағы, бұлшық еттерде ауырсыну пайда болып, одан созылмалы бас ауруы пайда болады.

Бас ауруы туындауының тағы бір негізгі себебі – ағзада судың жетіспеуі. Адам  іс-әрекетер, терлеу барысында көп су жоғалтады. Оның орны дер кезінде толықтырылмаса, артериялық қан қысымы төмендейді, ми ұлпаларындағы электролиттер азайып, одан миға жайсыз әсер барады, бас ауруы күшейеді. Әсіресе жаздағы, ыстық бөлмедегі су жетіспеушілігі жаман, ол тіпті инсультке де ұрындыруы мүмкін.

Мұндай күйге ұрынбас үшін күніне 2 литрге дейін су ішіп тұрған пайдалы.

Бас ауруына сондай-ақ кейбір азықтарды жиі қолдану да себеп. Мысалы, шоколад, шарап, өңделген ет, ескірген ірімшікті көп ішіп-жейтіндерде бас ауруы жиілейді. Өйткені олардың құрамында жүйкені қысатын заттар бар, солардың себебінен бас ауырады. Егер басыңыз осылардың себебінен ауыратынына көз жеткізген жағдайда оларды пайдалануды доғару керек.     

 

ТҰМАУДАН ТҰРАЛАТПАСЫН ДЕСЕҢІЗ...

Қазір көпшілік тұмауратпаудың амалдарын қарастыра бастайды. Дәрігерлердің бұл дертке қарсы бетперде киіп, сықпа май қолдануды ұсынатынын білеміз. Оған қоса мына амалдарды да жасап көргейсіз, мамандар оның тұмаудан сақтануға көмегі көп дейді.

Үйдегі немесе жұмыс бөлмеңіздегі терезе алдына, есік тұтқаларына, үстел жанына лимон, эвкалипт, лаванда, зығыр майларын жағып қою инфекцияны Сізден аулақ етеді.

Күнде таңертең құлақтың сырғалығын салқын сумен ысқылап, екі минут массаж жасап, уқалаңыз. Ол мұрынға «оксолин» майын жағып қойғанмен тең.

Таза шүберекке лаванда майынан 8-10 тамшы тамызып, оны балалар бөлмесіндегі жылу батареясына жарты сағатқа қойып қойсаңыз, иісі бу арқылы бүкіл бөлмені «аралап», инфекцияны өзі-ақ өлтіреді.

Тұмау жұқтырған адаммен амандасып, сөйлесе қалсаңыз дереу мұрныңыз бен тамағыңызды кәдімгі ас содасы мен 3 тамшысы қосылған бір стакан суға шайыңыз. Ол тұмау вирусын 80 пайызға жоя алады.

Үйден шығарда мойныңызға былғары немесе матадан тігілген тұмарша тағып алыңыз. Оған бір-екі тамшы эфир майын тамызып қойсаңыз тұмау вирусы сізден аулақ жүреді.

Күз басталғаннан пияз бен сарымсақты жиірек қолдануға тырысыңыз. Шикі пиязды майдалап турап, дәл сонша мөлшердегі қаймақпен араластырып жеу тамақтың суықтап, мұрыннан су ағуды ғана емес, көздің жасаурауын да болдырмайды.

Түймедақ, шалфей, шайқурай (зверобой) сынды қабынуға қарсы әсері бар дәрілік шөптер тұнбасын ішу, онымен ауыз бен мұрын қуысын шаю да жақсы көмектеседі.

Пияздың жағымсыз иісі шықпасын десеңіз ірі бір данасын бірнеше бөлікке бөліп, шырыны кеуіп кетпей тұрғанда ауызға жақындатып, терең тыныс алу керек. Бөлмеге бір пиязды екіге бөліп, қойып қойған да көмектеседі.

Бір уақыт таза ауада серуендеп, кең де терең тыныс алыңыз. Бұл кезде басыңыз бен табаныңыздың жылы болғаны жөн.

Егер тамағыңыз жыбырлай бастаса самайларыңызға лимон кесіп қойыңыз да, шырыны кеуіп кеткенше екі бетіне кезек аударып тұрыңыз.¬

Тәбетіңіз болмаса да таңғы асқа жылы сүт немесе лимон қосыл¬ған шай ішкен жөн.Чикаго ғалымдары бұл амалдар тұмауға қарсы жақсы көмектесетінін дәлелдеген.

 

САМЫРСЫН МАЙЫ

талай сырқатқа дәру бола алады

Самырсын (пихта) эфир майының шипасы керемет. Дұрыс қолдана білсеңіз, ол көптеген химиялық дәріні алмастыра алады. Оны тұрмыста, косметология мен медициналық мақсатта да қолдануға болады. Соның бірқатарына тоқталайық.

Суықтан болған сырқат кезінде 50 миллиграмм самырсын майын қосып, 15 минут жылы ванна қабылдау тез жазылуға көмектеседі.

Шылапшындағы жылы суға 20 миллиграмм самырсын майын қосып, қол мен аяқты 5-10 минут салып отырудың да көмегі зор.

Ішкі ағза мүшелерінің, ішектердің, асқазан жұмысын жақсарту мақсатында, бас ауруы, сақинасында 1 стакан жеміс шырынына (цитрустық жемістер болмасын) 1 шай қасық бал мен осынша самырсын майын қосып, күніне 2 рет астан бұрын ішу керек.

Аяқ-қол, буындар қақсағанда  оны кез келген қабынуды қуатын өсімдік шайына 6 тамшы қосып ішуге болады.

Тамақ ауырғанда,тыныс алу жолдары қабынғанда жақса жақсы көмектеседі.  Тап осылай урологиялық және гинекологиялық мақсатта қолдануға жарайды. Мұрын айналасына жағып қоюға да болады.

Тері аурулары. Бөрту, сүйел, теміреткі, жарақат, көгеру, жазылмай жүрген жара болса, күніне бірнеше рет жұқа қабатпен жағып қойыңыз. Сүйелшөп (чистотел) сығындысының 20 миллиграмына осынша мөлшерде араластырып, жарақатты, сүйел мен теміреткіні сүртуге де болады.

Дерматоз болса самырсын майы мен прополис тұнбасының әрқайсысынан 20 миилиграммды араластырып, күніне 1 рет жұқалап сүртесіз.

Бірақ самырсын майын созылмалы бүйрек ауруы бар адамдар мен жүкті әйелдердің қолдануына болмайды. Күштілік етеді. Теріге жаққанда да жұқалап жағу керек.        

 

БІЛЕСІЗ БЕ?

Жыл сайын тұмаумен жер бетіндегі халықтың 15-тен 60 пайызға дейінгі бөлігі ауырады екен. Бұл вирусқа қарсы халық емдері көп-ақ.

Финляндиялықтар бір ас қасық түймедағы мен ащы жалбыздың гүлдерін алып, 4-5 литр қайнаған суға құйып, баяу отта 10 минут бойы ұстайды. Белге дейін шешініп, орындыққа отырып, екінші орындықта тұрған ыстық тұнбаға басына жамылғыны жамылып, будың үстінен 10-15 минут дем алады. Соңынан жылы сумен, одан кейін салқын сумен шайынады екен.

Жапондықтар тұмауратса дереу 10 кесе ыстық көк шай ішеді. Өйткені бұл емдік сусынның құрамында вирустың белсенділігіне қарсы тұратын катехин бар.

Мексикалықтар үшін жөтел, тұмау және өзге де тамақ ауруларының алдын-алу үшін қызыл собықты бұрыштан пайдалы нәрсе жоқ. Олар ас қасықтың төрттен бір бөлігіне ұнтақталған бұрыш салып, күніне үш мәрте ішеді. Оны тілдің арасына сепкен соң, ізінше суық су ішеді.

Үндістер лотос кейпінде отырып алып, табанын түрлі әдіспен – саусақтарының ұшымен, алақанының жанымен немесе алюминді ескекпен уқалайды. Өкшесінен бастап табанның жанына дейін қызарып, жылынғанша уқалап, сылап-сипайды.

Испандықтар суық тигенде арнайы «қызыл» диетаның көмегіне жүгінеді. Ол үшін ас мөлшеріне мейлінше қызыл түсті тағамдарды көп қосу қажет:  ет, бауыр, бүйрек, теңіздің майлы қызыл балығы, сәбіз, болгар бұрышы, қызанақ, бәрін зәйтүн майымен араластырады. Бұл диетаның иммунитетті көтеруге пайдасы мол екен.

Америкалықтар тұмау белгілері біліне бастағаннан-ақ, жалбыз тұнбасы, лимон шырыны, бал және сарымсақ қосылған коктейль ішеді. Стақандағы қайнаған суға шәй қасықпен жалбызды құйып, 3-5 минут баяу отта ысытып, сүзіп алып, тұнбаға шәй қасықпен балды қосып араластырады. Сарымсақтың кішкентай бір бөлігін алып, ыдысқа салған соң, қасықпен езеді. Оған лимонның 1 бөлігін сығып, бал қосылған жалбыз тұнбасын қосып, бәрін араластырған соң жылы күйінде жатар алдында ішеді.

Итальяндықтар инфекциядан құтылу үшін пиццаны пайдаланады. Сыр, жұмыртқа, көк шөптер, қызанақ және өзге де көкөністер қосылатын қарапайым пиццаның құрамында тұмау мен суық тигенде ағзаны бір қалыпты ұстап тұратын дәрумендер, микро және макро элементтер бар.

Израиль тұрғындары ауырған жағдайда тауық еті қосылған ыстық бульон ішеді.

Британдықтар «Күніне бір алма жесең – дәрігердің қажеті шамалы» деген қағидамен жүреді.

Орыстар пияз, сарымсақ, жөке қайнатпасын және таңқурай, бал қосылған ыстық сүтті пайдаланды. Суық тигенде қолданатын негізгі емдік шөп ретінде желкекті (хрен) қарастырады. Желкектің түбірін ұсақ үккіштен өткізіп, көлемі жағынан бірдей етіп қантпен араластырған соң, 12 сағатқа жылы жерге қояды. Дайын болған дәріні сағат  ас қасықпен сауығып кеткенше ішіп отырған.

Француздар суық тигенде түрлі минералды су ішіп емделеді екен. Әсіресе газсыз сусындар пайдалы көрінеді.

 

ҚАНДА ДА ҚОҚЫС БОЛАДЫ

Ол өте көп ауырды. Алғашқы кезде ауыра қалса дәрігерге жүгіріп, апталап, кейде айлап ауруханада жатып, ем қабылдап шығатын. Бірақ көп өтпей-ақ тағы ауырып, ауруханаға түседі. Шынын айтқанда, онан дәрігерлер де жалыға бастады. Ай сайын ауырып қала беретін адам кімге жаға қойсын? Үйдегілер де мезі болды. Көп ауырған адам өзіне-өзі дәрігер болып қалады екен. Кейіннен өзін-өзі емдеуге көшті. Табиғи өнімдермен емделгенді дұрыс көрді. Себебі антибиотиктер дер кезінде аурудан айықтырғанмен, адамды түбегейлі емдемейді екен.

Денсаулық тақырыбындағы түрлі басылымдарға тұрақты түрде жазылып оқитын болды. Сонда көзінің анық жеткені – аурудың көбі қанның ластануынан пайда болады екен. Яғни, дұрыс тамақтанбаған кезде, түрлі аурулармен ауырғанда қан құрамы бұзылады да, адам аурудан көз ашпай қалатын көрінеді. Сондықтан ауырғыңыз келмесе, қан құрамының таза болуына мән бергеніңіз дұрыс.

Грек жаңғағын көбірек жеп, жеміс шырындарын көп тұтыныңыз. Әсіресе аққайың шырыны өте пайдалы.

Екіншіден, дастарханыңыздан теңіз капустасы, қалақай, көк пияз, аскөк, сәбіз, қарақат және асқабақ үзілмесін. Бұлардың бәрінің де құрамында қанға қажетті витаминдер мен минералдар жеткілікті.

Үшіншіден, төменде келтірілген рецептердің бірін таңдап, оны ұдайы пайдаланып жүрсеңіз, қаныңыз тазарып, ауру жоламайды.

Итмұрын жемісінің 20 грамына 1 стакан су құйып, баяу отта 10 минут қайнатыңыз. Оны күніне екі рет жарты стаканнан ішіп жүру керек.

1 стакан қайнаған суға 10 грамм жүгерінің шашағын салып, 10 минуттан кейін сүзіп алу керек. Оны күніне бір ас қасықтан үш рет ішеді. Осылайша үш апта үзбей ішіп жүресіз де, он күн демалып, қайталайсыз.

1 стакан қайнаған суға 1 шай қасық бақбақтың тамыры мен шөбін салып, 1 сағат тұндырып қоясыз. Содан соң сүзіп, күніне жарты стаканнан тамақтан жарты сағат бұрын ішесіз.

Осылайша емделудің арқасында ол ауруынан түбегейлі айықты. Сіздер де пайдаланып көріңіздер, мүмкін пайдасы тиіп қалар. Егер қандай да бір өсімдікке аллергияңыз болса, алдымен емдеуші дәрігеріңізбен ақылдасып алыңыз.

 

БАУЫРДЫ САУЫҚТЫРУ ҚИЫН ЕМЕС

Адамдағы ең үлкен ас қорыту  безі – бауыр. Өте күрделі, соған қарамастан аса нәзік бұл орган адам ағзасында зат алмасу үдерісіне қатысады, онда ас қорыту сөлдерінің бірі – өт түзіледі. Орташа салмағы 1,5-2 килограмм болатын бауыр қанның тұрақты құрамының сақталуына да қатысады. Лимфа түзілуінде, қан ұюын реттеуде де бауырдың атқаратын қызметі зор. Қанмен келген амин қышқылдарынан бауырда белоктар, глюкоза, фруктоза, глицирин, май қышқылы түзіліп, қандағы көмірсулар бауырда гликогенге айналады. Тамақтың құрамында болған зиянды заттар ішекте сіңіріліп, белоктың алмасуы нәтижесінде қанның құрамында улы өнімдер түзілсе, бұлар бауырда залалсыздандырылады. Оның қосалқы қызметтері де жетерлік. Сондықтан кез келген зақымдануы әдетте шлактанудан бастап елеулі ауруларға дейін жеткізеді. Ал мезгіл-мезгілімен сауықтырып тұру оның жұмысын жақсартатыны анық. Қалай дерсіз.

Халық емшілері, мамандар бауыры ауыратын адамдарға емдәм ұстануға, оны мынандай тәсілдермен сауықтыруға кеңес береді:

1. Жүгері собығының шашақтары мен жас жапырақтарын суға қосып, шамамен 15 минуттай қайнатып, бұл қоспаны күн бойына екі кеседен ішу керек.

2. Күніне бір рет қызыл қызылша мен шалқаннан (редька) теңдей етіп, бір стакан шырынды ішу қажет.

3. Күніне бір кесе қайың шырынын ішіп жүрген жақсы.

4. Күніне екі-үш кеседен далалық салаубас (бессмертник) гүлінің тұнбасын қабылдау да жақсы көмек.

5. Күніне екі-үш кеседен орман бүлдіргенінің жапырақтары мен сабақтарынан жасалған тұнбаны ішкен дұрыс.

6. Дәрілік бақбақ (одуванчик) тамырының 1 шай қасығын 1,5 стакан суда демдеп, 5 минут қайнатады. Шай сияқты ішеді.

7. Ыдысқа бір қабат бақбақ гүлдерін салып, оның үстіне бір қабат құмшекер салады. Оның үстінен ауыр затпен 1-2 аптаға бастырып қояды. Тосап орнына пайдалану керек.

8. Сусынтамыр (цикорий) тамыры, дала қырықбуыны (хвощ полевая) шөбі, мыңжапырақ(тысячелистник) шөбі, шайқурай (зверобой) шөбі. Әрқайсысынан 1 ас қасықтан алады. Осы қоспаның 1 ас қасығын ыдысқа салып, 1 стакан қайнап тұрған су құяды. 30 минут тұндырады. Күніне 2-3 рет тамақ ішер алдында 15-20 минут бұрын 3-4 стаканнан ішеді.

9. 1 кило балға осынша қара қарақат (черная смородина) араластырады. Күніне 3-4 рет 1 шай қасықтан ішу ұсынылады.

10. Шайшөп (зверобой продырявленный) шөбі, түймешетен (пижма) гүлдері, мыңжапырақ шөбі, дәрілік тү-медақ (ромашқа аптечная) гүлдері, шоңайна (лопух большой) тамыры, итмұрын (шиповник) жемістері, шалфей шөбі, андыз (девясил) тамыры, қызылтаспа таран (горец птичий) шөбі, үштармақ итошаған (череда трехраздельная) шөбі. Осының әрқайсысынан 10 грамнан алады. Осы қоспаның 1 ас қасығын 0,5 литр қайнаған суда тұндырады. Күніне 3 рет тамақтан жарты сағат бұрын 1/3-1/2 стақаннан ішкен жақсы.

11. 1 ас қасық қаймаққа қайыңның қара майының (деготь) 1 тамшысын тамызып ішеді де, артынан 1 ас қасық бал ішіп жібереді. Бірінші күні қара майдың 1 тамшысын, екінші күні 2 тамшысын, үшінші күні 3 тамшысын қосады. Осылай 10 күнде 10 тамшыға жеткізеді. Содан соң кері қарай қара майдың мөлшерін азайтып ішеді. Балалар үшін бұл мөлшер екі есе аз болуы керек.

Халық емінде бауырды сауықтырудың осындай тәсілдері бар. Әйткенмен кез келген сырқаты ауырсынусыз өтетіндіктен бауырды алдын-ала тексеріп алмай емдеуге болмайды, жағдайды ушықтырып алуыңыз мүмкін. Сондықтан дәрігермен кеңесіп, диагнозды анықтап алғаныңыз өзіңізге жақсы.      

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 12 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: